"Мемге айналады деп ойламадым". Желіні жаулаған ЖИ-әжелердің авторы кім?

  • 11:55, 18 маусым 2025
"Мемге айналады деп ойламадым". Желіні жаулаған ЖИ-әжелердің авторы кім? Сурет: ЖИ

Нейрожелінің мүмкіндіктері таңғалдырудан жалықпайды. Әлеуметтік желіде жасанды интеллект арқылы жасалған түрлі суреттер, видеолар кеңінен тарап жатыр. TikTok-та шынайы видеодан аумайтын қазақ әжелерінің түрлі бейнелері қысқа уақыт ішінде мемге айналды. Әдетте бауырсақ пісіріп, немересіне ертегі оқып, замандастарымен әңгіме айтатын әжелер енді ғарыш кемесіне мініп, жануарлармен дос болып жүр. Желіні жарған ЖИ мүмкіндіктері жайлы Аqshamnews.kz тілшісінің материалынан біліңіз. 

"Осы жастар үлкендерге орын бермейді, неге?"

Видеоны бір көрген адам шынайы деп ойлап қалады. Себебі дәл мына бейнедегі орын сұрап тұрған әжелердің айхайы өмірде жиі кездесетін жағдай. Оны тек сөйлеген сөзінен ажыратуға болады. 

Вирусқа айналған мына ролик 4,6 миллион қаралым жинаған. Видеоны желі қолданушылары мемге айналдырып қайта түсіріп, ұқсас нұсқаларын да шығарып үлгерген. Ал пікірлер бөліміндегі жастар орын сұрайтын үлкендерге шамданып, түрлі пікірлер қалдырған. 

Вегетариан-арыстан мен әже

TikTok-та ең көп тараған тағы бір роликтің кейіпкері - шөп жейтін "Мурка" есімді арыстан. Видеода ұлттық киім киген әжей кілем үстінде отырып, қасында тұрған алып арыстанға қырыққабат жегізіп, үйретіп жатыр.

"Мен Мурканы қырыққабат жеуге үйретіп жүрмін. Әйтпесе малдан мал қалмады. Енді Мурка - вегетариан болады", – дейді ЖИ әже. 

"Мурканың" ролигі 1,7 миллион қаралым және мыңдаған пікірлер жинаған. Олардың арасында "шынайы видеодан аумайды", "шын екен деп қалдым" дегендер көп. 

Зымырандағы орынға талас

Тағы бір видеода әжей зымыранға кіріп келіп, ғарышкерге "орын бер" деп дүрсе қоя береді. 

"Осы жастар зымыранда да орын бермейді. Тұр орныңнан, мен отырам!" – деп ашулана сөйлейді.

Желі қолданушылары бұл көріністі көріп, таңданыстарын жасырмады. Олар орынға таласатын әжейлердің зымыраннан табылғанына күле қарап, түрліше пікір жаудырды. 

"Мен трактор айдағанмын, ұшақ деген не тәйірі?"

ЖИ видеоларын жасағыштар автобуста орын сұрайтын әжелерден әбден шаршаған сыңайлы. Бұл роликте де әжей ұшақ пилотына келіп тағы да орын сұрайды. 

"Жастар ұшақта да орын бермейді. Кет бар, мен жүргіземін ұшақты. Мен трактор айдағанмын, ұшақ деген не тәйірі" дейді әже роликте. 

Роликтер өте шынайы шыққан: ұшақтың кабинасы да өмірдегідей, сөйлеп жатқан адамдардың да даусы – тірі адамдікіндей, ал еріндерінің қимылы мәтінмен толық сәйкеседі. Желі қолданушыларын осы шынайылық баурап алды. Олар роликтерден өздерінің жақындарын, туған әжелерін көріп, видеоны бөлісіп, тіпті өз сценарийлерін ойлап тауып жатыр. Бұдан нейрожелілер адамның сөйлеу мәнері мен дауыс ерекшелігін барған сайын шебер көшіруге кіріскені байқалады.

Бұл видеолардың авторы кім?

Вирусқа айналған видеолардың көбі Senimgo парақшасында жарияланған. Ал оның авторы - Еркін есімді азамат. Аqshamnews.kz тілшісіне берген сұхбатында ол жасын, қай жақтан екенін жасырып қалуды жөн көрді. Бірақ трендке айналған видеоларының қалай тарағаны жайлы әңгімелеп берді. 

"ЖИ саласына 2019 жылдан бері қызығамын. Қазір 10-нан астам ЖИ құралын қолданамын. Әр видеоны жасау үшін VEO-дан бөлек, ауыр модельдерді де пайдаланамын. ЖИ 100% сен қалағаныңды істеп бермейді. Кей тұстары міндетті түрде қолмен жасалады. Барлығын өз бетіммен, интернеттегі тегін ресурстар арқылы үйрендім", – дейді Еркін.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ЖИ арқылы жасалатын видеолар жарнама мен кино өндірісіне дейін қолданылып жүр. Бірақ сапалы контентке жету үшін тек құралдар емес, идея мен қол еңбегі де маңызды. Ол ай сайын ЖИ құралдары үшін 500 доллар жұмсайтынын айтты. 

"Әжелердің сөзімен мем жасау - тосыннан туған идея"

Еркіннің TikTok-тағы ең көп таралған видеолары – жасанды интеллектпен жасалған "әжелердің" жастарға айтатын кеңестері.

"Мысалы, автобус ішіндегі 'Жастар неге орын бермейді?' деген видеоның сонша танымал боларын күтпедім. Бірақ ол мемге айналып кетті. Себебі TikTok-та жастарды жиі көреміз, ал әжелердің сол стильде сөйлеуі - ерекше көрінеді. Бұл – көрермен назарын тартатын басты себептердің бірі", – дейді ол.

Бүгінде кей адамдар шынайы әже бейнесін де ЖИ деп ойлайтын болған. Еркін бұл форматтан адамдар жалығуы мүмкін екенін түсінеді, сондықтан болашақта жаңа идеялар іздеуге дайын екенін айтады.

"Мен видеолардың барлығын жалғыз өзім жасаймын. Командам жоқ. ЖИ – шабыт беретін мықты құрал, бірақ оны дұрыс пайдалану – адамға байланысты", – деп түйіндеді автор.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

15:38

15:36

15:34

15:30

15:25

15:04

14:33

12:23

11:55

11:53

11:34

11:13

11:10

10:38

10:37

10:30

10:21

10:10

08:50

21:12

17:52

17:31

17:31

17:14

17:09