Егемендіктің алғашқы кезеңінен-ақ қазақ халқы мемлекет құраушы ұлт ретінде елдегі сандаған этнос өкілінің тілін, мәдениетін, тарихын сақтауына барлық жағдай жасады. Сондықтан Қазақстан әлемдік аренада гуманистік, демократиялық және толеранттылық сипатымен ерекшеленген. Қазақ тілінің ұлттық бірегейлікті нығайтудағы рөліне ерекше мән беріліп отыр. Бұл бағытта жан-жақты ойластырылған тіл саясаты жүргізілуде. Түрлі мәдени шаралар өткізіліп, ол сыртқы саясатта да әлеуетті ықпалға ие.
Тіл – қоғамда болып жатқан процестерге еркін араласып, оның аясы да кеңейе түскен. Қазақстанда тұрып жатқан өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілге деген аңсары зор. Оны көріп те, байқап та жүрміз. Оған соңғы кездері қазақ тілінде сөйлеп жатқан өзге ұлт өкілдері нөпірінің көптігі дәлел бола алады.Ұлтаралық татулықтың нағыз белгісі де тіл. Сондықтан болашағын Қазақстанмен байланыстыратын кез келген ұлт өкілі қазақ тіліне көңіл бөлетіні анық. Әзірге еліміздегі өзге ұлт өкілдерінің арасында әсіресе, орыстар мен қатар кәрістер алдыңғы орында тұр.
Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмағанын, болмайтынын да айтқан болатын. Президент бүгінде түлектердің 80 пайызға жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеуді мемлекеттік тілде тапсыратынын айтты. Бұл – ілгерілеу, ынталандыру нышаны.
«Биыл алғаш рет мектепке баратын балалардың 70 пайыздан астамы қазақ тілінде оқитын болады. Әрине, елімізде азаматтар бір-бірін немесе мінберде сөйлеп тұрған адамды «мына тілде сөйле» деп мәжбүрлемеуге тиіс. Тіл мәселесін ту етіп қоғамда алауыздық туғызғысы келетін, ел ішіндегі жағдайды шиеленістіруге ұмтылатын әрбір әрекетке тосқауыл қойылып, заң жүзінде жазаланады. Бұл ретте үй ішіндегі ғана емес, шетелде отырып әлдебір ұйымдардың ақшасы мен тапсырмасына деструктив әрекетпен айналысатын арандатушылар туралы да айтып отырмыз. Былтыр мен Ұлттық құрылтай отырысында бірлік, отаншылдық, тәуелсіздік және келісім мемлекетіміздің негізгі құндылықтары, деп атап көрсеттім. Бәрі де осы құндылықтардан басталады. Сондықтан осы жерде тағы да қайталап айтқым келеді: халқымыздың татулығын бұзып, ел ішіне іріткі салғысы келетіндер заңға сәйкес қатаң түрде жауапқа тартылады, тиісті жазасын алады. Ал ынтымақ пен бірлікті нығайтуға үлес қосқан азаматтар әрдайым зор құрметке ие болады», - деді Президент.
Мемлекет басшысы сонымен бірге: «Қазақстанда адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болған емес, болмайды да. Барша азаматтарға бірдей мүмкіндік берілген. Бұл нағыз әділдік, әділетті мемлекеттің ажырамас бөлігі. Тағы да айтарым: елдің бірлігі мен татулығы ең негізгі құндылықтарымыздың қатарында тұр. Бұл – мемлекеттік саясаттың басты тұғыры. Болашақта да солай болмақ. Осы стратегияның арқасында түрлі этнос өкілдері бір шаңырақтың астында бір үйдің баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Бұл – мағынасы терең нақты жетістік, - деді.
Мемлекет басшысы отаншылдық, азаматшылдық, өзара сенім мен жауапкершілік – Қазақстан халқының жалпыұлттық бірегей болмысын айқындайтын құндылықтар екенін, қазақ жерінде тұрып жатқан барлық этнос өкілдері өздерінің тілін, мәдениетін және салт-дәстүрлерін жан-жақты дамыта алатынын да ескеріп отыр. Оған қажетті барлық жағдай жасалған. Біз біреуге еліктеп, жан-жағымызға жалтақтаған емеспіз. Ең бастысы, ұлтаралық қатынастар саласында озық әдіс-тәсілдерді қолданып, тек алға қарай жүрдік, болашақта да солай болу керек. Соның арқасында біздің елімізде қалыптасқан қоғамдық келісім үлгісі шын мәнінде, біздің халықаралық «брендімізге», беткеұстар жетістігімізге айналды», - деді.
Орыс тілі әлемдегі ең көп қолданылатын 6 ресми тілдің бірі саналады. БҰҰ жарғысы бойынша ағылшын, француз, қытай, орыс, испан және араб тілдері халықаралық қатынаста қолданылатын ресми тіл ретінде бекітілген. Бұл аталған тілдерге белгілі бір деңгейде артықшылықтар берілген. Және осы тілді дамыту бойынша мүдделі мемлекет (сол тілдің иесі) қорлар мен кеңестер, институттар құрып, қолданыс аясын кеңейтуге күш салуда. Бұл мәселе жөнінде «француз тілінде сөйлейтін 50-ден аса елді біріктіретін Франкофония ұйымы, араб тілінде сөйлейтін елдерді біріктіретін Халықаралық араб тілі кеңесі, сондай-ақ Британ кеңесі, Конфуций институты, Сервантес институтын» мысалға келтіріліп отыр. Еліміз егемендік пен татулықтың, бейбітшілік пен келісімнің төртінші он жылдығына аяқ басты. Әркез еліміз тәуелсіздігін нығайту жолында ішкі-сыртқы саясатын бірлік пен келісім құндылықтарына бағыттады. Бұл – болашақта да бұлжымайтын қағида.
Отандық демократия этносаралық қатынастардағы қағидаттарды бөлу парадигмасынан интеграциялық қатынастарды біріктіру қағидаттарына көшіп отыр. Күні бүгінге дейін бейбітшілік пен келісімнің отандық үлгісі заңнамаға, мемлекеттік және азаматтық бастамаларда, сондай-ақ азаматтық қоғам институттары мен мемлекет арасындағы сындарлы диалог негізінде қалай дамығанын көріп отырмыз. Жер-жаһанда да еліміз осындай тұрақтылық, бірлік әрі нақты дамудың орталығы болып саналады. Өткен уақыт аралығында, мемлекеттік тіл туралы мәселені іс жүзінде шешуді айшықтап алдық. Оның бірі – мемлекеттік тіл мәртебесін этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде көтеруді қамтыды.
Қазақ тілі – этнос өкілдерін тұтастыратын тіл. Біз бұл бағытқа біртіндеп аяқ басып келеміз. Оған өзге этнос өкілдері арасында қазақ тіліне деген сұраныстың артуы дәлел бола алады. Қазір мемлекеттік тіл бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті жүйелі түрде іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясының бірқатар жобасы серпін беріп отыр. Атап айтсақ, «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумы, «Мың бала» мәдени-ағартушылық жобасы, қазақ тілінде пікір алмасатын «Мәміле» клубтары, қарапайым азаматтар тарапынан қолдау тапқан. «Үйде сөйле» бастамасы, этномәдени бірлестіктері жастарына арналған «Тіл мектебі» жазғы лагері, сондай-ақ «Мемлекеттік тіл – этносаралық қатынас тілі» атты қоғамдық құрылымдардың, мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерін және тіл жанашырларын біріктіруші алаң біртұтас тілдік орта қалыптастыруды көздейді. Мұндай шаралардың алдағы уақытта мемлекеттік тілді өрге сүйреуде ықпалы зор.
Халқымыз бірліктің, тыныштықтың қадірін жақсы білген. Кешегі өткен алмағайып заманда елімізге қоныс аударған өзге этнос өкілдеріне де осы құндылықтар қымбат. Әрі этностық тегіне қарамастан, еліміздің әрбір азаматына Конституциямен тең мүмкіндікке кепілдік беріледі. Сондықтан жұртымыз бейбіт өмір сүріп жатыр. Мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтарының бірі – этносаралық қарым-қатынас пен қоғамдық келісімді сақтау. Бұл – біздің артықшылығымыз және ел дамуына ықпал ететін маңызды стратегиялық ресурс.
Тәуелсіздік жылдарында еліміз стратегиясын түзіп әлемге ұсынды, осылайша оңтайлы үлгі көрсетті. Бүгінде еліміздің іргелі ұстанымдары ұлттық тарихи бірегейлікті қалыптастыруда қоғамның одан әрі рухани жаңғыруындағы көпэтностылықтың интеллектуалдық әлеуетімен айғақталады.
Еліміздегі этносаралық келісімнің өзіндік белгісі ретінде барлық этносты біріктіруші тұжырымдаманы жасауға деген ұмтылысын атап өтуге болады. Ширек ғасырдан аса уақытта еліміз этносаралық қатынасты нығайтуға бағытталған бірқатар заңнамалық актіні қабылдады. Жалпы, орыс тілінің жағдайы ТМД аумағында насихат жасайтындай, қаржы бөліп, оны дамытатындай жағдайда емес. Еуразиялық одақ, Ұжымдық Қауіпсіздік Шарты ұйымы сияқты ұйымдардың барлық жиыны тек орыс тілінде өтеді. Ол туралы бұрыннан қалыптасқан ережелер бар.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының XXXIV сессиясында қазіргі саяси ахуалында бірқатар ескертпелер жасағанын қаперімізден шығармағанымыз абзал болар еді. Президенттің айтуынша, қазіргі күрделі жағдайды жеке мүддесіне пайдаланғысы келетін түрлі популистер мен саясаткерсымақтар бар. Оны жасыруға болмайды. Мемлекет оның бәрін бақылауға алып отыр.
«Ел мүддесіне қастық ойлаған ондай адамдарға тұтас қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Алда күрделі кезең келе жатыр. Оңай болмайды. Бірақ алаңдауға еш негіз жоқ. Мен көп жағдайда «Бұл қиындық та артта қалады»- деп ашық айтамын. Сол сөзімді осы жерде тағы қайталағым келеді. Біз сын-қатердің бәрін еңсеріп келеміз. Бұл жолы да солай болады. Ең бастысы, барынша жинақы болып, нақты нәтижеге ұмтылуымыз керек. Кез келген ауқымды дағдарыстан кейін зор мүмкіндіктерге жол ашылады. Сол мүмкіндіктерді дер кезінде әрі дұрыс пайдалану қажет. Өз күшімізге ғана арқа сүйеп, барлық ресурсты ортақ мақсатқа жұмылдыруымыз керек. Бос сөзге ұрынып, байбаламға салынбай, жасампаз болғанымыз абзал. Әр азаматтың бойында жауапкершілік сезімі өте жоғары болуға тиіс. Қоғамда өзара тілеулестік болуы керек. Әр істе темірдей тәртіп болуы қажет. Сонда еліміз де орасан зор табысқа жетеді. Баршаңызға мәлім, Заң мен тәртіп менің стратегиялық бағдарымның арқауы. Мен әр сөйлеген сөзімде осы қағидаттарға арнайы тоқталамын. Таза Қазақстан, Заң мен тәртіп, Адал азамат идеяларының өзегі де осы», - деді Президент. Осыған орай, Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин желідегі парақшасында қоғамда талқыға түскен қазақ тіліне қатысты пікір білдірді. Онымен келісуіміз керек. Соңғы кездері әлеуметтік желілерде мемлекеттік тілдің мәртебесіне қатысты әртүрлі пікір айтылып, қызу талқының тақырыбына айналғанын көріп отырмыз. Ой бөліскен, көзқарасты ашық білдірген дұрыс. Бірақ «билік қазақ тіліне қиянат жасады» деу бос әңгіме, даурықпа сөз. Мәдени орта, ғылыми әлеует, өнер майталмандары, кәсіпкерлер ана тілімізді кеңінен қолданып, өз бағыттарында барынша дамытып жатыр. Қазақ тіліне жанашыр адам оның дамуына қарсы шықпауы тиіс.
Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин – Мемлекеттік тілдің мәртебесін аттанға салып, айғайға басып, жоқ жерден шу шығаратындай ештеңе болған жоқ. Мемлекеттің тілге қатысты ұстанымы сол қалпы. Қазақ тілін еліміздегі этносаралық қатынас тіліне айналдыруға қатысты бағытынан айнымай, өз арнасымен тұрақты түрде жалғаса береді, - деп жазған болатын. Ол Ассамблея сессиясында Президенттің айтқанын, айрықша атап өтті. Сонымен қатар қазақ тілінің болашағына қатысты пессимистік ойдан арылатын уақыт жеткенін де мәлімдеді. Мен мұны бұрын да айтқанмын, тағы да қайталағым келеді. Керісінше, қазақ тілінің қоғамдағы рөлі жыл өткен сайын артып келеді. Ең бастысы, қазақ тілі жастардың тіліне айналды. Бұл енді шындық, бұл туралы ақиқатты мойындау-ақ керек!
–Сондықтан туған тіліміздің тамырын тереңдету ісін алдағы уақытта да ақыл-парасатпен атқаруға тиіспіз. Сөз соңында мына дүниені айтқым келеді. Бүгінде елімізде тек қазақ тіліне қатысты ғана емес, жалпы ұлттық бірегейлікті, ұлттық болмысымызды дәріптейтін ауқымды бастамалар қолға алынып, жүзеге асырылуда. Ұлттық мерекеміз Наурыз жаңаша сипат алып, өзгеше аталып жатыр. «Ұлттық киім күнін» қоғам өте жылы қабылдады. Биыл алғаш рет өткен «Ұлттық кітап күні» де халқымызға пайдалы бастаманың бірі болмақ. Осылай бәрі бірте-бірте ретке келеді, - деп түсіндіреді Мемлекеттік кеңесші. Кейбіреулерге бұл аздық етуі мүмкін, алайда бұл шаралардың бәрі насихаттың ең бір оңтайлы сәті. Сол арқылы біз өзге ұлт өкілдерін айналамызға топтастыра аламыз. Олар бұл жалпыхалықтық шаралардан тыс қалмайды.
Соңғы бес жылда қазақ тілдік масс-медиа өнімдеріне сұраныс артып, оның сапалы әрі маңызды болуына талаптар артып отыр. Ұлттық тілді жаңғырту мақсатында мемлекет тарапынан стратегиялық жобалар жүзеге асырылуда. «Мәдени мұра», «Рухани жаңғыру» бағдарламалары бұған оңды ықпал етті. Осыларды қалайша жоққа шығаруға болады?
Жапондар – біз үшін үлгі алатын халық. Бірақ қай жагынан? Жапон халқының өзіндік ұлттық-рухани құндылықтарын қызғыштай қорғап, көздің қарашығындай саф қалпында сақтап отырғанын білеміз. Тілі мен мен дініне, дәстүрі мен мәдениетіне жанон секілді кір жуытпай аялап отырған ел әлемде жоқ шығар. Олар ұрпағына жастайынан ұлттық құндылықтарын бойына сіңіріп, ең алдымен жапон тілінде ғана оқытады. Ұлтының тарихын бес саусағындай білуіне жағдай жасайды. Өзіндік мәдениетін бойына сіңіртеді. Жапонның мықтылығы да осында болса керек. Өйткені соның арқасында оларда ұлттық тұтастық бар. Ал тұтастығы бұзылмаған елдің ынтымағы мен бірлігі артып, алға дамитыны талассыз шындық. Бәлкім, біз Жапония сияқты болу үшін, ең алдымен жапон халқының осы қасиетін үйренуіміз керек шығар? Мұндай алғышарттар біздің ұлтымызда да бар.
Жалпы, біз айтып отырған ұлттық-рухани құндылықтарға деген құрметті әлемдегі басқа да дамыған елдер өмірінен көреміз. Қытай мен Корея, Америка мен Еуропа, дүниедегі ең бақытты халықтар саналатын Скандинавия елдері де тілі мен дініне, дәстүрі мен мәдениетіне шаң жуытпай, берік ұстанып отыр. Бұл құндылықтар ұлтты ұйыстыратын күш болғандықтан, оған құрметпен қарайтын елде бейбітшілік пен ынтымақ салтанат құрары сөзсіз. Бізге керегі де осы тұс.
Ал біздің жағдайымыз қандай? Әңгіменің басында тілге тиек еткеніміздей, бүгінде қазақтың ішінен өз қағынан жерігендердің пайда болғаны ащы да болса шындық. Соның қатарында ұлтымыздың рухани құндылықтарына қарсы шығып жүрген үш топ жайында айта кетуді жөн көрдік. Біріншісі – ана тілінен саналы түрде бас тартып, оны үйренуге ықылас танытпайтындар. Егер олар ұрпағын осы бағытта тәрбиелесе, мемлекеттік береке-бірлікке, тіпті адамзаттық үйлесімге қайшы.
«Әр ұрпақ өзіне артылған жүкті жетер жеріне апарып тастағаны дұрыс, әйтпегенде, болашақ ұрпағымызға аса көп жүк қалдырып кетеміз», деп Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан атап өткендей, іргелі елдің болашағы өз міндетін зор сеніммен арқалаған азаматтардың үлесімен, ертеңгі күннің аманатын пайымдай білген қоғам мүшесінің терең түсінігімен өлшенетіні сөзсіз. Бұл қатарда білім ордалары мен кәсіби даму орталықтарының алдында тұрған іргелі мақсат – адамның зияткерлік қабілетін азаматтық келбетімен, құндылықтар көкжиегімен, жоғары пәлсапалық ұғымдар тоғысымен сабақтастыру, «адамтану» мен «тұлғатану» ұғымдарына назар аудару, дарынды ұрпақ, ойлы да адал азамат тәрбиелеу.
Тұлғаға бай елдің тұғыры берік болары даусыз. Тағылымдамалық мектептің өзгеше үлгісін бойларына ұлттық рухани мәдениетті сіңірген халықтық дәстүр мен тілдік құзырет бірлігін, ішкі қуат пен берік сенім қағидаттарын ұлықтай білетін өлшемдермен бағалау керек.
Бүгінгі таңда Алматыда маңызды стратегиялық жоба қолға алынып отыр. Қалада отандық кәсіпкерлікті дамытуда аса маңызды қадам жасалды. Narxoz University мен SANA Business Academу бірлесе отырып, қазақ тіліндегі Executive MBA (EMBA 25 kz) бағдарламасының тұсауын кесті. Бұл бизнес басқарудың жетілдірілген жоғары білімін мемлекеттік тілде беретін елдегі алғашқы жоба. Аталмыш бастаманың тұсаукесер салтанаты рәсіміне саладағы жетекші сарапшылар, оқытушылар мен кәсіпкерлер, болашақ түлектер қатысуда. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ЕМВА 25 kz – тек білім беру емес, отандық кадрлардың басқарушылық әлеуетін арттыруға бағыт-талған стратегиялық жоба. Бағдарлама қазақ тілінде толық ұсынылып, ана тіліміздің іскерлік ортада кеңінен қолданылуына да жол ашады. Сонымен қатар, бұл кәсіби менеджерлер мен басқарушылар тобын ұлттық санада ойлап, ана тілінде сөйлейтін жаңа буын етіп қалыптастыру үшін де маңызды. МВА – бизнесті басқару бойынша магистр дәрежесіндегі жоғары білім. Бұл бағдарлама алғаш рет Америкадағы Гарвард университетінде пайда болып, бүгінде бүкіл әлем бойынша мойындалған. Қазақстанда бұл білім түрі соңғы 30 жылдан бері бар, алайда осы уақытқа дейін негізінен өзге тілде ғана жүргізіліп келді. Бұл бір қуанарлық жайт. Бұл бағдарламаның енді қазақ тілінде жүргізілуі. Ол қазірдің өзінде ана тілімізде оқытылып жатыр. Бұл жоғары деңгейдегі топ-менеджерлерге арналған бағдарлама. Кемінде үш жыл кәсіпкерлік тәжірибесі бар азаматтар осы бағдарлама арқылы бизнесті басқарудың терең тетіктерін меңгеріп шығады. Яғни кәсіпті қалай жүйелеу керек, қалай мас штабтау керек, қалай тиімді басқару керек бәрін толық қамтитын, практикалық негізге құрылған оқыту форматы. Сонымен қатар, дәріс беретін мамандар кемінде 10 жыл тәжірибесі бар, өз саласының білікті кәсіби оқытушылары. Бұл бастама қазақтілді кәсіби кадрларды дайындаудың жаңа кезеңі. Бұл бағдарлама өткен қыркүйек айынан бастап мұқият әзірленіп бүгінгі күнге дейін өз тыңдаушыларын жинаған. Қазір алғашқы топта 17 адам білім алуға қабылданып отыр. Бұл жаңа буын басшылардың қалыптасуына негіз болатын толқын деп сенеміз. Бағдарламаға қатысып жатқан азаматтар тек жеке кәсіби білімін арттырып қана қоймай, өз компаниялары үшін де құнды инвестиция жасап жатыр. Яғни әрбір тыңдаушы өзінің ғана емес, бүкіл ұйымының даму болашағына үлес қосуда. Алдағы уақытта осы бағдарламаны өзге қалаларда да ашу жоспары бар. Бұл бастама тек Алматымен шектеліп қалмай, бүкіл Қазақстанға тарайтын ауқымды жобаға айналады деген үміттеміз.