Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру тобының мүшелеріне арналған оқу-семинар өтті.
Дінді өздерінің саяси мақсаттарына қолданатын экстремистік және террористік ұйымдардың діттегені – мемлекеттің тұтастығына, ішкі қауіпсіздігіне және қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштыққа нұқсан келтіру. Адамдардың дінге деген сенімін пайдаланып, рухани құндылықтарды бетперде еткен жалған уағызшылар деструктивті ағымдардың өкілдері әлемдік деңгейде алауыздық пен өшпенділік туғызады. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алудың бірден бір жолы – халықты дұрыс ақпараттандыру. Осы мақсатта Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының ұйытқы болуымен Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу бойынша ақпараттық түсіндіру тобы құрылған. Біраз жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері жыл сайын толығып, жаңарып отырады. Таяуда Алматы қаласында осы ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері үшін арнайы оқу-семинары өтті.
Жиынға дінтанушылар, исламтанушылар, психологтар мен дін саласындағы білікті мамандар қатысты. Спикерлердің айтуынша, Алматы қаласы тұрғындары үшін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының басты мақсаты – қоғамның радикалды идеологияға деген иммунитетін қалыптастыру, жастардың теріс ағымдардың жетегіне кетуіне жол бермеу.
«Жұмысымыздың түп-төркіні халыққа діни эктремизм мен терроризмнің соңы жақсылыққа әкеп соқпайтынын, адастыратынын түсіндіру. Ақпараттық-түсіндіру тобының әрбір мүшесі кез келген аудиториямен жұмыс істей білуі керек. Біз ақпараттық түсіндіру тобының мүшелерін арасында деструктивті ағымға бой алдырған адамдары бар ұжымдарға жібереміз. Өйткені, теріс ағымда жүрген адам өзімен бірге басқа адамдарды да тартуы әбден ықтимал. Сондықтан білікті мамандардың сондай жерлерге барып, дәріс оқуы маңызды. Алматы тұрғындары кез келген дінге қатысты сұрақтарымен Діни басқармаға және «Нұр-Мүбәрак» университетіне баруына болады», – дейді Алматы қаласы Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Нұрлан Қиқымов.
ҚР ҰҚК Антитеррористік дайындық орталығының маманы Болат Шомановтың айтуынша, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізудің де өзіндік қиындықтары бар. Мұндай жағдайда терең білім, сұңғылалық керек.
«Діни экстремизмнің басты сипаты – адамдарға ұстанатын сенімі бойынша өшпендiлiк пен озбырлықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе күш қолдана отырып шақырумен байланысты қысым көрсету, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, сеніміне немесе құқығы мен бостандығына қатер төндiретiн кез келген дiни тәжірибені қолдану», – дейді спикер.
ҰҚК деректеріне сәйкес, Қазақстанда 209 ақпараттық-түсіндіру топтары жұмыс істейді, олардың 16-сы республикалық, 42-сі облыстық, 151-і аудандық.
«Ақпараттық-түсіндіру топтарына міндеттелген тапсырма – халықты дұрыс ақпараттандыру, мемлекеттің дін мәселелеріне қатысты ұстанатын саясатын түсіндіру. Сондай-ақ, тұрғындардың құқықтық мәдениетін қалыптастыру, діни саладағы құқықтық сауаттылығын көтеру. Ең маңыздысы, халықты діни экстремизм мен терроризм қаупі туралы хабардар ету, дін саласындағы мәселелерді неғұрлым терең түсіну, сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру, жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу тәсілдерін енгізу», – дейді ҚР ҰҚК академиясының қызметкері Руслан Иржанов.
Былтырдан бері елімізде «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы жүзеге асырылып келеді. Жобаның мақсаты – Қазақстан Республикасында ұжымдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету. Бүгінгі таңда мемлекет ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралардың кең спектрін өткізуде. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде онлайн кеңістікте діни экстремизмнің алдын алу бойынша қарсы насихат және ақпараттық-түсіндіру әдістері қолданылады. Қарсы насихат жұмысы әлеуметтік желілерде жергілікті Дін істері басқармалары мен «Дін мәселелерін зерттеу орталықтары» тарапынан жүргізіледі. Әлеуметтік желілерге дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша аудио-бейнематериалдар, сұрақ-жауап, діни мамандар мен сарапшылардың дәрістері, пікірлері орналастырылады. Сонымен қатар, экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдарды анықтау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына, интернет-ресурстарға, оның ішінде әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіледі.
«Аlmaty-akshamy», №23 (6316) 16 ақпан 2023 жыл.