Алматы қаласы мемлекеттік архивінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің иегері, «Франц Кафка атындағы Алтын медаль» сыйлығының, «Платина Тарлан» сыйлығының, «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты, ақын Шөмішбай Сариевтің құрметіне «Дүниені жалт қаратсам деп едім...» атты музей-бұрышы ашылды.
Салтанатты іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Арман Қырықбаев, ақынның жұбайы Жұмакүл Сариева, сондай- ақ жақындары, достары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Қазақ халқын жарты ғасырдай әнімен тербеген ұлттың аса көрнекті ақыны Шөмішбай Нағашыбайұлын білмейтін қазақ жоқ шығар. Бүгінгі іс-шараның маңызы жоғары, әрі өзінің бақилық болған күніне сәйкес келіп отыр. Мәңгілік өмірі халықтың жүрегінде, дәл осы архив ғимаратында жалғаса беретініне сенімдіміз. Ол аңыз адам еді. Артында мол дүние қалдырды. Қазақтың маңдай алды, күміс көмей, жез таңдай өнер жұлдыздары шырқап жүрген талай әнді шығарған. Халық аузында жүрген көптеген әні осы ақынның қаламынан шыққан. Қазақтың рухын көтеруге, музыкалық талғамын, ішкі мәдениетін қалыптастыруға айрықша еңбек сіңірген болатын. Дәл осы себепті ақынның бұл архивте тұрған еңбектері үлкен құндылыққа ие», – деді Арман Оразбайұлы.
Иә, Алматы қаласының мемлекеттік архивінде №650 болып тіркелген бұрыштың маңызы ерекше. Музей-бұрышына Шөмішбай Нағашыбайұлының құнды құжаттары, еңбектері, өзінің қолданған жеке заттары қойылып отыр. Осы орайда ақынның жұбайы Жұмагүл Сариева да сөз алды.
«Бұл күн мен үшін ерекше, әрі тарихи күн болып отыр. Алғаш 2014 жылы осы архивке құнды қолжазбаларын, бағалы құжаттарын тапсырған болатынмын. Осы уақыт арасында 135-ке жуық затын тапсырдым. Оның ішінде отызға жуық кітабы қойылған. Қолданған жеке заттарының қатарында шапанына дейін бар. Алдағы уақытта да толықтыратын боламын. Шөмішбайды халық «Қос қанатты ақын» деп атап кеткен. Бір қанаты – поэзия болса, екінші қанаты – ән жанры. Қаншама жыл өтсе де оның жазған әндері халық ауызынан түскен емес. Менің асүйімде таңертеңнен Қазақ радиосы ойнап тұрады, сол жерден Шөмішбайдың әнімен оразамды ашам десем де болады. Келешек ұрпақ үшін маңызы жоғары осындай бұрышты ашуға қолдау көрсеткен Алматы қаласының әкімдігіне ризашылығымды білдіремін», – деді ақын жары.
Алматы қаласы мемлекеттік архивтің жинақтау бөлімінің басшысы Нағима Нұғманова да бұрыштың маңыздылығын атап өтті. Ал ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Халық артисі Мақпал Жүнісова ақынның сөзіне жазылған әнді шырқап, құлақ құрышын қандырды.
«Менің де өнер жолымдағы бағымды ашқан осы кісінің әндері еді. Репертуарымда Шөмішбай ағаның сөзіне жазылған отызға жуық ән бар. Ол әндерді әлі де сахнада шырқап жүмін. Бұндай ұлы тұлғаның әнін шырқап жүрегенімді мақтан тұтамын. Біз Шөмішбай Нағашыбайұлын ешқашан да ұмытпаймыз», – деді әнші.