Қазір жаяу жүру өмір салтына дендеп енген әдет. Біреулер жүру үшін тауға шықса, енді біреулер үйінің жанындағы тротуарды таңдайды. Таңертеңгі ритуал біреу үшін денсаулыққа пайдалы әдет болса, кей адам бұған сән ретінде қарайтын сияқты. Жаяу жүру туралы айтылатын әр түрлі миф те көп.
10 000 қадам деген қайдан шыққан?
Күніне 10 000 қадам жүру керек деген ақпарат қазір бәріне таныс. Бұл сан неге негізделген, қайдан шыққан? Ғылыми негізі бар ма? Осы сұрақ жаяу жүретін адамның бәрін ойландырады. Деректерге жүгінсек, бұл санды ғалымдар емес, маркетологтар ойлап тауыпты. 1964 жылы Токиода өткен Олимпиада ойындарының алдында жапон компаниясы «Күніне 10 000 қадам жүрейік» деген ұранмен қадам санағыш сатуды бастаған, бұл сол кезден қалған түсінік екен.
Бұл тақырыпта кейінірек түрлі зерттеу жасалғанымен, дәл осы санның денсаулыққа ерекше пайдасы бар екенін дәлелдеу мүмкін болмапты. Бірақ жаяу жүруді зерттеу нысаны еткен ғалымдар егде жастағы әйелдерді төрт жыл бойы бақылап мынадай қорытындыға келген:
күніне кем дегенде 4400 қадам жүрген әйелдердің өлім-жітім деңгейі күніне 3000 қадамнан аз жүргендерге қарағанда 41% төмен болған;
қадам саны артқан сайын әйелдердің денсаулығы жақсара түскен, бірақ 7500 қадамнан кейін пайдасы шамамен тұрақталған.
Тағы бір зерттеуде 60 жастан асқан адамдар арасында күніне 6000–9000 қадам жүргендердің жүрек және қан тамыр ауруларына шалдығу қаупі бар-жоғы 40–50%-ға төмен болғаны анықталған.
Осы зерттеуден кейін ғалымдар денсаулыққа пайдалы болуы үшін күніне шамамен 7500 қадам жүру жеткілікті, тіпті 4000 қадамның өзі ағзаға оң әсерін тигізеді деген қорытынды шығарған.
Күнделікті жаяу жүрудің пайдасы
Жүрек-қан тамыр жүйесін нығайтады.
Қандағы қант деңгейін төмендетеді.
Қозғалыс кезінде буындарға қажетті сұйықтық түзіледі, ол буындардың дұрыс жұмыс істеуіне ықпал етеді.
Иммунитетті күшейтеді. Күн сайын таза ауада серуендейтін адамдар сирек ауырады. Сонымен қатар оларда тыныс жолы инфекциялары да аз.
Энергияны арттырады.
Көңіл-күйді жақсартады.
Шығармашылықты арттырады.
Дене тәртібі бар адамда сана тәртібі де болады
4 жылдан бері күнделікті жаяу жүруді әдетке айналдырған алматылық Индира Қазбекқызы былай дейді:
«Жаяу жүруді біреулер денсаулыққа пайдалы екен деп бастайды, біреулер тіпті сәннен қалмау үшін де жүретін сияқты. Таң атпай бетіне бес батпан бояу жағып алып жүруге шығатын қаздарды да байқаймын, осылар енді сән үшін жүретін шығар деп ойлаймын. Жеке басыма келсем, өзімде жасап көрейінші деген қызығушылық, артық эмоциядан, қажетсіз ақпараттан арылсам екен, өзгеруім керек деген мақсат болды. Өзімде психологиялық тұрғыдан эмоция тым көп болды, соны басатын жалғыз құрал – осы жаяу жүру еді. Мен жүрмеу үшін сылтау іздемеймін, жаңа жыл мерекесінде де жүруді тоқтатқан емеспін. Жаяу жүру деген де кез келгеннің қолынан келе бермейді, бұған да күш-жігер керек, себебі бәрімізде бірдей дене тәртібі жоқ, ал дене тәртібі дұрыс адамның санасы міндетті түрде тәртіпті болады, санасын тәртіпке бағындырған адам жетістікке жететіні айтпаса да белгілі. Ал 10 мың қадам деген маркетинг шығар, себебі өмірі жаяу жүрмеген адам 10 мың қадам жасай алмайды, өзім 3-4 мың қадамнан бастадым. Жаяу жүру адамның ішкі халін өзгертеді, тобықтағы энергия жүрген қадамыңызға қарай жоғары көтіріле береді, солай құйымшаққа жеткен энергия көзі омыртқа арқылы көтеріледі де бойымыздағы көру, есту, иіс сезу, жақсы сөйлеу, тактильность» сияқты 5сезім мүшеміз ашылады. Адамның санасында тыныштық орнайды, ерекше түсінік келеді. Жаяу жүрудің пайдасын айтып тауыса алмаймыз, өзімнің эмоциям басылып, басым ауырмайтын болды. Жаяу жүрген адамға неше түрлі идея да келгіш болады, ал идея дегеніміз – ақша.»
Жаяу жүргісі келетіндерге кеңес:
Серуенді қызықты ету үшін аудиокітап, музыка тыңдаңыз немесе жақындарыңызды бірге жүруге шақырыңыз.
Мүмкіндік болса, жұмысқа жаяу барыңыз. Егер алыс болса, көлікті алысқа қойып, не автобустан бірнеше аялдама ертерек түсіп қалыңыз.
Лифттің орнына баспалдақты таңдаңыз, бірнеше қабатқа жаяу көтерілу пайдалы.
Ұзақ серуенге шыққанда табаны жұмсақ, тіреуіші бар ыңғайлы аяқ киім киіңіз.
Серуен кезінде жеткілікті мөлшерде су ішуді ұмытпаңыз, бұл ағзаны сусызданудан қорғайды.
Егер жаяу жүруді күн тәртібіне енгізу қиын болса, аптасына бірнеше рет спортзалға бару, топтық жаттығуларға қатысу, бассейнге жүзу сияқты белсенді қозғалысты таңдаңыз.