Еуропаны бағындырған суретші: Алматы көшелерін қағазға түсіріп жүрген дарын иесі кім?

  • 11:59, 23 қазан 2025
Еуропаны бағындырған суретші: Алматы көшелерін қағазға түсіріп жүрген дарын иесі кім? Коллаж: aqshamnews.kz

Алматы апортының дәмімен "Қазақстан" қонақ үйін қағаз бетіне бейнелеп тұрған суретшінің желідегі бейнежазбасын көрген боларсыз. Құдды бір көркем шығарманың суреттеуін көз алдыңызға әкелетін жанның кім екенін білесіз бе? Бұл - Еуропаны бағындырған жалғыз алматылық кәсіби суретші Рысбек Искаков. Аqshamnews.kz тілшісі желі жұлдызына айналған суретшімен тілдесті. 

Кемел келешекке жетелеген бала арман

Рысбек Искаков - 1956 жылы Талдықорған облысы, Үштөбе қаласында дүниеге келді. Ол бала кезінен-ақ сүйікті ісі - бейнелеу өнеріне өмірін арнады. Сібірдегі Иркутск өнер училищесінде бір жыл білім алып, кейін Николай Гоголь атындағы көркемсурет училищесін тәмамдады. Бірнеше жыл Мұхтар Әуезов атындағы театрда қоюшы-суретші болып жұмыс істеді.

"Егер Құдай маған туғанымнан осындай талант дарытса, онда менің миссиям - оны өзге жүректерге жеткізу. Бейнелеу өнері - суретші әлемін сипаттауға ұмтылатын тіл. Мен үшін ол ең алдымен, халқымыздың бай табиғаты мен бірегей мәдениеті", - дейді Рысбек ата. 

сурет: кейіпкердің жеке мұрағатынан 

Еуропаға бастаған даңғыл жол

Суретші оқуын тәмамдаған соң Ресей, Германия, Франция елдерінде 8 жылдан аса уақыт жұмыс істеп, өзінің қолтаңбасын қалыптастырды. Искаков картиналарында қазақы өмірді романтикалық реңкте бейнелеп, ұлттық тематикадағы заманауи картиналардың авторы атанды.

"Парижде біраз уақыт жұмыс істедік. Монмартр, Эйфель тағысын-тағы әдемі нүктелерді қағазға түсірдік. Еуропа маған үлкен тәжірибе сыйлады", - дейді суретші. 

Суретші Парижде Наталия Бондарева атындағы галереяға жұмыстарын ұсынған. Кейін пленэр (ашық аспан астында сурет салу - еск.)  бағытын жанына жақын тартып, сурет өнерінің сол тұсына қарай ойысқан. Қазір ол Отанға оралған соң да пленэрге өте жиі шығатынын айтты. 

сурет: кейіпкердің жеке архивінен (Париждегі пленэр суреттері)

"Ең қымбат картинамды бір күнде салып, 4,5 мың долларға саттым"

Пленэр бағытынан ерекше шабыт алатын Рысбек Искаков Алматы тауларын, табиғатын жақсы көретінін айтты. Бірнеше жыл бойы Алматы пейзажын бейнелеп жүріп, өзінің ең қымбат картинасын бір күнде салып біткен: 

"Ең қымбат өткен туындым - көлемі шамамен 2×4 метрлік тапсырыспен салынған картина. Оны Рамазан айында, белгіленген мерзімге үлгеру керек болғандықтан, бір күнде жазып шықтым. Бағасы - 4,5 мың доллар (теңгеге шаққанда 2025 жылғы құнмен - 2 423 521 теңге). Өнердің бағасы өз алдына бөлек әңгіме, бірақ мен үшін маңыздысы - ойдың айқындығы мен ниеттің тазалығы" ,  - дейді суретші Искаков. 

Ол желіде тараған видеода пленэрде "Қазақстан" қонақ үйін бейнелеп тұрған еді. Рысбек ата өзінің желі жұлдызына айналғанын білмей де қалған: 

"Мен Алматыда пленэрге өте жиі шығамын. Қазір пейзаждан ауысып, архитектуралық картиналарды салып жүрмін. Жақында менің видеомды желіде бір кісі таратыпты. Көрген жандар келіп, танып жатыр. Мен оларға алғысымды білдірдім де қойдым", - дейді суретші. 

Өнер құндылығы, ЖИ мәселесі: суретшінің ойы қандай?

Суретші өнерге арнаған өмірде түйгенін, ойын бөлісті: 

"Сурет салу - әрі еңбек, әрі демалыс; кейде орындығың ыңғайсыз, шай да жоқ, түскі асқа да үлгермейсің. Бірақ шығармаң сәтті шықса, бәрі ұмытылады. Өйткені өнерді қадірлеу - сол қолайсыздықтарға төзу. Ал қазір шығып жатқан жасанды интеллект жұмысты жеңілдеткенімен, онда сезім жоқ, сондықтан ол қанша уақыт өтсе де шынайы таланттың қолтаңбасын, жүрек жылуын, бояуды сезінуін алмастыра алмайды" , - деді суретші Рысбек ата. 

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:01

13:01

12:27

12:22

12:07

11:59

11:48

11:30

11:15

11:00

10:47

10:22

10:12

10:02

09:47

09:38

09:25

09:08

08:57

20:01

19:16

17:47

17:33

17:23

17:10