Республика күні қарсаңында, яғни 25 қазан күні Алматы полициясы күшейтілген қызмет атқару тәртібіне көшеді.
Қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында мереке күндері 3,5 мың полицей жұмылдырылады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек мәлімдеді, - деп хабарлайды Aqshamnews.kz.
Спикердің айтуынша, Алматыдағы криминогендік жағдай тұрақты және бақылауда. Оның дәлелі – қылмыс деңгейінің 12 пайызға төмендеуі. Сондай-ақ ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылу көрсеткіші де жақсарған.
«Ішкі істер министрі ағымдағы жылды «Профилактика жылы»деп жариялаған болатын. Осыған орай, ерекше назар құқықбұзушылықтардың алдын алуға аударылып отыр. Әсіресе кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың, тұрмыстық жанжалдар мен жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты құқықбұзушылықтардың алдын алу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деді Салтанат Әзірбек.
Мерекелік күндері ішкі істер органдарының жеке құрамы күшейтілген режимде қызмет атқарады.
Барлық бөлімшелер – патрульдік полиция, учаскелік инспекторлар, ювеналды және көші-қон қызметі, кинологтар мен жедел бөлімшелер жұмысқа тартылады.
Қоғамдық көлікте және азаматтар көп жиналатын орындарда – саябақтарда, алаңдарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында бақылау күшейтіледі.
Спикердің айтуынша, қалада көлік қозғалысын шектеу жоспарланбаған. Бұл мәселе мерекелік іс-шаралар өткізу кезінде қалыптасатын жағдайға байланысты шешіледі.
«Полиция қызметі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Заң және тәртіп» қағидаты аясында жұмыс істейді. Біздің басты міндетіміз – әрбір алматылық пен қала қонағының өзін қауіпсіз сезінуін қамтамасыз ету», – деп атап өтті спикер.
Сонымен қатар, полиция профилактикалық және түсіндіру жұмыстарына ерекше көңіл бөлуде. Халықпен кездесулер, оқу орындарында дәрістер, акциялар мен бірлескен іс-шаралар өткізіліп, құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде.
Алматы полициясы бұқаралық ақпарат құралдары және азаматтық институттармен белсенді бірлесе халық арасында құқық қорғау жүйесіне деген сенімді нығайту және заңға бағынушылық мәдениетін қалыптастыру бағытында жұмыс істейді.
Департаменттің ресми өкілі атап өткендей, полиция бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдар мен азаматтардың жеделдігі арқасында Алматыдағы жедел жағдай тұрақты әрі болжамды деңгейде сақталып отыр.