ffin.kz

Альфа ұрпақты қалай оқытып, тәрбиелейміз?

Альфа ұрпақты қалай оқытып, тәрбиелейміз? Сурет: Asia-Plus

2010 жылдан бастап дүниеге келген балаларды ғалымдар Альфа ұрпақ деп атап жүргенін білеміз. Олардың ерекшеліктері қандай және оларды қалай табысты адам етіп тәрбиелеуге болады?  


«Альфа ұрпақ» терминін алғаш рет австралиялық зерттеуші Марк МакКриндл қолданған. Оның анықтамасы бойынша бұл атау 2010-2024 жылдар аралығында туылған балаларға қатысты қолданылады. Бұл он бір жастағы балалар мен алдағы жылдары дүниеге келетін сәбилер. Бұлар Z ұрпақтың (зеталар, зумерлер) орнын ауыстырады. 2025 жылға қарай дүние жүзінде олардың саны екі миллиардқа жетеді деген болжам бар.


Альфа ұрпақтың ерекшеліктері


Олар 2010 жылы, яғни Instagram іске қосылған және алғашқы iPad-тың тұсаукесері болған жылы дүниеге келе бастады... Кейбір әлеуметтанушылар бұл балалардың  кітап пен сурет дәптерінен бұрын  планшетке тезірек қол жеткізгенін, сонысымен  жоспарланбаған жаһандық эксперименттің бір бөлігіне айналғанын айтады.



Сондықтан олардың тілі шықпай тұрып-ақ гаджеттерді басқара алатынына таң қалмау керек. «Әйнекке тәуелді ұрпақ», screenagers («скринейджерлер») – олардың электронды құрылғыларға деген бейімділігін қалай атасақ та, осылай екені рас. Дәл осы қасиет олардың  осал тұсы да, мықтылығы да болып тұр. Бір жағынан, мұндай бала жан-жақты келеді: бір уақытта үй тапсырмасын орындайды, әлеуметтік желіде белсенді болып, пост салып отырады және әлеуметтік желілердегі хат-хабарға да жауап береді. Екінші жағынан, ол өте шашыраңқы, оның зейінін шоғырландыру қиын және бір мәселеге ұзақ уақыт назар аударып қарай алмайды.


Альфа балалар біздің, яғни ата-анасының: «Интернетте отыра берме!» дей беретінімізді түсінбейді. Олар үшін бұл тыныс алу сияқты кәдімгі, өмірлік қажеттілік.


Альфа балаларды қалай оқыту керек?


Мектеп табалдырығын енді аттағандар  үшін мұғалімнің жеке тұлғасы, оның қарым-қатынасы және диалогқа дайындығы ерекше маңызды.  Бүгінгі  балалар ата-аналарына қарағанда психикалық жағынан әлсіздеу. Олар ақыл айтқанды емес, тең дәрежеде сөйлескенді ұнатады. Ұстаз деген олар үшін дамуға, әлемді тануға ынталандыратын, жетелей білетін ересек адам.


«Таяқ емес, тәтті бер» – жас альфаларға әсер ету принципін осылай тұжырымдауға болады. Екінші мыңжылдықтың балалары өздерін барлық қасиеттерімен қабылдағанды қалайды. Оларға отбасында саналы тәрбие әдісін қолданған жөн. Альфаларды жазаламау керек, бірақ марапаттауды ұмытпаңыз.



Қысқа мерзімді мотивация - бүгінгі балалар үшін тағы бір өте маңызды «тәттінің» қатарында. «Жаман оқысаң, аула сыпырушы болып жүресің» деген қатып қалған сөзді бұлар қабылдамайды.  Қазіргі жастарды соншалықты алыс болашақпен қорқыта алмайсыз. Керісінше, ағылшын тілін үйренсең, «еш қиындықсыз» сүйікті YouTube блогеріңмен түсінісе аласың деген ынталандыру оларды еліктіруі мүмкін.


Қазір геймификация мен эдьютеймент үрдісі (ойната отырып үйрету) қарқын алуда. «Мені таң қалдырыңыз» - бүгінгі балалар жақсы қабылдайтын жаңа білім беру технологияларының негізінде жатқан ұран осы. Келіссеңіз де, келіспесеңіз де, балықтың құрылымын зерттеу, оның бөліктерін телефон қосымшасында жинау альфалар үшін ескі суреттері аз плакаттармен безендірілген сыныптағы сабақ пен мұғалімнің  монотонды монологын тыңдаудан әлдеқайда қызықты.


 Альфаларды болашақта не күтіп тұр?


Қазір біз қымбатты альфаларымыздың білім алудың бүкіл жүйесін қайта құрылымдауға әкелетін білім берудегі цифрлық революциядан өтуі керек екенін түсінеміз. Сірә, бұрынғыдай күнделікті сабақ үшін күйзеліс ұмыт қалады және оның орнына әр оқушының білім алудағы жеке жолдары қалыптаса бастайды.


Сонымен, кейбір онлайн мектептерде оқушының бетіндегі эмоциясын тану арқылы қызығушылығы мен сабаққа қатысу дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін технологиялар қазірдің өзінде енгізілуде. Алынған деректерге байланысты оқу бағдарламасын жеке реттеуге болады.


Бұған дейін мұндай қадамға баруға сұраныс болмағаны рас. Пандемия білім беруді цифрландырудың катализаторына айналды. Үйреншікті сынып-сабақ жүйесіне үйренген мектеп шұғыл түрде қашықтан оқитын оқушының жағдайына үңіліп, қалай болса да тығырықтан шықты.


Миымызда қатып қалған орта білім - іргелі жоғары білім - таңдалған саладағы мансаптық өсу – бұл сатылар жақын арада маңызды емес болып қалуы мүмкін. Бүгінде университет білімі тым тез ескіріп барады. Алға қарайтын болсақ, әлеуметтанушылар мен футурологтар альфалар мамандықтар арасында маневр жасауға мәжбүр болады деп болжайды. Сол Марк МакКриндлдің болжамдары бойынша, альфалар өмірінде кем дегенде 5 түрлі қызмет саласын өзгертуі керек.


Соңғы болжамға байланысты оларды үздіксіз білім алу (life-long learning ) тенденциясы күтіп тұр. Айта кетейік, үздіксіз білім беру моделі қазірдің өзінде Швеция мен Финляндияда қолданылып келеді. Оның үстіне «білім алушылардың» жасы да үнемі өсіп келеді. Скандинавия елдеріндегі әлеуметтік қызметкерлердің міндеттерінің бірі «белгісіз себептермен» білімін жалғастырғысы келмейтін адамдарды «мотивациялау» болып табылады. Бұл жағынан біз әлі де артта қалып келеміз.


Альфа буыны: балалардың ерекшеліктері


Бұл балалар өскенде қандай болады? Осы жайындағы сарапшылардың жорамалдары төмендегідей:


Жылдам. Альфалардың әлеміндегі ақпараттың көптігі сонша, олар мазмұнды жоғары жылдамдықпен бағалауды үйренеді.



Экологиялық жағынан сауатты. Өкінішке орай, егер олар планетаның ойластырылмаған индустрияландыруымен ластанбаған басқа планеталарға телепортацияның қандай да бір революциялық әдісін таба алмаса, бұл мәселені шешуге тура келеді.


Ғұмырлы. Болашақты болжаушылар медициналық жаңалықтар біздің балаларымызға кем дегенде 100 жасқа дейін өмір сүруге мүмкіндік береді деп есептейді.


Сезімтал. Альфа балаларына машиналармен бәсекелесу үшін эмоционалды интеллектті дамыту керек.


Анықтама үшін: Ұрпақтар теориясын американдық ғалымдар Нил Хов пен жазушы Уильям Штраус құрды. Олар әрбір 20-25 жыл сайын адамдардың жаңа буыны дүниеге келеді деген болжам жасады. Әрбір буынның «мәдени кодын» білу «әкелер мен балалар» арасындағы байланысты жеңілдетеді және әлеуметтік алауыздықты азайтады деп есептеледі.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
2
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
1
Соңғы жаңалықтар

21:49

19:02

18:44

18:21

18:04

17:49

17:33

16:55

16:55

16:37

16:15

16:07

15:58

15:19

15:05

14:30

14:22

14:14

13:35

13:10

12:49

12:43

12:32

12:21

12:04