Желіде 50 жыл отасқан жұптың "Алтын тойынан" видео тарады. Кейін оқырмандар олардың өмірі мен берік махаббатының құпиясына қызыға бастады. Аqshamnews.kz тілшісі Шарабаевтар отбасымен сұхбаттасты.

Әлеуметтік желіде басты кейіпкерге айналған Ахмет аға мен Райхан апа - Кербұлақ ауданы, Жаңалық ауылының тумалары. Олар Екі ұл, бір қыз өсіріп, олардан алты немере сүйіп отыр.

Бұдан 50 жыл бұрын 21 қарашада шаңырақ көтерген жұп қалай танысқанын айтып берді.

"Бір көргеннен ғашық болдым"
"Райхан ол кезде дүкенде сатушы болып істейтін. Бір көргеннен ғашық болдым. Бір жыл жүріп, кейін отбасын құрдық. Жас отбасыға деп мемлекет 1975 жылы үй беріп, "жақсы жұмыс істеңдер" деп сенім артқан. Бірақ үйдің ішінде мүлік көп болған жоқ: бір орындық, екі кесе, екі тарелка, бір төсек қана болды. Соның өзіне шүкір деп, отбасымызды құрып, сол үйде тұра бастадық, – дейді Ахмет ата.

"Мен жүргізуші болып істедім. Таңнан кешке дейін рейске кетемін, Рәкең (Райхан - еск.) дүкенде істейді. Кешке біріміз-бірімізді жұмыстан күтіп аламыз. Шаршап келеміз де, "қиын болды" деп ойланбаймыз да, тамағымызды ішіп, ұйықтап қаламыз. Ол кезде дүкен кешкі 9-ға дейін істейді. Солай жүріп, өміріміз өтіп жатты", – дейді Ахмет атамыз.
Алғашқы балалары дүниеге келгеннен кейін Райхан апа бухгалтерлік оқуға түсіп, мамандығын да ауыстырған.
"Бірінші баламыз өмірге келді. Кейін Рәкең бухгалтерлікке оқуға түсіп, Талғарға барып, бухгалтер мамандығын алып шықты. Одан кейін сельсоветте (ауылдық кеңесте - еск.) хатшы болып жұмыс істеді", – дейді ол.

"Бұрын шөп шабатын уақытта бір ай бойы тынымсыз еңбек ететінбіз. Өмірдің өзі сондай болатын. Қиын, ауыр жұмыстан келетінімізді білетін Рәкең алдын ала лағман әзірлеп қояды. Біз шөпті әкелеміз, ол үйде лағманын дайындап, монша жағып қояды. Жұмыстан келгенде алдымен моншаға түсіп, шаршағанымызды басып аламыз. Бәрі тап-таза, дайын тұрады. Содан кейін ғана отырып тамақ ішеміз де, қайтадан жұмысқа кірісеміз", – дейді Ахмет аға.


50 жыл мен "Алтын той"
Әлеуметтік желілерде тараған алтын той туралы сұрағанымызда, бұл идеяны Райхан апа ұсынғанын білдік."Басында біз алтын тойды үйде ғана, аздаған адаммен атап өтеміз деп жүргенбіз. Бірақ Рәкең бала-шағамен ақылдасып, "бұндай мереке әркімнің басына келе бермейді, бір дұрыс қылып тойлап тастайық" деді. Кейін балаларымыз да қолдап, бәрі жабылып, бір ауыздан мақұлдады. Туған-туыс, құда-құдағи, жолдастар, көрші-қолаң – өмір бойы бізбен бірге болған жандардың бәрі келсін, біздің өміріміздің қалай өткенін, қандай отбасы болғанымызды өз көздерімен көрсін деп ойладық. Сол той – балаларымыздың, бүкіл әулеттің бізге жасаған үлкен сыйы болды", - дейді олар.
Ал ақ көйлек тойға бірнеше уақты қалғанда "Байсат" базарынан табылған.
"Көйлекті Байсат базарына барып, жалға алдық", – дейді ерлі-зайыптының қызы.
Бұған қоса, жұптың балалары ата-анасын "бал айын" Дубайда қарсы алсын деген ниетпен жолдама сыйлаған.

50 жыл түтін түтетіп, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүрудің басты сыры қандай? Бұл сұраққа Ахмет ата жауап берді:
"50 жыл бірге тұру үшін ең маңыздысы – төзім мен шыдамдылық. Біріңді-бірің тыңдай білу керек. Бірі қатты сөйлеп тұрса, екіншісі үндемей қалған дұрыс. Қатты ренжіскенде далаға шығып, өз-өзіңді басып келесің. Ашу басылғаннан кейін Рәкең мені шайға шақырады. Шай ішіп отырып, сөйлесеміз, бірақ сол ұрысқан әңгімені қайта қозғамаймыз. Соның өзі үлкен тәрбие екен. Солай-солай 50 жыл өте шығыпты".
Шарабаевтар әулетінің әңгімесі - берік махаббаттың, еңбектің, сабыр мен сыйластықтың, "ашуды шаймен басатын" қазақы даналықтың үлгісі.