Нәзіктігі мен табандылығын бір арнаға тоғыстырған Ақтөбенің тумасы Салтанат – қазақ зергерлік өнерінің бүгінгі жас өкілі. Ерлерге тән деп саналып келген бұл кәсіпте бой көрсетіп, күміс пен алтынға жан бітіріп жүрген шебер қыздың қолтаңбасы бүгінде көпшілікті таңдай қақтырады. Зерлі әшекейдің әр сызығында оның сезімі, әр бұйымында өрілген ұлттық нақыш бар. Біз Qosai брендінің иесі Салтанатпен зергерлік өнерге келу жолы, шабытының бастауы және нәзік жанның бұл кәсіпті игеруі туралы әңгімелестік.

Иә, бастапқыда көбісі түсінбей, «ол сенің қолыңнан келе ме, зергерліктен айналысуға көбіне қолдың ептілігі мен күші керек, ал сен қыз баласың ғой» деген кездер де болды. Қиындығы мен қызығы қатар бұл кәсіпке келуіме менің осындай мұқият жасалатын жұмыстарға қызығушылығым себеп болды деп ойлаймын.
Шығармашылық бағыттағы жұмыстарға шабыт керек болатыны рас, бірақ мен шабыт күтіп көп ойланбаймын, ол өз-өзінен келеді. Бір кезде жай серуендеп жүрсем, кейде музыка тыңдағанда шабыттанып кетемін, бірде көзіме түсіп қалған бөлшектің өзі жаңа идея береді. Ал кейде өзімнің бұрынғы жұмыстарымды қарап шығып та шабыттанатын уақытым болып тұрады.
Мен көбіне күміспен және табиғи тастармен жұмыс істеймін. Күміс – жұмсақ, иілгіш әрі тарихи дүниелерге тән материал, ал табиғи тастар әр бұйымға өзінің энергиясы мен «мінезін» береді. Ең алғашқы жасаған бұйымым – бирюза тасы орнатылған, қошқар мүйіз оюымен өрнектелген күміс алқа, соны жасап ұстазыма көрсеткенмін, ол кісі бұл сенің алғашқы жұмысың өзіңде естелік болып қалуы керек деді.
Кез келген бұйымды жасау процесі ойыңа түскен идеядан басталады ғой, ең алдымен ойымды эскизге түсіремін, сосын металды дайындап, кесіп, пісіріп, пішінін қалыптаймын, соңында өңдеп, жылтыратамын, жұмыс барысының әр қадамы бұйымды біртіндеп «тірілтіп», қолға ұстап, көбен көретін дайын дүние пайда болады. Эскизді өзім қолмен саламын немесе Procreate графикалық редакторын қолданамын. Көбіне жай ғана тыныш жерде отырып, ойымды қағазға түсірген ұнайды. Менің зергерлік қолтаңбам жұмысты бастан-аяқ өз қолыммен жасайтыныммен ерекшеленеді, әр бұйымда менің энергиям бар, әр әшекейдің өзіне тиесілі жеке тарихы да бар, сол себепті мен үшін зергерлік бұйым жансыз зат емес, тірі дүние сияқты.
Германиядан түскен тапсырыс
Әшекей жасағанда көбіне өз дизайндарым бойынша тапсырыс аламын, бірақ кейде клиенттердің идеясымен жеке тапсырыстар да жасалады. Әрқашан эскизді сызған кезден бастап олармен хабарласып, ақылдасып отырамын. Менің стилім – этно мен заманауи трендті үйлестіргендіктен көбіне клиенттердің көңілінен шығады.

Осы орайда есімде қалған ерекше тапсырыс туралы айта кетейін, Германиядан бір клиент біздегі жебе алқасына тапсырыс берді. Сөйтсек, ол кісінің баласының аты неміс тілінен аударғанда «жебе» деген мағына береді екен. Сол мағынаны сақтап, оған арнайы жебе алқасын жасап беру – маған ерекше әсер қалдырған тапсырыстардың бірі болды.
Осы кәсіппен айналысып жүрген соң, әрине, зергерлік трендтерді де бақылап жүремін, бірақ өз стилімді тапқанда, керісінше өз жұмысым арқылы тренд жасағым келеді. Мен ұсынған идеялар мен формалар адамдарға ұнап, жаңа бағытқа ықпал етсе екен деген ниетім бар.
Ұқыптылық пен шыдамдылық - зергердің басты қасиеті
Әр саланың мамандарына ғана белгілі ішкі қиындығы болатыны сияқты, бұл саладағы қиындық – өте ұқыптылықты, шыдамдылықты талап ететін, кейде физикалық тұрғыдан ауыр болатын, кейбір күрделі дизайны көп уақыт алатын жұмыс. Ол қиындықтарды еңсеру үшін әр қадамға мұқият көңіл бөлемін, шыдамдылық танытамын және жұмысыма сүйіспеншілікпен қараймын.
Зергер маман ретінде осы кезге дейін кәсіби ортада әртүрлі тапсырыс берушімен жұмыс істеп, олардың талаптарын түсініп, өз стиліммен үйлестіре білу тәжірибесін жинадым. Сондай-ақ әртүрлі материалдармен, күрделі дизайндармен жұмыс жасау арқылы кәсіби шеберлігімді шыңдадым. Бұл тәжірибе маған өз брендімді қалыптастыруға және шығармашылық шешімдер қабылдауға көмектеседі.

Бір бұйымның эскизінен бастап толық дайындалуына дейін орташа есеппен 3–7 күндей уақыт кетеді, әрине, кейбір күрделі жұмыстар көбірек уақыт алады. Осы уақытқа дейін мен үшін ең күрделі жұмыс – отау жүзік сақинасы болды. Бұл ұлттық сақиналардың бірегейі, үшбұрышты пирамида тәріздес етіп жасалады. Әрбір пирамиданың бөлшектерін дәл бірдей етіп жасап, қолдан жинау бастапқыда қиын болғаны рас. Бірақ тәжірибе жинап, қолым үйреніп алғаннан кейін бұл қиындық та жеңілдей бастады.
Әр кәсіпкердің алға қойған жоспары болады, мен де алдағы уақытта зергерлік саласында кәсіби тұрғыдан өзімді дамытқым келеді. Жеке стилімді толық қалыптастырып, өз брендімді дамытып, авторлық коллекциялар шығару менің басты мақсатым.
Брендіме руымның атын бердім
Менің зергерлік брендімнің аты – Қосай. Бұл менің руымның аты, Қосай батырдың құрметіне қойылған және қазақ сөзіндегі «қосу, біріктіру» сияқты мағынаны береді. Сол себепті бұл атау брендтің философиясын, яғни тарих пен өнерді, дәстүр мен заманауи шығармашылықты біріктіруді білдіреді.

Өзім мамандығым бойынша археологиялық суретшімін. Зергерлік өнермен кәсіби түрде 2019 жылдан бері айналысып, сол уақыттан бері тарихи жәдігерлерді зергерлік бұйымдарға айналдырумен келемін.
Қазір Qosai бренді ақырындап дамып келеді. Алда көп жұмыстар бар, ең бастысы – бұл жай ғана зергерлік бұйымдар сататын орын емес, мағынаға ие, салмақты бренд болуын қалаймын. Сол үшін әр бұйымды өзімнің стилімді және философиямды көрсететіндей етіп жасауға күш саламын.
Менің отбасымда зергерлікке жақын немесе кәсіби айналысатын адам болған емес. Әкемнің қол ұсталығы бар, кішкентай кезімде маған сурет салуға арналған мольберт сияқты заттарды ағаштан жасап беретін. Нағашы жағымда да суретке жақын адамдар бар.
Көзін тапсаң, зергерлік - табысты бизнес
Әр кәсіптің табысты болуы адамның қажетін өтей алуына, басқалардан ерекшелігінде деп едім, егер еңбектеніп, өз стиліңді тауып, клиенттеріңді қалыптастыра алсаң, зергерлік кәсіпті де табысты бизнеске айналдыруға болады, ең бастысы – сапа мен жеке ерекшелікті сақтау.

Сөз соңында зергерлікке қызығатын, осы кәсіппен айланысқысы келетін жастар болса, еш қорықпаңыз және тезірек бастаңыз дер едім. Бастапқыда мінсіз бұйым жасаймын деп босқа түңіліп кетудің керегі жоқ, ең әуелі қолыңа құрал алып, жасап көрген маңызды. Шыдамдылық танытып, өз стиліңізді тауып, әр бұйымға жүрегіңіз бен жаныңызды салсаңыз, бәрі өз жолымен келеді.