"Жылдың ең мейірімді әкесі". "Ұмытшақ" ұлына ұрыспай, желі жұлдызына айналған әке кім?

"Жылдың ең мейірімді әкесі". "Ұмытшақ" ұлына ұрыспай, желі жұлдызына айналған әке кім? Коллаж: aqshamnews.kz

Әлеуметтік желіде футбол жейдесін ұмытып кеттім деп, әкесін ұзақ жолдан қайта артқа қайтарған балақайдың әрекеті көпті ду күлдірді. 2-сынып оқитын Димаштың әкесі Бақытжан Ермаханов ұлының әрекетін видеоға түсіремін деп, бір күнде желі жұлдызына айналды. Оның жүктеген бейнесі бірнеше миллион қаралым жинаған. Аqshamnews.kz тілшісі "жылдың ең мейірімді адамы" атағына лайық деп танылып жатқан азаматпен тілдесті. 

Қызылорданың тумасы, қазір Астана маңындағы Талапкер ауылында тұратын әнші, асаба Бақытжан Ермахановты желідегі хит видео арқылы көпшілік танып қалды. Бүгінде жұбайы Айнұр екеуі төрт баланы тәрбиелеп өсіріп отыр.

Миллиондар көрген видеодағы жайт қалай болды?

Жұрттың езуіне күлкі ұялатқан бейнедегі ең кіші ұлы - Дінмұхаммед. Ол Астанадағы мектептердің бірінде футболға қатысады. Димаш пен әкесінің жұрт таныған видеосына дәл осы футбол үйірмесі себеп болған. 

"Баламды футболынан алып кетіп, ауылға жетіп қалған едік. Өзім тойға асығып тұрғанмын. Бір кезде ұлым "әке, футбол жейдемді ұмытып кетіппін" деді. Димаштың көңілі түспесін деп ауылға жетіп тұрған жерімізден қайта бұрылып мектебіне бардық. 22 шақырымды артқа тастап, жетіп барып, жейдесін іздей бастадық. Ағайына да хабарласып сұрадық, таппадық. Бір кезде Дінмұхаммед “әке, ыстықтап кеттім” деді. “Ыстықтасаң күртеңді шеш, алдыңды ағытып қой” деп шешкізіп жатсам, жейдесі үстінде екен. “әке, үстіме киіп алыппын ғой” деп тырқылдап күлді", – дейді Бақытжан мырза. 

Екеуі артынша оқиғаға әбден күлген.

"Баламның күлкісін көргенде қалай ашуланасың? Екеуміз жол бойы тырқылдап күліп қайттық. Сол сәтті видеоға түсіріп алып, жүктеген едім", – дейді ол.

"Хабарламалардан телефоным қатып қалды"

Жай ғана отбасылық сәт түсірілген видео әлеуметтік желіге жүктелген соң, күтпеген жерден көп қаралым жинап кеткен. 

"Видео бірнеше миллион қаралым жинапты. Жан-жақтан бәрі жіберіп жатыр. “Хит болып жатырсыздар ғой” деп те айтып жатыр. Өзіміз де риза болып, күліп жүрміз. Жазған адамның көбі сонша, хабарламалардан телефоным қатып қалды", – дейді Бақытжан Ермаханов.

Көпшілік әкенің баласына ұрыспай, керісінше күле қарап, жағдайды әзілге бұрғанына ерекше сүйсінген. Көп пікірде дәл осылай сабырлық таныта білу кез келгеннің қолынан келе бермейтін іс екені жазылған.

Таяқсыз тәрбие мен үнемі күліп жүрудің құпиясы не?

Бақытжан мырза өте балажан екенін және бала тәрбиесінде таяқ қолдануды артық санайтынын айтты.

"Біз кішкентайымызда таяқ жеп өстік қой. Қазір сол біз көрмеген мейірімді балаларымыз көрсе деймін. Баланы ұрып, қорқытып тәрбиелеуге қарсымын. Балаларымның алды өз отауын құрды, қазір қолдағы екеуіне барынша ата-аналық махаббатқа бөлеп өсіріп жатырмыз", – дейді ол.

Үнемі күліп жүретін Бақытжан мырза өмірлік ұстанымы туралы да ой бөлісті.

"Әрдайым күліп жүру керек. Күлкімен өмір жеңілірек қой. Үнемі позитив жүрудің құпиясы жоқ. Жаныңдағы жұбайың жақсы болса, бала-шағаң аман болса, бауырың бүтін, басың аман болса – соның өзі үлкен бақыт. Сол бақытты сезіне отырып, көңілді жүрмеу – қателік. Сондықтан әр күнімізге шүкірлік етіп, үнемі күліп, көңілді жүргеніміз абзал", – дейді Бақытжан Ермаханов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

11:35

11:28

11:04

11:01

10:23

10:15

10:07

10:05

09:53

09:38

09:35

09:25

17:57

17:44

17:42

17:29

17:07

16:55

16:42

16:05

15:59

15:50

15:39

15:30

15:20