«ALMATY AQSHAMY» – 35 «Ақшам» ардагерлері
Осы ғұмырында мәдениет пен әдебиеттің, білім мен ғылымның және бизнестің орталығына айналған еліміздің әсем де алып шаһарының тыныс-тіршілігін көрсетуде, ірі қалада атқарылып жатқан іргелі істерді дәріптеуде «Алматы ақшамы» бірқатар игі шараларды жүзеге асырып келеді. «Алматы ақшамы» газеті ең алдымен ұлттық дәстүрімізді алып келді. Қаланың жаңалығын, қоғамдағы ірілі-уақтылы маңызды шараларды ана тілімізде жеткізді. Бұл, әсіресе, ауылдан келген қонақтарға, оқу іздеп келген жастарға өте қолайлы болды. Қажетті анықтамаларды «Алматы ақшамынан» тауып алып отырды.
Мен осы басылымда 2007 жылдан зейнеткерлікке шыққанымша – 2013 жылдың соңына дейін қызмет еттім. Зейнетке шыққаннан кейін автор ретінде күні бүгінге дейін еңбек етіп келемін. Қазір Алматы әбден үлкейген, тіршілігі дамыған мегаполис. Күн сайын қанша құрылыс жұмыстары, түрлі шаралар атқарылып жатады. Әдебиет те, мәдениет те, бизнес пен білім ордалары да осында. Соларда күнделікті болып жатқан сан салалы жаңалықтар «Алматы ақшамының» бетінен өз орнын тауып жатады.
Айтайын дегенім, соңғы жылдары Түркістан облысы, оның бер жағында Алматы, Жетісу, Ұлытау және Семей облыстары ашылды. Еліміздің аймағы көбейді, тынысы кеңейді. Міне, біздің «Алматы ақшамы» газетіміздің 35 жылдығы осындай айшықты да маңызды оқиғалар орын алып отырған кезге сай келіп отыр. Басылым журналистері шаһардың шеңберімен шектеліп қалмай, аталмыш аймақтардың да жаңалықтарын жарыса жазса, жетістіктерді көбірек қамтыса, қандай керемет болар еді. Еліміздің әрбір өңірі оңтүстік астана аталып жүрген Алматының жаңалық-жетістігін білуге құштар. Қала көшелеріне жаңа есімдер беріліп жатыр. Бәрі де қазаққа, оның мемлекеттігі мен тәуелсіздігіне қызмет еткен тұлғалар. Бірақ олардың кім екенінен қазіргі жастар хабарсыз. Көшелердің басталар жерінде жиындар, кездесулер өткізіп, көшеге есімі берілген азаматтың кім екені, қандай пайдалы істер атқарғаны жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мысалы, Медеу ақсақалды алайық. Ол кім еді? Алғашқы алманың жаңа түрін – апортты шығарған, қиын жағдайда қала тұрғындарына болысқан тұрмысты адам болған.
Сол сияқты, Қали есімді меценатты алайық. Қали Қарой шатқалында 12 мың бас қой өргізді, қыстауда бірнеше қора салдырып, тіпті Верныйдың өзінде үлкен әулеті бар үйі болды. Оның туған қызы Қазақстан Республикасының халық әртісі Гүлжаһан Ғалиева Алматыда «Гүлдер» ансамблін құрды. Қали Орта Азия, Сібір мен Орынбор арасында қоймен сауданы кеңінен жолға қойды. Жыл сайын Верныйда (Алматыда) қазақ отбасыларының басын қосып тегін қой таратып отырған, сөйтіп Алматыда жергілікті тұрғындардың тұрақтануына жол ашқан қазақ. Осы өте маңызды тарихты біз «Алматы ақшамы» басылымынан оқып білдік.
«Алматы ақшамы» тұлғаларды еліне, жеріне қарап алаламайтын, қазақ мемлекеті мен қазақ халқы үшін төккен теріне, ерен еңбегіне қарап бағалайтын басылым. «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деген ұлы Абайдың сөзін ұстанған басылым. Сонысымен де тарихы ұзақ біраз басылымнан бағалы. Небәрі 35 жасқа келген «Ақшамға», оның ұжымына ұзақ ғұмыр тілеп, бұрыннан келе жатқан игі істер, бағалы бастамалар жалғасын таба берсін, бағыттарыңнан айнымаңдар дегім келеді.