Биыл міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша стоматологиялық емдеуге 34 миллиард теңге бөлінді.
Бірақ тегін көмекті арнаулы санаттағы азаматтар ғана ала алады. Ал басқалардың шығындалуына тура келеді. Қазір тіс емдеу айтарлықтай қымбаттаған. Мамандар қызмет құнының өскенін, қажетті құрал-жабдықтың шетелден алуынуымен байланыстырады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.
БЛИЦ: - Аузымызда бір тіс жоқ, бәрі түсіп қалған. Барып салдырайық десек, удай қымбат. Қайда баратынымызды білмейміз. Пенсия жетпейді. Енді не қыламыз?!
- Мысалыға 1 пломбаның өзі 15 мың теңге. Ал егер басқа тістерді емдеп, тазалау болса, онда 500 мыңға кетіп қалады. Одан тіпті имплант салатын болсаңыз, 150 мыңнан біреуі, ең жақсысы.
- Тісімді сала алмай жүрмін, астынғы тісімді. Енді менің тісім жобамен 200-400 мыңға шығады протездің өзі. Емдететін тіс жоқ астында.
«30 тістің қадірін қақсағанда білесің» деген сөз бар. Оның күтіміне дер кезінде назар аудармай, кеш қалсаңыз, қалтаңыздан қомақты қаржыны санап беруіңіз әбден мүмкін. Мәселен тіс жұлдыру үшін кем дегенде 10-15 мың теңгеңіз болуы керек. Ал оны емдетіп, пломба салу 15 мыңнан басталады. Имплант бағасы болса, 100 мың теңгеден жоғары.
Олеся Мельник, стоматолог: - Бір тісті емдеу құны кейде 80 мың теңгеге шығуы мүмкін. Нақты қай қызметтің қымбат екенін айту оңай емес. Әр жұмыстың қиындығы болады. Негізі баға, қолданылатын материалға байланысты қойылады. Өкінішке қарай қажетті заттардың көбі елімізде өндірілмейді.
Тіс емдеуге қажетті құрал-жабдықтар Қазақастанда мүлде өндірілмейді. Көбінесе олар Германия, Корея және Қытайдан арнайы жеткізіледі. Жалпы жеке емханалар «кәсіпкерлік субъекті» болып есептеледі, сәйкесінше қызмет құнын өздері бекітеді. Бірақ оны бақылап әрі реттеп жатқан ешкім жоқ.
Назым Бектұрғанова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің штаттан тыс бас стоматологы: - Барлық құрал-жабдық, тіпті мақта-тампондарына дейін импортталады. Біз инфляциялық процестерге, тікелей доллар бағамына тәуелдіміз. Инфляция неғұрлым жоғары болса, соғұрлым қызмет көрсету бағасы өседі. Ал бұл жыл сайын болатын жағдай. Әрине, бағаны реттеп отыру біздің қолдан келмейтін дүние.
Арнайы санаттағы азаматтардың мемлекет тарапынан тегін стоматологиялық көмек алуға мүмкіндігі бар. Мәселен кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті аясында «шұғыл жәрдем» қызметін кәмелет жасқа толмаған балалар, жүкті әйелдер, ардагердер, мүгедектер, көпбалалы аналар, атаулы әлеуметтік көмек алушылар, зейнеткерлер, жұқпалы аурумен ауыратын науқастар және мүгедек баланы күтушілер алады. Ал «жоспарлы көмек» тек балалар мен жүкті әйелдерге қарастырылған.
Жаннұр Мұханғали, ӘМСҚ кері байланысты жетілдіру және ақпараттандыру басқармасының басшысы: - Жоспарлы және шұғыл түрде ем алуға келген адамдарға, бірінші кезекте, оларға тістің арнайы кариесін емдеу және передонтит, пульпит емдеумен айналысатын болады. Елімізде 2024 жылы стоматологиялық көмек көрсетуге 34 млрд теңге қаржы бөлінді. 2023 жылмен салыстырғанда 6 пайызға өсті. Яғни 2023 жылы бөлінген 32 млрд теңгеден 34 млрд-қа өсті. Бұл дегеніміз қызмет сапасының жоғарылап, халық тарапынан стомотологиялық көмекке мұқтаждығын және оның қызмет көрсету санының өсуін байқатады.
Биыл Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры стоматологиялық көмек көрсететін 838 медициналық ұйымымен шарт жасасты. Оның 519-ы жекеменшік, қалған 319-ы мемлекеттік нысан саналады.
Источник: https://24.kz/kz/zha-aly-tar/densaulyk/item/644529-32-tis-shin-34-mlrd-te-ge-b-lindi-kim-tisin-tegin-emdetedi
Қолданылған материалдарға міндетті түрде www.24.kz сайтына гиперсілтеме берілуі тиіс