7 мың ата-ана баласына вакцина салдырудан бас тартты.
Қазақстанда баласына вакцина салдырудан бас тартатын ата-аналардың саны жыл сайын артып келеді, деп хабарлайды aqshamnews.kz
2025 жылдың алғашқы тоқсанында ғана 7 мыңға жуық ата-ана екпеден бас тартқан. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің вакцинамен басқарылатын инфекцияларды бақылау басқармасының басшысы Нұршай Әзімбаева мәлімдеді.
Оның айтуынша, соңғы жылдары елімізде, әлемнің көптеген елдері сияқты, қызылша мен көкжөтел аурулары көбейіп келеді. Бұл жағдай, әсіресе, жоспарлы екпе алмаған балалар арасында жиі тіркелуде.
"Қызылша жұқтырғандардың 75 пайыздан астамы, көкжөтелге шалдыққандардың 87 пайызы – вакцина салдырмағандар. Бұл деректер иммундаудың инфекцияның алдын алудағы маңызын айқын көрсетіп отыр. Дегенмен, вакциналаудан бас тартушылардың саны өсуде. Жыл басынан бері 7 мың ата-ана екпеден бас тартқан", – деді Нұршай Әзімбаева.
Маманның сөзінше, мұндай үрдіс елдегі эпидемиологиялық ахуалға, әсіресе, қызылша мен көкжөтел бойынша, тікелей әсер етіп отыр. Сондықтан иммундаудың маңыздылығын түсіндіру шаралары жалғасын табуы тиіс.