Ғылыми зерттеулерге сүйенсек, жер шарының 74 пайызын су алып жатыр. Алайда соған қарамастан әлемде су жетіспейді, әсіресе ауызсу тапшылығы күннен-күнге анық байқалуда.
БҰҰ мәліметінше, бүгінде әлем халқының жатысына жуығы судың жеткіліксіздігінен зардап шегуде. Сарапшылар дүние жүзі бойынша 780 миллионнан астам адам таза ауызсуға қол жеткізе алмай отырғанын, ал 1,7 млрд адам тұщы суға мұқтаж екенін айтады. Әлемде таза судың жоқтығы мен антисанитарлық жағдайдың салдарынан жыл сайын мыңдаған адам қайтыс болады.
Су тапшылығы қазіргі заманның жаһандық өзекті мәселесіне айналғанын
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жуырдағы Жолдауында ерекше атап өтті. 2030 жылға қарай су тапшылығының көлемі 40 пайызға жетуі мүмкін екенін айта келе, Президент жаңа технологиялар мен цифрландыру арқылы суды үнемдеуге көшуіміз керектігін ескертті. «Су тапшылығын жоюдың басқа жолы жоқ. Бұл – аса маңызды міндет» деген Мемлекет басшысы, Үкіметке су пайдалануды реттеу және оны үнемдеу технологиясын енгізу жұмысын ынталандыру үшін нақты шешімдер әзірлеуді тапсырды. Сондай-ақ су нысандарының экожүйесін сақтап, оны үнемді пайдалану үшін аса маңызды 120 канал қайта жаңғыртылатынын,
Ақмола, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында жаңадан 9 су қоймасы салынатынын мәлімдеді. Жалпы, елімізде ондаған жылдар бойы қомақты қаржы бөлінгеніне қарамастан, ауыз су мәселесінің әлі шешімін таппағанына тоқталған Президент, Өңірлерді дамытудың ұлттық жобасы аясында бес жыл ішінде халықтың 100 пайызын таза ауызсумен қамтамасыз ету Үкіметтің алдында тұрған басты міндет екенін айтты. Осы орайда, Мемлекет басшысының Жарлығымен Су ресурстары және ирригация министрлігінің өз алдына жеке министрлік болып құрылуы да – осы бағытта атқарылар іс-шараларға айрықша маңыз беріліп отырғанының айғағы.
Тұщы су тапшылығы адамзат болашақта тап болатын басты қатердің бірі екені Дүниежүзілік экономикалық форумның жыл сайынғы баяндамаларына негіз болуда. Бұл арада тіпті суға мұқтаждықтың өзі ғана емес, оның қарулы қақтығыстар мен әлеуметтік катаклизмдерге әкеліп соғуы, су тапшылығынан зардап шеккен аймақтардан жұрттың жаппай көшуі және климаттың өзгеруі сияқты бүкіл ғаламға ортақ ауыр салдары алаңдатады.
Қазірдің өзінде Еуропаның оңтүстігіндегі штаттар табиғи су қоймалары мен жасанды су қоймаларының бұзылуына орай, суды үнемдеуге қатысты шұғыл шараларды қолға алуда. Францияның кейбір аймақтарында бау-бақшалар мен гүлзарларды суаруға, бассейндерді толтыруға тыйым салынса, Ұлыбританияда тіпті техникалық судың өзін қолдануға шектеу енгізілгені ғаламтор материалдарынан мәлім болып отыр.
Әлемде ауыз судың қатты тапшылығы Үндістанда байқалуда, одан кейінгі кезекте Эфиопия мен Африка құрлығындағы халық ең тығыз қоныстанған мемлекет – Нигерия тұр. Олардың әрқайсысында шамамен 60 миллионға жуық адам ауызсуға жарымай отыр. Қытайдың шеткері аймақтарындағы тұрғындар да таза судың жеткіліксіздігінен қиындық көруде. Ал тұщы су қоры жеткілікті елдердің көш басында Бразилия, Ресей, Канада тұр.
Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, 2040-2050 жылдарға қарай су тапшылығы дағдарысы шын мәнінде әлемдік сипат иеленбек. Осының аясында бүгінде келесі соғыс мұнай немесе газ үшін емес, су үшін болады деген әңгіме қаулап тұр.
Айта кетерлігі, соншалықты өткір болмағанымен, таза ауызсу мәселесі біздің елімізде де бар. Біздегі Іле, Ертіс, Жайық, Талас, Сырдария сияқты ірі өзендердің барлығы көрші елдерден, атап айтқанда, Қытай, Ресей, Өзбекстан және Қырғызстаннан бастау алады және түрлі себептермен бұл сулардың қоры жылдан жылға азая түсуде. Сондықтан трансшекаралық өзендерді тиімді пайдалануды мемлекетаралық келісімдер негізінде шешу өзекті мәселеге айналуда.
Осындай жағдайда ел-жұртқа тіршілік көзі, ырыстың өзі саналатын аса маңызды ресурсты үнемдеп пайдалану мәдениетін сіңіру, ұғындыру аса қажет. Дегенде, «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейғам заманда, яғни мұндай мәселе туындамай тұрған жаймашуақ кездің өзінде «Судың да сұрауы бар» деп, есепсіз нәрсе жоқ екенін меңзеген ата-бабаларымыздың көрегендігіне қалай тәнті болмассың!..