Еліміз 2010 жылы Болон процесіне ресми түрде қосылғаннан кейін, 2011-2012 академиялық оқу жылдарынан бастап, PhD дәрежесі және ғылыми атақтарды үлестіру үшін әрбір зерттеушіден Scopus сынды ғылыми базаларда индекстелетін журналдарда мақала жариялау міндеттелді. Сәйкесінше, ғылыми зерттеулер нәтижесі мен ғалымның әлеуетін анықтауда цифрлық көрсеткіштерді назарға алып, ғалымның еңбегін зерттеу мақалалары алған сілтеме санымен анықтайтын болдық. Мақаламызда, отандық ғылымның даму жолында, зерттеу жұмыстары нәтижесін шетелдік басылымдарға жариялау арқылы ғана сапасын анықтаудың қаншалықты тиімді екендігін талдап көрейік.
- 2024 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, былтыр 101 жоғары оқу орны 7428 ғылыми мақала жариялаған.
- Елімізде, ғылыми атақтар беру үшін SCOPUS базасына енетін журналдарда мақала жариялау міндеттелген.
- Қазақстан Scopus базасында жарияланған мақалалар саны бойынша Орталық Азияда көшбасшы.
Деректер базасында бес мыңнан аса ғылыми басылым бар
Бүгінгі таңда Scopus ғылыми деректік базасында жалпы саны бес мыңнан аса ғылыми басылымдар бірнеше ғылым салалары бойынша тіркелген. Соңғы жылдары отандық ғылыми зерттеу орталықтарының ғылыми басылымдары да аталмыш ғылыми деректер базасында көрініс табуда. Бұл отандық ғылымның қалыптасқан әлеуетін көрсетеді. Алайда, аталмыш журналдардың басым бөлігі жаратылыстану, нақты ғылымдар саласында. Сондықтан жыл сайын мыңдаған зерттеу нәтижелері ғылыми мақалалар форматында шетелдік журналдарға жіберіліп, аз бөлігі ғана жарияланады. Әрине, отандық зерттеушілер үшін мақалаларының шетелдік ғылыми басылымдарда жарияланғаны қуантарлық жаңалық. Біріншіден, отандық зерттеушілердің жаһандық ғылым алаңында мойындалуын көрсетеді. Екіншіден, отандық жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарының арнайы рейтингтері де осы жарияланымдар арқылы анықталады. Мысалы, 2024 жылы Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметі бойынша 101 жоғары оқу орны 7428 ғылыми мақала жариялаған, оның 5344-і «Scopus» дерекқорындағы журналдарда, ал 2367-сі «Web of Science»-те индекстелген басылымдарда жарық көрген.
Сұраныс жоғары болған жерде қаржылық мүддесін көздеген топтар қалыптасады
Алайда, соңғы он бес жыл көлемінде отандық ғалымдар арасында кеңінен талқыланып, жүзеге асып келе жатқан жобаның кемшіліктері де жеткілікті.
Біріншіден, кейбір гуманитарлық зерттеу салалары бойынша ғылыми зерттеу жұмыстарының нәтижелері елімізден тыс аймақтарда аса үлкен маңызға ие емес. Сондықтан бірқатар зерттеу бағыты жергілікті аймақты қамтитын зерттеу салалары қажетті журнал таба алмай докторлық диссертациясын тиісті уақытта қорғай алмайды. Бұл мәселе әдетте осы салада Scopus базасына енетін отандық ғылыми журналдардың саны артқанда шешіледі.
Болашақта отандық ғылыми-зерттеу орталықтары тек шетелге мақала жариялайтын ғана емес, сонымен қатар шетелдік зерттеу мақалалар қабылдап жариялайтын болуы қажет.
Екіншіден, нарық заңына сәйкес сұраныс жоғары болған жерде кейбір қаржылық мүддені көздеген топтардың қалыптасуы да заңды. Соңғы жылдары отандық зерттеушілер сондай топтардың қармақтарына жиі түсуде. Себебі, бүгінде әлемдік тәжірибеде ғалымның әлеуетін мақала саны, сілтемелер жиілігімен есептеу үрдісі қалыптасқан. Сәйкесінше, сапаға қарағанда санға көп көңіл бөлетін оқымыстылар тобы да қалыптасты. Кейбір зерттеушілер «Scopus» тізіміндегі журналдарға шығу үшін сапалы зерттеу жасаудың орнына кез келген жолмен мақалаларын жариялауға асығады.
Яғни жалған журналдар мен сапасыз мақалалар көбейеді. «Retraction Watch» дерекқоры «Scopus» тізіміне еніп, бірақ талаптарды сақтамай, коммерциялық бағытты мақсат тұтқан біршама журналды әшкерелеп, лицензиясынан айырды. Жалпы, дерекқор тізімі жыл сайын жаңарып, сенімсіз ғылыми басылымдар тізімнен алынып, жаңарып, толығып отырады. Жалған ғылыми зерттеулер жариялайтын «Predatory journals List» сайтының дерегінше, бұл тізімде көшті Үндістан, Нигерия, Пәкістан мемлекеттері бастап тұр. Жаһанданған әлемде, әрбір елдің ғылыми әлеуеті технологиялық жетістіктерінен бөлек, ғалымдарының сапалы зерттеулерімен де анықталып отыр. Ғылымның дамуын жекелеген елге бөлмей, адамзатқа ортақ қазына деп түсінетін халқымыз үшін ғалымдарымыздың еңбектерін арнаулы сандар арқылы емес, еліміздің әлеуетін арттыруда ықпал ететін сапасына көбірек назар аударған жөн.