· Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде біз Германиядағы парламент сайлауы жайлы жазып едік. Онда Фридрих Мерц бастаған ГХДО партиясының жеңіске жету мүмкіндігі жоғары екенін болжадық. 23 ақпанда кезектен тыс сайлауда ГХДО жеңіске жетті. Ф.Мерц кезекті канцлер атануы мүмкін. Алайда, партия айқын басымдықпен жеңіске жетпеді. Саяси және экономикалық, миграциялық дағдарыс Ф.Мерцті өзге партиялармен коалиция құруға мәжбүрлеуі мүмкін. Қала берді, халықаралық жағдай да мәз емес. Осы және өзге де факторлар алдағы 4 жылда оның бас ауруы болуы мүмкін.
Үштік коалиция елді дағдарыстан шығара алмады
Германияда кезектен тыс сайлауда «Германияның христиан демократиялық одағы» партиясы партиясы жеңіске жетті. Алдын ала сайлау нәтижесі бойынша оппозициялық партия 28,5% дауыс жинаған. Партияның көшбасшысы Ф.Мерц канцлер атануы мүмкін.
Осылайша ГХДО билікке қайта келді. Бұған дейін 16 жыл партияны Ангела Меркель басқарған уақытта Германияда оған тең келетін саяси күш жоқ болатын. Алайда, билікте ұзақ болу және саяси бәсекенің болмауы елді дағдарысқа ұшыратады. 2021 жылы парламент сайлауында ГХДО жеңіліске ұшырап үштік одақ деп аталатын коалиция жеңіске жетті. Үкіметті сәл ғана басымдыққа ие ГСДП партиясының көшбасшысы О.Шольц басқарды.
Дегенмен, О.Шольц Германияны дағдарыстан шығара алмады. Коронавирус пандемиясынан кейін ел экономикасы жүйелі дағдарысқа ұшыраған болатын. 2023 және 2024 жылдары экономикалық өсім өте төмен деңгейді көрсетті. Мұның бәрі елдегі саяси дағдарыстың әсерінен. Коалициялық парламент пен үкімет арасында түсініспеушілік бар екені біраз уақыт көзге көрінбеді. Бірақ 2024 жылдың соңына қарай коалициялық билікте саяси дағдарыс орын алды. Социал-демократтар, «Жасылдар» және «Еркін демократтар» арасындағы саяси әріптестік аяқталды. Парламент канцлер О.Шольцке сенімсіздік танытты. Бұл 2025 жылы 23 ақпанда кезектен тыс парламенттік сайлау өткізуге түрткі болды.
Жексенбіде өткен сайлаудың алдын ала қорытындысы бойынша социал-демократтар – 16,5%, «Жасылдар» – 11,8% және «Еркін демократтар» – 5%-ды еңсерді. Социал-демократтардың көшбасшысы О.Шольц жеңілгенін мойындады.
Сонымен, ГХДО жеңіске жетті. Бірақ айқын басымдықпен жеңе алмады. Себебі, екінші орындағы «Германияға балама» партиясы 20%-дан астам дауыс жинады. Сайлауға қатысу көрсеткіші 83% болғанын ескерсек, бұл өте жоғары көрсеткіш. Сондықтан алдағы 4 жыл Ф.Мерц пен ГХДО партиясына жеңіл болмайды.
Берлин мен Брюссель арасына сызат түсуі мүмкін
Постковидтік кезең Германия үшін жеңіл болмады. Ең алдымен, саяси дағдарыс орын алды. А.Меркельдің билігі әлсіреп, ол бастаған ГХДО парламенттік сайлауда жеңілді. Билікке келген үштік коалиция да елді дағдарыстан шығара алмады. Саяси дағдарыс коалиция ішіне де жетті.
Ішкі саяси дағдарыс өзге де салаларға әсер етті. Экономика әлсіреп, Германияның бұрынғы күш-қуаты жоғала бастады. Көлік өндірісі саласында ел бүгінде көшбасшылар қатарында емес. «Неміс машинасы» атағы тарих қойнауында қалды. Тек Германия ғана емес, тұтас Еуропа елдері Қытайдың электрокөлік өндірісіне төтеп берер емес. Арзан әрі сапалы қытайлық электрокөліктер ЕО және әлем нарығын жаулап алуда. Нарықтың заңы солай. Тұтынушыны сапа мен баға қызықтырады. Вашингтон тізгінін ұстаған Д.Трамп Қытайға қарсы сауда соғысының екінші кезеңін бастады. Ал Еуроодақ елдерінің Қытайдың экономикалық күш-қуатына қарсы тұратындай қауқары жоқ. Германияның да әлеуеті өте төмен.
Енді дамып келе жатқан жасанды интеллект нарығында да Германия АҚШ пен Қытайға жете алмайды. Оны дамыту үшін энергия көзі қажет. Қауіпті болса да АЭС ең көп энергия береді. Ал Германия 2024 жылы АЭС-тен толық бас тартты. Мұндай шешімді үштік коалиция қалыптастырған билік қабылдады.
Сондай-ақ, миграциялық дағдарыс Германияны іштей әлсіретуде. ГХДО көшбасшысы осы дағдарысты сайлауалды кампанияда ұтымды пайдаланды. Елге сырттан келген мигранттарға қарсы мәлімделер жасап, миграциялық заңнаманы қатаңдатуға уәде берді. Қарап тұрсақ, Д.Трамптың саяси риторикасына ұқсайды.
Жоғарыда аталғанның бәрі ішкі теріс факторлар. Ф.Мерц алдағы 4 жыл бұл факторлармен жұмыс істеуге мәжбүр. Бұдан басқа сыртқы саяси тәуекелдер де бар: біріншісі Д.Трамп басқаратын АҚШ болса, екіншісі Еуроодақпен еуропалық қауіпсіздік мәселелері.
Д.Трамптың сыртқы саяси мәлімдемелері мен қабылдап жатқан шешімдері халықаралық қатынастарға әсер етуде. Мұхиттың арғы жағынан келіп жатқан саяси қысым ЕО-ға да жетті. Жақында өткен Мюнхен конференциясындағы АҚШ-тың вице-президенті Д.Венстің мәлімдемелері Вашингтон мен Брюссель арасын алшақтатып жіберді. Қауіпсіздік мәселесінде көзқарастары екі бөлек екенін көрсетті. Бұған дейін Парижде өткен ЖИ жиынында да Вашингтон мен Брюссельдің көзқарастары әртүрлі екені байқалды. Германия Еуроодақтың ірі саяси күші екенін ескерсек АҚШ-тың саясаты оған да әсер ететінін болжауға болады. Трамп факторы Берлин мен Брюссель арасына сызат түсіруі немесе Еуроодақтың оқшаулануына түрткі болуы мүмкін.