ffin.kz

Қызыл террор қиянаты ұмытылмақ емес

Қызыл террор қиянаты ұмытылмақ емес almaty-akshamy.kz

31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

 

Тағдырдың небір теперішін басынан өткізген қазақ тарихы – ең шерлі тарих. Қолдан жасалған сол қиянаттардың зардабын халқымыз тартудай-ақ тартты. Атажұрттағы қазақ өз жерінде өгейдің күйін кешіп, тілін, танымын, дәстүрін әлі де төрге оздыра алмай жаутаңдаса, кезінде төрткүл дүниеге тарыдай шашылған қандастарымыз елге деген сарытап сағынышпен, ертеңгі күнінің қалай боларына дүдәмал күйде күн кешуде. 

Ресми деректерге жүгінсек, 1921-1954 жылдар аралығында Қазақстанда 103 мың адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған, 25 мың адам ату жазасына кесілген. 1930-1933 жылғы ашаршылықта 2 млн. 200 мың адам қырылып, 1 млн-нан астам адам Қытай, Моңғолия, Ирак, Ауғаныстан сияқты басқа да елдерге босып кеткен.

Ашаршылық нәубеті белгілі жазушы Смағұл Елубайдың тағдырына да тікелей қатысты. Ол кісі өз ата-анасының дүрбелең кезінде Ақтөбенің Байғанин ауданынан үстірт арқылы Қарақалпақстанға, одан әрі Түрікменстанға ыққанын айтады. 1928-1933 жылдары сол бір ғана аймақтан 40 мың үй үдере көшкен екен. Бұл жөнінде: «Мен де сол елден қаша көшкен, Голощекин орнатқан зобалаңнан әзер құтылған ауылдың баласымын. Біздің ауыл Ауғаныстан мен Түрікменстанның шекарасында отырды. Сол жерде жүргенде әке-шешемізден «Қазақстан қайда?» деп сұраушы едік. Сонда олар: «Анау қарауытып тұрған тауды көресің бе? Қазақстан – сол Памирдің ар жағында» дейтін. Сонда біз өзіміз ешқашан  көрмеген атажұрт – Қазақстанды сағынғанда көз жасымыз мөлтілдеп кететін еді», – дейді қаламгер. 

Балапан басымен, тұрымтай тұсымен кеткен сол бір заманда қазақ бір жағы – Ресейге, бір жағы – Қытайға, келесілері – Түрікменстан, Өзбекстан, содан ары қарай шұбырып, бүкіл әлемге шашылып кетті. Бүгінде дүние жүзінің 40-тан астам елінде сол босқындардың ұрпақтары тұрып жатқанын тілге тиек еткен Смағұл аға: «Егер де соларды қайтарып алуға мемлекет күш салмайтын болса, онда сырттағы 5 млн-ға жуық қазақтың жас ұрпағы бір жағы қытайланып, бір жағы орыстанып, өзбектеніп, түріктеніп, сол бойы жергілікті халыққа сіңіп кетеді. Оларды алдағы 10-15 жылдың ішінде қайтармайтын болсақ, одан кейін «қайт» десең де қайтпайды. Өйткені санасы, тілі, ұлттық дүниетанымы, бәрі өзгеріп кетеді», – деген пікірде.  

Қызыл террордың тепкісімен елінен, жерінен ауа көшкен қазақтың шетте де шекесі шылқымаған. Үркіп барған жұртқа саусағын безеп, кемсітуге, төмендетуге тырысқан жергілікті халықтар зорлық-зомбылық көрсетуден де тайынбаған. Көзкөргендердің айтуынша, мысалы, Қытай жеріне Алматы облысының Қорғас, Қалжат өңірлерінен өткен қандастарымызды сібелер мен дүнгендер, Нарынқол аймағынан барғандарды қалмақтар аяусыз тонап, мал-мүліктері мен киім-кешектеріне дейін тартып алып отырған.

Ата-анасының көрген қиындықтарын бала кезінен естіп өскен Смағұл Елубай бір сұхбатында1936-1940 жылдар арасында Түрікменстанда қазақтардың көтерілісі болғанын сөз еткен. Айтуынша, ашаршылық жылдарында қазақтардың арасында адам етін жегендер болғанын білетін түрікмендер елден ауып барғандарға «адамның етін жеген қазақ» деп бетіне басқан, соған қорланған қазақтар үкіметке мәлімдеме жасаған. Сосын барып партия нұсқау беріп, әлгіндей кемсіту тоқтатылыпты.

Қызыл империяның қыспағымен Шығыс Түркістанға жер ауған жұрттың бел баласы, жазушы Уақап Қыдырханұлы да сол бір зобалаң жылдарды: «Туған жердің тал бесігі бұйырмай, жөргөгімде жер ауып, анамның құшағында арғы бетке асып кетіппін. Бесігім бебеу күймен тербетілді. Отансыздықтың отына ерте күйдік», – деп еске алғаны бар. Балалығы мен жастығын арғы беттегі аласапырандар арасында қалдырып, 1955 жылы өмірін туған жерінде қайта бастаған танымал тұлға араға талай жылдар салып, ата-анасының бейітіне зиярат етуге барған екен. 

Жазушының сол сәтті сипаттай отырып: «Қара Ертістің жағасында, қара жардың үстінде бала кезде ішіне түсіп, қуыс-бұрыштарына жасырынбақ ойнап жүретін ұра-жыралар болушы еді. Сол ұзын-ұзын орлардың едәуір терең сораптары әлі жатыр. Ол біздің әкелеріміз бен ағаларымыздың алғаш барғанда қазып, паналаған жеркепелері еді. Сол індерге суырша сүңгіп кіріп, сүйретіліп шығып жүріп, ел қатарына қосылып кетіпті. Таңғалдым. Қара жердің осы қыртысынан балалығымды қайта көргендей сезімде болдым», – деген сөздері де арғы бетке босқан жұрттың сол бір зұлматты кезеңдегі қиын да қатерлі тағдырынан сыр аңдатып тұрғандай.

Мұның бәрі – тарихқа айналған шежірелер. Бүгінгі мәселе, әрине, өткеннің елесін қуу емес. Біздің ең үлкен міндетіміз – «Қайда барса да, Қорқыттың көріне» кезіккен және өмірден өтер-өткенше атажұртқа оралудан үмітін үзбеген қандастарымыздың рухы алдындағы парызымызды өтеу, солардан қалған ұрпақтың Отанына бет түзеген ұлы көшінің жоғын жоқтау, тілеуін тілеу... 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32