Мен – кітапханашымын. Менің кәсібім – мен үшін тек жұмыс емес, рухани әлемге апарар жол, ізденіс пен тәрбие мектебі. Кітап пен оқырманның арасындағы алтын көпір болу – менің өмірлік мақсатым.
Жандар Сәуле Илиясқызы, Алматы сән және қызмет көрсету саласы колледжінің кітапхана меңгерушісі
Кітап – адам жанының азығы, рухани байлықтың қайнар көзі. Ол – ұлттың тарихын, мәдениетін, рухын, тағылымын сақтайтын киелі қазына. Әр кітап – бір әлем, әр бетінде өмірдің мәні мен тағылымы жатыр. Оқырман сол әлемге еніп, ой-өрісін кеңейтеді, дүниетанымын қалыптастырады.
Ал кітапхана – сол рухани байлықтың ордасы. Бұл жерден тек білім ғана емес, адамгершілік, тәртіп, мәдениет, ізгілік нәрі тарайды. Кітапхана – халықтың жаны, қоғамның айнасы. Мұнда жас ұрпақ өз жолын іздейді, ізденеді, армандайды, мақсат қояды
Мен үшін кітапхана – күн сайын өмір қайнап жатқан ерекше орта. Мұнда әр оқырманның өз тарихы, өз ізденісі бар. Бірі емтиханға дайындалып келсе, енді бірі жан тыныштығын іздейді. Ал кейбір жастар жаңа кітаптардан шабыт алып, өз арманын ұштай түседі.
Қазіргі заманда технологияның дамуы, интернет пен әлеуметтік желілердің ықпалы қаншалықты күшейсе де, кітаптың құдіреті өз мәнін жоғалтқан жоқ. Кітап – мәңгілік ұстаз. Ол адамды сабыр мен парасатқа, ойлау мәдениетіне баулиды. Ал кітапханашының міндеті – сол рухани байлыққа жол сілтеп, жастарды кітап оқуға баулу.
Мен өз ісіме үлкен жауапкершілікпен қараймын. Себебі әрбір келген оқырманға дұрыс бағыт беру, қызықты кітап ұсыну – рухани тәрбие берудің алғашқы қадамы. Біз, кітапханашылар, жастардың бойына кітапқа деген сүйіспеншілік ұялатып, оқу мәдениетін қалыптастыруға атсалысамыз.
Мен кітапханашы ретінде студенттермен үнемі тығыз байланыс орнатуға тырысамын. Кітапхана – тек тыныштық мекені емес, шығармашылық пен ізденістің ордасы. Мұнда түрлі әдеби кештер, танымдық кездесулер, поэзия сағаттары, кітап көрмелері өткізіледі. Осындай шаралар арқылы студенттер мен жастар өз ойларын еркін жеткізіп, өнерін танытып, рухани толысады. Апта сайын топ жетекшілерімен бірлесе отырып, студенттерді көпшілік кітапханаға апарып, жаңа әдебиеттермен, көркем шығармалармен таныстырамыз. Сондай-ақ кітап көрмелері, әдеби сағаттар мен оқырмандар клубтарын ұйымдастырып, олардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруға күш саламыз.
Көпшілік кітапхана – тек оқу орны ғана емес, ой алмасу мен өзіндік көзқарас қалыптастыратын мәдени орта. Онда студенттер тек кітап оқып қана қоймай, пікірталасқа қатысып, өз ойын еркін жеткізуге үйренеді. Біз «Кітап – рухани қазына», «Досыңа кітап сыйла», «Менің сүйікті кітабым» сияқты іс-шаралар өткізіп, жастардың шығармашылық қабілетін дамытуға ықпал етіп келеміз.
Кітапхананың әр сөресінде ғасырлар бойы жинақталған даналық пен білім жатыр. Сол білімді оқырман жүрегіне жеткізу – мен үшін үлкен мәртебе. Себебі менің еңбегімнің нәтижесі – жастардың кітапқа деген қызығушылығы мен олардың рухани байлығының артуы.
Қорыта айтқанда, кітап – адам өмірінің шамшырағы, ал кітапхана – сол шамның жарығын таратып тұрған орда.
Біз, кітапханашылар, руханияттың қызметшісіміз. Кітап арқылы сана қалыптастырып, жүректерге ізгілік ұялатамыз. Кітап – мәңгілік құндылық. Ал кітапханашының еңбегі – сол құндылықты келер ұрпаққа жеткізу. Әр оқырманның жүзінен қызығушылық пен ізденісті көргенде, өз ісімнің маңыздылығын сезінемін.
Мен үшін кітапхана – рухани тыныс, білім мен тәрбие ордасы. Студенттермен бірге әр күнді кітап әлемінде өткізу – менің өмірімдегі мақсаттарымның біреуінің орындалғаны деп білемін.Сондықтан да әр адам кітапхананы өз рухани отбасындай көріп, кітапты өмірлік серігі етуі керек.