Әлемдегі ең мықты төлқұжат кімдікі?
Henley Passport Index рейтингінде әлемдегі «мықты» төлқұжаттар тізімі жарияланды. «Мықтылық» сол ел азаматтарының қанша мемлекетке визасыз бара алатынымен өлшенеді.
Сонымен көш басында:
Сингапур – 193 ел
Оңтүстік Корея – 190 ел
Жапония – 189 ел
Германия мен Франция – 187 ел
АҚШ – 12-орында (180 ел)
Ұлыбритания – 8-орында
Қытай – 64-орында
Қазақстан – 67-орында. Яғни, біздің төлқұжат иелері 78 елге визасыз бара алады.
Салыстырмалы түрде алсақ, мысалы:
Беларусь азаматтары 80 елге,
Өзбекстан азаматтары 61,
Қырғызстан азаматтары 62 елге визасыз кіре алады екен.
Аqshamnews.kz тілшісі әлемдегі құжаттарға қатысты рейтингті сараптап көрді.
Ең арзан төлқұжат қай елдікі?
Ең арзан төлқұжат әдетте инвестиция құйғандарға беріледі, ондай елдердің қатарында Вануату мен Антигуа және Барбуда мемлекеттері бар. Вануату азаматтығын алу үшін мемлекеттік қорға қайтарымсыз 130 000 АҚШ долларынан бастап қаржы құю қажет, ал Антигуа мен Барбудада ең төменгі жарна 100 000 доллардан басталады.
Вануату азаматтығын алу шарты:
Ұлттық даму қорына 130 000 доллардан бастап қайтарымсыз жарна салу.
Мерзімі: 2 айдан бастап.
Қосымша мәлімет: Бұл елдің азаматтығына жақын туыстар да өтініш бере алады, бірақ жарна сомасы көбейеді, құжатты онлайн рәсімдеуге болады.
Антигуа және Барбуда азаматтығын алу шарты:
Ұлттық даму қорына 100 000 доллардан бастап қайтарымсыз жарна салу.
Балама ретінде: 200 000 доллардан бастап жылжымайтын мүлікке инвестиция салуға болады.
Мерзімі: Әдетте 3–4 ай.
Басқа да қолжетімді құжаттар
Сент-Люсия азаматтығын алу үшін:
Екі адамнан тұратын отбасы 100 000 доллар,
төрт адамы бар отбасы 190 000 доллардан бастап қайтарымсыз жарна салуы керек.
Доминика елінің төлқұжатына қол жеткізуге де мемлекеттік қорға 100 000 –200 000 доллар аралығында қайтарымсыз жарна төлеу жеткілікті.
Сент-Китс және Невис азаматтығын алу үшін 250 000 доллар көлемінде қайтарымсыз жарна немесе жылжымайтын мүлікке 325 000 доллардан жоғары инвестиция салу керек.
Әлемдегі ең қымбат төлқұжат
Құны 412 австралиялық доллар тұратын Австралияның төлқұжаты, арнайы паспорт бағасының индексі бойынша есептелетін бұл көрсеткіштің 2025 жылғы тізімінің басында тұр.
БАӘ (Біріккен Араб Әмірліктері):
Ықтиярхат алу үшін «Алтын визаның» құны 550 000 доллар тұрады, бірақ бұл азаматтық емес. Осы құжат арқылы 18 елге визасыз кіруге мүмкіндік береді.
Инвестициялық бағдарламалар:
Түркия, Египет және Кариб елдеріндегі инвестиция құю арқылы азаматтық алудың бағасы қымбат болғанымен, олардың төлқұжаттары әлем бойынша ең «мықтылардың» қатарына кірмейді. Төлқұжаттың құны оның «мықтылығына» (визасыз бара алатын елдің санына) байланысты емес.
Мысалы, Сингапур, Жапония және бірқатар еуропалық елдердің төлқұжаттары ең «мықты» саналса да, олардың бағасы аса қымбат емес.
Әлемдегі ең әдемі төлқұжат
Көп мемлекет төлқұжатты ресми, қарапайым стильде безендіреді. Кейбір мемлекеттер төлқұжаттың сыртқы түріне ұлттық ерекшелігін, мәдениетін, табиғатын енгізуді жөн көреді. Сол себепті құжаттың мұқабасын ашық түсті етіп, ішкі беттерін түрлі суреттермен безендіріп, нағыз өнер туындысына айналдырған.
Норвегия
Бұл елде төлқұжаттың мұқабасы үш түсті:
қызыл – сол мемлекеттің азаматтарына, көгілдір – дипломаттарға, ақ –иммигранттарға арналған.
Мұқабаның сол жағында елдің елтаңбасы, төменде елдің атауы мен құжат түрі жазылған. Ал ішкі беттеріне дизайнерлер норвег орманын, өзен, тауларын бейнелеген.
Финляндия
Қою қызыл түсті мұқабада алтын әріптермен жазылған ел атауы мен қар бүршігі пішініндегі өрнек бар. Ішкі беттерінде Саана тауы мен Лапландияның табиғаты бейнеленген. Әр беттің төменгі бөлігінде бұғының суреті бар, төлқұжатты тез парақтаған кезде бұғы жүгіріп бара жатқандай әсер береді. Бірінші бетке фин ақыны Эйно Лейноның өлеңі басылған.
Швейцария
Мұқабасының жоғарғы бөлігінде төрт тілде құжаттың атауы жазылып, сәл төменірек елдің туы бейнеленген. Тұтас мұқаба ұсақ бедерлі кресттермен көмкерілген. Ішкі беттерінде елдегі әр аймақтың басты нышандары мен көрікті жерлері бейнеленген.
Швеция
Басқа да Еуроодақ елдерінің төлқұжаты секілді күрең қызыл түсті мұқабасында елтеңба бейнеленген. Ішкі беттерінде қалалар мен табиғат көріністері салынған.
Ұлыбритания
Қаракөк түсті мұқабада елдің елтаңбасы – арыстан мен жалғызмүйіздінің бейнесі бар. Мұқабаның сыртқы жағында Ұлыбританияның Англия, Уэльс, Шотландия және Солтүстік Ирландияның барлық аумағын қамтитын рәміздер бейнеленген. Ішкі беттерінде атақты ғалымдар, суретшілер, математиктер және басқа да тарихи тұлғалардың суреттері бар. Сондай-ақ Лондон метросының сызбасы да салынған.
Ирландия
Бұл елдің жаңа үлгідегі төлқұжаты мәдени мұрасын толық қамтыған. Ішкі беттерінде Крок Парк стадионы, Дублин конференц-залы сияқты танымал орындар бейнеленген. Әр бетінде мифологиядағы өзен құдайларының бейнелері, кейбір беттерде ирланд ақындары Д. Орр мен У. Б. Йейтстің өлеңдері бар.
Канада
Жаңа үлгідегі канадалық төлқұжат та әлемдегі әдемі құжаттар қатарында. бірі. Қаракөк мұқабада Корольдіктің елтаңбасы алтын түсте бейнеленген. Ішкі беттерінде елдің көрікті жерлері мен тарихи тұлғалары бейнеленген суреттер бар.
АҚШ
Мұнда да канадалық төлқұжат сияқты қаракөк түсті мұқабасында Корольдіктің алтын түсте бейнеленген елтаңбасы бар. Ішкі беттерінде ел пейзаждары, танымал ғимараттар және президенттердің сөздері жазылған.
Жапония
Мұқабасында елтаңбаның орнына мемлекеттің басты белгілерінің бірі алтын хризантема бейнеленген. Ішкі беттерінде нәзік реңкте салынған жапон пейзаждары бар, енді оларға Фудзияма тауының бейнесін қосу жоспарланған.
Қытай
Қытай төлқұжаты да әдемілігі мен ерекшелігі жағынан басқалардан кем түспейді. Әр бетінде елдің мәдениеті мен географиясын танытатын шынайы саяхат картасы іспетті елдің провинциялары мен қалаларындағы тарихи ескерткіштер бейнеленген:
Австралия
Қара түсті мұқабасында елтаңба мен ел символы эму мен кенгуру бейнеленген. Ішкі беттерінде ұлттық киім киген ел тұрғындары мен серфингшілер, сүңгуірлер, жануарлар мен өсімдіктердің суреттері бар.