«Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Алматыда алғашқы эко-хаб ашылды, комьюнити-орталықтарда бірқатар танымдық және оқыту іс-шаралары өтті, ал халықтың әлеуметтік осал топтарына ағаштарды кесуге көмек көрсетілді, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.
Эко-хаб Марков, 44 мекенжайы бойынша креативтік кеңістік негізінде жұмыс істеді. Экологиялық орталықта тұрақты негізде қайта шикізаттан бұйымдар жасау бойынша оқыту дәрістері, эко-сағаттар, тимбилдингтер және шеберлік сыныптары өткізілетін болады. Эко - хабтың резиденттері тақырыпқа сәйкес өнімдер шығаратын және ірі супермаркеттерге шығу мүмкіндігі жоқ кәсіпкерлер мен эко-стартаптар болады.
Сонымен қатар, Алматы тұрғындары мен қонақтары пайдалы бонустарға айырбастау үшін эко-хабқа бөлек жиналған қалдықтарды тапсыра алады. Креативті эко-хабтың негізгі мақсаты экологиялық жауапкершілік мәдениетін дамыту, қалдықтарды бөлек жинау мен қайта өңдеуді, қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын насихаттау болып табылады.
Алматының комьюнити орталықтарында экоға қатыстышаралардың тұтас сериясы өтуде. Экоактивистер және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтын қала тұрғындары экологияны сақтау тақырыбын талқылайды, қалдықтарды жинау және сұрыптау бойынша шеберлік сыныптары мен тренингтерге қатысады. Мұндай іс-шаралар білім беру бағдарламасының бір бөлігіне айналады. Алдағы уақытта комьюнити - орталық базасында шығармашыл жастарға, эко-белсенділерге және эко-стартаптарға арналған аудандық эко-хабтар ашылады.
Оқу жылының аяқталуына байланысты оқушылар үшін оқылған кітаптармен, газеттермен және журналдармен алмасу бойынша кроссбукинг акциясы өткізіледі.
Бұдан басқа, Алматыда «Мерзімі өткен дәрі – дәрмектерді тапсырыңыз-табиғатты сақтаңыз» экологиялық акциясы жалғасуда, оны тұрақты негізде өткізу туралы шешім қабылданды.
Сондай-ақ, осы күні ағаштарды санитарлық кесу айлығы басталады, ол 29 мамырдан 29 маусымға дейін ҰОС жалғыз тұратын ардагерлерінің, зейнеткерлердің, 1, 2 топтағы мүгедектігі бар адамдардың, кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналардың жеке үйлерінің аулаларында өткізіледі.
Еске салсақ, «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны және «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында мегаполисте бір айда 30 мыңнан астам жапырақты ағаш және 5 мың бұта отырғызылды, бұл Нью-Йорктің Орталық саябағындағы барлық жасыл желектерден де көп.
«Алматы – бақ қала» акциясы барысында қаланың барлық аудандарында 8 мыңнан астам жасыл желек, оның ішінде 4 мыңнан астам алма ағаштары отырғызылды. Тұрғындарға өз аулаларын көгалдандыру үшін 3 мың көшет таратылды. «Мектеп ауласының оазисі» фестивалі аясында алматылық оқушылар 20 мыңнан астам гүл, 430 жеміс ағашы және 200 туи көшеттерін отырғызды.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясы Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша елді мекендердің аумақтарын абаттандыру және көгалдандыруға,қоршаған ортаға ұқыпты қарау құндылықтарын қалыптастыруға, халық арасында жоғары азаматтық жауапкершілік пен экологиялық мәдениетті тәрбиелеуге бағытталған.