«ДАБЫЛ – АНТИТЕРРОР – 2025»: Алматыда антитеррорлық оқу-жаттығу өтті

 «ДАБЫЛ – АНТИТЕРРОР – 2025»: Алматыда антитеррорлық оқу-жаттығу өтті Сурет: автор

Алматы халықаралық әуежайы аумағында терроризмге қарсы жоспарлы оқу-жаттығу өткізілді. Алматы қалалық жедел штабы ұйымдастырған шара аясында террорлық қауіптің «қызыл деңгейі» жарияланып,  арнайы жасақ сарбаздары «содырларды» ұстап, «тұтқындарды» босатты.

Жаттығудың басты мақсаты – адамдар көп жиналатын нысандарда болуы мүмкін террорлық әрекеттердің алдын алу, сондай-ақ төтенше жағдай кезінде әрекет ету тетіктерін жетілдіру. Шараға арнайы және құқық қорғау органдарының қызметкерлері, авиациялық қауіпсіздік қызметі, әуежай әкімшілігі мен қаланың шұғыл әрекет ету бөлімшелері қатысты.

Ұйымдастырушылар оқу-жаттығу барысында әуе рейстері мен автокөлік қозғалысына шектеу қойылмағанын айтты. Барлық шара штаттық режимде өтті. Хабарлама жүйесінің қызметі, жедел әрекет ету шаралары тексерілді. Мемлекеттік органдардың оқиғаның алдын алу, салдарымен күресу және жою кезінде бірігіп әрекет етуіне мән берілді.

Мұндай оқу-жаттығулардың негізгі міндеті – төтенше жағдай кезінде әр қызметтің іс-қимылын нақты үйлестіру және шынайы қауіп төнген жағдайда адам өмірін қорғау. Әсіресе, адамдарды эвакуациялау, қылмыскерлерді ұстау және террористік қатердің салдарын жою бойынша әрекеттер пысықталды.

Сағат 8.00

Оқу-жаттығу сценарийіне сәйкес, Алматы халықаралық әуежайы аумағында дабыл дауысы естілді. Бұл дыбыс – шартты түрде төтенше жағдайдың басталғанын білдіреді. Сценарий бойынша «жолаушылар ұшағын террористер басып алып, әуе көлігіндегі адамдарды кепілдікке ұстады». Осы сәтте әуежай қызметкерлері арнайы техникамен әуе кемесін қоршап, оның ұшуына тосқауыл қойды. Одан кейін әуежайдың қауіпсіздік қызметі «келіп, ұшақты» толықтай қоршауға алды.

Сағат 08:15

Лаңкестік әрекетке қарсы күрес бойынша Алматы қалалық жедел штабы құрылды. Мұнда арнайы қызметтердің басшылығы жиналып, жағдайды бақылауға алып, жедел шешім қабылдауға кірісті. 

Сағат 08:30

Қаланың төтенше жағдай кезіндегі қызметтері – өрт сөндірушілер, медицина және полиция қызметкерлері оқиға орнына жетті. Арнайы жасақ сарбаздары ұшу-қону жолағын қоршауға алды. Сол уақытта келіссөз жүргізушілер «террористермен» байланыс орнатуға кірісті. Лаңкестер келіссөзге тек қала әкімінің орынбасары немесе әкімнің өзін шығаруды талап етті. Келіссөз жүргізуші тарап сабырлы әрі кәсіби түрде әрекет етіп, ешкімге зиян келтірмей, мәселені бейбіт жолмен шешуді ұсынды.

Сағат 09:00

«Террористер» келіссөз жүргізушілердің бірін ұшаққа кіргізіп, шамамен бір сағат бойы «кепілде ұстады». Кейін оны босатып, орнына басқа адамды талап етті.

Сағат 09:30

Әуежай аумағына әскери қызметкерлер келіп, оқу-жаттығу аймағын толық қоршауға алды. Ғимараттың төбесіне снайперлер орналастырылып, жағдайды жоғарыдан бақылауға алды.

Сағат 09:45

«Террористер» мен бейбіт келісімге келуге тырысқан тарап арасындағы әңгіме күрделене түсті. Террористер ұшақ ішіндегі бірнеше жолаушыны «жаралап», дәрігерді шақыруды талап етті. Медицина қызметкері ұшаққа кіріп, «жараланғандарға» көмек көрсетіп, бірнеше минуттан кейін қайта шықты.

Сағат 10:00

«Ұшақты басып алған лаңкестер» дөрекі мінез көрсетіп,  одан сайын агрессивті бола түсті. Олар екі зейнеткерді босатты. Арнайы жасақ сарбаздары оларды қарсы алды. Кепілдіктен босаған әрбір  тұтқынды арнайы жасақ сарбаздары мұқият тексерді. Өйткені, террористер олардың денесіне «жарылғыш зат» бекітуі мүмкін еді. Сарбаздар бейбіт тұрғындардың артынан қалқан болып, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Сағат 11:00

«Террористермен» келіссөз нәтижесіз аяқталды. Олар өз талаптарының орындалмағанына ашуланып, екі жолаушыны өзгелердің көзінше «өлтірді», қалғандарына «психологиялық қысым көрсетті». Бұл сәт – оқу-жаттығу барысындағы шешуші кезең. Штабтағы арнайы қызмет басшылығы ахуалды жан-жақты бағалады. «Террористердің» әрекеті азаматтардың өміріне «қауіп төндіргендіктен», ұшақты шабуыл арқылы босату жөнінде шешім қабылданды. Арнайы жасақ сарбаздары  мен снайперлер жедел түрде «ұрыс позицияларын» нақтылап, операция жоспары бекітілді.

Бұйрық берілген сәттен бастап, әр сарбаз өз міндетін айқын түсініп, азаматтарды аман алып қалуға бағытталған нақты қимыл жоспарына көшті.

Сағат 12:10

Оқу-жаттығудың шешуші кезеңі басталды.

Штаб басшысы ұшақты шұғыл түрде босатып, «террористерді» залалсыздандыру туралы бұйрық берді. Осы сәттен бастап «арнайы операцияның» негізгі бөлігі басталды.

Ұшақтың сол жағынан екі әскери БТР көлігі жоғары жылдамдықпен келіп, жарық-шулы гранаталар қолданды. Сол уақытта арнайы жасақ сарбаздары ұшақтың алдыңғы және артқы есіктері арқылы бір мезетте ішке енді.

Сарбаздар ұшақтың есік, терезе және қанат тұстарын қоршай отырып, шабуылға кірісті. Бірнеше секунд ішінде «лаңкестерге» қарсы шешуші әрекет жасалып, ұшақ толықтай «террористерден» тазартылды. «Жолаушылар» қауіпсіз жерге эвакуацияланды. Медициналық топ «тұтқындардың» жағдайын тексеріп, алғашқы көмек көрсетті. Операция аяқталған соң полиция қызметкерлері «террористерді» арнайы көлікпен алып кетті.

Оқу жаттығу аясында арнайы және құқық қорғау орғандарының сын сағатында жедел әрекет етіп, содырларды ұстауы іс жүзінде көретілді. Сондай-ақ, әуежай секілді адам көп шоғырланатын орындарда болуы мүмкін террорлық актілердің сценарийі пысықталды. Оқу жаттығу шарасы қатысушылардың оқиға салдарымен күресуге және оның алдын алуға қауқарлы екенін көрсетті.

 

 

Салтанат ӘЗІРБЕК, Алматы қаласы ПД-нің ресми өкілі: Оқу-жаттықу тапсырмалары толық орындалды

Іс-шара аясында қаламыздағы жедел әрекет ету қызметтері мен лаңкестікке қарсы бағытта жұмыс істейтін барлық құқық қорғау органдарының іс-қимылдары толық көлемде тексерілді. Жаттығу барысында терроризм актілерінің алдын алу, ықтимал қауіптердің салдарын жою және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-әрекеттер пысықталды. Сонымен қатар, лаңкестік әрекеттердің жолын кесу тетіктерін жетілдіруге бағытталған жаңа және тиімді механизмдер тәжірибе жүзінде сыналды. Барлық оқу тапсырмалары толық көлемде орындалды. Әуежай жұмысы әдеттегі режимде жалғасты. Әуе рейстері мен жолаушылар қозғалысына ешқандай кедергі келтірген жоқ. Барлық әуе кемесі штаттық жоспарға сай ұшып-қонды.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:13

16:32

16:30

16:07

15:58

15:35

15:23

14:45

14:45

14:38

14:11

14:02

13:17

13:10

13:06

12:47

12:23

12:22

12:09

11:51

11:39

11:24

11:01

10:48

10:26