Осы аптада Қытайдың ең жоғары билік өкілдеріндегі ауыс-түйіс жұрт назарын аудартты. Бір айға жуық ешбір ақпарат құралдарынан көрінбей кеткен Қытай Сыртқы істер министрі Цинь Ганның лауазымынан алынғаны ақыры мәлім болды. Оның СІМ жетекшісі болғанына да көп уақыт болған еді. Ең жоғары лауазымды тұлғалардың қызметтен қуылуы Қытайда тым сирек болатындықтан, Бейжіңдегі бұл ауыс-түйіс түрлі пікір тудырып жатыр.
Ресми Бейжің Цинь Ганның қызметінен алынып, оның орнына бұрынғы СІМ жетекшісі Уаң Идің қайта тағайындалғанын 25 шілде мәлімдеді. Қытай Халық өкілдерінің сейсенбідег отырысында осындай шешім қабылданған. Қытай басшысы Ши Жіңпің (Си Цзиньпин) өзі өсірген кадрды жоғары билік ортасынан кетіретін шешімге қол қойды. Бірақ, Қытай орталық билігі бұл шешімнің себебі туралы нақты ештеңе айтпады.
Оған дейін қытайлық және өзге шетелдік әлеуметтік желіде Цинь Ган жайында түрлі қауесет желдей ескен. Оның Phoenix телеарнасының журналисті Фу Сяотяньмен жасырын қарым-қатынасы болғаны жайында, тіпті заңсыз некеден туған балсы АҚШ-та өмір сүріп жатқаны турасында да шын-жалғаны аралас мәліметтер тараған. Тіпті, Цинь Ган Қытайдың сыртқы саясатына қатысты маңызды құжаттарды Құрама Штаттарға берген, оны Ресейдің барлау қызметі анықтаған деген де мәліметтер болды. Бұның бәрі ресми түрде расталмады. Сүйтсе де, көптеген сарапшылар Цинь Ганның қызметтен қуылуына саяси сенімсіздік басты себеп деп санайды.
Қытай басшысының беделіне кері әсер етуі мүмкін
Бірақатар сарапшылар, Қытай СІМ басшысының қызметтен кетуі Ши Жіңпіңге деген ішкі-сыртқы сенімді әлсіретті деп санайды. Былайша айтқанда, бұл Қытай жүйесіне және басқа елдерге Ши ұлттық қауіпсіздіктің маңызды мәселелері бойынша түбегейлі дұрыс шешім қабылдамай бермейді деген мәнді түсіндірді. Демек, Цинь Ган оқиғасы Қытай басшысының ішкі-сыртқы беделіне ауыр соққы берді.
Қазіргідей сыртқы саясат бойынша ауыр сындарға тап болып отырған тұста, тура Сыртқы істер министрлігінің жетекшісі болған тұлғаның соңынан түрлі «былықтың» шығуы Бейжің билігіне деген ішкі сенімге тікелей әсер етері анық. Бұл енді бір жағынан Шидің шешім қабылдауда өз түйсігіне және өзіне сенімді деген аз ғана адамдардың кеңесіне сүйенетінін көрсеткендей болды. Себебі, Цинь Ганның Қытай ОК деңгейіндегі жоғары лауазымға жетуі тым тез болған тұлға. Оның бұл орынға жетуі тек Шидің шешімдерімен қатысты болды. Осының өзі Қытайдың ішкі және сыртқы саясатында көптеген сәйкессіздіктің бар екенін ұғындырды.
Отандық талдаушылар пікірі
Қытайдағы бұл қатарлы оқиғаларды ұдайы бақылап, сараптап отыратын журналист Ерлан Мазанның пікірі мынадай:
«Менің ойымша, Си-дің ең сенімді адамдарының бірі ретінде, егер оның АҚШ тыңшысы ретіндегі “қылмысы” шынымен дәлелденетін болса, онда бұл “Күн көсем” үшін жайлы бола қоймас. Себебі, бұл саяси элита ортасында Си-дің беделін түсіреді, немесе ең сенімді нөкерін қорғап қала алмайтынына жұрт көзі жетсе, жоғарғы билік айналасындағы ымырасыз саяси тартыстар тағы ушығуы мүмкін. Айналып келгенде, саяси жүйедегі жабықтық Қытай саясатына белгісіздік пен тұрақсыздық сипат береді. Білдей министрдің ай бойы ұшты-күйлі жоғалуы, оның себебі туралы нақты, дәлелденген, тұшымды түсініктеме жасалмауы, жасы жетпіске жеткен ескі дипломат Ван И-дың қайтадан СІМ болып тағайындалуы, осының бәрі жоғарғы элита төңірегінде болып жатқан “жұмбақ жағдайлар” жайлы күдікті өршіткендей. Ол дәлелденбейтін тұспалдардың жасалуына әкеліп соқты. Бір қарағанда бұл ақылға сыймайтын жайт, бірақ, қытайлық қоғамда бұл ерсі саналмайды, себебі, Қытайда императорлардың өмірі мен сарай саясаты мыңдаған жылдар бойы осылай құпияландырылып келді ғой».
Ал, біздің шамалауымызша, Қытайдың жоғары билік элитасындағы бұндай «былық» алда тағы қайталануы мүмкін. Оның өзі көп нәрсені білдіреді. Ал, қайта тағайындалған министр Уаң И да бұл орында ұзақ отыруы екіталай. Ол қазірге дейін ҚКП-ның Сыртқы істер комитетінің жетекшісі болып отырған. Әрі, Тайуан (Тайвань) мәселесіне қатысты оның ұстанымдары Ши Жіңпіңмен бірдей бола қоймауы мүмкін. Сондықтан, алдағы уақытта Қытайдың сыртқы саясат бойынша кадрлық ауыс-түйістер қайталануы ықтимал.