Бұл нәтижелерді Kazakhstan Women’s Health білім беру жобасының аясында өткізілген Ayelder Dausy 2024 жыл сайынғы әлеуметтік сауалнамасы көрсетті. Бұл туралы Gedeon Richter Kazakhstan өкілдері әйелдер денсаулығына арналған іс-шара барысында мәлімдеді.
Сауалнаманың мақсаты – Қазақстандағы әйелдердің денсаулық сақтау саласына деген көзқарасын анықтау болды. Сауалнама нәтижесіне сәйкес, әйелдердің 72%-ы өз бетімен емделетінін айтқан. Ал қалғандары дәрігердің рецептінсіз ешқашан дәрі қабылдамайтынын мәлімдеген.
Аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда, әйелдердің 51%-ы симптомдар өздігінен жойылады деп күтеді және олар кетпесе ғана дәрігерге жүгінеді. 29%-ы алғашқы белгілер пайда болған сәтте дереу маманға барады. Ал 17%-ы жағдайдың ауыр екенін сезгенше күтуді жөн көреді.
Сонымен қатар, биылғы сауалнама ауру белгілері өздігінен кетеді деп күтетін және дәрігерге баруды кейінге қалдыратын әйелдер санының 11%-ға (62%-дан 51%-ға дейін) азайғанын көрсетті. Ал алғашқы белгілер пайда болған кезде дәрігерге жүгінетіндердің саны 9%-ға (20%-дан 29%-ға дейін) артты. Бұл динамика қазақстандық әйелдердің өз денсаулығына саналы түрде қамқорлық жасауға деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
Сауалнамада 19% әйел гинекологқа бармайтынын немесе сирек баратынын атап өткен, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 2%-ға өскен. Гинекологқа бармайтындардың негізгі себептері өзгеріссіз қалған: денсаулыққа шағымының жоқтығы – 47%, анализдердің қымбаттығы – 21%, бос уақыттың болмауы – 18%. Ал жыл сайын профилактикалық тексеруден өтетін әйелдер саны небәрі 2%-ға өскен.
Жалпы, сауалнама қазақстандық әйелдердің әйелдер ауруларын емдеудің әртүрлі әдістері туралы хабардар болғанын және алдын алу шараларын жиі қолданатынын көрсетті. Әйелдердің денсаулыққа деген көзқарастары бірте-бірте өзгеріп, өз денсаулықтарына қамқорлық жасау деңгейіне ауысуда. Мысалы, өзін «толық сау» деп санайтын әйелдердің үлесі 2023 жылмен салыстырғанда 5%-ға артып, 11%-ды құрады.
Алайда, «Менің денім сау (бірде-бір адам толық дені сау емес)» деген жауапты таңдаған әйелдердің үлесі 2023 жылғы 46%-бен салыстырғанда 38%-ға дейін төмендеген. Бұл көрсеткіш әйелдердің өз денсаулықтарына шынайы баға беріп келе жатқанын көрсетуі мүмкін. Сауалнамаға еліміздің әртүрлі өңірлерінен 29 жасқа дейінгі 2500 респондент қатысты.
Қазақстандық репродуктивті медицина қауымдастығының президенті, медицина ғылымдарының докторы Вячеслав Локшиннің айтуынша, қазақ әйелдері денсаулықтың әртүрлі аспектілеріне көбірек мән бере бастаған.
– Әйелдеріміздің денсаулықтарына көңіл бөле бастағаны бізді қуантады. Бұл жалпы денсаулыққа оң әсер етіп, ұрпақты болу функциясына кері әсер ететін және бедеулікке әкелетін ауруларды ерте анықтауға ықпал етеді. Қазақстанда жыл сайын 20 000-ға жуық жұп бедеулікті емдеу үшін емханаларға жүгінеді, олардың жартысы дәстүрлі әдістермен емделеді: дәрі-дәрмек немесе хирургиялық араласу. Шамамен 55%-ы көмекші репродуктивті технологияларды қажет етеді, – деп атап өтті Локшин.
Ол сондай-ақ бедеуліктің алдын алуға әсер ететін бірнеше маңызды факторларды атап өтті: салмақты қалыпқа келтіру, дұрыс контрацепцияны қолдану, отбасын жоспарлау және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу.
Биылғы сауалнама өзін «саумын» деп санайтын әйелдер үлесінің 3%-ға төмендегенін көрсетті. Қазір бұл көрсеткіш респонденттердің 49%-ын құрайды.
Gedeon Richter Kazakhstan компаниясының бас директоры Павел Хегайдың айтуынша, медициналық қызметтер туралы ақпараттандыруды арттыру және денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділікті жақсарту бойынша жұмыстар жалғасуда.
– Біз білім беру бағдарламаларының нәтижелерін көріп отырмыз және қазақстандық әйелдер арасында денсаулықты сақтау және өзін-өзі күту мәдениетін қалыптастыру бағытындағы жұмысымызды жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Бұл біздің миссиямыз деп санаймыз, – деді Павел Хегай.
Алдын алу шаралары – мықты денсаулықтың басты негізі. Kazakhstan Women’s Health әлеуметтік жобасы да осы идеяны үнемі насихаттап келеді.
Қазақстандық жыныстық және репродуктивті денсаулық қауымдастығының директоры, медицина ғылымдарының докторы, акушер-гинеколог Галина Гребенникова әйелдерге профилактикалық тексерулерден өту қажеттілігін баса айтты:
– Жатыр мойнының денсаулығын бақылау және кез келген өзгерістерді болдырмау үшін жылына кемінде бір рет толық тексерістен өту маңызды. Ерте анықталған мәселелерді емдеу тиімді әрі жылдам болады, – деп атап өтті Гребенникова.
Сонымен қатар, сауалнама нәтижелері әйелдер арасында контрацепция әдістеріне және жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алуына қызығушылықтың артқанын көрсетті. Контрацепция әдістері туралы ақпарат алу үшін гинекологқа жүгінетін әйелдер саны өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға өсті (47%-дан 57%-ға дейін). Жыныстық жолмен берілетін аурулар туралы ақпарат іздеген әйелдер саны да 11%-ға артқан.
Ayelder Dausy 2024 зерттеуінің нәтижелері қазақстандық әйелдердің денсаулыққа деген саналы көзқарастарының біртіндеп артып келе жатқанын және отбасын жоспарлау мәселелеріне көп көңіл бөле бастағанын көрсетті. "Қазақстан әйелдерінің денсаулығы" әлеуметтік жобасы денсаулық сақтау мәдениетін табысты түрде насихаттап келеді, ал сенімді және пайдалы ақпараттың болуы бұл жолда өте маңызды.