9 мамыр – Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері үшін ерекше мереке.
Өйткені олар соғыстың бүкіл ауыртпалығын бастан өткерді. Оған қоса, елі мен жері үшін от кешіп, сұрапыл соғыстың майданында батылдық пен ерліктің өлшеусіз ерлігін көрсетті. Жеңістің жалауы желбірегеніне биыл 78 жыл толып отыр. Мереке қарсаңында Халық Қаһарманы Қасым Қайсенов туралы қызықты фактілерді Elorda.info сайтына сілтеме жасап хабарлаймыз.
1
Қасым Қайсенов жау тылына жалған құжатпен аттанады. Сол кезде ол лақап есім ретінде ауылдас орыс ағайы Васяның есімін таңдап алады. Сөйтіп, Қасым Қайсенов соғысқа Булатов Василий Михайлович болып кіреді. Жау тылында осы құжатпен жүрді.
2
Ол адам өлтірудің 120 тәсілін білді. Сол жаттығудан өткеннің, қорғана білудің, соғыс өнерін жетік меңгерудің арқасында көп шайқаста аман қалып жүрді. Оның аман шығуының бір себебі – осы да.
3
Бала кезінен-ақ өжеттігімен, алғырлығымен көзге түскен Қасымды еркелетіп жеңгелері «Қара тентек» деп атап кеткен.
4
Батырдың жары Асыл Қабышқызы оның қарындасымен бір мектепте оқыған. Екі жасты таныстырған да батырдың қарындасы.
5
Қасым Қайсенов туған күнін өзі де, әкесі де білмейтінін айтқан еді. 23 сәуір – Қасым Қайсеновтің туған күні емес. Халық Қаһарманы өзінің бір сұхбатында «Туған күнің 23 сәуір деп жүр ғой жұрт. Ол туған күнім емес. Бұл – өз өмірімнің ең мықты, қиын-қыстау кезеңіне жол ашқан, ес біліп, есейген кезімде үлкен өмір жолына қадам басқан күнім. 1938 жылы 23 сәуірде апаң екеуіміз (жары Асыл Қабышқызы) Павлодар қаласына барып түстік. Өмірімнің жақсылығы да, болашаққа жол сілтеген сәтті күні де сол жерден басталды ғой деп ойлап жүрдім де, соғыстан оралған соң жаңа паспорт алғанда туған күнімді «23 сәуір» деп жаздырғанмын», - деді.
6
Қасым Қайсенов – Украинада аты аңызға айналған адам. Ол жақта оны «Вася» деп біледі. Сондай-ақ Украинада оған орнатылған ескерткіш бар.
7
Соғыстан елге қайтқан соң оған Жұмағали Саин шығармашылық жолында ақылшы әрі қатал сыншы болған. Қасым Қайсеновтің әдебиетке атсалысып, қолына қалам ұстауы аға буынның арқасында екен.
8
Қасым Қайсенов Алматыда ақын-жазушылардың ішінде ең әуелі Сәбит Мұқановпен танысқан.
9
Алғашқылардың бірі болып Сейітжан Омаров, Ғабдол Сланов батырдың әңгімесін қағазға түсіре бастаған.
10
Халық Қаһарманының бөлмесінде 2 адамның суреті ілулі тұратын. Бірншісі – Абылай ханның суреті, екіншісі – 1941-45 жылдардағы жоғары әскери Бас қолбасшы, Кеңес одағын басқарған Иосиф Сталиннің суреті.