"Сөз түзелмей, ән түзелмейді": қазіргі ән мәтіндері туралы филолог не дейді?

"Сөз түзелмей, ән түзелмейді": қазіргі ән мәтіндері туралы филолог не дейді? Сурет: коллаж, Aqshamnews.kz

Осы күні қазақ тіліндегі әндер саны жағынан қажеттілік пен сұранысты біршама өтеп тұр. Бұрын шетелдік ырғақ пен әуенге әуес болған тыңдарман бүгінде отандық орындаушылардың әндеріне ден қоя бастаған сыңайлы. Бұл бетбұрысқа қарап, жастар ән арқылы қазақтың тілін де бойларына сіңіреді деген үміт те жоқ емес. Бірақ...

Бірақ ән мәтінінің бәрінің бірдей сапасы сын көтереді деуге келмес. Бұл туралы тіл жанашыры, филолог, оқытушы Арын Құнанбайұлы көңілге қонымды ойын айтып жүр. Aqshamnews.kz тілшісі маманның ән мәтіндеріне қатысты айтқан сыни ескертпелерді тыңдап көрді.

Арын Құнанбайұлы қазір жиі айтылатын, жастар арасында хитке айналған ән мәтіндеріне зер салып, тілдік қателерден бөлек, көркемдік мәннің жұтаңдығы мен орынсыз сөз қолданысына назар аударады.  

"Сөздің мағынасы сұйылды, қосымша мән мен үстеме үн азайды. Қазір ән мәтінінің мәнін әуенге сыйдыру, тактіге жығып беру басым. Бұл - қазақтың сөз өнеріне, сөз саптау мәдениетіне жасалған қысым", - дейді ол.

Aqshamnews.kz тілшісі Narikbi Live youtube-арнасында шыққан сұхбаттардың бірінде Арын Құнанбайұлының кейбір әндерге қатысты жасаған талдауын тыңдап, түртіп алған ойға оралымды тұстарын ұсынбақшы.

1. "Күйім" әні. Орындаушы – Alem. Зерттеуші маман тақырыпты "Күйім" деудің өзі дұрыс емес дейді.

"Менің күйім деп қана беруге болмайды. Менің қалып күйім, жүрек күйім, тағы басқаша берген дұрыс. Бұл жерде ол өзінің сезімін, қалып күйін айтып отыр", - деді ол.

Үмітім үзіліп таптадым, 
Мекендеп түрлі мекен.
Іздедім, бірақ та таппадым.
Мен енді қойдым нүкте.

"Өлеңінің осы жолдарында сөзден басқасының бәрі бар. "Мекендеп түрлі мекен" дегені – тавтология. Адам мекендемейді. "Мекендеп" дегенді аң-құсқа, хайуанатқа қатысты айтса болады. Адам өмір сүреді, барып-қайтады, жүреді, сол жерде тұрады. Мекен етуді тайпаға, жұртқа, көпшілікке қолданады. Көркем шығармада уәжді-уәжсіз ауытқу деген бар. Ауытқып жатқан күннің өзінде мекендеп дегенді басқа бір құбылысқа қаратып айтса болар, бірақ бұл жердегі тіркес анық, ашық ойдың жұтаңдығы", - деп талдай келе:

"Үмітіп үзіліп, таптадым" деген жері қате екені онсыз да түсінікті. Мен енді қойдым нүкте дейді. Басталмай жатып қандай нүкте қойып отыр?", - деп жалғастырады ол.

Қуанышты сәттер көп,
Ұмытпай, еске сал,
Далада болса суық,
Ол мені жылытады.
Біздің өмір - кино
Басты рөлде мен және ол
Екеуіміз.

"Бұл жерде жай ғана сөзді сүйкей салған ғой. Бұл жерде іліп алатын, талдай қойын десең де, сөз таппайсыз", - дейді тіл маманы.

Сені сүю - 
Су тасқындай,
Менің күйім
Адасқандаймын.
Төкпе көз жасты.
Арманда!
Өтеді-кетеді,
Бұл жастық шақ.

"Менің күйім адасқандаймын" деген тіркес жоқ. "Мен адасып жүргендеймін, адасып қалғандаймын, көңілім ауды, басым айналды, саған ойым кетті" десе бір жөн. Мынау - жай ғана -дай, -дей, -тай, -тей ырғағына сала салған кездейсоқ сөздердің жиынтығы. Бұл тіпті автордың эксперименті деуге келмейтін нәрсе. Одан кейін "төкпе көз жасты" дейді. "Көз жасты төкпе" мен "көз жасыңды төкпе" - екеуі екі басқа дүние. Осы ән сөзіндегі "төкпе көз жасты" деген жасты стаканға жинап алып, төгу дегенге келеді. Дұрысы: "көз жасыңды төкпе, көз жасыңды көл қылма", - деген жөн. 

Төңкер шампанды аспанға!
Екеуіміздің мерекеміз, - деген тұсын былай сынайды: 

"Төңкер шампанды аспанға" дегенге келсек, шампан аспанға атылады, шашылады. Бірақ төңкерілмейді". 

2. "Ана" әні. Орындаушы - Sadraddin.

Батаңды қабыл алып сахнаға шықтым Ана
Сапарда жүрген кезде мені алаңдап күттің Ана
Әрдайым уақыт бөліп шабыт беріп көңіліме қарадың.

"Бұл өлеңде ұйқас дегенді айтпай-ақ қояйық. Мәні, тұтастығы, синтагма дегендерге тіпті өтпей-ақ қояйық. Грамматика мен лексиканы ғана сөз етейік. Біріншіден, батаны адам қабыл алмайды, батаны береді. Сәлемдемені қабыл алуға болады, бірақ батаны қабыл алмайсыз. "Қабыл алу" деген беріп жатқан нәрсені ұстап, кәдімгідей қолмен алу. "Сапарда жүрген кезде мені күттің Ана, Әрдайым уақыт бөліп, шабытыма беріп, көңіліме қарадың" деген жолдарда да ешқандай ұйқас, ешқандай тұтастық жоқ".

Иә, мама әр сөзің алтыннан бағалы бар мәні
Біз үшін жаныңды арнадың бәріне
Сенің арқаң Анажан
Ана, Ана жалғыз ғана

"Бұл жерде ананың сөзі алтыннан бағалы деп айтқан теңеудің өзі сәтсіз, ананың сөзі ең қадірлі екені түсінікті. Ол баға деп айтатындай оны алтынмен салыстыру дұрыс емес. Одан кейін "жаныңды арнадың" деген тіркесті талдасақ. "Жанын арнау" деген нәрсе жоқ бізде. "Жанын қию, жанын аямау" деп айтуға болады. "Сенің арқаң анажан, анажан, Ана жалғыз ғана" дейді. Жалғыз деген жерде "ғана"-ны қосудың не керегі бар?"

Жұмақтың кілті сенің табаның ның астында
Дұғаңның арқасында бақыт қонды басыма
Мен үшін орны бөлек байлығымсың расында
Анажан, Анажан

"Осы өлең жолдарын талдасақ. Сонда айтушының сенен де бөлек менің байлықтарым бар, бірақ сенің орның бөлек деген нәрсе дегенге келе ме? Ананы байлық деп теңеу дұрыс емес. "Ана - менің байлығым" деп сөз саптамаймыз ғой. Орны бөлек байлығымсың деу ананы сол қатардағы байлық деп теңеумен тең нәрсе. Әуезді болғанмен, әуейесі өте жұтаң, шолақ, етек-жеңсіз өлеңдердің бірі осы", - деп өлең сөздерін сынаған маман фонетика, фонология тұрғысынан алғанда дыбыстауы кейбір әншілерге қарағанды дұрысырақ екенін айтады.

3. Тіл маманы талдап, саралап көрген келесі ән - Мирас Жүгінісовтың "Әндетемін". Ән мәтіндерін талдай келе Арын Құнанбайұлы бұны авторлардың жеке басына тиісу деп емес, филолог ретінде айту парызы екенін еске салды. 

"Ән авторлары ренжімесін, олардың орындаушылығына, әніне айтар әңгімем жоқ. Бірақ мәтін нашар. Мәтінді талдауға біздің хақымыз бар. Қыңыр-қисық. Бұл жерде әншілердің  жеке басына тиіспейміз. Біз мәтін жайлы айтамыз",- деп ескертіп өтті маман.

"Мирас Жүгінісов "әндетеміз" дегенде "Т"-ны "ть" қылып жіңішке айтады. Біздің тілде ондай жоқ. "Ть" деген жасанды дыбыс. Ал енді сөзіне келетін болсақ":

Әдетте бәрі тәтті-тәтті бәрі басында.
Уақыт өте кете буы қалады басыла.
Бірақ өзгеше ерекше бөлекше біздің жайт.
Себебі сиқыр, көпір бар арада расында.

"Әдетте  тәтті-тәтті бәрі басында  деген жолдың өзінде бәрі үстемелеп, бірінің үстіне бірі мінгесіп кеткен. Бұл мәтін ұйқасқа келтіру үшін бунақ, буын, симпл қуған. Не тәтті? Біріншіден, "тәтті-тәтті" деп айтылмайды. Басында не тәтті болады?! "Уақыт өте кете" деген болмай қалған тіркестер бар. Бұл тіркес тіптен дұрыс емес. "Өте кете" деген тіркес жоқ, "өте келе" деп айтуы мүмкін".

"Бірақ өзгеше, ерекше, бөлекше біздің жайт деген жолында ше, ше, ше дей берген. Мираста бұл жиі кездеседі. Мәтінді әнге жығып беруге болмайды. Сезім туралы әңгіме мына жерде жайт болып кетеді. "Жайт" деген  "ситуация, жағдай" деген сөз ғой. Сонда бағанадан бері "буы басылып, тәтті-тәтті, бәрі-бәрі өте-кете" болып жатқан нәрсенің бәрі жайт екен деген нәрсе шығады. Дұрыс сөзді талғамаған. "Өзгеше, ерекше, бөлекше" дегенде де біреуін таңдау керек қой. Бұл сөздерді бір-біріне кірістіріп, мінгестіріп жіберген", - деп талдайды ол ән сөзінің осы бөлігін.

Түсініп ал, сезініп ал,
Менімен болады өмірің бал.
Қабылдап ал, ұғынып ал.

"Одан кейін түсініп ал, ұғынып ал, сезініп ал деп зіркілдейтін жері бар. Бұл таза жеку, зеку десе де болады. Ұрсып тұрған секілді. Көмекші етістіктерді дұрыс қолданбаған. "Түсініп ал" дегенге жарайды делік, ал "сезініп ал" деген не сөз? Бірдеңені сезіп ала қоятындай адам зат емес. Затқа қатысты айтып жатқан жоқсыз ғой. Сондықтан көмекші етістіктерді жалғаған кезде абайлау керек. "Қабылдап ал" дейтіндей бір сәлемдеме емес. Қысқасы, бұл етістіктердің өзінің бір үстеме мағынасы болады. Мұны қимылдың өту фазасы, аспектуалдық категориясы деп біз филологияда зерттейміз", - дейді Құнанбайұлы.

4. Филолог келесі талдаған өлең - Калифорния мен Мирас Жүгінісов орындайтын "Қымбаттым" әні.

Оу, қымбаттым
Шаштарын тарап қап-қара
Тұп-тұнық көздері батып барам
Оу, сымбаттым
Тағдыр біздерді сай қылды
Мен бармын ұмыт қайғыңды
Ғашық болған көздерің қалап тұр
Ерініңде қып-қызыл далап тұр
О боже мой
Қазір фокус көрсетемін саған қарап тұр

"Бұл енді танымға томпақ келетін, жүйесіз, дөрекі тіркестер ғой. "Ішің біраздан кейін жыбырлайды, сен соны қалайсың ба?" Жалпы, "қалайсың ба, қалаймын" деудің өзі қате. Бұл - калька, жасанды тіркес.  Адамды қалау деген "я хочу тебя" деген тұрпайы, дөрекі, анайы форма. Адамды қаламайды. Тігісін басқа етіп келтіріп, ғашықтықты, махаббатты басқалай етіп беруге болады. Бұл жерде кәдімгі нәпсауи форма десе де болады", - дейді маман. 

"Одан кейін ғашық болған көздерің қалап тұр, ерініңде қып-қызыл далап тұр. Ғашық болған көздерің деген қандай көз? "Ғашық көз" деуге болар.  Одан кейін көз қаламайды, ерінде далап тұрмайды. "Көп ұзамай ертең ішің жыбырлайды" деген не сөз? Ертең жыбырлай ма, әлде көп ұзамай жыбырлай ма? Жалпы іштің жыбырлауы деген не сөз? "Күтіп ал мені жылы құшақпен, ұшып келем ұшақпен" деген жері бар. Бұл да - орыстың калькасы. Құшақтап күтіп алуға болады, асыға күтіп алуға болады. Бәлкім, гүл ұстап күтіп алуға болар. Бірақ, "гүлмен, құшақпен күтіп алу" деу - қате", - деп түйіндеді бұл ән талдауын зерттеуші маман.

5. Маманның талдап, сынаған келесі орындаушы - 6ELLUCCI-дің "Көбелек" әні.

Бір елі жетпей төбеге, іште көбелек
Сырын кім біледі сенен басқа
Өзің ғой себебі, менің несібем
Қандай керемет тағдыр сені жазғаны
Бұл әнде жыламайды Жібек, тимейді жебелер
Өзіңмен бөлек жазам дастан
Мен соққан үйде өзіңнен бөлек
Елестете алмаймын жаным басқаны

"Бұл ән енді сондай кербез, сызылтып орындаған болып көрініп тұр өз басыма. Бірақ көбелек деген нәрсе мына жерде көрінбейді. Көбелек деп қойғаннан кейін, ол жерде символ, астарлап сөйлеу болсын бір белгілі детальдар қосу керек еді. "Бабочки в животе" деген бар ғой. Бірақ қазақ сезімді олай суреттемейді. Одан кейін "бір елі төбеге жетпей" дейді. "Төбеге екі елі жетпей қалды" деуі мүмкін, бірақ "бір елі жетпей" деген қандай сөз? "Іштей көбелек" дейді.  "Ішімдегі көбелек" десе бір жөн. Одан кейін "сырын кім білер сенен басқа, өзің ғой себебі менің несібем" дейді. Адам адамның несібесі емес. Адам - адамның жұбы, бағы, бақыты, қосағы, жұбайы, зайыбы болу мүмкін. "Қандай керемет тағдыр сені жазғаны" деген жері де бар. "Тағдыр сені жазған" дегені тағдыр қолымен жазып отыр дегенге келеді. "Тағдырға жазылған, тағдырға біткен, пешенеге жазылған" деген басқа әңгіме", - дей келе талдауды жалғастырған Арын былай деп жалғастырады:

Тіл маманының айтуынша,  ән мәтініндегі  "Жыламайды Жібек, тимейді жебелер" дегені инверсияның сәтсіз түрі болса,  "Өзіңмен бөлек жазамын дастан мен соққан үйде өзіңнен бөлек" - бұл тавтологияның сәтсіз түрі".

Әзірге қалтам толы ауаға болса да, бірақ мен сенімен баймын
Сен барда жүрегім тыныш, себебі жүрек тек сені қалайды
Аспандай тауелді айға
Өзімді өзіңе байлап
Боламын жаныңда қуаныш сәттерде жане де қиын жағдайда
Сенімен көңіл-күй - маусым

"Әзірге қалтам толы ауаға болса да, бірақ мен сенімен болмаймын сенімен баймын, сенімен баймын" – "сен менің байлығымсың , берекемсің" дегенді  "сенімен баймын" деп калькалаған. Содан кейін "көңіл күй - маусым" дегені "Цвет настроения – синий" дегенге еліктеп шығарғаны ғой.  "Белучилаусың, белучидайсың". Қазақ тілінде теңеудің -дайын, -дейін, -тайын,-тейін деген формалары бар.  Мысалы,  "бүркіттейін, бұлбұлдайын" деп айтуға болады. Бірақ, "Белучилаусың" деп айту қазақ теңеуінде жоқ. "Өмірлік тасқыннан ойға батып мен құтқаратын жағалаусың" дейді. Тасқын қандай? "Өмір - тасқын" десе болар, бірақ "өмірлік" деп -лық,-лік дегенді жалғау бұл жерде артық", - деп түйіндейді маман. 

Бұл маманның талдау жасап көрген бірен-саран өлең мәтіндері ғана.  Арын Құнанбайұлының пайымынша, сөздің қадірі кеткен жерде ойдың қадірі де төмендейді. Қазіргі қазақ жастары айтып жүрген, тыңдап жүрген ән мәтінінің сапасы алаңдатарлық. Бұнда тек  тіл мәселесі емес,  ұлттық таным, эстетика, сөз мәдениеті сынды маңызды дүниелер де бар.

Тіл жанашыры халыққа ұсынатын кез келген шығарма көркем болуы керек дейді.  Ұлы Абайдың "Сөз түзелді, тыңдаушы сен де түзел" деген өлең жолдары бар. 

Арын Құнанбайұлының айтуынша, енді айтушы түзелуі керек.

"Тыңдаушы түзеліп отыр. Айтушы жақсы, сүбелі, салмақты сөз ұсына білуге тиіс. Қазір талғам өзгерді. Қоқыр-соқырды, ахахау-сахахауды бере беруге болмайды",  - деп қорытты ол ойын.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
3
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:47

17:33

17:23

17:10

17:00

16:48

16:34

16:12

16:06

16:03

16:00

15:57

15:53

15:49

15:35

15:10

14:40

14:34

14:20

14:01

12:52

12:30

12:15

12:12

11:58