Пробация қызметі қылмыстық жазаларды ізгілендіруді жүзеге асырудың маңызды тетігі ретінде кейінгі жылдары іске қосылған сала. Басты міндеті – бас бостандығынан айырмайтын жаза қолданылатын сотталғандарды есепке алып, олардың жазасын өтеу тәртібін бақылайтын қызмет. Негізі, бүгінгі пробация қызметі кезінде қазақ даласының тәртібін уысында ұстап, тентегін тезге салып отырған билер үстемдігінің баламасы іспетті.
Пробация қызметінің ең негізгі мақсаты – өмір жолынан тайып кеткендерді тұтқындамай-ақ, тәрбие тезіне салып түзету.
Иә, құқық бұзғандарды шетінен көгендеп, түрмеге тоғытудан ұтқанымыздың шамалы екенін өмір өзі дәлелдеп берді. Пробация қызметі пайда болмай тұрғанда да қылмыстық атқару инспекциясы деген атаумен сотталғандарға әлеуметтік жағынан көмектесу, құқықтық көмек көрсету, сонымен қатар олардың қайтадан қылмысқа ұрынып қалмауы үшін жұмыстар жүргізіліп келді. Ал «Пробация туралы» заң қабылданғаннан кейін бұл қызметтің ауқымы кеңіп, жан-жақты жетілдіріле түсті.
Қазіргі пробацияның бақылауына қоғамдық және түзеу жұмыстарына сотталғандар, бас бостандығын шектеу және мәжбүрлі еңбекке сотталғандар, шартты түрде және жүкті әйелдер мен жас балалары бар әйелдерге қатысты жазаны орындауды кейінге қалдыра отырып сотталғандар, бас бостандығынан айыру орындарынан шартты түрде босағандар жатады. Қазіргі күні Алматы қаласының аумағында 8 аудандық пробациялық қызмет бар.
2025 жылдың алғашқы үш айында Алматы қаласы Қылмыстық-атқару жүйесіне қарасты Пробациялық қызмет есебінен 3500-ден астам сотталған өтті. Оның ішінде 500-ден астамы әйел болса, 15-і кәмелеттік жасқа толмаған балалар.
«Пробация туралы» Заңда кәмелетке толмаған балаларға қатысты пробацияны жүзеге асыру ерекшеліктеріне терең мән берілген. Атап айтсақ, аталған жұмысты балалардың отбасын тарта отырып атқару көзделген. Негізінен қылмысқа баратындар – қараусыз қалған, қолайсыз отбасында тәрбиеленген балалар. Заң баптарында қорғаншылық немесе қамқоршылық жасайтын органдармен және бала құқықтарын қорғау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын ұйымдармен бірлесіп жұмыс істеуге мол мүмкіндік қарастырылған.
Пробациялық бақылау қызметінің инспекторлары сотталғандарды жұмысқа орналастыру мақсатында түрлі пайдалы іс-шараларды жүзеге асырады. Өйткені сотталғандардың жұмыспен қамтамасыз етілуі – олардың қоғамнан өз орнын тауып, дұрыс жолға түсулеріне зор ықпал етеді.
Руслан МАҚСҰТОВ,
Алатау аудандық Пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет майоры:
– Алматының Алатау ауданында 400 мыңға жуық тұрғын бар. Қаланың шеткері жағы болғандықтан негізінен ауылдан көшіп келіп, қоныстанған тұрғындар шоғырланған. 23 ықшамауданы бар Алатау ауданында 700-ден аса сотталған пробациялық бақылау қызметінің есебіне алынған.
Сотталғандардың қылмыстық ісін сараласақ, негізінен – денсаулыққа қасақана ауырлығы орташа немесе ауыр зиян келтіру, сенiп тапсырылған бөтеннің мүлкін иемденiп алу немесе талан-таражға салу, ұрлық, тонау қылмыстары. Осындай қылмыстарға баратындардың өміріне үңілетін болсаңыз, көбісі жұмыссыз жастар. Сол жұмыссыздардың уақытша қиындыққа шыдамай, яғни алды-артын ойламай қылмысқа баратыны, сөйтіп болашағына балта шабатыны күйзелтеді. Сондай-ақ алаяқтығы үшін сотталатындар да жиі кездеседі. Мысалы, біздің Пробациялық бақылау қызметінің есебіне алынғандар көбі осы алаяқтық пен ұрлық үшін сотталғандар. Қылмыстық кодекстің 296-бабымен, яғни есірткі, психотроптық заттармен заңсыз жұмыс істеу қылмысымен сотталғандар да жиі кездеседі.
Пробация қызметінің есебінде тұрғандардың дені – отбасын асыраушылар. Ал жоғарыда аталған заңда пробация бақылауында тұрғандарды жұмысқа орналастыруда жергілікті атқару органдарына жүктелген міндет зор.
Мәселен, жергілікті атқарушы органдар пробация қызметінің есебінде тұратын адамдарға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оларды әлеуметтік бейімдеу және оңалту арқылы әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету саласындағы өкілеттіктерді атқарады. Бұл орайда қаладағы жұмыспен қамту орталықтары сотталғандар арасында бос орындар жәрмеңкесін өткізеді. Аталған жәрмеңкеде сотталғандар мамандығына немесе бұрын меңгерген кәсібіне қарай жұмысқа орналасады. Тағы бір айта кететін жәйт – пробациялық бақылау қызметінің бақылауында тұрғандар арасында өзін-өзі еңбекпен қамтып отырған 1500-ден аса кәсіпкер бар.
Бақылаудағы сотталғандарға медициналық көмек көрсету, білім алуларына жәрдемдесу, кәсіптік даярлау, қайта даярлауды жүзеге асыру, заңмен белгіленген жеңілдіктер мен әлеуметтік төлемдерді алу сияқты көмек беру жұмыстары жүзеге асырылады. Сондай-ақ оларға психологиялық көмек көрсетудің маңызы да өте зор. Өйткені көптеген сотталған адам жазасын өтеп келгенше отбасынан, жақындарынан ажырап қалады, туған-туыстарымен арада түрлі кикілжің болады. Мұндай жағдайлардың барлығы олардың өмірге деген құштарлығын бәсеңдетіп, қайтадан теріс жолға түсуіне себеп болады. 2025 жылдың бірінші тоқсанындағы есеп бойынша 900 сотталғанға психологиялық көмек көрсетілген.
Жанбота САЙПИЛМУЛИК,
Алмалы аудандық Пробация қызметі бөлімінің бастығы, әділет капитаны:
– Алмалы аудандық пробациялық бақылау қызметінде 200-ден астам сотталған пробациялық бақылауға алынған. Сотталғандармен жұмыс істеудің қиыншылығымен қатар жауапкершілігін айтпағанда, пробациялық бақылау бөлімінің жұмысын ұйымдастыру да біліктілікті талап етеді. Жұмыс үрдісін күнделікті қадағалау, жеке құрамның тиімді жұмыс істеуі үшін маңызды шешімдер қабылдау сияқты жұмыстар бөлім бастығына екі есе жауапкершілік жүктейді. Мысалы, мен басқаратын бөлімде 20 сотталған әйел бақылауға алынған. Әрине, әйел-аналардың қылмысқа ұрынбағаны абзал ғой. Дегенмен ол қандай жағдай болмасын – әйел. Оның жаны нәзік. Сондықтан мен инспекторлармен үнемі әйел адамға ең бірінші сотталған деп емес, ана немесе нәзік тұлға ретінде қарау керек деген мағынада әңгімелер өткізіп отырамын.
Пробациялық қызмет инспекторлары сотталғандарды айына бір рет тұрғылықты мекен-жайы бойынша тексеріп отырады, сонымен қатар сотталғандардың өздері айына екі рет Пробациялық бақылау қызметіне тіркелуге және профилактикалық сұхбатқа келіп тұрады.
Оларды бақылап отырудың тағы бір түрі – электрондық құрылғы, яғни электронды «білезік» тағу. Алматы қаласы сияқты үлкен мегополисте әр сотталғанды көзден таса етпей бақылау мүмкін емес. Ал бұл құрылғымен сотталған адамның жүрген-тұрғанын біліп отыруға болады.
Электронды бақылау құрылғысы тек қайталап қылмыс жасауға немесе жаза өтеу тәртібін бұзуға бейім сотталғандарға ғана кигізіледі. Алайда электронды «білезікті» шешіп, бұзып тастайтын фактілер де кездеседі. Мұндай деректер бойынша арнайы сараптама тағайындалып, қорытындысында сотталған адам келтірілген зиянды өзі төлейді. Егер төлемесе, азаматтық сот арқылы өндіріліп алынады. Төлеген күннің өзінде де Қылмыстық-атқару кодексінің 67-бабы бойынша жазаға тартылады.
Алматы қаласының әкімдігі жуырда Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің Пробация қызметін «Chevrolet» маркалы 6 қызметтік көлікпен толықтырды. Бұл игілікті іс сонымен қатар Алматы қалалық Полиция департаменті мен қалалық Прокуратура басшылығының қолдауымен жүзеге асты.
Пробация инспекторларының сапалы һәм жүйелі қызмет атқаруы көлікке тікелей тәуелді. Өйткені кептелісі қалың қалада сотталғандарды бақылау машинасыз мүмкін емес. 2025 жылдың алғашқы үш айындағы көрсеткіш бойынша қала бойынша пробация бөлімінің есебіндегі қайталап қылмыс жасаған сотталғандар саны 30 болды. Мұндай сотталғандардың жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылады. Сонымен қатар тұрғылықты мекенжайы бойынша тексеру кезінде сол жерде болмағандарға ескерту беріледі. Егер одан нәтиже шықпаса, заң ешкімді аямайды, бас бостандығынан айырылады. Бұл жерде мына жәйтті де ескеру керек, көптеген сотталғандардың тұрақты мекенжайы жоқ, олар жалдамалы пәтерлерде тұрады. Бұл жағдайда пробациялық қызмет мамандары барынша көмектеседі. Сондай-ақ тұрмыс жағдайы нашар, не білімі, не мамандығы жоқ жұмыссыздар, ішімдікке салынған адамдар, есірткіге тәуелділер қайталап қылмыс жасауға бейім болады. Сондықтан ізгілік жолын ұстанған мемлекет ретінде, оларды түрмеге апарып тығу үшін емес, қайталап қылмыс жасауының әр фактісі, себеп-салдары бойынша аумақтық Ішкі істер басқармаларымен бірге қызметтік тексерулер жүргізіледі.