Бұл қағиданы қазақтың бас биі осыдан төрт ғасыр бұрын айтса да, қазіргі заманауи сот қызметінде жүрген азаматтардың басты ұстанымы болуға тиіс. Адам құқығы әлемдік маңызға ие болып отыр. Тек құқықтық жағынан емес, маңызды әлеуметтік немесе жеке мәселелерді шешудің негізгі көзіне айналды. Сала мамандарының айтуынша, он жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда халықтың сот жүйесіне деген сенімі артқан. Алматы қаласы адвокаттар алқасының мүшесі, адвокат Алма МУСИНАМЕН әңгімеміз адвокатураның сот саласындағы орны мен өзге де мәселелер төңірегінде өрбіді.
Уәкілетті органдар ықпалын азайтса...
– Алма Отарбайқызы, елімізге адвокаттардың құқығын қорғайтын арнайы Конституциялық заң қажет екені айтылып жүр. Әр азаматтың білікті заңгерлік көмек алуға құқығы бары бас құжатта анық жазылған. Бұл тікелей адвокатура институтына жүктеледі. Біздегі адвокаттар алқасының құқықтық мәртебесі қандай?
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында заң мен тәртіпті қамтамасыз етудің негізі ретінде заң үстемдігі мен сапалы сот төрелігін атады.
«Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьяның мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек»,-деді Мемлекет басшысы.
Сот жүйесіндегі негізгі қағида – әділ төрелік пен заң үстемдігі. Құқық қорғау органдарының жұмысын күшейту сот жүйесін демократияландыруға және оған қоғамның сенімін арттыруға жол ашады. Қазір ел азаматтарының құқықтық мәдениетін қалыптастыру – өзекті мәселелердің бірі. Осы ретте адвокаттың көтерген жүгі ауыр.
Иә, кейінгі кезде адвокаттар өзінің мәртебесі жайлы мәселені жиі көтеріп жүр. Ең маңыздысы – уәкілетті органның адвокатураға ықпалын азайту. Яғни адвокаттар қылмыстық істер бойынша күдікті мен айыптының заңды құқығын қорғау үшін қажетті ақпаратты жинауда кедергі көп. Кейбір қылмыстық іс құжаттарымен толық танысу үшін мүлдем мүмкіндік жоқ деуге болады. Тіпті, адвокаттарға қатысты қылмыстық қудалау, адвокаттың қорғауындағы тұлғаға қатысты қылмыстық іс бойынша адвокаттан жауап алуға дейін барады. Құқық қорғау органдары мұндай әрекеттер заң талабына қайшы екенін біле тұра, жол беруі – елдегі адвокат мәртебесінің әлі де төмен екендігін көрсетеді.
Адвокаттардың мәртебесін көтеру үшін ең алдымен мемлекеттік органдар мен соттар өз құзыретінің шеңберінде қорғаушының құқығы бұзылмауын қадағалауы керек. Ал адвокаттар алқасына келсек, бұл ұйым коммерциялық емес, адвокаттардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғап, заңда белгіленген басқа да құрылымдарды орындау үшін құрылған.
Өздеріңіз білетіндей, бізде республикалық адвокаттар алқасы, облыстық, және республикалық маңызы бар қалалардың адвокаттар алқасы жұмыс істейді. Адвокаттар алқасын құру мемлекеттік органдардан арнайы рұқсатты қажет етпейді және ол мемлекеттік органдарға тәуелді емес. Ұйымда адвокаттардың тәртіптік комиссиясы жұмыс істейді. Құқықтың барлық саласын жете білетін білікті адвокат қана халыққа заң аясында көмек көрсете алады.
– Сотта адвокат пен прокурор тең болуы керек. Белгілі бір істерде екеуінің құқықтық міндеті әртүрлі болғанымен, бір-бірінсіз жұмыс жүрмейді. Сіздіңше, адвокаттың прокурорға қарағанда қауқары төмен емес пе? Екі құрылымның теңдігі туралы не айтасыз?
– Сот мәжілісінде прокурор мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысады, айыптау актісін қолдайды, сотталушының кінәсін сотқа дейінгі тергеу барысында жиналған дәлелмен әшкерелеуге тырысады. Ал қорғаушы, яғни адвокат сотталушының заңды құқығын қорғайды және қорғау барысында: жиналған дәлелдеме заң талаптарына сәйкес алынған ба, сотталушының құқығы бұзылмаған ба, дәлелдер сотталушыны «кінәлі» деп тануы үшін жеткілікті ме, сотталушының кінәлі екеніне күмән бар ма деген сұрақтарды негізге алып, тексеріп, өз дәлелі мен сауалын ұсынады.
Сот алдында прокурор мен қорғаушының құқығы тең болғанымен, күнделікті тәжірибеге қарап, теңдік бар деп айту қиын. Өкінішке қарай, соттар прокурор берген өтініштерді қанағаттандырып, ал қорғаушы тарапынан түскен өтініштердің негізі болса да, қараусыз қалдырып жатады. Соттар кейде қылмыстық істегі сотқа дейінгі тергеу барысында болған заң бұзушылықтарға көз жұмады. Соттардың тергеу мен прокуратура тарапынан жіберілген заң бұзушылықтарға қатысты шара қолданбауы құқық қорғау органдарының адам құқығына немқұрайлы қарайтынын білдіреді. Ал құқық қорғау органдары мен соттың өзі осындай заңсыз әрекеттерімен Ата Заңды аяқасты ететін болса, онда халықтың сотқа деген сенімін қалай арттырмақпыз?!
– Адвокаттың міндетінде тиісті норма бар. Сіздер айналысқан істе бәрі құпия болуға тиіс. Ақпарат пен дәлел жинауда кедергілер болып тұра ма?
– Адвокатқа көмекке жүгінген тұлғаға қатысты барлық ақпарат адвокаттық құпия және ол мәліметтер көмек сұрап, өтініш жасаған тұлғаның келісімінсіз жария етілмейді. Заң көмегін көрсету аясында адвокат сұраныс жіберіп, керекті ақпараттарды жинайды. Сұраған мәліметтерді беру үшін органдар мен мекемелер адвокат кімнің мүддесіне сұраныс беріп отырғаны жайлы құжатты, адвокаттың хабарламасын, сенімхатты талап етеді. Әрине, бұл құпиялықты сақтауға кедергі келтіреді. Ал кейбір кезде адвокат қорғап жатқан тұлғаға заңды көмек көрсету үшін, басқа тұлғаға қатысты ақпаратты сұрауға мәжбүр болады. Алайда, органдар мен мекемелер сұраныс берген азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты сенімхат пен адвокат хабарламасын тіркемесе, ақпаратты бермейді. Бөтен тұлғаға қатысты хабарлама мен сенімхатты алу мүмкін болмайды, себебі ол адвокаттың қорғауындағы тұлға емес.
Құқықтық баға әділ болуға тиіс
– Әр адвокаттың өзінің жұмыс істеу тәсілі мен күдіктіні қорғау тәртібі болатыны белгілі. Құпия болмаса, азаматтарды сотта қорғаудағы басты ұстанымыңыз қандай?
– Мен сотқа дейінгі тергеу барысында қорғауымдағы адамның кінәсіз екенін дәлелдейтін мәліметтерді тез арада жинауға тырысамын. Куәгерлерден жауап алып, деректер жинаймын. Тергеу органдарының жіберген кейбір қателіктері жайлы сотқа дейін тіс жарып айтпаймын, оны сотта бір-ақ жариялаймын. Себебі, тергеу барысында олар қателікті түзетіп, дәлелдемелерді заңды етіп бекітіп алуға тырысады. Сот барысында тергеу органдары тарапынан жіберілген сотталушының құқығын бұзған фактілер мен тергеу қателіктеріне соттың назарын аударып, кейбір құжаттарды дәлелдемелер қатарынан алып тастау туралы жазбаша өтініш түсіремін. Сонымен қатар, сотталушының жеке басына, отбасына қатысты жазасын жеңілдетуі мүмкін мәліметтерді жинап, оларды іс материалдарына тіркеуді сұраймын. Басты ұстаным – заң аясында әрекет ету, әділдіктен айнымау. Адвокаттардың өзі Ата Заңның жаңа нормаларымен т анысуда белс енді болуы керек деп санаймын.
– Қылмыстық істерде айыпталушыларды адвокат, яғни қорғаушы қорғайды. Айыпталушы заң көмегіне төлейтін мүмкіндігі болмаса, ол көмекті мемлекет өзі тағайындайды. Бұл жұмыс қалай жүргізіледі?
– Егер айыпталушының қорғаушыға беретін қаражаты болмаса, онда күдікті немесе айыпталушыға тегін қорғаушы тағайындалады. Оны мемлекет кепілдік беретін заң көмегі деп атайды. Тегін заң көмегіне әлеуметтік жағдайы төмен, адвокаттың еңбегін төлеуге материалдық мүмкіндігі жоқ азаматтар жүгінеді.
Қылмыстық істер бойынша тергеу органдары немесе соттар ондай азаматтарға қорғаушы т ағайындау тура лы қаулы шығарып, адвокаттардың заң кеңсесіне жібереді. Адвокаттың еңбегі жұмыс істеген сағатына байланысты мемлекет мүддесінен төленеді. Егерде күдікті немесе айыпталушының кінәсі дәлелденіп, сотталса, сотталған тұлғадан қорғаушыға төленген шығын өндіріп алынады.
– Қит етсе, сотқа жүгінетіндердің барын көріп жүрміз. Бізде ұсақ-түйек істерді сотқа жеткізбей шешу жағы қалай?
– Технология дамыған сайын негізсіз сотқа беретіндер тіптен көбейіп кетті. Әлеуметтік желідегі қақтығыстар сотқа жетіп жатады. Көршілердің арасындағы дау да ушығып, тіпті, ағайындылар бір-бірін сотқа сүйрейді. Мұндай дауларды сотқа жүгінбей-ақ медиация арқылы шешуге болады. Медиация туралы заң қабылданғаннан бері арнайы орталықтар ашылып, медиаторлар реестрлері интернет желісіне жүктелген болатын.
Ұсақ-түйек істерді сотқа жеткізбеуде медиацияның маңызы зор. Бірақ медиация жүйесі, олардың жұмысы туралы ақпарат аз. Медиация сотқа жеткен істердің санын азайтып, ауыртпалықты біраз жеңілдететін еді.
Теңдік орнамай, сенім артпайды
– Қорғаушы – тергеушіге процессуалдық оппонент. Тергеу кезінде тергеушіде қандай мүмкіндік болса, қорғаушыда да сол болуы керек...
– Иә, бірақ қылмысты тергеу барысында тергеушінің адвокатқа қарағанда мүмкіндігі көп. Тергеуші сұраныс жасап, кез келген ақпаратты кез келген мекемеден ала алады, ал адвокаттарға ондай мүмкіндік қарастырылмаған. Мысалға, банктердегі, мобильді байланыс мекемелеріндегі, мүлікті тіркеу органдарындағы, т.б. ақпараттарды жинау үшін қорғаушы нақты кімге қатысты ақпарат сұраса, сол тұлғадан сенімхат тіркеуі керек. Ал егер ақпарат қылмыстық іс бойынша дәлелдеме ретінде маңызды, бірақ басқа тұлғаға қатысты болса ше? Ол тұлға адвокаттың қорғауында болмаса, сенімхат бермесе, онда ондай ақпарат адвокатқа берілмейді.
Қылмыстық қудалау органдары тергеу кезінде жинаған дәлелдермен қорғаушыны толық таныстырмай, яғни жартылай ғана таныстыруға құқылы. Қылмыстық істің толық құжаттарымен адвокат тек қылмыстық іс аяқталғанда ғана таныса алады. Бұл айыптау органдары мен қорғаушы құқығының тең еместігін көрсетеді.
Тергеуші мен прокурордың сұранысын кез келген орган мүлт етпей, дер кезінде орындайды, ал адвокат ақпарат жинау үшін біраз уақытын жұмсайды. Ақпараттың бәрі оңайлықпен қолға түспейді. Куәгерлердің де көбі құқық қорғау органдарынан қорқақтап, адвокатқа түсініктеме беруден бас тартып жатады.
Бұл – құқық қорғау органдарының халыққа ықпалының үстемдігі мен адвокат мәртебесінің төмендігінің белгісі. Құқық қорғау органдары арасында заң жүзінде теңдік орнаса, азаматтардың құқығын қорғау үрдісі жаңа деңгейге көтерілер еді.
– Уақыт тауып, сұхбат бергеніңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан Гүлжанат СЕМБАЕВА.