Адамдар неліктен тынбай оқуға құмар? "Мәңгілік студент" синдромы деген не?

Адамдар неліктен тынбай оқуға құмар? "Мәңгілік студент" синдромы деген не? Сурет: жасанды интеллект

17 қараша – халықаралық студенттер күні

Қазіргі білім беру кеңістігінде үздіксіз дамуға, білім алуға деген  ұмтылыс қалыпты құбылысқа айналғандай. Алайда кей адамдар оқуды кәсіби өсуге апарар құрал емес, ересек өмірден қашуға көмектесетін жайлы "қорғанышқа" айналдырып алады. Психологияда мұны "мәңгілік студент синдромы" деп атайды. Бұл құбылыстың қандай себептері барын Aqshamnews.kz тілшісі анықтап көрді. 

Ересек өмір алдындағы қорқыныш

Кейбір студенттер университет табалдырығын аттағанымен, шын мәнінде ересек болуға дайын емес. Олар күнделікті өмірде шешім қабылдаудан қорқады, жауапкершілік алудан қашады және ата-ананың бақылауынан толық ажырай алмайды.

Мұндай жағдайға шектен тыс қамқорлық жасайтын ата-аналар айыпты. Олар баласының еркін басып, оның қалауымен санаспай, мамандықты да өздері таңдап, тіпті  студент атанған шақтың өзінде оның өмірінің барлық қырын бақылауда ұстайды.

Нәтижесінде жас адам өз өміріне қатысты маңызды шешімдерді қабылдауға келгенде тайсақтайды. Өз бетінше әрекеттен гөрі, оған бала күйінде қала берген "ыңғайлы".

"Озат оқушы" немесе перфекционизм қақпаны

Психологтардың пайымынша, мектепте үздік оқыған, тапсырманың әр үтір-нүктесіне дейін  мінсіз орындайтын балалар ересек өмірде көбіне теорияға сүйеніп өмір сүруге үйреніп қалады.

Оқу озаттары жақсы орындаушы, бірақ көбіне өзінің нақты не қалайтынын анық білетіндердің қатарынан болмайды. Қайта  мектепте "үшке" оқығандар көбіне өмірге әлдеқайда тез бейімделеді, өйткені олар ертерек жауапкершілік алып үйренген.

Перфекционизм осы кезеңде ерекше байқалады. Перфекционист:

  • істі тек мінсіз орындай алатынына сенсе ғана бастайды,
  • сәтсіздіктен қатты қорқады,
  • "әлі дайын емеспін" деген себеппен кәсіби өмірге қадам басуды үнемі кейінге қалдырады.

Сондықтан олар кәсіби тұрғыдан мамандықты меңгере тұра онлайн курстар, вебинарлар, тренингтер тізбегінен шыға алмай, шынайы әрекетке көшуді шегере береді.

Өз орнын таба алмау және мақсатсыздық

ЖОО аяқтаған соң жас маман өзін мазалайтын сұрақтарға кезігеді:

  • Осы мамандық маған ұнай ма?
  • Осы салада болашақ бар ма?
  • Өз біліміммен жақсы жұмыс таба аламын ба?
  • Қателесіп, өзіме лайық жолды жабып алмадым ба?

Осындай қорқыныш пен күмән шешім қабылдауды тежейді. Нәтижесінде жас адам тағы да оқуды жалғастыру арқылы өз болашағын анықтауды кейінге қалдырады.

Нағыз "мәңгілік студент" кім? 

Үздіксіз білім алатын және өзін дамытуға ұмтылатын адамдарды "мәңгілік студент" деуге болмайды.
Бұл синдром тек оқудың нәтижесін емес, процестің өзін бос "қорғаныш" ретінде пайдаланатындарға тән.

Нағыз мәңгілік студент:

  • алған білімін өмірде қолданбайды,
  • өзін үнемі " әлі дайын емес маман" сезінеді,
  • нақты әрекеттен гөрі оқи бергенді жөн көреді.

Мәселені қалай жеңуге болады?

1. Проблеманы мойындау

Өз әрекетіңізді шынайы бағалай біліңіз: сіз шынымен дамып жүрсіз бе, әлде ересек өмірден қашып жүрсіз бе?

2. Кідірістің салдарын түсіну

Уақыт өте береді, ал үнемі оқи беретін "студенттің " құрдастары кәсіби биікке көтеріліп жатады. Теория қолданылмаса, ұмытыла бастайтыны тағы бар.  "Бітпес балалық" пен қорқыныш неврозға, үрейге әкелуі мүмкін. Ал психологияда "қолайлы ортада" (зона комфорта) қалып қою жеке тұлғалық дамуды тежейтіні белгілі. 

3. Тәжірибеге қадам басу

Шынайы тәжірибе мінсіздікке емес, нақты әрекетке негізделеді. Қателесу - дамудың ажырамас бөлігі.

4. Психолог көмегіне жүгіну

Егер шешім қабылдау қиын болса, мамандық таңдау кезінде күмән туындаса, оқуды сылтау қылып,  созып жүргеніңізді түсінсеңіз, психолог немесе кәсіби бағдар беруші маман бағыт-бағдар беруге көмектеседі. Көп жағдайда мәселенің себептері ретінде мотивацияның төмендігі, өз орнын таппау, отбасылық жағдай, психологиялық ерекшеліктер аталады. 

"Мәңгілік студент" болмау үшін есте сақтайтын ең маңызды қағида

Білімнің құндылығы - оны қолдануда, іске асыруда.
Ешкім кәсіби жолын бастағанда бірден мінсіз бола алмайды. Табыстың негізі - мінсіздікке ұмтылу емес, тәжірибе жинау.

Студенттер күнінің тарихы жайлы не белгілі?

Бұл күн жастар мерекесі ғана емес, тарихи маңызы бар дата.

1939 жылы 28 қазанда Прагада фашистерге қарсы шыққан студенттердің шеруінде медициналық факультет студенті Ян Оплетал қаза болады. Ал оны жерлеу рәсімі жаппай наразылыққа ұласады.

17 қарашада гестапо студенттер жатақханаларын қоршап, 1200-ден астам студентті тұтқынға алды, ал тоғыз студент белсендісі бірден өлім жазасына кесілді.

Осы оқиғаларға байланысты 1941 жылы Лондонда өткен халықаралық студенттер кездесуі 17 қарашаны Халықаралық студенттер күні деп жариялады. 1946 жылдан бері бұл күн жыл сайын аталып өтеді.

Бүгінде бұл мереке әлемнің көптеген елінде студенттік жастық, еркіндік пен білімге құштарлық символы ретінде кеңінен аталып өтеді.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:02

16:53

16:44

16:31

16:13

15:56

15:45

15:32

15:21

15:20

15:12

15:02

14:44

14:35

14:28

14:11

13:02

12:41

12:24

12:12

12:01

11:47

11:22

11:16

11:03