Бояу түсімен,
Адам ісімен бағалы.
***
Күрек пен кетпен
Еңбеккер неткен!
***
Өкпенің сүйінері – оттегі,
Диқанның сүйенері – кетпені.
***
Өз ащы терің өз арқаңда кебуі керек.
***
Өгіздің жегенін жесең,
Істегенін де істе!
***
Ғұмыр таусылады,
Ал жұмыс бітпейді.
***
Шын мейрам – жұмыс күні.
***
Көңілді жүріп еңбек ет,
Желпініп отырып тамақтан.
***
Еңбеккердің тері кеппейді,
Ісі кері кетпейді.
***
Бір көктен басқа сиынарың,
Бір еңбектен басқа сүйенерің жоқ.
***
Еңбеккер адам той-думан деп елпілдеп тұрмайды.
Оның қолы кетпен-күрекке ыңғайлы.
***
Адам өз өмірін еңбектеуден бастап,
Еңбектенумен аяқтайды.
***
Бір сағат кем ұйықтасаң,
Бір сағат артық еңбек етесің.
***
Еңбек – емші.
***
Елді әскер қорғайды,
Еңбек асырайды.
***
Еңбектеу мен еңбектенудің екі арасы
Өмір деп аталады.
***
Жұмысшының ұйқысы да,
Жұдырығы да қатты.
***
Еңбекті жек көретін адамның
Өмір сүруге құқы жоқ.
***
Біреудің еңбегін қанау –
Өз иманыңды тонау.
***
Кім екеніңді еңбегіңмен дәлелде,
Басқа жол жоқ бұл елде.
***
Алтын арбайды,
Жұмыс жебейді.
***
Бізде жұмыс істейтіндерден гөрі
Жұмыс істетпейтіндер көп.
***
Жақсы жұмыс жігеріңді қоздырады,
Жаман жұмыс жүйкеңді тоздырады.
***
Еңбек ету керек қой Елге,
Жұмыс – жұмыс емес, делбе.
***
Жұмыстан қайтқан шалғының жүзі жарқын.
***
Жұмыс шаршатады,
Жұмыссыздық аздырады.
***
Жалқау жұмыстан безеді,
Жұмыскер жұмысын сағынады.
***
Ықыласпен істейтін жұмыс
Ығыр қылмайды.
***
Еңбек Ері соғыс Батырынан
Артық болмаса, кем емес!
***
Өгіз өзге үшін,
Адам өзі үшін жұмыс істейді.
***
Жұмыс дегенің пайдалы пиғыл,
Тиімді қимыл.
***
Жұмыс, өз еркіңмен істесең – саулық.
Зорлықпен істесең – дерт.
***
Ең жаман жұмыс жұмыссыздықтан жақсы.
***
Қолдан келетінді қол істейді,
Қолдан келмейтінді бас істейді.
***
Еңбек – ұлы жанашыр,
Ұлы тәрбиеші.
***
Адам – өзін-өзі жасаған Құдірет.
Құралы – екі қолы және Еңбек.
***
Еңбекақы қашанда еңбектен арзан.
***
Еңбектің ғұмыры ұзын,
Еңбекақы уақытша.
***
Еңбек – кедейдікі,
Табыс – байдікі.
***
Сорлының еңбегі байды төрге шығарады,
Кедейді көрге тығады.
***
Социализм – сауын сиыр
Капитализм – қорқау.
***
Ең әдемі қоғам –
Еңбекті бағалайтын қоғам.
***
Еңбек – өгіз,
Еңбекақы – бұзау.
***
Жұмыссыз еркек – әйелдің мойнына
Іліп қойған диірменнің үстіңгі тасы.
***
Еңбектің тері – береке,
Маңдайдың тері – інжу.
Маңдайдың тері – маржан,
Еңбектің өзі – арзан.
***
Адамның анасы – Табиғат,
Әкесі Еңбек.
***
Еңбеккер адам
Еңбектен қалса да,
Аштан өлмейді.
***
Еңбегі жанғанның жұлдызы жанады.
***
Тірлік деген жұмыс,
Өмір деген ұлы іс.
Ұлы ісінде ұлыстың
Болмау керек тұрыс.
***
Дүнгендер еңбеккер бала туады,
Балалары кетпенін ала туады.
***
Жарылқаушы – Жаратқан,
Есіркеуші – Еңбек.
***
Жаныңды салып істейтін жұмыс – шабыт.
Қаныңды сығып алатын жұмыс – қамыт.
***
Саулықтан асқан енші жоқ,
Еңбектен асқан емші жоқ.
***
Түсінбейміз ғой кейде,
Бейнеттің түбі – зейнет.
***
Тәуелді жұмыс –
Тарылған тыныс.
Көңілді жұмыс –
Тасыған ырыс.
***
Алдымен жөргектен
Шыға сап еңбекте.
Содан соң өлгенше,
Өлгенше еңбектен!
***
Еңбек пенен демалыс
Парадтағы пар ат.
***
Ықыласпен істеген жұмыс – жүмыс,
Ықылассыз істеген жұмыс – қылмыс.
***
Еңбек – тірліктің екінші аты.
Дүниедегі бір жанашырың – жұмыс.
***
Байлық еңбекпен келеді,
Шөлмекпен кетеді.
***
Малды табу қиын,
Бағу да оңай емес.
***
Жұмыс – біреулер үшін құр азап,
Біреулер үшін – ләззат.
***
Желмен келген желмен кетеді
Термен келген теріңе сіңеді.
***
Еңбек етпеген еңбектеп кетеді.
***
Ащы тер төкпей,
Тұщы тірлік болмайды.
***
Еңбек еткеннің еңсесі биік.
***
Бойы дел-сал адамның
Ойы да дел-сал.
***
Еңбеккердің еншісі бөлек.
***
Бай ел озбайды,
Еңбеккер ел озады.
***
Еңбексіз келген байлық –
Байлық емес – қайғы.
***
Еңбек – тәннің қуанышы,
Жанның жұбанышы.
***
Көктегі құдірет – Құдай,
Жердегі құдірет – Еңбек.
***
Бірінші байлық – денсаулық,
Екінші байлық – іскерлік,
Үшінші байлық – кірбіңсіз көңіл.
***
Жалқаудың жаны жадырамайды.
***
Бейнетқор болуың – Тәңірден,
Еңбекқор болуың – өзіңнен.
***
Абыройдың анасы – ақыл,
Атасы – еңбек.
***
Күсті қол – Күшті қол.
***
Тұлпар – бәйгеге шапқанда,
Диқан – кетпен шапқанда терлейді.
***
Өмірдің мәні де, дәмі де – еңбекте.
***
Тер төкпей,
Болмайды өмір ертектей.
***