Алматы қаласы әкімінің фольклорлы- этнографиялық «Сазген-сазы» ансамблі 40 жылдан бері халық музыкасын дәріптеп жүр. Көрнекті мемлекет қайраткері Өзбекәлі Жәнібековтің тікелей басшылығымен 1981 жылы Ықылас атындағы республикалық қазақ халық аспаптары мұражайының жанынан құрылған «Сазген сазы» – ұмыт болған ұлттық аспаптарды насихаттап, ән мен күй мектебін жаңғыртып жүрген дәстүрлі фольклорлық ұжым.
Ансамбль репертуары тұтастай халық әндері мен күйлерінен, белгілі композиторлардың шығармаларынан тұрады. Көне аспаптардың барлық түрі арқылы ұлттық музыкамен шектеліп қалмай, әлемдік классиканы, шетелдік музыканы да орындайды. Қазақтың ұлттық аспаптарының мүмкіндігі ұлттың әні мен күйінен бөлек, шет елдік туындыларды да шебер орындауға жетеді. Мұның айқын дәлелі – «Сазген сазы» ансамблінің репертуарындағы жапон, кәріс, батыс, т.б. халықтардың классикалық жауһарлары мен джаз музыкасы. Қазір бағзы дәуір сазына деген сұраныс тіптен артқан. Ұжымдағы 20 өнерпаз қазақ этнографиясы мен фольклорын 30-ға жуық ұлттық аспап арқылы әлемге танытып келеді. Ансамбльдің өзіне тән басты ерекшелігі – әрбір музыканттың бір емес, бірнеше музыкалық аспапта ойнауында. Ансамбль аспаптары – қазақтың халық аспаптары – сыбызғы, жетіген, сазсырнай, шертер, ежелгі ұмыт бола бастаған, ал қазіргі күні қайта жаңғырып келе жатқан аспаптар – адырна, сазген, нарқобыз және ұрмалы аспаптардың бірнеше түрі (шартылдақ, сақпан, аса таяқ, тұяқ тас, қоңырау, дабыл, даңғыра т.б.).
«Сазген сазы» репертуарын әрдайым толықтырып, жаңартып отырады. Кәсіби музыканттар қай кезде де шығармашылық ізденіс үстінде. 2021 жылы ансамбль Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен алғаш рет «Наурыз–2021» премиясымен марапатталды. Кейінгі кезде халық әндерінің әуенін жеке композиция ретінде және инструменталдық нұсқада орындап жүр. Осылайша қазақ музыканттары әлем жұртын тамсантты. Швейцария, Югославия, Үндістан, Америка Құрама Штаттары, Түркия, Германия, Жапония, т.б. әлемнің үздік сахналарында бірнеше мәрте өнер көрсеткен. Енді міне, 13 қарашада қазақтың этно-музыкасымен Корея тыңдармандарын тәнті етпек.
Музыка арқылы бабалар үнін насихаттап жүрген ұжымның Кореядағы концертке соңғы дайындығына куә болдық. Қазақтың ұлттық аспаптары терең, жуан, жұмсақ әрі қоңыр дыбысымен ерекшеленеді. Әр композицияны орындағанда барлық аспаптың үні дәлме-дәл шығады. Кейбірінен дала даусы естіледі.
Музыкалық аспаптардың әрқайсысының тарихы бар. Бұрын көшпелілерде дауылпаз бен шыңдауыл сияқты ұрмалы аспаптар кең таралған. Бұл аспаптардың тарихын бақсылықпен байланыстырып жатады. Аңға шыққанда, көшке дайындықты ескерткенде, әскери жорықтарда және діни жоралғылар кезінде көне халық ұрмалы аспаптарды пайдаланған. Себебі, дабылдың зор дауысы бірнеше шақырым жерге дейін естілетін болған. Ұлттық аспаптар негізінен 5 түрге (ішекті, ыспалы, ұрмалы, үрмелі, тілшелі) бөлінеді. Зерттеуші-ғалымдардың пікірінше, адамзат тарихында ең алғаш ұрмалы аспаптар пайда болған.
Қобыздың мұңды дауысы, сыршыл домбыра, сазды сыбызғы, тағысын-тағы аспаптарға жан біткенде одан шыққан үн тынымсыз ойыңды тұңғиыққа жетелейді. «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблі 2003 жылдан бері «Алматы әуендері» концерттік бірлестігінің құрамына кіреді. Репертуарында 2 мыңға жуық шығарма бар. Солардың ішінде халық күйлерінен құралған «Аспаптар шеруі» композициясы – «Сазген сазы» ансамблінің жеке төлқұжаты.
Тақырыпқа орай
Бағдат ТІЛЕГЕНОВ, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Сазген сазы» фольклорлы-этнографиялық ансамблінің көркемдік жетекшісі:
ЖЕТІ ҒАСЫР ҮНСІЗ ЖАТҚАН АСПАП
Болат Сарыбаевтың арқасында қайта жаңғырды
Аңызға айналған ансамбль
«Сазген сазы» – алғаш құрылған фольклорлық ансамбльдердің бірі. Өзбекәлі Жәнібеков 1970 жылдары Торғай облыстық партия комитетінің хатшысы болып тұрған кезде қазіргі Арқалық қаласында драма театр мен «Шертер» атты алғашқы фольклорлы-этнографиялық ансамбль ашылды. 1981 жылы училищені бітіре салып, Құрманғазы атындағы консерваторияға альт-қобыз мамандығына оқуға түстім. Кейін «Сазген сазына» қобызшы болып орналастым. Көп ұзамай, екі жылдан кейін көркемдік жетекші қызметіне тағайындалдым. Өзбекәлі аға филармония жұмысын тікелей өзі қадағалап, бағыт-бағдар беріп отыратын. Филармония құрамында «Адырна», «Сазген» фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері, «Алтынай» халықтық би ансамблі, «Арқас» атты заманауи эстрада тобы болды. «Сазгеннің» ең бірінші көркемдік жетекшісі – Жарқын Шәкәрім. Талантты композитор, ән әрлеуші Мұрат Жұмашев, жеке әншілерден Мәдина Ералиева, Ақжол Мейірбеков, Нағима Есқалиева жұмыс істеді.
Қазақтың көне аспаптарын жаңғыртқан
Өзбекәлі ағамен бірге музыкалық мұраны қайта қолданысқа енгізу үшін Болат Сарыбаев барын салды. Ұмыт болған ұлттық аспаптардың үнін естіртті. Аспап жасайтын шеберлерге адырна, жетіген, шертер, сазсырнай, сыбызғы жасатты. Фольклорлық ансамбльдер үшін төменгі регистрді беретін бас домбыраны қосты. Қазақстанның түкпір- түкпірінен көне аспаптарды жинап, зерттеді.
Кеңес Одағы кезінде қазақта 2-ақ аспап болған деп айтылып жүрді. Олар – қобыз бен домбыра. Қобыздың өзі реппрессияға ұшырап, «ол – бақсылардың аспабы, қолдануға болмайды» деген теріс көзқарас бар еді. Оған қарсы жұмыс жүргізілді. Әсіресе, 60-70 жылдары қазақтың қобызы қатты қысымға ұшырады. Халық аспаптарының жалпы саны – 30-дан асады. Бірақ уақыт өте келе кейбір аспаптар заманға сай өзгеріске ұшырады. Кейбіреуінің қажеттелігі болмай қалды. Бұрын кернейдің үлкендігі 2 метр болған. Қазір алып жүруге ыңғайлы болуы үшін кішкентай нұсқасын жасап шығарды. Бірақ аспаптардың бәрінің түпнұсқасы Ықылас атындағы халық аспаптары музейінде сақтаулы тұр. Ал қолданыста жүрген 20-ға жуық аспаптың бәрін біздің ансамбль қолданады.
Қазақта жалпы халық әндері мен авторлық әндерді қосқанда 20 мыңға жуық ән, 10 мыңға жуық күй бары айтылады. Одан басқа, айтыс, терме, қисса мен дастан, т.б., айта берсең ұлттық мұрамыз жетерлік. Олардың біразын ансамбль шығармашылығына бағыттап, оркестрге келтіруге болады. Келеді-ау деген терме-жырларды алып, инструменталдық нұсқасын шығарып орындаймыз.
Келгенімізге 4-5 күн болды, Республика күніне орай еліміздегі үш елшіліктің шақыруымен, шет елде концерт бердік. Әрбір концертте концерт залы лық толы болады. Көрерменнің ыстық ықыласы сахнаға шығып келе жатқанда- ақ байқалады. Себебі, музыканттардың ұлттық нақыштағы сахналық киімі ерекше көзге түседі. Костюм туралы сөз қозғағанда, тағы да Болат ағаның есімін айта кету керек. Ол кісі өнерпаздарға сахналық костюм тіккізгенде киімнің матасына, ою-өрнегіне баса назар аударатын. Қазақы киімнің бәріне баттитып ою жапсыруды ата-баба мұрасына жасалған қиянат деп білді. Текемет пен киізге жапсыратын ою-өрнекті киімге қолдануға болмайтынын айтып кеткен еді. Қазақы киімнің сәнін, әсемдігін, ерекшелігін сақтауға мән берді. Былғарыдан тігілген саптама етік ағаның тапсырысымен тігілді. Бояуы қанық, ою-өрнегі талғаммен таңдалған.
Бір күні филармонияға келіп, біздің қалжыңдасып, басы қайқы келетін саптама етікті оғаш көріп, айтып отырғанымызды естіп қалды. Сонда Өзаға: «саптама етіктің басы қайқы болуы тегіннен-тегін емес. Басы неге қайқы? Табиғатты қастерлеген қазақ Жер-Ананы құрметтеген. «Жер-Анамды теппеймін» деп, басын қайқы қылып саптама етік тігілген» деп түсіндірген еді. Аяқкиімнің өзін үлкен философиямен тіккен қазақтың даналығына қалай таңғалмайсың?!
Түпнұсқадан ажырамаса екен
Репертуар шыңы – қазақ күйлері. Негізгі басымдықты халық әндері мен халық күйлеріне береміз. Бағзы дәуір сазына деген ықылас артқаны қуантады.
Қазір қазақтың ән-күйлерін неше түрлі заманауи бағытқа салып, құбылтып орындап жүр. Оған қарсы емеспін. Бірақ түпнұсқасын бұзбай орындаса екен. Бояуын, үнін аса қатты өзгеріске ұшыратпау керек деп ойлаймын. Домбыраны эстрадалық бағытқа нақыштап, өңдеп орындап жүр. Сол сияқты, жетіген, қобыз сияқты аспаптардың үнімен әрлеуге болады. Бірақ оның түпнұсқасын бұзбау керек. Домбыраның қоңыр үнін жоғалтпауымыз керек. Үлкен кісілердің өзі үскірік пен нарқобыздың қандай аспап екенін білмейді. Шіңкілдекті танымайды. Ал жастар оны қайдан білсін?! Сондықтан көбіне концерттерімізді лекция-концерт етіп өткіземіз. Мектептерге, оқу орындарына барып, көне, танымал емес аспаптардың үнін танытып, тарихын түсіндіреміз.
Мысалы, сазсырнайды 60-жылдарға дейін ешкім білмеген. ХХ ғасырдың орта кезінде Отырар қаласындағы қазба жұмыстары кезінде археологтардың қолына қыштан жасалған ойыншыққа ұқсайтын бір бұйым түседі. Бірақ мамандарда оның ойыншық екеніне күмән болады. Сөйтіп, ол Болат Сарыбаевтың қолына тиеді. Аспапты зерттеп, оған сазсырнай деген атау береді. ХІІІ ғасырдан ХХ ғасырға дейін жеті ғасыр бойы үнсіз жатқан аспапты қайтадан дүниеге алып келді.