«Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында «Бүгінгі аймақтық театрлардың хал-күйі және даму үдерісі» атты мәжіліс өтті. Алқалы жиынға өнертанушы ғалымдар, әдебиетшілер мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Ұлттық құрылтайдың наурыз айында өткен IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің мәдениет саласындағы жағдайға назар аудартқаны мәлім. Театр өнеріне қызығушылық артып келе жатқанын, әсіресе жастардың өнерге құштарлығы қуантарлық екенін айта келе, Президент дегенмен аймақтық театрлардың кейбірінің жай-күйі мәз еместігіне тоқталған. Оларды дамытуға, бизнес өкілдерін аймақтағы театрларға қолдау көрсетуге шақырған.
Мемлекет басшысының назарына іліккен мәселені жан-жақты сараптау, облыстық театрлардың тыныс-тіршілігін бағамдап, даму тенденцияларын айқындау мақсатында ұйымдастырылған шара барысында өңірлердегі өнер ұжымдарына ғана емес, еліміздегі жалпы театр өнеріне қатысты маңызды жайттар қозғалды.
Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының профессоры Анар Еркебай театр саласына қатысты түйткілді жайттардың бір ұшы бізде әлі күнге дейін Театр туралы Заң қабылданбағанына барып тірелетінін айтты. Театртанушы соның салдарынан авторлық құқық, театрдағы көркемдік жетекші ролі, репертуар, облыстық театрлар мәртебесі мәселесіне жете мән берілмей келеді деген пікірде.
«Театр қызметкерлерінің кәсіби біліктірілігін арттыру, алыс-жақын шет елдерге тәжірибе алмасуға жіберу жағы ескеріле бермейді. Аймақтық театрлардың көпшілігі шет ел түгілі, Алматы мен Астанаға гастрольге бара алмайды. Мұндай жағдайда өсу, өркендеу туралы қалай сөз қозғауға болады?!», – дейді Анар Еркебай.
М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты Театр және кино бөлімінің меңгерушісі, өнертану кандидаты Аманкелді Мұқан сахна өнері саласында ілгері жылжу бар, бірақ кемшіліктер де жетерлік екенін сөз етті. Айтуынша, соның бірі – өңірлік кей театрлардың көбіне жергілікті атқамінерлердіңң ығына жығылып, солардың қолайына жағатын, ортаңқол дүниелерді сахналауы. Ол бұл орайда, театрдың шығармашылық процесіне, репертуар саясатына әкімшіліктердің араласуы театрға абырой әпермейтінін баса айтты.
Белгілі театр сыншысы Бақыт Нұрпейіс қазақ классикасының қойылуы сиреп кеткеніне қынжылыс білдірді.
«Аймақтық театрлар классикалық шығармаларды қоюға жүрексінеді. Себебі, оны өз деңгейінде алып шығатындай талантты актерлер жетіспейді. Ұлттық драматургияны қойған күнде де өңін айналдырып, мағынасын өзгертіп, бұрмалап жіберетіндері де бар. Облыстық театрларда білікті, кәсіби мамандар аз, көпшілігінде кадр тұрақтамаушылығы байқалады. Театр фестивальдері кезінде біз кейде тіпті «Ең үздік әйел ролі» номинациясына лайықты адам таппай қиналамыз», – дейді театртанушы.
Жиынға қатысушылар сондай-ақ аймақтық театрлардағы жалақының аздығы, қаншама жылдық тарихы бар кей театрлардағы актерлердің құрметті атақтарға, марапаттарға ұсыныла бермейтіні, репертуар саясатындағы олқылықтар, режиссура мен сценография бойынша көркемдік ізденістердің тапшылығы жөнінде әңгіме тарқатты.
Белгілі драматург Сұлтанәлі Балғабаев, ғалым, ұстаз Сағатбек Медеубекұлы, сонымен қатар Зухра Исламбаева, Меруерт Жақсылық сынды өнертанушылар да қозғалған мәселе бойынша өз ой-пікірлерін ортаға салды.
Жиынды қорытындылаған М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Кенжехан Ісләмжанұлы Президент көтерген мәселеге орай өткізіліп отырған бұл мәжілістің маңызы зор екеніне тоқталды.
«Өз арамызда айтып қоя салмай, бұл мәселелерді қоғамдық деңгейге көтеру керек. Сол кезде билік те, халық та еститін болады. Көрерменді тәрбиелеу мәселесі де өзекті. Қазір кейбір спектакльдер жеңіл-желпі, күлкі үшін ғана қойылады. Осыдан талғам төмендейді. Ал адамдардың рухани қажеттілігі терең. Театр сол қажеттілікті өтей алуы керек. Бізде сол жағы кемшін түсіп жатыр. Қысқасы, мәселе көп. Шешілмеген нәрсе жетерлік. Ой бөлістік, бір-бірімізді тыңдадық. Енді осы айтылғандар іске асса екен дейміз», – дей келе, Кенжехан Матыжанов алқалы жиында қозғалған мәселелер мен айтылған ой-пікір, ұсыныстардың тиісті орындарға жеткізілетініне сендірді.