«МАҒАН ЖҮРЕК КЕРЕК...»

«МАҒАН ЖҮРЕК КЕРЕК...» ЖИ көмегімен салынды

·  Әлемде жыл сайын 100 мыңнан астам адам ағзасын ауыстырады екен. Оның ішінде алғашқы орында тұрғаны – бүйрек трансплантациясы. Біздің елде де бүйрекке, бауырға, жүрекке кезекте тұрған адам жетерлік. Былтыр елімізде 250 ағза ауыстыру операциясы жасалды, оның 227-сі – тірі адамнан, 23-і мәйіттік донордан алынды. Алайда, мұқтаж жандардың бәріне донор табыла бермейді. Сондықтан трансплантация отасына кезегі келгенше көз жұматындар да, өкінішке орай, аз емес.

  АЙНА

Алматылық Айнаның (аты өзгертілді) өмірі айнадай болған жоқ. Айтуынша, туған анасынан ерте айырылып, өгей шешенің, тұйықтау әкенің қолында жылуға, мейірімге зәру болып өскен. Кейіннен әкесінен де айырылған. Бейғам балалығы таусылып бітпес үй жұмысының күйбеңінде, өгей ананың қабағына қарау өткен. Күз бен қыстың бойдан өткен суығы бала күні санасындағы жетімдік тұманымен бірге сарытап зардап болып қалғандай.

Бала күнінен өкпе-ренішпен, күйзеліспен, өзін өзгелерден қор санап, тойып та тамақ ішпей, ауыр жұмыстар атқарып өскен Айна аурушаң болды. Алдына үлкен мақсаттар қойып, биік армандарға қол соза алмады. Оныншыны бітірген соң, енді ғана әскери борышын өтеп оралған көрші ауылдың қарапайым шаруа жігітіне тұрмысқа шықты. Сүйіп-күйіп қауышпаса да тағдыры солай табыстырды. Ата-енесі де қарапайым жандар, жасынан үй тірлігіне пісіп өскен келініне мін таққан жоқ. Бергенін ішіп, тілеуін тілеп отырды. Әттең, маңдайының тайқылығы ма, тағдырының тауқыметі онымен бітпепті. Енді ғана үй болып оңала бергенде, күйеуі ішкілікке салынып, бұған қол көтеретінді шығарды. Қартайған ата-енесі келінін қорғап-ақ бақты, алайда «жынды судың» желігіне мінген ұлына күнде араша бола алмайды ғой. Ақыры күйеуінің соқысынан іштегі нәрестесін де түсіріп алды. «Айналайын, балам, біз саған ризамыз, өкпеміз жоқ. Жасымыз келген адамбыз, мына ұлға қарсы тұрарлықтай қауқарымыз да қалмады. Басыңды босатайық», – деп ата-енесі ризалығымен басын ашып берді. 

Айна одан соң тағы бір рет тұрмыс құрды. Ағайындарының айтуымен әйелі қайтыс болған жалғызілікті үлкендеу ер адамға қосылды. Жалғыз жүргенше деп, тағы да тағдырына мойынсұнды. Ал әлгі ер адам ұзақ жыл бала сүюді армандап жүрген жан екен. Айнадан жас қой, балалы болармын деп үміттенгенін де жасырмапты. Бірақ Айна бала көтере алмады. Анығында – бала көтеруге болмайды. Екі бүйрегінде де ақау бар. Ал бүгінде екеуі де семіп қалған. Медицина қойған диагноз осы. Әзірге денсаулығы гемодиализ аппаратына тәуелді.

·  Гемодиализ – арнайы аппараттың көмегімен адамның қанын сүзгілердің көмегімен тазарту. Яғни ол жасанды бүйрек қызметін атқарады. Соған аптасына үш реттен келіп, ағзасындағы қан құрамын тазалатады. Аппарат астында бақандай төрт сағат жатады. Айна бұдан да әбден қажып кеткенін айтады. Қос бүйрегінің біреуін бере қоятын етжақын туысы да жоқ...

«НӘЗІК» ТАҚЫРЫП

Иә, бүгінде медицина қарқынды дамыған. Сондықтан тірі донордың көмегімен оның бір бүйрегін немесе бауырының бір бөлігін алып, науқасқа салу тәжірибесі кең таралған. Яғни, органды ауыстырғанда бауырға байланысты адамның қан тобы, бүйрекке байланысты иммунологиялық жағынан сәйкестік болса, пациенттің туысы донор бола алады. Бірақ мұндай сәйкестіктің үнемі бола бермейтінін, әрі өмір болған соң түрлі жағдайлардың орын алатынын ескерсек, трансплантация мәселесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Оның ішінде мәйіт трансплантациясы әлі күрмеулі күйінде тұр.

Мәселен, Америка, Еуропа елдерінде мәйіттік донордан трансплантация жасау, яғни орган ауыстыру кезегінде тұрған науқасқа өмірден өткен адамның ағзасын салу тәжірибесі кең таралған. Ал Азия елдерінде бұл әдіс әзірге құптала қойған жоқ. Бұл тұрғыдағы пікірлер әлі де екіге жарылып тұр. Бір топ «науқас адам туғанда қалай жаралса, о дүниеге солай бүтін күйінде кетуі керек» дейді. Ал екінші топ «адамға көмектесу бірінші орында тұруға тиіс, науқастың немесе оның туыстарының рұқсатымен сау ағзасын сырқат адамға салса, бір адамға өмір сыйлар еді» дейді. 

БІР ӨЗІ АЛТЫ АДАМҒА ДОНОР БОЛДЫ

Жуырда Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ-да екінші жүрек трансплантациясы сәтті жасалды. 43 жастағы Дәурен бес жыл бойы энергетикалық сусындарға шектен тыс әуес болып, үздіксіз іше берген. Нәтижесінде жүрегі дертті болып, оған ешбір дәрі-дәрмек те шипа болмаған. Дәуренге Алматы облысының 45 жастағы тұрғынының жүрегі салынды. Марқұмның туыстарының келісімімен оның жүрегінен бөлек, бүйрегі Жетісу облысының тұрғыны 17 жастағы науқасқа А.Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығында және астаналық 18 жастағы пациентке University Medical Center-де трансплантацияланды, өкпе  «UMC-те қостанайлық 43 жастағы пациентке, көз қабығы кератопластикасы екі реципиентке трансплантацияланды. Демек, Қазақстанда да трансплантология жасауға машықтанған мамандар, әлемдік стандарттарға сай заманауи технологиялар  бар. 

·        Маман мінбері

 Марат ПАШИМОВ, Алматы Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ Басқарма төрағасы:

 АДАМГЕРШІЛІКТЕ ШЕКАРА БОЛМАЙДЫ

 – Жалпы, донор, трансплантология біздің қоғамда әлі де «нәзік» тақырып секілді. Оңай құптала қоймайтындай ма, бұл тұрғыда не дейсіз?

– Ауыр жүрек аурулары тез өршиді және шұғыл емдеуді қажет етеді. Жүрек трансплантациясы – соңғы сатыдағы жүрек жеткіліксіздігінің ең тиімді емінің бірі. Сырқат жүректі сау жүрекке ауыстырғаннан кейін пациент сапалы және ұзақ өмір сүре алады. Қайтыс болған туысқанының ағзаларын басқа адамдардың өмірін сақтап қалу үшін беруге келісу – үлкен адамгершілік. Мұндай адамдар зор құрметке ие. Себебі, бір донор бірнеше өмірді құтқара алады. Ислам діні де ағзаларды трансплантаттауға тыйым салмайды. Адам өміріне қауіп төнген жағдайда басқа адамдардың ағзаларын беруге немесе қабылдауға болады деп есептейді.

Донор болу үшін қандай критерийлер бар? Жүректі, мәселен, мұқтаж адамға салу үшін қай жағынан сәйкес келуі шарт? Кімдер донор бола алады?

Донорлық процестің кезеңдері, ықтимал донорды тексеру тәртібі, қайтыс болғаннан кейінгі донорды анықтау кезіндегі транспланттау үйлестірушілерінің іс-қимыл алгоритмі, ми өлімін анықтау ережелері бар.

Қайтыс болғаннан кейінгі донорлыққа өзінің ерік білдіруін тіркеу үшін Қазақстанның азаматы тіркелген жері бойынша емханаға жүгінуіне болады, ол тіркелімге енгізіледі. Қазіргі уақытта «электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы үйден шықпай-ақ донорлыққа өз еркіңізді тіркеуге мүмкіндік бар.

Жүректі мұқтаж адамға салу үшін де іріктеу критерийлері бар: реципиент қан тобына, дене салмағының индексіне, бойына қарай таңдалады. Донордың салмағы реципиенттің салмағынан 30%-дан аспауы тиіс. Жүрек доноры 60 жастан үлкен болмауы керек, өйткені мұндай жүректің кардиопатия мен жүрек жарақаты жоқ, қалыпты ЭКГ және ЭХОКГ бар қалпына келтіру үшін жеткілікті резерві және т.б. болуы қажет.

– Алматыда, сіздердің институтта екінші рет жүрек трансплантациясы жасалды. Бірінші пациентпен байланыстарыңыз бар ма, денсаулығы қалай?

Иә, бірінші пациентіміз Данияр,үнемі біздің дәрігерлердің бақылауында. Жылына екі-үш рет кардиология бөлімшесінде стационар жағдайында ем алып тұрады. Өткен айда донорлық жүрек салынған екінші пациентіміздің де жағдайы қазір жақсы. Бірер күннен кейін ол клиникамыздан шығып, үйіне оралады.

 Дін дәйегі

 Тимур ӘЛІМОВ, Алматы Орталық мешітінің имамы:

 ТІРІ ПЕНДЕ ТІРШІЛІГІН ЖАСАЙДЫ...

 Исламда трасплантация жасау, яғни бір адамның кейбір ағзаларын екінші бір адамға ауыстырып, қондыруға рұқсат етіледі. Сонымен қатар, ауырған сәтте емделу жолдарын іздеуді міндеттейді. Демек, трансплантация жасау да адам баласының жанын сақтап қалуға себеп болатын емдеу жолдарының бірі.

Алла Тағала былай дейді: «Кім кісі өлтірмеген немесе жер жүзінде бұзақылық қылмаған біреуді өлтірсе, сонда шынайы түрде барлық адамды өлтіргенмен тең және кім оны тірілтсе, (өлімнен құтқарса) барлық адамды тірілткенмен тең».

Адамның денсаулығына қатер төнген жағдайда тіріден тіріге ағзаларды трансплантация жасау рұқсат болғандай, зәру болған жағдайда өлген адамның ағзаларын тірі адамға да ауыстыруға болады. Өйткені, өлген адам Құран мен хадисте айтылғандай, тірі адаммен бірдей құрметке лайық болады. Әрі, өлгеннен кейін мүшелерін басқа біреуге ауыстырған жағдайда да оның құрметі төмендемейді. Сонымен бірге, тірі адамның мүддесі өліге қарағанда жоғары тұрады. Себебі, тірі пенде тіршілігін жасап, Алланың шариғаты мен дінін насихаттайды, жалғыз Жаратушыға құлшылық етеді.

 «Ақшамның» анықтамасы:

Ағзаларды трансплантаттау – ағзаларды (ағзаның бөлігін) және (немесе) тіндерді (тіннің бөлігін) организмнің басқа жеріне немесе басқа организмге ауыстырып салу.

Ағзаларды трансплантаттау ересек адамға да, балаға да қажет болуы мүмкін, ешкім денсаулығынан айырылудан сақтандырылмаған. Көптеген ауру адам ағзасының жұмысын тоқтатып, оны ауыстырып салу қажеттілігіне әкеп соқтыруы мүмкін.

 Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 210-бабына және 212-бабының 1 және 3-тармақтарына сәйкес тірі (тірі кезіндегі донор) және қайтыс болған адам (қайтыс болғаннан кейінгі донор) донор бола алады.

  Қайтыс болғаннан кейінгі бір донордың органдары шамамен 7 адамның өмірін құтқара алады.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:23

16:21

15:22

14:47

14:25

13:38

12:33

12:10

11:46

11:14

10:45

10:13

09:15

09:12

22:39

20:06

18:29

17:57

17:41

17:25

17:11

16:43

16:28

16:15

15:51