ҚОНАЕВ ҚҰТХАНАСЫ 

ҚОНАЕВ ҚҰТХАНАСЫ  Sputnik / Тимур Батыршин

Қазақ халқының ардақты ұлы, дара тұлға Дінмұхамед Қонаев ұзақ жылдар Алматыдағы Төлебаев көшесі бойындағы №119 үйде тұрды. Қазір бұл үй мемориалды пәтер-мұражайға айналған. Біз Алматы қаласы музейлер бірлестігі, Д.Қонаев музейінің ғылыми қызметкері Құралай Қожаханованы әңгімеге тарттық.

 «Ақиқаттан аттауға болмайды»

 

– Құралай Кәріпжанқызы, Қонаев музейінің қайта жаңартудан өткені белгілі. Қандай жаңашылдық, жаңалық бар?

 Халқының құрметіне бөленген Димаш Ахметұлының қазір екінші дәуірі басталғандай. Осыдан бірер жыл бұрын, яғни 2022 жылы музей толықтай қайта жаңартудан өтті. Мұндағы жәдігердің барлығы баға жетпес құндылық. Сондықтан  олар сол қалпында тұр. Жөндеу жұмысы жүргізілген соң,  келушілер легі тіпті көбейе түсті. Міне, мына жаңа реэкспозиция «Қонаев дәуірі» деп аталады. Жалпы, музей экспозициясы Д.Қонаевтың «Ақиқаттан аттауға болмайды» деп аталатын естелік кітабының негізінде жасалып отыр. Музей толығымен заманауи талаптарға сай жасақталды. Қазір мұнда ақпарат алуға барлық мүмкіндік жасалған. Сенсорлы қондырғылар мен электронды жүйені қосып, қысқаша деректі фильммен қоса, ретро көгілдір экраннан тұлға туралы, ол кісімен етене жақын жүрген көмекшілері айтқан естеліктерді үш тілде тыңдауға әрі көруге болады. Сонымен қатар,  QR-кодтар қойылып, дыбысталған аудиогид жүйесі енгізілді. Музейдегі мультимедиа құралдарының тағы бір ерекшелігі, көгілдір экраннан Д.Қонаевтың естеліктері негізінде жасалған субтитрлі аударманың көмегімен үш тілдегі бірнеше деректі фильмді көріп, тамашалауға болады.  

Соңғы жаңалығымыз, ерекше қажеттілігі бар адамдардың да музейге келуіне жағдай жасалып отыр. Заманауи жеделсаты салынды. Сондай-ақ, музейге келушілер бірінші және екінші қабатында орналасқан хронология жүйесі бойынша Д.Қонаевтың өмірбаянымен танысуларына болады. Мәселен, Д.Қонаевтың шығу тегі, ата-бабасы жайлы жазылған «Ақиқаттан аттауға болмайды» кітабының алғашқы бетіндегі шежіре қойылды. Бірінші қабатта Д.Қонаевтың отбасы, ата-анасы, балалық шағы мен студенттік кезі мен қарапайым өсу баспалдақтары, қоғам қайраткері ретінде қалыптасу жолы туралы деректер мен тарихи мағлұматтар қойылған. Кемеңгер тұлға мұражайы әлі де жаңа деректермен толығып жатыр.  

 Әлгінде өзіңіз көрген сыйлықтар мен қару-жарақтарды кезінде Димаш Ахметұлына шетел басшылары, мемлекет, қоғам қайраткерлері мен әскери шенді қызметтегі басшылар сыйға берген. Жапония президенті Ясухиро Накасонэ, Румын президенті Н.Чаушеску берген сыйлықтар да осында. Қазір ол сыйлықтар музейдің екінші қабатынан орын алды. Тағы бір жаңашылдық – Д.Қонаев бес жыл Министрлер кеңесінің төрағасы қызметін атқарған кезде Үкімет үйінде пайдаланған жұмыс үстелі осында тұр. Бұл жәдігер кемеңгердің қызметтік кезеңінің белгісі, көз алдыңызға оны елестететін гипперреалистік бейнесінің қойылуы да келушілерді бей-жай қалдырмасы анық. Тіпті, кейбір кісілер «осы бейнені көру үшін арнайы іздеп келдік» дейді.

 

Жәдігердің де жаны бар

    Мұражайдың атқарып отырған міндеті туралы да бірер сөз айтсаңыз...

    Алғаш рет 2012 жылдың 12 қаңтарында Димаш Ахметұлының туған күнінде ашылды. Әрине, халқы үшін Қонаевтың мемориалдық пәтер-музейінің ашылуы елеулі оқиға болды. Мемлекет қайраткерінің тұрған үйі, тұтынған заттары сол қалпында халыққа ұсынылды. Содан бері бұл үй бүгінгі ұрпақтың өткен тарихты елестете отырып, тағылым ететін орнына айналды.

Сақталған жәдігерлер Дінмұхамед Ахметұлының жекелеген заттары, тұрмыстық, техникалық құралдары, 5 мыңнан астам анықтамалық және көркем әдебиет кітаптары, авторлардың жекелей қолтаңбасы жазылған кітаптар, іссапарға барғанда мұсылман елдерінен жинаған Құран кітаптары, түрлі саладағы бейнелік топтамалар, жиһаздар, мерейтойларына арналған көптеген сыйлықтары, 450-ден астам оттықтар топтамасы сияқты заттар қойылған. Халқы үшін сіңірген зор еңбегі үшін үш рет Социалистік Еңбек Ері деген жоғарғы атаққа, 8 рет Ленин, Еңбек Қызыл Ту және Октябрь революциясы ордендерімен, 50-ге жуық медальдармен марапатталды. Марапаттардың бәрі осында тұр. Музейіміздегі жәдігерлер мен фотосуреттер арқылы Д.Қонаевтың үнемі жұмыс басында, ел арасында, құрылыс пен егіс алқабында жүргенін байқауға болады. Әрине, ол заманда ел басқару оңайға түскен жоқ. Десек те, Қонаев музейінің жәдігерлері арқылы өткен тарихтың құпиясы мен қыр-сырын аңғаруға, тереңірек білуге болады. Мұнда Дінмұхамед Қонаевтың көп жылғы жемісті еңбегінің нәтижесі сараланып, Қазақстанға қалдырған мұрасы, оның ішінде экономикалық, әлеуметтік және мәдени жетістіктері баса көрсетіліп отыр.

    Әулет иелерінің отбасында қолданған дүниелері де келушілерді қатты қызықтырады. Музейдегі әрбір жәдігердің өзіндік тарихы бар. Мәселен, ол кісінің зайыбы Зухра Шәріпқызының қолынан шыққан бұйымдардың барлығы бар.  Өз қолымен кестелеп тіккен жастықшалары, тұтынған ыдыс-аяғы, әтір, опа-далабы сол күйі сақтаулы тұр. Отбасылық тұтынған дүниелерін тамашалаған келушілер тұлғаның қарапайымдылығына тәнті болғандарын айтады. 

Жалпы, музей дегеніңіз барлық құндылықтың кені ғой. Оның басты қызметі – бағалы байлықты, рухани құндылықты сақтап қалу. Мұражай ұжымының басты мақсаты – Қонаевтың мұраларын жинақтап, зерттеу. Бұл ретте музей ұлы тұлғаның мұрасын ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеп, оның есімін насихаттап, келушілерге мәдени-ағартушылық қызмет көрсетеді. 

 – Музейдегі ең басты талап қандай?

– Бұл мемориалды пәтер-үй тек Д.Қонаевтың музейі ғана емес, көрнекті мемлекет қайраткерінің өмірі мен қызметін, Қазақстан тарихын зерттеу, насихаттау орны. Әлі талай ұрпаққа қызмет ететін мекеме. Сөз жоқ, әрбір тарихи жәдігер ел болашағы – жастарымыздың патриоттық сезімін оятып, олардың ұлттық құндылықтарымызды құрметтеуіне ықпал етеді. Сондықтан біз мұражайдағы әрбір жәдігерді көздің қарашығындай сақтауға тиіспіз. Әлемдік үрдіске сай, мұнда суретке түсуге, жәдігерге қол тигізуге болмайды. Музей тыныштықты қалайды. 

 – Димаш Ахметұлының көлігі көзіме түспей тұрғаны...

 – Ол кісінің көлігі қазір Қонаев қаласында тұр.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:37

17:10

17:03

16:52

16:47

16:39

16:36

16:25

16:21

15:54

15:45

15:40

15:24

15:22

15:21

14:56

14:31

14:21

12:51

12:38

12:25

12:20

11:33

11:19

11:17