Қазақ әдебиетінде әр дәуірдің өз үні, өз үміті, өз тұлғасы бар. Ал кейбір жазушылар уақытпен ғана өлшенбейді – олар әдебиеттің өзегінен ойып орын алып, ұлт руханиятына айналады. Сондай тұлғаның бірі – Қалихан Ысқақ.
Қаламгер шығармашылығы – рухани кеңістігіміздің алтын арқауы. Ол – қарапайым қазақ тіршілігінің өзегінен көркемдік әлем жасап, оқырманын ойлы сөзімен тәрбиелеген, әдебиетті жанымен сүйіп, сөздің салмағына, поэзияның иіріміне терең бойлаған суреткер.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы-драматург Қалихан Ысқақтың 90 жылдығына орай жуырда Алматыдағы Ұлттық кітапханада өткен конференцияда қаламгердің әдеби мұрасы мен адами болмысы жайлы қаламдастары мен замандастары терең пікірлер айтып, сыр бөлісті.
Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев аға буын қаламгерлердің, оның ішінде осы Қалихан ағаның әдебиетке жаңа келген жастарға қамқорлығы ерекше болғанына тоқталды: «Біздің заманымызда, әсіресе 70-жылдардан бастап Қалихан аға әдебиетке де, Жазушылар одағының тіршілігіне де белсене араласты. Бұрын бір мәселе туындаса бірден Жазушылар одағына жиналатынбыз. Сондай сәттерде ең бірінші қамқорлық жасайтын, қолдау көрсететін – осы Қалихан аға, Әкім аға, Сайын ағалар еді. Олардың алдында Ғабит Мүсірепов, Сәбит Мұқанов, Ғабиден Мұстафин сынды алыптар болды. Ол кісілер біз үшін әулиедей болатын.
Қазір жазушы көп, бірақ Қалихан ағаның бойындағы шынайы талант – сирек құбылыс. Оның жазғанын оқығанда, авторының кім екенін айтпай-ақ, бірден Қалихан ағаға тән қолтаңбаны танисыз. Ол – қазақ әдебиетінің шынайы әдебиет болуына үлес қосқан қайраткер», – дейді Сұлтанәлі Балғабаев.
Қалихан Ысқақ шығармашылығы тек қазақ әдебиетінің шеңберімен шектелмейді. Ол түркі дүниесіне ортақ рухани кеңістікте еңбек етті. Еліміздегі өзге этнос өкілдерінің шығармашылығына да бейжай қарамағанын замандастары ілтипатпен еске алады. Ұйғыр әдебиетінің көрнекті өкілі, жазушы Ахметжан Ашири Қалихан ағаны қаламдас дос қана емес, рухани тірек санағанын айта келіп: «Қалиханды сағыну – жүректе қалып қойған бір жарық нүктеге қайта-қайта оралу сияқты. Ол тек қазақ әдебиеті үшін емес, күллі түркі әлемінің мәдени кеңістігі үшін маңызды суреткер болды. Жазушы ешқашан өлмейді. Қалихан Ысқақ – тірілердің арасында жүрген рухани алып. Қаймағы бұзылмаған қазақ сөзін бізге сол кісі жеткізді. Мен оны бақилыққа кетті деп айта алмаймын. Ол біздің арамызда. «Тірілердің арасында өлгендер жүре береді» деуші еді өзі. Жазушыны еске алудың өзі – рухани байлық. Осы Қотанқарағай өңірінен шыққан жігіттердің бәрі мықты. Дидаxмет, Әлібек, Асқар сынды азаматтар – әрқайсысы бір-бір тұлға. Бұл елдің топырағы мықты ма, халқы ма әлде табиғаты ма – білмеймін, бірақ бір күш бар, бір рух бар. Лайым сол рух өшпесін, сол мықтылық жалғаса берсін!», – деп көркем сөз шеберіне деген шексіз құрметін жеткізді.
Қалихан Ысқақ прозасына ден қойғанадам өлең оқығандай әсерде қалады, поэтикалық тынысты бірден сезінеді. Жазушының стилі туралы айтқанда, оның әдеби тамыры Мұхтар Әуезовтен, Жүсіпбек Аймауытовтан бастау алатынын, ал шетел әдебиетінен Бунинмен рухани үндестік тапқанын көреміз. Қалихан ағаның өзі де Буниннің керемет стилист екенін, оның сөз бояуын, ішкі ырғақ пен тереңдігін жоғары бағалағанын аңғартқан.
«Қалихан Ысқақ – қазақ прозасының поэтикалық болмысын даралай білген қаламгер. Ол әлем әдебиетін терең меңгеріп, көркемдік-эстетикалық парадигмаларды жақсы игерген. Өз толғамдарында кәсіби қазақ прозасының бастау көздерін дәл тап басып, әдеби стиль мен эстетикалық ықпалдардың бағыт-бағдарын жүйелі саралаған. Жазушы өзіне әсер еткен әдеби дәстүрлерді шартты түрде схемаға салғандай саралаған. Оның шығармашылық тамыры Мұхтар Әуезов, Жүсіпбек Аймауытов, орыс әдебиетінің «алтын ғасыры», әсіресе Иван Бунин прозасымен ұштасып жатады. Қалихан аға Буниннің сөз шеберлігіне, стилистикасына ерекше мән берген. Оның шығармаларын қазақша тәржімалағанда көп нәрсе үйренгенін, жазуынан аңқып тұратын поэзия иісін жеткізуге ұмтылғанын айтады, – дейді әдебиеттанушы, сыншы Әлия Бөпежанова.
Әдебиеттанушының пікірінше, Қалихан Ысқақ өзі де аса көркем, әуезді, сан құбылмалы бояуға тұнып тұрған тілмен жазған қаламгер болатын. Оның көркемдік әлеміне енген адам бірден тілдің құдіретін сезінеді. Бұл тұрғыдан алғанда, Қалихан Ысқақ – Жүсіпбек Аймауытов пен Мұхтар Әуезов дәстүрін өзінше жалғастырып дамытқан бірегей суреткер. Көркем тілдің нәрін, қазақ сөзінің қасиетін терең сезінгісі келген жанға, әсіресе қалам ұстауға талаптанған жасқа Қалихан шығармаларына қайта-қайта оралып отыру ауадай қажет. Өйткені, Қалиханнан алатын тәлім тек көркем тілмен шектелмейді. Оның шығармаларындағы публицистикасы да – ұлттың бары мен жоғын түгендейтін, елдің тағдырына алаңдаған нағыз ұлттық ой иесінің үні. Қаламгер тарихи шындықты көркемдікпен қайта тірілтеді, қажет болса – ұлт рухын қайта жазады. Сонымен қатар, ол ұлттың мұңы мен үмітін, қайғысы мен қуанышын біртұтас жүйелі оймен жеткізе біледі. Қалихан Ысқақ шығармалары – ұлттық рухты, ұлттық кодты дәріптеудің мектебі. Бұл – жас жазушылар үшін үлкен үлгі.
Көрнекті ақын Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, Қалихан Ысқақ – әдебиетке ерекше талғаммен келген қаламгер. Оның тек өз шығармашылығымен шектелмей, өзгелердің жазғанына да жанашырлықпен қарап, кейбір жартылай қалған дүниелерді толықтырып, аяқтап бергені – қаламгерлік үлкен жауапкершіліктің үлгісі.
Ұлықбек Есдәулет бұл ретте жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» романын мысалға келтірді. «Егер Қалихан аға араласпағанда аталмыш туынды оқырман қолына толыққанды шығарма болып тимеуі мүмкін еді», – дейді ол.
Қалихан Ысқақты еске алғанда, Рымғали Нұрғалидың «Жиырмасыншы ғасыр – қазақ әдебиетінің алтын ғасыры болды» деген сөзі ойға оралады. «Меніңше, сол алтын ғасырды XXI ғасырда Қалихан аға сынды қаламгерлер жалғады», – дейді ақын. Бұл дәуірде де Қалихан Ысқақ талғамы биік, сапасы жоғары шығармалар беріп қана қоймай, өзге авторлардың да жазғанын түзетіп, кеңес беріп жүргені жиі айтылады. Ұлықбек Есдәулет осы орайда Әбдіжәміл Нұрпейісов те кей шығармаларын Қалихан ағаға оқытып отырғанын айтты. Ол сондай-ақ
Қалихан Ысқақ пен Асқар Сүлейменовтің шығармашылық достығы да ерекше болғанына тоқталды. Оның айтуынша, қос қаламгердің арасында тек рухани жақындық емес, шын мәніндегі әдеби сенімге негізделген байланыс орнаған. Асқар Сүлейменовпен көрші тұрған ақынның есінде ерекше сақталған бір жайт – ол кісі өз шығармаларын ешкімге сеніп тапсырмай, тек Қалихан ағаның ғана пікіріне жүгінуі. Кейде: «Сен Одақта жүрсің ғой, мына шығарманы Қалихан ағаңа апарып берші», – деп оны курьер ретінде жұмсаған көрінеді. Қалихан аға ол шығармаларды оқып, қажет тұстарына ескертпелер жазып, әдеби тұрғыдан бағыт беріп отырған. Бұл – жазушының жоғары талғамы мен әділдігінің, сондай-ақ қарапайымдылығының белгісі. Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, кейбір драматургтер де Қалихан ағаға келіп, диалог жазып беруді өтінген сәттер болған. Сондай кездері Асқар Сүлейменов: «Бұл тек Қалиханның қолынан келеді», – деп, жазушының тілге, стильге шеберлігін ерекше бағалаған.
Бүгінде Қалихан ағаның әдеби мектебі Асқар Алтай сынды кейінгі буын жазушылардың шығармаларынан да анық байқалады. Бұл – уақыт сынынан өткен үлкен мектептің жалғасы. Ұлықбек Есдәулеттің айтуынша, қара сөздің қаймағын бұзбай жеткізе алатын қаламгерлер саусақпен санарлық. Қалихан Ысқақ – сол санаулының бірі.
Қорыта айтқанда, Қалихан Ысқақтың туғанына 90 жыл толуына орай, ҚР Ұлттық кітапханасында «Қазақы қара сөздің алдаспаны» деген атпен өткен ғылыми конференцияда қаламгердің шығармашылық жолы, әдебиеттегі орны мен ұлт руханиятына сіңірген ерен еңбегі кеңінен баяндалды.
Қалихан Ысқақ – XX ғасыр әдебиетін XXI ғасырға жалғаған алтын көпір. Оның шығармашылығы – сөзге, әдебиетке, ұлтқа деген адалдықтың үлгісі. Қламгер мұрасын оқу – көркем сөзге, терең ойға, ұлттық рухқа бойлау.
Қалихан аға – көзі тірісінде де, бүгінгі күні де рухани биік тұлға. Оның 90 жылдығын атап өту – тек бір қаламгерді еске алу емес, тұтас бір дәуірді, әдебиетті, мәдениетті ұлықтау.