ҒАБИТ МҮСІРЕПОВ – 120
Қазақ сөз өнерінің хас шебері, көркемсөз зергері, халық жазушысы, драматург, сыншы Ғабит Мүсірепов туралы мәліметтердің, естеліктердің басын құрап едік, соны назарларыңызға ұсынамыз.
Ғабді әл-Ғабит
Ғабит Мүсірепов 1902 жылы Солтүстік Қазақстан облысында шаруа отбасында дүниеге келген. Азан шақырып қойған есімі – Ғабді әл-Ғабит, арабша «Құдайдың құлы» деген мағынаны білдіреді екен. Әкесі Махмұт діни сауатты, өз ортасында беделді адам болған деседі. Жазушы да алғашқы сауатын молдадан ашқан. Барлық шығармасын төтеше жазуының да себебі сол болар дейді зерттеушілер.
Иә, Ғабит 1908–1910 жылдары өз ауылында молдадан оқып, арабша хат таниды. Одан соң ауылдағы Ыбырай Алтынсарин жүйесімен ашылған орысша-қазақша бастауыш мектебінде оқиды. 1918–1921 жылдары Пресногорьков станциясындағы жоғары жеті жылдық училищеде орысша білімін шыңдайды. Ал 1923 жылы жазушы Сәбит Мұқановпен бірге Орынбордағы жұмысшы факультетіне түседі.
Ғабит Мүсіреповтің алғашқы туындысы, яғни «Тулаған толқын» деп аталған очеркі «рабфактің» қабырға газетінде жарияланған екен. Әдебиет зерттеушілері оны көркем шығарма деп те санаған. Өйткені, бұл шығарманың өн бойында әрі деректілік, әрі көркемдік қасиеттер тоғысқан деп бағалаған. Бертін келе, қаламгердің суреткерлігіне тамсанушылар оны прозадағы ақын деп тани бастаған.
Қос қаламгер
Ғ.Мүсіреповтің әдебиетпен айналысуына түрткі болған адам – Сәбит Мұқанов. Қос қаламгердің жас аралығы бар болғаны екі жас. Жазушы өзінің «Автобиографиялық әңгімесінде» былай деп жазады: «Менің кітапқа деген құмарлығымды, аздыкөпті сынай алатынымды байқап, Сәбит маған «жазуға кіріс» деп мазалап жүрді. Сәкеннің көрдей қараңғы бөлмесінде Сәбитпен бірге тұрдым. Бейімбет пен Сәкеннің өлеңдерін газет-журналдардан оқи бастадым. Бейімбеттің «Шұғаның белгісі» бір түрлі әдемі жазылғанын көрдім. Ішімнен жазуды қаласам да, қолым бармай жүрген». Одан кейін жанына ертіп, ақыл-кеңесін айтып, шығармашылық қолдау көрсеткен жазушылардың бірі Бейімбет Майлин екен.
Ғ.Мүсірепов 1926 жылы жұмысшы факультетін бітіреді. Ал 1926-1927 жылдары Омбы қаласындағы ауылшаруашылық академиясында оқиды. 1927-1928 жылдары Щучинск орман шаруашылығы техникумында оқытушы болып еңбек етеді. 1927 жылы коммунистік партияның мүшелігіне өтеді.
1928 жылдан бастап Қазақстанның партия, совет баспа орындарындағы әртүрлі жауапты қызметтерде болған. 1928– 1932 жылдары Қазақстан мемлекеттік баспаның бас редакторы міндетін атқардаы. 1933 жылы Қазақ КСР оқу халық комиссариатының өнер секторының меңгерушісі, 1934-1935 жылдары алдымен «Қазақ әдебиеті», кейін «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болады.
Қара қарындаш
Ғабит Мүсіреповтің жазу үстелінде ұшы бар оннан астам қара қарындаш пен өшіргіш жататын болған екен. Шығарма жазу үстінде көңіліне ұнамаған тұсын дереу өшіріп, түзетіп отырған. Сол себепті оның қолжазбаларынан сызып түзетілген сөздерді табу қиын деседі. Ақ парақтың өзін мұнтаздай таза ұстаған.
Жазу үстелінде сия сауыты пен қаламы да болған. Оны өзі айтқандай, ресми жазуларға ғана пайдаланыпты. Жазушы алғашқы кезеңдерде уәкілдік қызмет атқарса, өмірінің орта белінен асқанда жоғары лауазымды жұмыстар атқарған. Бұл шығармашылығына кері әсерін тигізбей қоймаған.
«Алғаш қалам ұстаған уақытта кеңседегі қызмет пен аласапыран замандағы ауыр шаруалар сағаттап жазу үстеліне отыруға мүмкіндік бермеді, – дейді естеліктерінде. – Абыр-сабыр басылып, ел жатқанда, шымылдықтың артында, бір бұрышта түнгі сменаға шыққан жұмысшыдай жазуға отырасың».
«Қазақ солдаты»
Қазақ әдебиетінің проза саласында екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбына арналған алғашқы шығарманы Ғабит Мүсірепов жазған. Оқ пен от оранған майдан шындығы бейнеленген «Қазақ солдаты» оның тұңғыш романы болды. Қаламгер бұл романын 2-3 рет өңдеген көрінеді. «Мен соғыс отын кешкен жоқпын. Майдан сұрапылының суреттерін көз алдыма ақылмен елестетіп жаздым. Шығарманы бірінші жақтан әңгімені геройымның өзіне айтқызып отырып, баяндаған тәсілімде сондықтан еді», – дейді жазушы естелігінде.
Сонымен қатар, қаламгер «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқты» пъесаларын жазған. Ол жазған «Қыз Жібек» операсы мен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» балетінің либреттолары қазақ операсындағы таңдаулы либереттоның қатарында.
Сөз зергері «Амангелді» атты бірінші қазақ киносының сценарийін жазуға үлес қосқан (Вс. Иванов, Б.Майлинмен бірге). «Махаббат туралы дастан» және екі сериялы «Қыз Жібек» фильмдерінің де сценарийін жазды.
Талғампаз
Шәкірттерінің бірі болған қаламгер Сәбит Досанов Мүсірепов жайында мынандай естелік жазған екен: «Алдымен күтушіге бетіне арнайы массажын жасатады. Содан кейін пудра жағып, тон салады. Ырғала жүріп, еш асықпай киінеді. Француз әтірін себеді. Үлкен қара көзілдірік кигенде беттегі әжімдер жасырынып қалады».
Талғампаздығы соншалық, галстук міндетті түрде костюмі- мен үйлесім табуы немесе шұлығы да аяқ киіммен үндесуі керек. Расында да, жазушы айна алдында көп тұрып, өзіне ерекше күтім жасаған деседі. Оның үстіне, қаламгердің осылай жүруіне жары Хұсни де себепкер болған секілді. «Басқалардың әйелі шалбарды су шашып үтіктесе, Ғабеңнің жары әтір сеуіп үтіктейтін», – делінген кей естеліктерде.
Аңшылық
Қаламгердің аңшылыққа жаны құмар болғаны туралы да көп естелік бар. Жұмыстың ауыртпалығынан арылу үшін кейде табиғат аясына шығып кететін болған. Жан сергітіп, әсем табиғатқа сырын ақтарып, шабыт алып қайтады екен. Үш мылтығы болған. Оның бірі – ескі бесатар, екіншісі – жапон мылтығы, ал үшіншісі – малопулька. Өзімен бірге көбіне соңғысын алатын болған.
Жазушының бильярдқа әуестігі де ерекше болыпты. «Қазақстанға бильярдты әкелген Ғабең» деген де сөз бар. Жалпы, шарды таяқ арқылы көздеп тұрып торға түсіретін ойын шығармашылық адамдарына өте пайдалы деседі.
Тағы бір хоббиі
Жазудан шаршағанда айналысатын тағы бір ермегі – таяқ жону болған. Барған жерлерінде көзіне түскен әдемі бұтақтарды кестіріп алып, соны жонып, әдемі таяқтар жасап шыққан.
Жазушы қолынан шыққан сол таяқтар қазір мұражайларда экспонат ретінде сақталған. Мүсірепов мұражайында жұрт қызыға қарайтын тағы бір дүние бар. Ол – досы Ғабиден Мұстафиннен келген ерекше орындық-таяқ. Оның екі құлақшасы болған. Ол құлақшаларды жазса орындық болып шыға келеді, ал жинаса қолға ұстайтын таяқ бола қалады..
Сөз соңы
Қазіргі таңда қаламгердің шығармалары әлемнің 34 тіліне аударылған. Франция, Англия, Бельгия, Германия, Испания, Венгрия, Въетнам, Моңғолия секілді біршама елдің әдебиет сүйер қауымы Ғабит Мүсірепов шығармаларымен танысып шығуға мүмкіндігі бар. Оның үш жүзге жуық шығармасы орыс тілінде басылып шыққан.
«Әлемдік әдебиет кітапханасы» деп аталатын 200 томдыққа Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы мен Ғабит Мүсіреповтің этнографиялық әңгімесі ғана енген.
Ол өмірінің соңына дейін 520 шығарма мен мақала жазып қалдырған.