Алматыда «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бедеулікті емдеудің заманауи әдістері талқыланды

Алматыда «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында бедеулікті емдеудің заманауи әдістері талқыланды Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясында репродуктивті медицина мамандары көмекші репродуктивті технологиялардың дамуы мен «Аңсаған сәби» мемлекеттік бағдарламасының нәтижелері туралы баяндады.

2021 жылдан бері аталған бағдарлама арқылы Қазақстанда 20 мыңнан астам экстракорпоралдық ұрықтандыру (ЭКО) циклі жүргізілді. Соның нәтижесінде 6–8 мыңға жуық сәби өмірге келген. ЭКО-ға бөлінетін квоталар саны 7 мыңға дейін ұлғайып, көп отбасына ата-ана болуға мүмкіндік берді. Бұл жөнінде Ана мен бала денсаулығын қорғау ұлттық ғылыми орталығының ЭКО бөлімінің меңгерушісі Эльвира Сарманова мәлімдеді.

Маманның айтуынша, орталықта соңғы жылдары жоғары технологиялық әдістер қарқынды енгізілуде. Атап айтқанда, жатырішілік ұрық хирургиясы мен эмбрионның генетикалық диагностикасы сияқты инновациялық тәсілдер қолданылып, туа біткен патологияларды емдеу бағытында жаңа операция түрлері дайындалуда.

«Біздің басты мақсатымыз – бедеулікке тап болған жұптарға бала сүю мүмкіндігін сыйлау. Бұл – тек медициналық емес, әлеуметтік маңызы бар бағыт», – деді Эльвира Сарманова.

Эмбриолог Мадина Спанова репродуктивті технологияларда time-lapse жүйесінің енгізілуі нәтижесінде эмбрионның дамуын үздіксіз бақылау мүмкін болғанын айтты. Бұл әдіс табысты нәтижеге жету ықтималдығын арттырады. Оның сөзінше, орталықта екі негізгі тәсіл қолданылады – дәстүрлі IVF және ICSI әдісі. Соңғысы сперматозоидтардың белсенділігі төмен болған жағдайда қолданылады.
Сондай-ақ, маман эмбриондарды мұздату (криоконсервация) процесінің ерекшеліктерін түсіндірді. «Арнайы ортада ылғалдылығы азайтылған эмбрион сұйық азотқа орналастырылады, онда температура -196°C-қа дейін жетеді. Бұл әдіс эмбрионның тіршілігін ұзақ уақыт сақтап, қажет болған сәтте оны ерітіп, қайта қолдануға мүмкіндік береді», – деді ол.

Репродуктолог Фирюза Кулманбетова бедеуліктің себептері әйелдерде де, ерлерде де тең дәрежеде кездесетінін атап өтті. Әйелдерде жиі кездесетін факторлар – овуляцияның бұзылуы, эндометриоз, гормондық теңсіздік және жатыр түтіктерінің бітелуі болса, ерлерде – сперматогенездің бұзылысы, инфекциялар, эндокриндік және тұқым қуалайтын ақаулар жиі байқалады.

Уролог Қуаныш Нұрғалиұлы ерлердің бедеулікке қатысты медициналық көмекке сирек жүгінетінін айтты.

«Бедеулік жағдайларының жартысында ер фактор кездеседі. Алайда көп жағдайда ер адамдар мәселені кеш анықтайды. Сондықтан профилактика мақсатында спермограмма мен гормондық талдаулардан өтіп, зиянды әдеттерден бас тарту қажет», – деді ол.

Шара барысында генетик Айжан Орманқызы болашақ ата-аналар үшін генетикалық кеңес берудің маңыздылығына тоқталды. 

Оның айтуынша, тұқым қуалайтын аурулар қаупін алдын ала бағалау үшін кариотиптеу, HLA-типтеу және NGS (жаңа буынды секвенирлеу) әдістері қолданылады.

Сондай-ақ, ол эмбрионды жатырға салмас бұрын генетикалық ақауларды анықтауға мүмкіндік беретін предимплантациялық тестілеудің (PGT) тиімділігін атап өтті.

Мамандардың пікірінше, уақытылы медициналық тексеруден өту, дәл диагностика және заманауи емдеу әдістерін қолдану көптеген отбасына көптен күткен ата-ана бақытын сыйлауға мүмкіндік береді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

16:41

16:38

16:15

16:10

15:55

15:38

15:23

15:11

14:53

14:52

14:40

14:27

14:10

12:34

12:15

11:44

11:20

10:54

10:49

10:39

09:51

09:39

09:21

09:05

09:02