Аруан Анартаевтың «Жоқтау» атты кинодебюті – адамның ішкі әлемін, сағыныш пен қасіреттің тоғысқан нәзік күйін тереңінен бейнелеген сезімге толы туынды . Атасының өмірінің соңына таяғанын естіген соң, туған ауылына оралған Дархан есімді жігіттің өміріндегі бір сәтті бейнелейтін нәзік әрі терең туынды. Фильм жақында ғана «Қорқыт ата» атты түркі халықтарының кинофестивалінде басты жүлделердің бірін иеленіп, «Ең үздік көркем фильм» атанды.
«Жоқтау» бұған дейін де әлемнің бірқатар беделді фестивальдерінде көрсетіліп, көрермен мен сыншылардың жоғары бағасына ие болған. Атап айтқанда, фильм Мысырдағы Порт-Саид халықаралық кинофестивалінде, Швейцарияның Локарно қаласында өткен 77-халықаралық кинофестивальде, Колумбиядағы Орталық және Шығыс Еуропа киносының 8-ші Al Este фестивалінде, Қырғызстанның Бішкек халықаралық кинофестивалінде және АҚШ-тың Вашингтон штатындағы Сиэтл халықаралық кинофестивалінде экранға шыққан.
Фильмнің оқиғасына тереңірек үңілсек, басты кейіпкерлер – жас жұп. Солардың бірі – Дархан, екіншісі – оның сүйіктісі. Атасының өмірінің соңына таяп қалғанын сезіп, жеті жыл бойы үйінен жырақта жүрген Дархан туған жеріне қайта оралады. Сол сапар барысында ол жарына туған өлкесінің салт-дәстүрі мен тұрмысын таныстырады. Сюжеті сырттай қарағанда қарапайым көрінгенімен, фабулалық құрылымының хронологиялық реттілігі бұзылып, түрлі эпизодтардың бір-бірімен қиылысып келуі арқылы фильм күрделі композициялық өрімге ие болады. Сонда, туындыдағы уақыт пен естеліктің арасына салынған нәзік көпір іспетті, ол көрерменге меланхолиялық, сыршыл әсер қалдырады.
Фильмнің атауы – «Жоқтау», өз ішінде бірнеше мағынаны қамтиды. Бұл тек бақилық болған адамға арналған аза емес, сонымен бірге режиссердің өз ішкі жан күйзелісін, ұлттық болмыстан ажырап қалғанына деген өкінішін бейнелейтін көркем символ секілді. Жоқтау – жоғалтқанды жоқтаудан гөрі, өз түп-тамырыңды іздеу, өткенмен тілдесу, «Мен кіммін?» деген сұраққа жауап іздеу сәті. Бастапқы көріністе Дарханның мәйітке арнап дайындалған ақ мата жыртып отырған сәті беріледі. Осы бір символдық әрекет – өлім мен өмірдің, үзілмес байланыс пен жоғалтудың арасындағы шекараны бейнелейді. Көрермен осы сәттен-ақ фильмнің финалын іштей сезеді, бірақ уақыт өткен сайын «жоқтау» ұғымының мағынасы кеңейіп, тереңдей береді. Бұл тек атасы Сағатқа деген сағыныш емес, режиссердің өз болмысын, тамырын қайта іздеген рефлексиясы.
Фильмнің дыбыстық қабатында да ерекше шешім бар: сыртқы (экзодиегетикалық) дыбыстар арқылы біз Дарханның ішкі әлемін танимыз. Қыздың бейнеқатардың үстіне түсірілген монологы арқылы көрермен оның балалық шағына үңіледі: көк өрім кезінде атасының қолында өскен бала туған анасын әпкесі секілді қабылдаған. Осы бір деталь – рухани ажыраудың, жан жарасының нышаны.
Ас үстіндегі әңгімелер де жай ғана тұрмыстық көрініс емес. Ұлттық тағамды бөлісіп отырып, кейіпкерлер тіл мен ұрпақ сабақтастығы жайлы сөз қозғайды. Орта жастағы ер адам: «Біздің буын, түсінсе де, бәрібір орысша көбірек сөйлейді», – дейді күрсініп. Дархан болса, қазақ тілін түсінгенімен, еркін сөйлемейтінін мойындайды. Осы сәтте көрермен фильмнің негізгі философиялық өзегіне жақындайды: тіл – тек қатынас құралы емес, ол – жадтың, ұлттың, жанның коды. Тілді ұмыту – өзіңді ұмыту. Сонымен қатар, кинотуындыда дәстүр мен дін арасындағы шекара да көрініс табады. Атасы немересіне олардың әулеттік шежіресін сыйлап, исламдық дәстүр мен ежелгі қазақ ғұрыптарының айырмасын түсіндіреді. Ұрпаққа аманат қылып қалдырылған дүние – өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани көпір.
Фильмнің құрылымы өзгеше өрілген: оқиға үздіксіз баяндаумен емес, бірнеше бейнелік үзіктерге – режиссердің сөзімен айтқанда, «кесінділерге» бөлінеді. Бұл тәсіл тек монтаждық ерекшелік емес, фильмнің мазмұндық және эмоционалдық өзегін айқындайтын, хронологиялық үзілістер мен фрагменттелген монтаж арқылы уақыттың өз ішіндегі қозғалысын бейнелейтін эстетикалық әрі семиотикалық шешім.
Режиссер Аруан Анартаев The Steppe порталына берген сұхбатында бұл құрылымның кездейсоқ емес, ішкі үндестіктен туғанын атап өтеді:
«Жоқтау дәстүрін зерттей келе, мен оның 7–8 буыннан тұратынын білдім. Бір сәтте аңғардық: біздің фильм де жеті бөлімге бөлініпті – әрі бұл басында ойластырылмаған еді. Мұндай сәйкестікке куә болғанда, өз жолымның дұрыс екенін сезіндім».
Бұл сәйкестік – кездейсоқтықтан гөрі, ішкі рухани үндестіктің белгісі. Өмір мен өлімнің, дәстүр мен жаңашылдықтың, ұлт пен тұлғаның арасындағы нәзік тепе-теңдік дәл осы құрылымның ішінде көрініс табады.
Автор бейнеқатарды түрлі пластикалық тәсілдермен түрлендіреді: форматтың ауысуы, фото-коллаждардың енгізілуі, қол камерасымен түсірілген қысқа эпизодтардың қолданылуы фильмнің бейнелік құрылымын күрделендіріп, оған деректілік пен ішкі эмоциялық шынайылық береді. Монтаждық ырғақ пен склейка (көріністерді бір-бірімен байланыстыру тәсілі) фильмге поэтикалық дем беріп, көрерменді кейіпкердің субъективті әлеміне жақындатады.
Кәсіби емес камерамен түсірілген кадрларда басты кейіпкер Дархан өз-өзін түсіріп, монологтар айтады — бұл сәттерде ол өзін бейне арқылы тануға, атасының қазасын өз жанында сезінуге тырысады. Осы эпизодтар шынайы архивтік жазбаларға ұқсап, фильмнің көркем табиғатын деректілікке, ал деректілікті метафораға айналдырады. Осылайша, көркем туынды бір сәтке псевдодокументалды кеңістікке өтеді. Форматтың өзгеруі (мысалы, 16:9-дан 4:3-ке тарылу немесе объективтің сипатының ауысуы) көрерменге эмоционалды және метафизикалық әсер қалдырады. Кең формат кеңістіктің еркіндігін, тынысын жеткізсе, тар формат – кейіпкердің тұйықтығын, шектеулі күйін бейнелейді. Форматтық ауысулар көрерменнің қабылдау деңгейін өзгертеді: біз енді сырттан бақылаушы емес, кейіпкердің сана ағынындағы қатысушыға айналамыз. Мұндай визуалды «үзілістер» – форматтың, объективтің, хроматиканың және монтаж ырғағының ауысуы – көркемдік тәсіл ғана емес, метафоралық ойдың бір формасы. Олар кейіпкердің ішкі әлеміне өтудің символдық есігі іспетті. Архивтік суреттер мен фото-қалдықтардың енгізілуі – естелік пен уақыт ұғымына жаңа мән береді. Фильм осылайша өз табиғатын түсіндіретін метакөрініске айналады: бейне арқылы өмірдің өтіп бара жатқан сәтін ұстап қалуға тырысқан адамның әрекеті. Бұл жерде Рудольф Арнхеймнің:«Көркемдік – шындықты бұрмалау емес, оны айқынырақ етіп көрсету»,– деген ойы еске түседі.
«Жоқтау» фильміндегі бейнелік құрылымның осындай фрагменттелуі – заманауи қабылдаудың табиғатын дәл бейнелейді. Цифрлық дәуірдегі коллаждық ойлау мен субъективті тәжірибе, үзілмелі назар мен эмоциялық ауысулардың бәрі осы фильмнің көркем тілінде көрініс тапқан. Фильмнің түстік палитрасы дала пейзажының табиғи реңімен үйлесіп, көрерменге уақыттың баяу ағысын, тыныштық пен мұңды қатар сездіреді. Кадрлардағы сарғыш пен құм түстес бояулар жаздың соңғы демін еске салып, өмір мен өлімнің, өткен мен бүгіннің арасындағы нәзік тепе-теңдікті аңғартады. Түстердің мұндай шешімі — жай эстетикалық таңдау емес, кейіпкердің жан дүниесіне үңілу тәсілі. Сарғыш пен қоңыр — өткеннің жылылығын, көгілдір мен сұр — Дарханның жалғыздығы мен ой торын бейнелейді. Жаназа сәттерінде түстердің қоюланып, тонының өзгеруі өмір мен ажалдың тоғысын білдіретін белгіге айналады. Жарық пен түс арасындағы осындай өзара байланыс кейіпкердің ішкі күйзелісін көрінбей жеткізеді. Түстер мен кеңістік біртұтас күйге еніп, уақыттың өзі тоқтағандай әсер қалдырады. Дархан үшін бұл — ес пен шындықтың шегін жоғалтқан, бәрі бір мезетке тоғысқан сәт.
Кинокартинаның басы мен аяғы да ақ матаны дайындау көрінісімен тұйықталады. Бұл деталь — қарапайым тұрмыстық әрекеттен гөрі, символдық мәні терең көрініс. Ақ мата — қазақ танымында тазалықтың, рухтың, өткінші өмірдің белгісі. Ол жаңа туған сәбиді орауға да, қайтыс болған жанды ақтық сапарға шығарып салуға да қолданылады. Сол себепті бұл бейне – өмір мен өлімнің, бастау мен аяқталудың арасындағы шексіз айналымды білдіретін метафораға айналады. Фильмнің басындағы ақ мата — алдын ала сезілген жоғалтудың нышаны. Дарханның қолымен жыртылған мата — үзілген ұрпақ сабақтастығының, ішкі күйзеліс пен рухани үзілістің көрінісі. Ал соңындағы сол мата қайта оралып, мағынасы кеңейеді: енді ол жоқтаудың ғана емес, тазарудың, рухани жаңарудың белгісі. Уақыт айналымы сынды, матаның бейнесі де фильмді басы мен соңы біріктірілген тұтас шеңберге айналдырады. Ақ түстің метафоралық маңыздылығы осында: ол тек жоқтаудың түсі емес, сонымен қатар үміттің, рухтың жарығының да нышаны. Түстің осы екіұдай сипаты фильмнің поэтикалық құрылымын айқындайды. Бір жағынан — өлімнің тыныштығы, екінші жағынан — өмірдің жалғасуы. Түстік палитраның жалпы реңімен салыстырғанда, ақ түс ерекше көрінеді. Даланың сарғыш, күңгірт түстері арасынан ол жарық сәуле секілді бөлініп шығып, көрермен назарын тоқтатады. Сол сәтте уақыт тоқтап қалғандай болады. Ақ мата қозғалысқа енген сайын — желмен тербеліп, қолмен жыртылып, қайта бүктеліп жатқан сайын — фильмнің көркем тынысы өзгереді. Бұл сәт — монтаж ырғағын да, кадрлар арасындағы эмоционалдық байланысты да өзгертетін шешуші көрініс.
Символдық тұрғыдан алғанда, ақ мата — Дарханның ішкі жолының көрінісі: ол фильм басында жоғалуды сезінсе, соңында сол жоғалтудың мәнін ұғынып, рухани тазару сәтіне жетеді. Ақ түстің осы метафорасы — «Жоқтау» фильмінің түйінді идеяларының бірі, яғни жоқтау тек қайғы емес, жанның өзімен, ұлттың өзімен қайта табысуы. Монтаж болса ырғағы баяу, тынысты, ой ағымына ұқсас өрбиді. Көріністердің өзара жалғануы біркелкі, кейде байқалмай өтеді, сана қозғалысының үздіксіздігін елестетеді. Актёрдің мизансценасы да ерекше назарға алынған: Дарханның қозғалысы, дене бағыты, кадр ішіндегі орналасуы оның ішкі толқынысын білдіреді. Әсіресе, жеке монологтардағы кадрларда қол камерасының дірілі мен жақын жоспардың жиі қолданылуы — шынайылық пен деректілік сезімін арттырады. Кейіпкердің өзін өзі түсіруі, кадрдағы тынысы мен үзілістері — оның ішкі әлемінің ең шынайы көрінісі. Музыка мен дыбыстық кеңістік те осы бейнелік ырғақпен астасып жатады. Сағат атаның өлең айтуы мен домбыра үні — ұлттық жадының жаңғырығы іспетті. Фильм басында естілетін жеңіл, жылы әуен уақыт өте келе қобыздың мұңлы үніне ауысады. Домбырадан қобызға ауысқан бұл дыбыстық өзгеріс — ұлт рухының ішкі күйін, жоқтаудың үнін жеткізетін көркем шешім. Түс, ырғақ, дыбыс және қимыл бір бағытта қозғалып, тұтас эстетикалық өрнек түзеді. Уақыт пен кеңістік, ес пен сезім — барлығы Дарханның ішкі сапары арқылы бейнеленеді.
Қортындылай келе, Аруан Анартаев бір сұхбатында фильмнің мәнін бір сөйлеммен сипаттап өтеді: «Бұл фильм туралы не айтар едің?» деген сұраққа ол: «Мен оны жазып отырғанда өзіме тек бір нәрсені айттым — өлім жоқ», — дейді. Осы қысқа ғана ой «Жоқтаудың» философиялық өзегін айқындайды. Фильм адам жанының ішкі күйзелісін, сағыныш пен үнсіз қабылдаудың нәзік психологиялық сәттерін дәл әрі шынайы жеткізеді. Дарханның рухани сапары — тек атасын жоқтау емес, өз болмысын, тамырын қайта іздеу. Әр кадрда — тыныс, үнсіздік, дала иісі, уақыттың баяу ағымы сезіледі. Музыка мен дыбыс та осы тынысқа бағынған: қобыздың қоңыр сарыны мен желдің үні адам жанының тереңінен шығатын жоқтауға айналады.
«Жоқтау» — тек қайғы мен өлім туралы емес, адам мен уақыттың, ұрпақ пен жадтың байланысы жайлы философиялық туынды. Онда жердің иісі мен үнсіздіктің тілі, рухтың жалғасуы мен адамның өз болмысын іздеуі көркем бейнелеу арқылы өрнектеледі. Фильм соңындағы ақ матаның бейнесі — өмірдің тоқтауы емес, жаңғырудың, рухтың тазаруының белгісі. Көрермен залдан шыққанда дәл режиссер айтқандай, «өлім жоқ» деген тыныш сенім сезіледі — бұл сезім «Жоқтаудың» басты жетістігі әрі оның терең гуманистік мәні.