ffin.kz

Көрінбес майдан қаламгері

Көрінбес майдан қаламгері Almaty-akshamy.kz. 

Арнайы органдардың қызметі туралы не білеміз? Бәлкім, лаңкестік акттің алдын алып жатқан шығар немесе аса қауіпті қылмыскерді құрықтап жатқан болар. Күндіз отырмай, түнде ұйықтамай салқын қанды, темір мінезді азаматтар қоғам тыныштығын, бейбіт таңның атуын қорғап келеді. Қарапайым адамдар үшін таңның тыныш атуы ол - қалыпты жағдай, барлығы күйбең тірліктің соңында күнделікті шаруаларымен айналысады. Ал, арнайы орган қызметкерінің күн тәртібі қалыпты ережеге бағынбайды. Ол түнде ұйықтарда ертеңісін қандай тапсырма күтіп тұрғанын білмейді. Қызметіне барарда кешкісін не болатынынан бейхабар. Олар туралы бағзыдан бергі «көрінбес майдан жауынгері» атауы қойылған. Ұлттық қауіпсіздікті қорғап жүрген адамдар туралы біз ресми өкілдерінің сөздерінен білеміз. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз сол бір көрінбес майдан сардарынан бастап сол саланың қаламгеріне дейінгі тағылымды жолды жүріп өтті. 

Бұрындары Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі органдарының жұмысы туралы қалың жұрт көп біле бермейтін. Тек, қоғамның кей бөлігі осы үш әріпті естігенде (КГБ) бас төбесі шымырлап кететін. Ол адамдар көзге көрінбегенімен жұмыстары өз жемісін беріп жататын. Қандай да бір үлкен қылмыс іске аспаған күйі ашылып жататын. Ал, шетел агенттерін қолға түсіргенде тышқанмен мысық ойнағандай оп-оңай тоғытып жіберетін. Мұның барлығы қызметкерлердің кәсіби деңгейіне байланысты. Ол жерге екінің бірін ала бермейтін. Сынақтан сүрінбей өткендері ғана сол атаулы қызметтің қатарына қосылатын. Тағдырдың жазуымен 1982 жылы  Ақмола облысы Бөрілі елді мекенінін тумасы Кенжеболат Қоқышұлы Бекназаров та осы бір таңдаулы қызметтің   қатарын толықтырды.

Кеңес Одағының қайраткері Феликс Дзержинский: «чикисттің қолы таза, жүрегі ыстық, ақылы мұздай салқын болуы тиіс»,- деп айтқаны бар. Біздің кейіпкер табиғаты таза, адал, ақылы мұздай салқын, жүрегі Отан деп соққан буынның өкілі. Қалың жұртшылық полковник Кенжеболат Бекназаров есімін оның Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Баспасөз қызметінің жетекшісі болған жылдары ести бастады. Сол жылдары есімі елге әсте танымал болды. Екі мыңыншы жылдардың басында билік пен оппозицияның теке тіресі ашық байқала басталған жылдар.  Кейде ақпараттық шабуылдар мен саяси технологиялар да қолданылатын. Сол кезде осындай үрдістің басы-қасында жүруге  міндетті комитет те ақпарат айдынына шығатын. Әр алуын ақпарат ағымы, оның ішінде қызмет туралы теріс пікір қалыптастыруы мүмкін  деректер де жоқ емес. Сонда БАҚ өкілдерінің алдына арнайы органдардың ресми өкілі Кенжеболат Бекназаров шығатын. Орта бойлы, күміс самайлы, сымдай тартылған сымбатты да сұсты полковник ел алдына шыққан бетте, адамдардың көңіліне сенім ұялататын. Бір көргеннен комитеттің қызметіне, жалпы қызметкерлеріне құрметпен қарайсың. Ал, қысқа да нұсқа және қалың жұртқа түсінікті сөздері мәселені жауып, артынан екіұдайы пікір қалдырмайтын. Сан – қилы баспасөз конференциялары мен БАҚ өкілдерімен кездесуі жабық қызметтің оң иммиджін қалыптастырды. Халық құпия қызметтің қыр-сырын толық түсінбесе де, оның маңызды екенін ұқты. Бұл еліміздегі ашықтықтың, демократиялық принціп ұстанушылықтың бір көрінісі болатын. Ал, оның басы -қасында біздің кейіпкеріміз болды.

-Мен ешқашан сауалдардан қашқан емеспін. Журналисттер хабарласып жатса, міндетті түрде телефонымды көтіріп сөйлесемін. Қандай да бір мәселе болса, жауап дайындауға уақыт беруін сұрайтынмын. Егер дайын жауап болмаған жағдайда, әрине. Журналистер де сөзімді жерге тастамай, жауап беруге мұрсат беретін. Оларға айтар алғысым шексіз,-дейді ол.

 

 Қазақтың классик жазушысы І. Есенберлин «Қияға тек қыран бүркіт қана жете алады» демекші, бір көрген адамға кейіпкеріміз бұндай елеулі сый-құрметке бірден қол жеткізген деп ойлауы мүмкін. Бұл алғашқы да алдамшы әсер. Кенжеболат Қоқышұлы қызмет шыңына өз ақыл парасаты мен тынымсыз еңбекпен көтерілген тұлға. Алғашқы қызметін сонау сексенші жылдардың басында бастап, жедел қызметтің барлық сатыларынан өткен.

-  Қарапайым отбасында дүниеге келдім. Отбасында жеті ағайындымыз. Екі әпкем,  үш ағам, бір іні болып ержеттік. Арнайы органдарда қызмет атқарған еш жақынымыз болмады. Ол кезде КГБ-да жұмыс істеуді ойламаған едім. Мектепті аяқтағаннан кейін әскерге барып, Отан алдындағы борышымды өткердім. Содан кейін туған ауданыма келіп,қарапайым жұмыстан бастадым. Кейін комсомол ұйымына жұмысқа тұрдым. Қоғамдық жұмыстарда аянбай тер төктік. Бір кездері Целиноградтағы журналист, Целина өңірінің қазақ телеарнасының дикторы Ерсайын ағам хабарласты. «Кенжеболат осы сен оқуың керек. Жоғары білім ал. Әйтпесе, қатардағы жұмысшы болып өмірің өтер»,-деп ақылын айтты. Шын мәнінде көзі ашық ағам бұл кеңесін барлық бауырына айтатын. Әскердегі жылдарым бар, жұмыстағы жылдарым бар. Әжептеуір уақыт өтіп кеткен. Жасым болса жиырмадан асты. Сонда да, оқуға түсуге бел будым. Целиноград қаласына келіп, тіл маманы филологияға оқуға түстім. Жоғарғы оқу орнында да, уақытты бос өткізбедім. Оқыдым, еңбек еттім, қоғамдық жұмысқа белсенді араластым. Студенттік-құрылыс отрядының командирі болдым. 8 командир марапатталды. Төртеуі медальмен, енді төртеуі халықаралық студенттік лагерге жолдама алды. Тағдырдың жазуымен мен Куба астанасы Гаваннаға жолдама алғандардың қатарында болдым. Елге оралғанда маған КГБ  капитаны келіп, сұхбаттасуға шақырды. Ол кісі менен Куба сапары туралы сұрады. Сонымен қатар, болашаққа жоспарларым қандай екенін сұрастырды.  Бәлкім, сол кезде мені арнайы органдар мені кандидат ретінде өаламдарына түртіп қойды. Өйткені, осыған дейін мен ел алдында жүретінмін. Оқудан кейін Макинкск қаласына оралып, мектепте ұстаздық еттім. Араға екі жыл салып аудан партия комитетіне жұмысқа шақырды. Жоғары партия мектебіне үміткер де болдым. Қыркүйек айында Алматыға оқуға баруым керек еді. Сол кезді КГБ қызметкерлері келіп, Целиноград облысының КГБ басқарма бастығы, Ұлы Отан соғысының ардақты  ардагері генерал Жақия Сейітқазиевпен кездесу болатынын айтты. Мен басқарма басшысымен жан-жан-жақты әңгімелестік.  «Сен әбден өмір сүрлеуінен өткен, дайын кадр екенсің. Әскери борышыңды да өтепсің, жұмыс тәжірибең бар, жоғарғы білімің де бар. Біз сені қызметке шақыруға дайынбыз. Тек сенің келісімін керек»,-деп тағдыршешті шешім қабылдауға әсер етті. Болашақтағы ұстазым болды. Осындай жауап алғаннан кейін, өмірімді арнайы органдармен байланыстырдым,-дейді кейіпкеріміз.

Алғашқы қызметін Шортанды аудандық МҚК басқармасында жедел уәкіл болып бастайды. Сол жерде  Жолымбет ауылында «Каззолото» комбинаты орналасқан. Ол кезде жоғары техникалық білімі бар адамдар, қоғамның қаймағы саналатын. Олардың қызметі де жоғары бағаланатын. Жас жедел уәкіл болған Кенжеболат Қоқышұлы кәсіпорын адамдарымен байланыс ұстау үшін техникалық мамандыққа қатысты қолда бар еңбектерді оқи бастайды. Құдды бір екінші мамандығына айналды. Кәсіпорынның алғашқы өндірісінен бастап, сол қазіргі тілмен айтқандағы жоғары менеджметіне дейін бүге-шүгесіне жеткізіп зерттеді. Өзі де бұл мамандықты бір адамдай білді. Онымен тілдескен техникалық маман Сверловск тау-кең институтының түлегімен де шатастырып алатындай жағдайға жетті. Десе де, қызметінде барлығы тақтайдай тегіс болды деп айт алмаймыз. Тарихтың бұралаң жолдары да оны бір сынағаны бар.

-  1986 жыл. Баршамызға белгілі Желтоқсан оқиғалары өтіп жатыр. Бір екі күнде аяқталды. Бірақ зардабы көпке созылды. Желтоқсан қолдаушыларын «анықтау» бойынша тапсырма келіп түсті.  Кеңес Одағының ыдырайтыны халық арасында сезіліп тұрды. Желтоқсан оқиғасы да соның дәлелі. Бірақ, тәуелсіз ел атануға да әлі алыс еді. Қысылтаяң кездер.  Сол кезде жастармен әңгімелесіп, олардың ішкі талпыныстарын сезіндім. Сондықтан менің жұмысым тек профилактикалық бағытта болды. Ешкім жауапқа тартылмады. Әрине, біз Кеңес идеологиясының әсерімен өстік. Ода тұрған еш зияндық жоқ. Адал болу, таза болу, патриот болу барлық адамзатқа ортақ дүние. Бірақ, ұлтынды сүю ол - жүректің ісі.  Сонда кей басшылар, «желтоқсан оқиғасын қолдаушылары жоқ па?» дейтін сауалдарды қойып жатты. Мен болсам жастардың ешқайсысын сатпадым. Арым таза қалды,-деп есіне алды қаламгер сардар.

Ел тәуелсіздік алған жылдары да арнайы органдардың қалыптасу кезеңі орын алды. Кей офицерлер өздерінің тарихи Отандарына көшіп жатты. Біздің кейіпкер болса, керісінше арнайы органдарды тастамай, еліне елеулі қызметін жалғастырды. Сол кездері күнкөріс қамымен біраз жандар нарықтық экономика ағымымен сауда-саттыққа, кәсіпкерлікке де кетіп жатты. Олардың арасындағы арнайы органдардың офицерлері де аз болмады. Тек, еліне адал жандар сертіне берік болып, қызметті осы күнгі биіктерге жеткізді. Заман ауысқаннан кейін, қоғамдық қатынастар да ауысты. Ұлттық қауіпсіздік комитеті бұрынғы репрессиялық орган әсерінен, ашықтық танытатын, халықтың мүддесіне жұмыс жасайтын органға айналу үрдісі басталды. Сонымен қоса, 1995 жылдары әр мемлекеттік органда өзінің баспасөз қызметі болуы қажет дейтін Үкімет Қаулысы шыққан. Сол кезде  ведомстваға сөзге шешен, сауатты әрі ішкі сырды сыртқа шашпайтын өз адам қажет болды. Ондай адам әрине жедел уәкілдік мектебінен өтуі де құба-құп болатын. Сонда жоғары басшылықтың шешімімен сол кездің өзінде жеке құрамның құрметіне бөленген, қолынан қаламы түспейтін, жаны шығармашылыққа жақын интеллигент офицерді тағайындалды. Ол біздің бүгінгі кейіпкеріміз болатын.

Шыны керек, ресми өкіл атанғанға дейін Кенжеболат Қоқышұлы өз саласының үздігі атанды. Үш шетелдікті ел мүддесіне жұмыс жасатты, шетелде агенттік желісі де болды. Осы еңбегін ескерген басшылық оны мемлекеттік наградаға ұсынды. Сол кездегі ҚР ҰҚК Төрағасы генерал – полковник Сәт Тоқпақбаевтың қабылдауына шақырылып, бір күнде жаңа құрылған баспасөз қызметін басшысы болып бекітілді. Атап айтқанда, БАҚ өкілдерімен жұмыстың бастауынан табылды. Он жылдан аса жемісті жұмыстың нәтижесінде ҚР ҰҚК -де «Ақиқат» журналы шықты. Сондай-ақ, 10 шақты деректі фильм, арнайы сюжет, «Урановый тайфун» сериалы,  көтеген тарихи кітаптар шығарылды.  Осы арқылы арнайы органдарда қаламгер атанды.

Бүгінде полковник Кенжеболат Бекназаров Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті органдарының ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің Төрағасы ретінде қалтқысыз қызметін жалғастырып келеді. Өмірлерін арнаулы қызметке арнаған жандардың құқықтары мен әлеуметтік қорғалуы мәселелерімен айналысып жүр. Құрметті еңбек демалысында болса да, ұлттық қауіпсіздік органдарымен байланысты үзбей, жастарды қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеу жұмыстарына атсалысуда. Үйінде асыл жар, өнегелі әке, сүйікті ата, қызметінде сенімді қарулас, адал дос. Қоғамдық жұмыстарға араласып, қаламын қолдан тастаған емес.  Көрінбес майданның қаламгері атанған Кенжеболат аға Бекназаров осындай абырой бигінде жетпіс жасын қарсы алуда. Кейіпкерімізді ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдарының құрылу күні мерекесімен және жеке 70 жас мерейтойымен шын құттықтаймыз! Зор денсаулық, отбасылық бақыт, қажымас қайрат, шығармашылық талап, қызметтік табыстар тілейміз!

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05