Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев 2024 және 2025 жылғы халыққа Жолдауларында банк секторын реформалау және заман талабына сай жаңа заң қабылдау туралы бастама көтерген еді. Елдің қаржы-экономикалық жүйесі үшін маңызды әрі күрделі сала болғандықтан жаңа заңды қабылдау ұзаққа созылуда. Биыл қыркүйекте Мәжілісте ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жаңа заңның жобасын таныстырды. Осыған орай мақалада агенттік ұсынған өзгерістерге талдау жасалмақ.
ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУЫ КЕРЕК
Банк секторын реформалау туралы экономистер мен қаржы саласының мамандары ұзақ уақыттан бері айтып келеді. Бұл мәселені Президент те халыққа Жолдауларында көтерді. Соңғы екі Жолдауды талдай келе, мемлекет банктердің қоғамдағы миссиясын өзгертуге бел буғанын байқаймыз.
Президент 2024 жылғы Жолдауда Банктер туралы жаңа заң қажет екенін айтқан. Құжатта экономикалық белсенділікті қолдау және финтех саласын қарқынды дамыту сияқты өзекті мәселелер шешімін табуы керек екенін мәлімдеген. Бұл ұсыныс арқылы мемлекет банктердің қоғамдағы миссиясы мен рөлін өзгертуге тырысуда.
Осы уақытқа дейін екінші деңгейлі банктер қаржы топтарының халық есебінен табыс табу көзі ретінде әрекет етті. Инвестицияны нақты секторға емес, тәуекелі төмен бағыттарға құйғанды әдетке айналдырған. Бұған мемлекеттік қолдау тетіктерінің әлсіздігі де себеп болғанын айта кеткен жөн. Сондықтан тәуекелсіз табыс табу банктерге тиімді болды.
Президент тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет мүшелері 2025 жылы наурызда екінші деңгейлі банк басшыларымен кеңес өткізген. Онда келтірілген дерекке сүйенсек, еліміздегі банк активінің 21,2% ғана бизнесті несиелеуге жұмсалған. Керісінше, тұтынушылық несиелер көлемі соңғы жылда едәуір өскен. Мұның бәрі экономикалық белсенділікке кері әсер етеді. Сондықтан Президент саланы реформалауды ұсынды. Енді жаңа заң қабылданса, банктер елдің экономикалық белсенділігін қолдау және цифрландыру мен ЖИ салаларын дамытуға үлес қосуға бет бұрмақ.
Цифрландыру бағытында отандық екінші деңгейлі банктердің жетістігі аз емес. Сөзсіз Каспий банк бұл бағытта көшбасшы болып саналады. Соңғы жылдары өзге де банктер өз қызметтерін жаппай цифрландыруға көшті. Енді экономиканы несиелеу мен ЖИ саласына басымдық беру қажет.
ЖАҢА ЗАҢ ЖОБАСЫ: САНДЫҚ ЖӘНЕ САПАЛЫҚ БАҒДАР
ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі ұсынған заң жобасы қазіргі заңмен сандық және сапалық тұрғыда өзгеше.
2025 жылы 5 қыркүйекте Мәжіліс қарауына «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы келіп түсті. Заң жобасы 9 бөлім, 23 тарау және 135 бапты қамтиды. Ал қолданыстағы заң 1995 жылы қабылданған. Ол 2 бөлім, 10 тарау және 78 баптан тұрады. Көріп тұрғанымыздай, ұсынылған заң жобасы бөлімі, тарауы және бап саны бойынша қолданыстағы заңға қарағанда көлемді.
15 қыркүйекте Мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Татьяна Савельеваның жетекшілігімен «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заң жобасы мен оған қаржы нарығын реттеу мен дамыту мәселелері бойынша ілеспе түзетулердің таныстырылымы өтті.
Жиында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова баяндама жасап, қолданыстағы заңның ескіргенін және 140 реттен астам өзгеріске ұшырағанын, соның салдарынан банк секторының заманауи талаптарға сай емес екенін және қаржы технологияларының қарқынды дамымай жатқанын атап өтті.
БАСТЫ ЕРЕКШЕЛІК – БАНК МИССИЯСЫН ӨЗГЕРТУ
Заң жобасының негізгі ерекшелігі, жоғарыда атап өткеніміздей, банктердің миссиясын өзгерту. Агенттік төрайымы бұл заң жобасы банк ресурстарын экономиканы қаржыландыруға белсенді түрде тартуға, бәсекелестікті арттыруға, қаржылық технологияларды дамытуға және цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесін бекітуге, цифрлық активтерді реттеуге бағытталғанын айтты. Ал қолданыстағы заңның мақсаты басқа болған еді, ол – 1995 жылы тәуелсіз елдің тұрақты банк жүйесін құру үшін қабылданған. Бұдан бөлек, жобада мынадай ұсыныстар енгізілген:
• Екінші деңгейлі банктерді лицензиялаулың жаңа тәсілдері енгізілмек. Олар базалық және әмбебап банк лицензиялары. Базалық банк лицензиясы банк секторына жаңа қаржы институттарын құруды ынталандыру үшін ұсынылған. Бұл шағын банктерді мемлекеттік реттеу тетігі болып саналады. Мұндай банктерге мемлекеттік қадағалау жеңілдетіліп, есептілік аз болмақ. Осылайша бәсекелестікті арттыру көзделуде.
• Цифрландыруға аса мән берілуде. Заңда цифрлық теңгенің құқықтық мәртебесі бекітілмек. Сондай-ақ, құжат цифрлық қаржы активтерінің айналымын реттейді, қаржы технологиялары мен экожүйені дамытуға мүмкіндік береді.
• Тұтынушылардың құқығы артады. Заң жобасында банк өнімдерін тұтынушының құқықтарын қорғау тетікт е р і е н г і з і л г е н . Тұтынушының құқықтарын қорғау мақсатында қаржы омбудсменнің бірыңғай кеңсесін құру көзделген.
Осылайша заң жобасы банк секторын заман талабына орай реформалау үшін дайындалған деп қорытынды жасай аламыз. Құжатта маңызды ұсыныстар енгізілген. Соған қарамастан, жыл соңына дейін өзгерістер мен түзетулер енуі мүмкін. Себебі, екінші деңгейлі банктердің де пікірлері ескерілгені жөн. Әсіресе, «жүйелік маңызы бар банк» институты мен мемлекет тарапынан банктерді дағдарыс кезінде құтқаруға байланысты өзгерістерге банктердің көзқарасы өзгеше секілді.