Алматы көшелері кейінгі жылдары электрсамокаттармен толды. Кептеліссіз қозғалысқа ыңғайлы, арзан әрі жылдам. Бір қарағанда Алматы үшін таптырмас көлік көрінгенімен, статистиканың сөзінше бүгінде қауіп пен зардаптың негізгі себепкеріне айналып отыр. Аqshamnews.kz тілшісі заманауи қатынау құралының келешегін болжап көрді.
"Бір күнде кемі 2-3 адам самокаттан зардап шегеді"
Балалар жедел жәрдем орталығының қабылдау бөлімін басқаратын Мейіржан Құрманәлиев электрсамокаттарға қатысты таңғаларлық дерек ұсынды. Оның айтуынша, ауруханаға күн сайын 2-3 бала самокаттан алған жарақатпен түсетінін айтады.
"Жазда айына 60-90 бала, яғни бір маусымда 300-ге жуық бала жарақат алады. 30 пайызы ауруханаға жатқызылады. Көбіне бірнеше жарақатпен бір-ақ түседі: бас-ми шайқалуы, қол-аяқ сынуы, сырып алу мен күйік шалу. Мұндай жарақаттар бұрын балаларда жиі болмайтын" деді ол.
Дәрігердің айтуынша, самокат соққысының күші көліктікімен шамалас:
"Самокаттың өзі 20-30 келі, үстіндегі адаммен бірге 70-100 келі болады. Сол салмақ 30-40 км/сағ жылдамдықпен 30 келілік баланы қағып өтсе, ол 4 метрге ұшады. Бұл - көлік соққанмен бірдей" деді дәрігер.
Жол ережесі неге тек қағаз жүзінде қалды?
Кикшеринг компаниялары (Jet, Яндекс, Woosh, Bolt) бірнеше рет қауіпсіздік шараларын енгізуге уәде берді. Біршама ережелер ескертілгенімен, құлақ асатындар аз. Нақты айтар болсақ:
- 18 жасқа толмаған жасөспірімдерге мінуге;
- екі адам болып мініп жүруге;
- тротуарда жылдамдықты асыруға болмайды.
Компания ереже бұзушыларды бұғаттау туралы айтқан еді. Алайда қазір-ақ көшеге шықсаңыз, қос-қостан мініп кезіп жүргенді, тротуарларда қатты жылдамдықпен безіп жүргенді де байқауға болады.
Ал полиция дерегінше, жыл басынан бері Қазақстанда электрсамокаттың қатысуымен 360-тан астам жол апаты тіркеліп, 224 адам жараланған. Соның 95%-ы Алматыда болған. Самокат жүргізушілері 20 мыңнан астам ереже бұзған, оның 7,4 мыңы Алматыда.
Депутат: "самокаттарды жалға беруді тоқтату керек"
Алматы мәслихатының депутаты Бейбіт Құсайынов бұл мәселені түбегейлі шешуді ұсынады:
"Тәртіп орнамайынша, самокаттарды жалға беруді тоқтату керек. Біріншіден — тротуарда жүруді біржола тоқтату, тек веложолмен жүру. Бірақ бізде веложол жетіспейді, сондықтан алдымен соны шешу керек" деді ол.
"Самокаттарға тиіспейік!"
Ал урбанист Владислав Филатов самокаттарға тыйым салу емес, олар үшін инфрақұрылым құру қажет екенін айтады:
"Бір автотұрақтың орнына 9–11 самокат сыяды. Бұл - адамдарды көлікке отырмауға ынталандыратын құрал. Оларды жою емес, кең веложолдар, жабдықталған өткелдер мен тұрақтар салу керек" дейді.
Ол жуырда Торайғыров көшесін абаттандыру жобасына қатысып, арнайы самокат тұрақтары мен резервтік алаңдар салуға атсалысқан.
"Апаттар болып жатыр деп оларды түбегейлі жоюға болмайды. Алдымен пайдасын да ескеру керек. Егер инфрақұрылым түзелсе, мәселе бұлай ушықпас еді", - дейді урбанист.