Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова ҚР Конституциясына енгізілген жаңа түзетулер, адам құқықтары мен бостандықтары, Конституциялық соттың рөлі, сондай-ақ Омбудсмен институтының алдында тұрған міндеттері туралы әңгімеледі, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inform.kz-ке сілтеме жасап.
«Биыл жазда өткен республикалық референдумда халықтың 77 пайыздан астамы конституциялық түзетулерге дауыс берді. Бұл Мемлекет басшысы мен билік органдарына сенім арту деп білемін. Қыркүйек айында Парламент қабылданған конституциялық түзетулерді іске асыру үшін Үкіметтің әзірлеген заң жобаларын қарауға кіріседі. Біз заң жобаларын, соның ішінде Конституциялық Сот туралы, Уәкіл туралы және Прокуратура туралы конституциялық заңдарды талқылауға белсенді қатысуымыз керек. Оларды қабылдау жақын арада жоспарланып отыр», дейді Эльвира Әзімова.
Омбудсменнің конституциялық мәртебесі еліміздің Ата Заңында алғаш рет бекітілді. Азаматтардың құқықтарын қорғауда және қалпына келтіруде Омбудсмен өз қызметінде мемлекеттік органдардан тәуелсіз болуы үшін бұл нормаларды Конституция деңгейінде бекіту туралы шешім қабылданды.
«Мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда адамның құқығы мен бостандығын қорғау мемлекеттік саясаттың басым бағыты деген қатаң түсінікті қалыптастыруымыз қажет. Атқарушы мемлекеттік органдар өз міндеттерін тиісті түрде орындамаған жағдайда, Уәкіл жәрдемдесуге және оларды құрметтеу туралы білімді насихаттауға ықпал етуі қажет», деп атап өтті Уәкіл.
Мұнда жаңадан құрылған органның рөлін де атап өту керек. Бұған дейін мемлекет тарихында Конституциялық сот болған, ол 1992-1995 жылдары қызмет атқарған. Кейін ол Конституциялық кеңес болып өзгерді.
«Бұл құрылып жатқан Конституциялық Соттың артықшылығы - Президенттен, Парламент депутаттарынан, Премьер-Министрден басқа, енді бұл сотқа азаматтардың өздері, Омбудсмен (уәкіл) және Бас прокурор өтініш жасай алады. Яғни заңдар мен басқа да нормативтік құқықтық актілердің Конституция нормаларына сәйкестігін конституциялық бақылауды талап ете алатын субъектілер шеңбері едәуір кеңейді», деді ол.
Конституциялық соттың құрамына 11 судья кіреді, олардың төртеуін Ел Президенті тағайындайды, қалған үш-үш судьядан Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.
Эльвира Әзімованың айтуынша, қазіргі уақытта Уәкілдің аймақтық өкілдіктерін ашу бойынша жұмыс жүргізілуде, әсіресе ауылдық жерлерде тұратын азаматтар үшін жүгіну қолжетімді болмақ. Олар осы жылдың соңына дейін жұмыс істейтін болады.
«Уәкіл институты мен оның аппаратына мемлекеттік билік пен халық арасындағы кері байланысты қамтамасыз ету бойынша үлкен жауапкершілік жүктелген. Бұл ретте, белсенді әрі қамқор азаматтар, кәсіби заң кеңесшілері, медиаторлар, адвокаттар, үкіметтік емес ұйымдар біздің сенімді серіктестеріміз болып табылады. Мемлекеттік органдар да олардың қатарында. Өйткені олар құқық бұзушылықтарға әкеп соққан өз шешімдерін бойынша жедел шаралар қабылдауы тиіс. Біздің жұмысымыз Конституцияның 1-бабында белгіленген адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары Қазақстанның ең қымбат қазынасы деген мақсатқа сай болуы тиіс», - деп түйіндеді сөзін уәкіл.