ffin.kz

Кітабы өртенген жалғыз жазушы

Кітабы өртенген жалғыз жазушы Сурет видеодан алынды

Тұлғатану



Бірде Әзілхан Нұршайықов Қабдеш Жұмаділов жайында баяндама жасап жатып, оған: «Қабдеш егер киіз үйдің түгел сыртқы керегесі болса, мен сол керегенің бір-ақ көзімін» деп баға береді. Қандай тамаша теңеу! Міне, сол кереге бүгінде төл әдебиетіміздің тамырына айналып, оны тіреп тұр десек, асыра айтқанымыз емес.


Қабдеш Жұмаділов – әдебиетті ардақтаған, ақын-жазушыны қастерлеп, көкке көтерген заманның перзенті. Біз, жаңа заманның жастары, жазушы бойлаған тереңдікке бірге бойлай алдық па? Оның өмірімен, шығармашылығымен қаншалықты таныспыз? Көкейде жүрген сан сауалға жауап іздеу барысында жазушыны алға жетелеген оның әділдікке ұмтылысы, өмірлік принциптері мен мінезі екенін ұғындым.


Талабы – әділдік


Арман Жұмаділ – Қабдеш Жұмаділовтің ұлы. Қазіргі уақытта «Қазақстан тарихы» кафедрасының аға оқытушысы. Сонымен қатар, тарих ғылымдарының кандидаты. Осы мақала – Арман Қабдешұлынан алған сұхбаттың жемісі.



«Кез келген шығармасын, публицистикасын алып қарасаң да  байқалатын үлкен бір мәселе, ол – әділдік. Әділдікті айту, шындықты айту. Өйткені, жазушы – бұл қоғамның айнасы. Қазақтың: «Ет сасыса, тұз себер» деген сөзі бар. Жазушылар – сол қоғамның тұзы. Қоғам, адам, атқамінерлер, билік басындағылар қайда кетіп барады? Солардың бәрін байқаған соң түзетуге тырысады. Негізгі моральдық, ар-ождандық принциптер бар. Содан ауытқымауға тырысады. Жазушының қоғамдық өмірге қатысты әрбір мақаласында ащы шындық көрсетілген», – дейді Арман Қабдешұлы.



Жазушы әсіресе тарихи тақырыпқа келгенде қаталдық танытады. Ол үшін тарихқа қиянат жасау – кешірілмес күнә іспетті. «Тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткен соң, үстімізден қарайтын ешкім болмағаннан кейін көптеген жазушылар, зерттеушілер тарихқа қиянат жасады. Өздерінің ата-бабаларын дәріптегісі келді. Болмаған нәрсені болды деді. Сондай кезде әкеміз өте қаталдық танытатын. Тарихқа қиянат жүрмеуі керек. Егер ол жүретін болса қалған нәрсенің бәрі бекер. Алдамшы дүниеге айналады», – дейді ол.


Қабдеш Жұмаділов бұл туралы өзінің «Тарихты талапайға салмайық» атты мақаласында: «Тарихты зерттеп, тереңіне бойлау, тарихи тұлғалар жайында қалам тарту – инемен құдық қазғанмен бірдей», – деген екен.



Жазушының тағы бір қасиеті – ешқашан өзін қинап шығарма жазған емес. Өзгелер секілді «бүгін қалайда екі бет жазам» деп, ақ тер, көк тер болмаған. Бұл туралы Арман аға былай дейді: «Әкеміздің принципі – шығарма жазылмауы керек, тууы керек. Әуелі, кітап жазудың міндетті түрде бір кезеңдері бар. Бір тақырыпты зерттеу үшін алдымен оқулықты қарайсың, деректерді қарайсың. Әртүрлі адамдармен әңгімелесесің, солардың пікірін білесің деген сияқты. Сондай нәрселерден тұрады дайындық. Ал сондай материал жиналғаннан кейін басыңда ойың, жоспарың, шығармаң піскен кезде ол кедергісіз тууы керек. Ал ол туатын кезде әкеміз шегелеп қойғандай отырады. Оңға, солға, қыдыруға, демалуға шетелге барып қайтуға «ешқандай зауқым жоқ» дейді. Ал енді шығармасын бітіріп, соңғы нүктесін қойған кездегі жан ләззаты қандай, оны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Ол да жазушының өзінің төл баласы сияқты».



Арман Қабдешұлының айтуынша, олар әкесін жұмыс үстінде ғана көретін. Арасында бой жазуға тұрмаса, таңның атысынан күннің батысына дейін кітап оқумен, болмаса жазумен айналысқан. Ол кезде компьютер жоқ. Бәрі машинкаға қолмен басылатын. «Машинкаға басылғанға дейіннің өзінде үш қайтара тексеріледі, көшіріледі. 20-30 баспа табақ бетті қайта жазып шығу, қайта оқу, қайта өңдеу оңай емес. Бәрі денсаулықтың есебінен кетеді. Көздің майы таусылатын нәрсе. Бұған енді табандылық керек». Міне, бүгінде қаламгердің табандылығының арқасында дүниеге қаншама керемет туындылар келді.


Көшпенділердің соңғы тұяғы


Жазушының атын шығарып, өте жоғары бағаланған шығармасының бірі – «Соңғы көш» дилогиясы. Ол оңай жазылған жоқ. Басылып шығуының өзі бірталай уақытты талап еткен. Оның алғашқы апробациясы «Қаздар қайтып барады» әңгімесі болған. Алғашқыда Қытай қазақтары туралы шығарманың цензурадан өту-өтпеуін, халық қалай қабылдайтынын тексерген екен. Құдай оңдап, жылы қабылданған.  


«Қызық. Кейінгі жазушылардың біразында осы сюжет байқалады. Ол не? Қабдеш Жұмаділовтің мектебі деген сөз, әсері деген сөз», – деп тұжырымдады Арман Қабдешұлы.


Иә, әр шығарманың өзінің қызық тағдыры, бөлек жолы бар. Кітапты жазу үшін жазушы міндетті түрде сол жерді көруі керек. Бұл да қаламгердің бір ұстанымы болса керек. Жер-су аттарын, географиялық аймақты көз алдына елестетуі керек. Өйткені, кейбір жазушылар өздері жазып жатқан өңірді мүлдем көзімен көрмеген.



«Әкеміздің бір ерекшелігі, ол – көшпелілердің соңғы тұяғы, көшпелі өмірдің романтикасын көрген кісі. Қазіргі шығармашылық адамдар көшпелі өмірді көз алдына елестете алмайды. Оның қызығын, рахатын, стихиясын танымай жатады. Кейде біреулер шығармаларында таң атпай, күн шықпай ауыл тұруы керек, үйді жинауы керек, жолға қамдану керек, көшу керек дейді. Соның бәрі азап сияқты көрінеді. Құдай-ау, осы көшуді қашан тоқтатар екенбіз деген сияқты бір қиналып қалған сәттер көз алдына елестейді. Бірақ көшпелілер үшін бір орыннан бір орынға жылжу, жүріп отыру – өмірдің символы. Білесіздер ме, көшпелілер көшке шыққан кезде бір киерін киіп шығады. Олар үшін бұл – үлкен мереке деген сөз. Алдағы басқа ауылдармен араласу, құдандалық қатынастар орнату деген сияқты өмірлік салттармен байланысты нәрселер. Көше салу деген жай процесс емес. Ол – үлкен астарлы дүние, өміршеңдікті қамтамасыз ететін нәрселер, құбылыстар».



Оның шығармалары өміршең


Тағы бір қуантарлығы, жазушының көзі тірісінде барлық шығармалары өзіне сай, лайықты бағасын алған екен. Әрине, мұның басты себебі – ол қозғаған тақырыптар мен көтерген мәселелерде жатыр.


«Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы ешқашан банкроттыққа түспейді. Ол үнемі оқылады. Өйткені, оның басты тақырыбы – ұлт тағдыры, жер мәселесі. Былайша айтқанда, бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерінің бәрі Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларында жазылған. Қазақстанда кітабы өртенген жалғыз жазушы – Қабдеш Жұмаділов. «Әріп пен Сара» деген жинақ бар. Сол жинақтың ішінде алғашқы рет «Диктатордың ажалы» деген әңгіме кеткен. Жұрт оқысын, мектепке тарасын, балалардың қолына тисін деп, қазіргі Абай облысы, Үржар ауданына 150 кітап жіберген. Екі аптадан кейін осы кітапты КГБ-ның адамдары жинап алып, өртеген көрінеді. Сонда осы  «Диктатордың ажалы» деген әңгімесі үшін. Сол жерде қырағы біреулер сол диктаторлардың ішінен Елбасыны танып қойды ма, білмеймін, әйтеуір қырағылық танытқан көрінеді», – деп бұрын ел естімеген жаңалықты айтып берді.



«Жазушы деген бойжеткен емес, бәріне ұнағысы келетін» деп Қабдеш Жұмаділовтің өзі жазып қалдырған екен. Оның өзінің өмірлік принциптері бар. Сол принциптерінен ауытқымағаны, ұстамдылығы, биліктің сарай бұлбұлы болмағаны үшін ол бір кездері халық жазушыларына берілетін стипендияны 7 жыл алмай, қағылған. «Бірақ өзінің позициясынан қайтпаған. «Егер үлкен кісіден кешірім сұрап, алдынан өтсең, мансап та, атақ та болады» деген ұсыныс болған. Соған да бас имеген. Міне, жазушының принципі. Қазір сол үлкен кісіміз қайда, Қабдеш Жұмаділов қайда?!», – дейді Арман Жұмаділ.



Оның әр шығармасы – дайын тұрған сценарий. Театр қойылымына, киноға лайық дүниелер. Сол себепті, Қабдеш Жұмаділов шығармалары әрқашан сұранысқа ие.


«Әкем бильярдтың терминдерін қазақша айтатын...»


Сөз орайы келгенде Арман Қабдешұлынан қаламгердің өзге де қызығушылықтары жайлы сұрадық. Жазудан бөлек немен машықтанды, сүйікті ісі қандай болды деген сауалдардың жауабы сіздерді де таң қалдырмай қоймас.


«Әрине, серуендеуді жақсы көретін. Әкеміз барда талай тауларға шығатынбыз. Тау бөктеріне барып демалғанды ұнататын. Өзі тау баласы ғой. Тарбағатайдың азаматы. Сол тауларға барғанда Малдыбай, Жандыбай қыстаулары көз алдына елестейді ме екен?», – дейді Арман сол бір сәулелі сәттерді есіне алып.


«Бильярдты ұнататын. Әкемізбен бильярд ойнап жатқанда сол бильярдтың терминдерін қазақша атайтын. «Қап, соны кезінде жазып алмаппыз» деп өкінемін. Әйтпесе, қазір бильярдтың атауларын қазақшалау – үлкен іс. Мысалы, бильярд ойнап жатқанда лузаға түсіп кеткен шарды «майшелпек» деп атайтын. Шахмат ойнауды да ұнататын».


Дегенмен көп жағдайда қолы босай қалса, отыра қап кітап оқитынын айта кетті. Жазушы болған соң үнемі білімін толықтырып, жетілдіріп отыру шарт болатын. «Бәрін оқитын. Әсіресе шетелдік жазушыларды көп оқыды. «Тағдыр» деген романды жазардан бұрын Қытай тақырыбындағы кітаптардың бәрін оқып шықты. Бұрынғы совет кезеңінде шыққан саяси кітаптарды, әдеби кітаптарды да оқыды. Әсіресе, қытай жазушыларының шығармаларын оқыды. Өйткені, сол елдің философиясын, көзқарасын, дүниетанымын, дүниетанымдық құндылықтарын, ұстанымдарын білуі керек. Оны қайдан аласың? Оқып, табиғи жолмен түйсініп барып қана ұқпасаң, қиын нәрсе».



«Енді бір қызық нәрсе, әкемізге талай адамдар ақыл-кеңес сұрап келген. Мысалы, Қуаныш Сұлтанов деген ағамыз бар. Бір кездері Қытайға елші боп тағайындалған. Сонда Қытайдан, Қытай қазақтарынан хабары жоқ. «Не істеймін, кімнен мағлұмат алсам» деп жүрген кезде біреу ақыл берген ғой. «Аға, сіз осы Қабдеш Жұмаділовтің шығармаларын оқыңызшы» деп. «Соңғы көш» деген тағы басқа кітаптары бар. Соны қолына алып, бәрін ақтарып шыққан ғой. «Пайдасы тиді» дейді. Сол жердегі мәселелерді ұқты. Содан әкемізбен кездескен кезінде өзі қолын қысып, рахметін айтқан. «Сіздің шығармаларыңыз елшілік қызметте жүрген кезде маған көп септігін тигізді деп», – дейді Арман Жұмаділ.



«Олар басында жетеу болатын»


Қабдеш Жұмаділов тарихи тұлғалардың өмірбаяны жайлы көптеген соны шығармалар жазған. Мәселен, Қабанбай батыр («Дарабоз»), Ақжан Атаханов («Атамекен»), Қаныш Сәтбаев («Академтиктің көз жасы»), Әсет Найманбаев («Тағдыр») т.б. Тіпті мақалаларының өзінен сол стильдің, өзіндік қолтаңбаның лебі есіп тұрады. Замандастары Әкім Тарази, Рамазан Тоқтаров, Заманбек Жакеновтер, тағысын тағы ақын-жазушылар талай мақалаға арқау болған. Міне, соның арқасында қалың оқырман ұлт ардақтыларын етене танып жатыр.



«Олар басында жетеу болатын. Рамазан Тоқтаров, Қалихан Ысқақов, Әкім Тарази, Сайын Мұратбеков, өзі және Дүйсенбек Қанатбаев қой деймін. Басында «жеті қарақшы» боп жүрген. Арасында бір-екеуі күйбең тірлікпен шығып қалғаннан кейін, бұларды жұрт қалжыңдап: «бес тапал» деп атап кетті. Сол кісілердің барлығы менің көз алдымда өтті. Ес білгенімнен үнемі үйде қонақтар жүретін. Құдай біледі, апта сайын келе ме, аптасына бірнеше рет келе ме немесе бір-біріне кезек-кезек бара ма, әйтеуір ара қатынастары өте жақын болды», – дейді Арман Жұмаділ.



Арман Қабдешұлының айтуынша, Жазушылар одағы қаламгерлерге арнап екі үй салып берген екен. Олар қазір Жамбыл көшесінің бойында. «Біреуі – Жамбыл, 163, екіншісі – Жамбыл көшесі, 165. Ақ үй мен сары үй. Әдетте «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» деп жатады. Мына жерде үкімет 40 жазушыны бір-біріне жақын орналастырып қойған. Ол да бір дәурен екен», – дейді Арман Жұмаділ есік алдындағы айтыс-тартыс, дау-дамай, әзіл-қалжыңды есіне түсіріп.



«Бір қызығы, біздің үйде кенжеміз, Ерке деген қызымыз бар. Еркенің атын қоярда үлкен консилиум болған. «Қабдештің үйіне қыз келді. Төрт ұлдан кейін бір қыз ғой.  Небір аттар кетті. Жыр-аңыздардан, тарихтан небір сұлулар, небір дана қыздар. Сонда Еркенің атын қойған – Оспанхан Әубәкіров. Сондағы айтқаны: «Төрт ағасы бар кішкентай ғана қыздың аты төрт әріптен тұратын «Ерке» болуы керек», – депті. Содан «Ерке» атанды. Мінеки, сондай замандар еді. Қасымызда Хизмат Абдуллин – ұйғырдың жазушысы, төменде – Оспанхан Әубәкіров, бір жағымызда – Тәкен Әлімқұлов. Оның ар жағында – Мұхамеджановтар, Домбаевтар, тағы-тағылар... Міне, сонда далаға улап-шулап шығамыз, барлығы – жазушылардың балалары. Қызық...».



Ол да бір дәурен еді.


Сөз қадірін көтерген


Қабдеш Жұмаділовтің шығармалары кеңінен талданып жүр. Ол туралы докторлық та, кандидаттық та диссертациялар қорғалуда. Бірақ бір кенже қалған дүниесі – қаламгердің публицистикасы.


Прозаның ауыр жүгін қайыспай көтерген қабырғалы қаламгер 50-ден астам мақала жазды. Мақалалары кесек, көлемді. Қазақ әдебиетінен бөлек, қазақ публицистикасында да қолтаңбасын қалдырып кетті. Оның мақалаларының ерекшелігі, тың жаңалығы қандай деген сұрақты Арман ағаға қойдық. «Қазір сөз қадірін білетіндер азайып кетті. Өзі оқыған мәтінді ұқпайтын ұрпақ келе жатыр. Қазақтың қазақ болуының бір шарты – сөзге тоқталу. Сөз қадірі жалпы қазақтың бойында бар қасиет қой. Басқа халықтар қазақты сипаттаған кезде сөзге тоқтайтынын айтып өтетін. Орыстың саудагерлері қазақтың бір мінезін байқаған. Қазақтар тағдырлы мәселелерді қол алысып шешетін. Неге? Уәде бердің бе – орында. Қол алыстың ба – орында. Ол – аманат. Өйткені, уәде – Құдайдың бір аты. Алақан – құдайдың мөрі. Солай түсінетін», – дей келе, Арман Қабдешұлы жазушының екі сөйлемейтін, принципшіл адам болғанын айта кетті.



«Біз бүгін батысшылдыққа ұрынып жатырмыз. Ол сондай бір керемет дүние емес. Өз тамырыңды, өз ата жолыңды ойлануың керек. Қайтсек ұлттық болмысымызды сақтап қаламыз? Әрине, салт-дәстүрдің озығы бар, тозығы бар. Озық салт қайсысы? Ол – қазақты айрандай ұйытатын салт-дәстүр. Соларды сақтау керек. Әкеміз осы мәселелерді ұстанған. Ол – қара қылды қақ жарып әділдікті айту, позицияңнан таймау, бүлініп бара жатқан біреу болса соны уақытында түзету, әсіресе жұрттың назарын бір мәселелерге аудару.  Соңғы жылдарда публицист болу, шындықты айту, дәлелді сөйлеу, халықтың мұң-мұқтажын, мүддесін қорғау оңай болмады», – дейді Арман Жұмаділ.



Азат елдің әдебиеті


«Әдебиет – халықтың рухани өмірінің шежіресі, әрі өзіне өзі зер салып, бой түзейтін айнасы іспетті. Бірақ айнаның да әр түрі болады: бет-жүзіңді зорға көрсететін болымсыз қол айна бар да, тұла бойыңды түгел қамтитын шарайна тағы бар», – деп жазушының өзі мақаласында жазып кеткендей, төл әдебиетіміздің басынан небір ауыр күндер өтті. Қазақ элитасы қақ жарылып, ауыр кезеңдерді бастан кешіп жатты. Міне, сондай арандатушылық саясаттың тақсыретін тартып жатқанда «Азат елдің әдебиеті» атты мақала өмірге келді.


Қабдеш Жұмаділовтің 70-тен аса әңгімесі бар. Солар да қоғамдағы әртүрлі шешімін таппай жүрген мәселелерді қаузаған. «Отбасындағы жағдай қалай өзгеріп жатыр, басшы мен қосшының арасындағы байланыс, ауылдың, қарттардың мәселесі, қазақтың генофонды мәселесі. Ұлт тағдырымен байланысты осындай дүниелер қысқа-қысқа әңгімелерде көтерілді. «Тәуелсіздік қалай келді, қалай алдық, қандай әттеген-айлар бар» дегенді Қабдеш Жұмаділовтей ашып көрсеткен жазушы жоқ». Оның «Мәңгілік майдан», «Қылкөпір» деген сияқты шығармаларында сол өтпелі кезеңдегі Қазақстан қоғамының ащы шындығы айғайлап тұр.


 Мақсатымыз – жастарды оқыту


«Басты мақсат – жастарды оқыту. Әкеміздің: «Рухани жаңғыру кітап оқудан басталады» деген сөзі бар. Сол шындық. Ертең кітап оқығандар телефонға телміріп отырғандарды билейтін заман келеді. Кедей халықтар неге телефонға телміріп отырады? Өйткені, сол жерден бақытты өмір іздейді. Бірақ бұл – жалған. Бір күн телефонда отырасың да, ертеңіне есіңе түсірші, «не көрдім» деп. Есіңе түспейді. Есіңе түспеген нәрсе, ол – жалған. Уақытың зая кетті. Ал уақытты зая кетіру – күнәнің бір түрі. Ал, бір әңгіме оқып шықшы. Қандай әсер алдың? Өмір бақи ұмытпайсың. Құрбы–құрдастарыңа, жолдастарың айтасың», – дей келе, Арман Жұмаділ кітапты әсіресе қыздар көбірек оқыса дейді.


Қыздар қауымының қашан да ықпалы ерекше. Кітап оқитын қыздың санасы биік бар, ұлттық болмыспен тәрбиеленген, бойында қазақи әдебі бар. Және өзімен танысқысы келетін жастардың бәріне сол талапты қоя алады, – деп сөзін тәмамдады Арман Қабдешұлы.


Оқырманын тапқан Қабдеш


Қабдеж Жұмаділ шығармалары бүгінде қалай оқылады, жастар арасындағы танымалдылығы қандай деген сауалды «FARAB» оқырмандар клубының белсенді мүшесі, филология факультетінің 3-курс студенті Арайлым Зеберханға қойған едік.



«Қазақ әдебиетінің қара нары Қабдеш Жұмаділов шығармашылығы –көркем оралымға толы тіл. Бұл туындылар қазіргі уақытта жұтаңдық танытып жүрген тіл байлығымыздың орнын толтырады, оны мойындауымыз керек. Сондықтан Қабдеш Жұмаділов туындыларын, әсіресе, қарасөздің қасиетіне аңсары ауып жүрген жас ұрпақ көбірек оқығаны жөн. Бұл ретте, біздің буын арасында көбірек оқылып жүрген «Соңғы көш», «Қаздар қайтып барады», «Тағдыр» романдарын өте тағылымды десек, жаңылмаған болар едік», – дейді ол.



Арайлым Зеберханның айтуынша, Қабдеш Жұмаділов туындылары тақырыбының тосын да, күрделілігіне, оқиғалардың көп жағдайда алғаш көтеріліп отырған тыңдығына, адам мінездерінің салдарлылығына, идеясының терең шыншылдығына да қарай ерекшеленеді.


«Нағыз жазушы әдебиетке өз туындыларымен қоса, өз тақырыбын да ала келеді», – дегендей, Қабдеш Жұмаділовтің қазақ әдебиетіне қосқан ең елеулі үлесі – оның тың һәм батыл тақырыптар алып келгендігі. Бұл қазақ әдебиетінде уақытында әлі қозғала қоймаған бөлек сүрлеу, – дей келе, Арайлым өз ойын аяқтап, жазушының шығармалары қашан да мәңгілік жасай беретін айтты.


«Мен – қазақтың жазушысымын. Біреулер өзін адамзаттың жазушысы санайды. Жоқ, мен оған ұмтылмаймын. Адамзатқа ақыл айтатын әр ұлттың өз жазушысы болуы керек». Қазақтың жазушысы қалдырып кеткен мол мұра – аманатымыз. Тұңғиық тұлғаның телегей тағдырын бір мақалаға сыйғызу мүмкін емес. Қабдеш Жұмаділов ұстанған позиция, принциптер барша адамзатқа үлгі екені сөзсіз.


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
5
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32