ffin.kz

Киіз басу – ғажап өнер

Киіз басу – ғажап өнер almaty-akshamy.kz

Алматыда киіз басу өнерінен халықаралық фестиваль өтті. Онда әжелеріміз бастаған қыз-келіншектер киіз басты. Ал қолөнер бағытында жүрген шеберлер киізден жасалатын бұйымдардың түр-түрін көрсетіп, шеберлік сағаттарын өткізді. Бүгінгідей жаһандану кезеңінде білектеп киіз басқан қыз-келіншектермен бірге көз алдыма сонау артта қалған балалық шағымнан әдемі кадрлар келе қалғаны.


Ол тұста бала болсақ та, дәл қазіргі күні «біз де аналарымызбен бірге, әжелеріміздің етегіне оратылып жүріп, киіз бастық» деп мақтанып айтуға болатындай екен-ау. Яғни біз бір заманда қазақтың тұрмыс-тіршілігінің ажырамас бөлшегі болған киіз басу өнерінің көріп өскен, сол процеске атсалысқан ұрпақпыз.


Біздің әжелеріміздің, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп жүргендіктен, көшпелі өмірге қолайлы өре киізкесек киіз, от киіз, текемет, сырмақ, сатымсақ киіз сынды тұрмыстық бұйымдарын мал жүнінен, киізден жасап жүріп, киіз басуды өнер дәрежесіне дейін көтергені неткен шеберлік!



Киіз қойдың жүнінен жасалады. Жүн таза болу үшін, қойды қырықпас бұрын үш-төрт рет ағынды суға тоғытып алады. Қырқылған жүнді шешелеріміз алдымен ешкі терісінен жасалған тулаққа салып, бобыратып сабайтын. Оған пайдаланылатын таяқты сабау деп аталатын. Ол да арнайы жас талдан қиып алынып, арнайы көлеңкеде кептірілетін болған. Жүн сабалып болған соң басылатын киіздің көлеміне қарай шиді жаяды да, оның үстіне жүнді салып, шабақтауға кіріседі. Марқұм шешем ыңылдата әндетіп қойып, аппақ жүнді бір қолымен уыстап алып, шабақталған жүннің үстіне салып отырып, тарамыс тартқан екінші қолының қырымен басып қалып, үзіп отыратын. Бұл жұмысты бір адам ғана істейді. Сонда ғана ши бетіндегі жүндер ала-құла болмай, біркелкі орналасатын көрінеді. Сосын қайнап тұрған ыстық суды шөмішпен себезгілеп құя бастайды. Сөйтсек, ыстық су шабақталған жүн мен оның үстіне тартылған жүнді біріне-бірін қосу үшін керек екен. Одан соң білектеу, қарпу басталады. Айтпақшы, сонадайда киіз басушылардың арнайы кәдесі қара қазанда қайнап жатушы еді.


Аналарымыз шиге ораулы, ыстық буы бұрқыраған киізді біраз білектеп болған соң көмекке бізді шақыратын. Сосын өздері сексеуілге қайнаған самаурынның шәйін ішуге кетерде бізге, айнала жүгіріп жүрген бала-шағаға аяқтарыңмен баса беріңдер біз келгенше деп тапсырып кететін. Ұлдар жағы шиге ораулы ыстық киіздің үстіне шығып тепкілейтін. Сосын ересектеу ұл-қыздар білектеуге көшетінбіз. Әйтеуір мәзбіз. Бәлкім, үлкендердің әжетіне жарағанымызға мақтанатын болуымыз керек. Әрі ол күні алақанымыз да, ұртымыз да тәтті мәмпәсиге толып жүретін.
Ал өздері де терлеп-тепшіп сөкпен шәй ішіп, талқанға май шылап жеп, әңгіме-дүкен құрып, арқа-жарқа болып мәз болып отырушы еді. Қайран, шешелер! Киіз басу өнерін де той-думанға айналдырып жіберуші еді-ау. Киіз басу науқанында біздің де балғын білектеріміз қызылды-жасылды бояу болып жүретін біразға дейін.


Он саусағынан өнер тамған шешелеріміз бізге «Көздеріңді салып жүріңдер, ертең керек болады. Барған жерлеріңде киіз басып, алаша тоқысаңдар жаман ба, қолөнер деген – қыздың сәні ғой» дегенді жиі қайталаудуан жалықпайтын. Киіз басу процесі аяқталған кезде шебер аналарымыздың алтын қолынан қазір ғана шыққан, көздің жауын ұрлаған бетіндегі қошқармүйізді ою-өрнектері менмұндалап әріректе күн көзінде жатушы еді біразға дейін.


 ***


Бүгінде көп ешкім қабырғасына киіз тұтып, еденіне текемет төсемесе де, киіз басу өнері мүлдем жойылып кетті десек, қателесеміз. Қазір жүнді өңдеп, таза­лап,­ сұрыптайтын да құрыл­ғы­лар бар. Киіз де арнайы механикаландырылған әдіспен, арнаулы станокпен басылатын болған, яғни оңайлатылған. Қазіргі заманғы байпақ жасау, фетр (қалпақтық биязы киіз) басу процестері де киіз басудың дәстүрлі технологиясынан еш айырмашылығы жоқ дейді қолөнершілер.


Бұл өнердің бүгінгі күні де қолданыстан шықпаған себебі, киізден жасалған киімдер мен аяқкиімдер, яғни табиғи материалдар сұранысқа ие. Бұл киімдер денсаулыққа қауіпсіз, теріге, денеге жағымды, суық күндері жылы. Яғни экологиялық таза өнім. Қазір қолөнермен айналысатын кәсіп­­ иелері киізден киім-ке­шек, аяқкиім, түрлі қоржындар мен сәнді сөмкелер, кәдесыйлар мен түрлі әше­кей бұйым­дар жасайтын болған. Айналып келгенде, бәрі сол баяғы бабалар ізі ғой  жалғасын тауып жатқан. Бұрынғы өткен әжелеріміз киізден сырт киімдер, киіз қалпақ, байпақ, киіз етік тігіп, онымен үйді жабу үшін ғана пайдаланып қоймай, киіз үйдің ішкі жасау-жиһаздарын, өзге де тұрмыс-тіршілікке қажет заттарды тігуге де қолданған. Мәселен, аяққап, әбдіре жапқыш, керме, кесеқап, қаршын, тұтқыш, шәйнекқап, тебінгі, терлік, тіпті киізтүбек (бесік жабдығы) жасап тұтынған. Демек, бұл өнер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.


Айтпақшы, бүгінде жаны қазақылыққа жақын кейбір қазақтардың ішінде заманауи коттедждерінің бір бөлмесінің қабырғасына оюлы киіз тұтып, еденіне текемет немесе терме алаша төсеп, төріне жүк жинайтын сандығын қойып, арнайы қазақы бұйымдармен жабдықтайтындар да табылады. Демек, біз үшін биік өнер өшпейді деген сөз бұл.


P.S. Жылда еңбек демалысына ауылға барғанда шешем «мына киізіңді алып кетпейсің бе, біте жеп қоятын болды ғой» дейтін. Ол түста тұрмыс құрмаған кезім. «Бір бөлменің қай жеріне жаямын?!» деуші едім. Жаспыз ғой. Бертін келе, есейе келе көңіліне қарап «келесі бір келгенде алып кетемін» деп жүргенде, оюлы киіз де сәннен шығып қалды. Сөйтіп, шешем маған арнап өзі басқан текеметін бақандай 25 жыл сақтады. Көзі кеткен жылы, анамнан естелік болсын деп, Алматыға арқалап келдім әлгі аппақ киізді. Жап-жаңа, еш жерін кір шалмаған. Анамның қолының табы білініп тұр. Киізімді үйіме әкеп төсеп қойдым. Анамның көзі.
 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

17:47

17:15

16:46

16:16

15:45

15:15

14:44

14:14

13:02

12:45

12:22

11:49

11:11

10:50

10:09

17:43

17:13

17:12

16:43

16:09

15:49

15:10

14:44

14:14

13:43