ffin.kz

Мектеп асханасының мәзірі талапқа сай ма?

Мектеп асханасының мәзірі талапқа сай ма? turkystan.kz


Биыл Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, қала әкімінің қолдауымен 1 қыркүйектен бастап Алматыдағы мемлекеттік мектептерде оқитын барлық бастауыш сынып оқушылары (1-4- сыныптар) әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіле бастады. Балалар жылының тартуы ретінде қолға алынған бұл бастама балаларды ғана емес, олардың ата-аналарын да қуанышқа кенелтіп отыр. Сонымен мектеп оқушыларын бір реттік ыстық тамақпен қамтудың да өзіндік ережесі мен тәртібі бар екені белгілі. Бұл мәселе қалалық әкімшілік тарапынан бір емес, бірнеше мәрте талқылауға түсті. Балалардың сапалы тамақтануын ұйымдастыру үшін білім басқармасы теңгерімді және әртүрлі рационды құру мәселесін әлденше рет пысықтады. Сонымен қатар, мектептердегі тегін ыстық тамақты қаржыландыру мәселесі жергілікті бюджетті нақтылау шеңберінде ағымдағы жылдың 4 наурызында өткен мәслихат жиынында қаралған еді.


Ас ұсынудың да, ас ішудің де өз әдебі бар


Қала мектептеріне бас сұға қалсаңыз, алдымен дуылдаған оқушылардың ортасына тап боласыз. Осындайда «Тәулігінің төрттен бірін мектеп қабырғасында өткізетін оқушыларымыз қалай тамақтанады екен?» деген сауал мазалайды. Осы ретте біз қаламыздағы М.Мақатаев атындағы №140 гимназияға арнайы барып, мектеп оқушыларының ас мәзірімен, асхананың жәй-күйімен жақынырақ танысып қайтқан едік. Халқымызда «Ауру – астан», «Ағзаның мықтылығы астан болар», «Аяғына қарап асын іш» деген даналық сөздер бар. Бұл әсте тегін айтылмаса керек. Мұның астарына үңілсек, деннің саулығы, ағзаның тазалығы, өмірдің мәні дұрыс тамақтануда жатыр екен.  Адамның бойына қуат беріп, одан әрі тіршілік етуі ішкен ас-суға байланысты десек, сол асты жас ағзаға, яғни біздің балаларымызға әзірлеп жатқан мектеп асханасының жайы қалай екен?


Содан да болар, қала әкімінің қолдауымен 1-4-сынып оқушыларына тегін ыстық тамақтың беріле бастауы күнделікті күйбең тірліктен қолы босамайтын ата-ана үшін елеулі оқиғаға айналғаны рас. Бұл, ең алдымен, баланың уақытылы тамақтануы мен ағзаның құнды тағамдармен қоректенуіне әсер етеді.


Өткен жылы ғана гимназияның асханасына күрделі жөндеу жұмысы жүргізілген екен. Терезесінен күн сәулесі құйылған кең де жарық асхана кішігірім мейрамханадан еш кем емес. Асхана да, мектептің буфеті де бірінші қабатта орналасқан. Мұның да өзіндік себебі бар, ережеге сәйкес, асхана негізінен күн жарығы жақсы түсетін жаққа орналасуы керек. Асхананың ішкі дизайны да әдемі, қабырғалар да адамның тамақтануына байланысты түрлі суреттер бейнеленген, нақыл сөздер мен мақал-мәтелдер келтірілген. Ашық түсті бояулармен безендірілгендіктен, асхананың көркі келісіп-ақ тұр. Тазалық салтанат құрған асхана ішіне жаңа жиһаздар талғаммен қойылған. Мәселен, мұндағы орындықтар отыруға да, баланың орнынан қозғалуына да ыңғайлы. Асхананың ас мәзірі күн сайын жаңарып отырады. Асханадағы тамақтар білім басқармасы бекіткен арнайы мәзірге сай дайындалады. Ең бастысы, тағам құрамында құнарлы дәрумендердің бай әрі пайдалы өнімдердің көбірек болуы қатаң қадағаланады. Оқушыларға адам ағзасына пайдалы дәрумендерге толы, жеміс-жидек, түрлі тосаптар тұрақты түрде беріліп отырады.  


Дұрыс тамақтанумен қоса, ондағы тұтынылатын барлық заттар, ыдыс-аяқтар да санитарлық-гигиеналық талаптарға сай болуы басты назарда. Ас әзірлеуге пайдаланылатын толып жатқан асхананың асай-мүсейі, керек- жарағы жеткілікті. Бұған қоса, қызмет көрсетуші бармағынан бал тамған аспазшылар С.Роджапова, У.Машариопова, Н.Роджапова өз жұмыстарын жақсы атқаруда. Жалпы, мұнда ас ішудің де, ас берудің де өзіндік ережелері бар. Мектеп оқушыларына ыстық тамақтың өзі жәй беріле салмайды. Ыстық астың да оқушыға жеткенше жүріп өтетін кезеңдері бар. Мәселен, астың әзірленуі мен оқушының тамақтануын  қадағалайтын мектеп медбикесі, әлеуметтік педагог, гимназия әкімшілігі мен ата-аналардан құрылған арнайы комиссия бар. Бұл топ кез келген уақытта ас мәзірін, тамақтың құрамын бақылап, кезі келсе, тексеруге де құқылы.   


Сонымен, үзіліс сәтінде асханаға келген оқушылардың жүйелі тәртіпке бағынатыны байқалды. Олар кезектесе қолдарын жуып, аспазшылармен амандасып, әрқайсысы өз орындарына жайғасып жатты. Исі мұрынды жарған ағзаға пайдалы сорпа, еттартқыштан өткізілген жас ет (котлет), көкөністерден жасалып, зәйтүн майына шыланған салат, үй жағдайында дайындалған компот, алма беріліпті. Дәмді асты ішіп болған соң, барлық оқушының әдеппен рахмет айтуы да ерекше. Ас ұсынушылардың да, балаларды асханаға бастап келген ұстаздар мен кезекші мұғалімдердің жылы қабақ танытуының өзі тәрбие мектебі. Оқушылардың сынып болып, бір мезгілде тамақтануы неге үйретеді? Бұл тек тамақтануды ғана емес, ұжымдық мәдениеттің де қалыптасуына ықпал етеді. Тамақ ішуге қолайлы орта, таза ыдыс-аяқ, әдемі асхана, күлімдеген бала, жылы жүзді қызметкерлер – осының өзі ішкен астың ағзада қорытылуына оң әсер етеді. Осындай ұйымдастыру шараларына тек асханашылар ғана емес, кезекші мұғалімдерді жұмылдырудың өзі баланың дұрыс тамақтануына жасалып жатқан жағдай емес пе?


Мектеп қабырғасындағы оқушы қай уақытта сапалы білім алады? Оған әсер ететін фактордың көп екені белгілі. Дегенмен, ең алдымен, дұрыс жағдайдың жасалуы ауадай қажет. Әрине, оған сөз жоқ, оқушылардың мектептегі дұрыс тамақтануын ұйымдастыру да жатады. Дәл қазір, мектеп ата-аналары 1-4-сынып оқушыларының тегін әрі құнарлы тамақтануына мүмкіндік жасап отырған Алматы қаласы әкіміне, қалалық білім басқармасына, сонымен қатар гимназияда оқып жатқан екі жарым мың бала мен екі жүзге тарта мұғалімнің уақытылы тамақтануына ұйытқы болып отырған асхана қызметкерлеріне деген алғыстары шексіз.


PS:


Екінші тоқсаннан бастап қала мектептерінің асханаларындағы ас мәзірлеріне тағы да толықтырулар енгізілді. Оқушыларға берілетін тағам түрлері сапалы, пайдалы өнімдермен толыға түсті.



Тақырыпқа орай


Мөлдір БАЙБОСЫНОВА, ата-ана:


– Биылдан бастап бастауыш сынып оқушыларына ыстық тамақтың беріле бастағаны бізді, ата-аналарды, қуанышқа кенелтіп отыр. Осы мектепте менің үш бірдей балам оқиды. Бір мезеттік ыстық астың берілгені отбасымызға үлкен көмек болды. Оның үстіне балалардың ішетін астары да үй жағдайындағыдай дәмді дайындалады. Қазір балаларым мектепке бара жатқанда ақша сұрамайтын болған. Өйткені, мектеп асханасынан ішетін астары сіңімді әрі дәмді. Сондықтан артық ақшаны қажетсінбейтін де болды.


Сағат КЕЛДІБЕКҚЫЗЫ, ата-ана:


– Мен көп балалы анамын. Мектептің биылдан бастап тамақ бере бастауы бізге, басқа да әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға үлкен көмек болды. Шынын айту керек, асхана қызметкерлері тамақты өте дәмді дайындайды.


 


 


 


 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

19:10

18:45

18:02

17:43

17:39

17:31

17:20

17:17

17:05

16:54

16:41

16:15

16:05

15:56

15:39

15:21

15:14

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32