«Керек адам өзі тауып алады»: телефоннан бас тартқан қазақстандықтар

«Керек адам өзі тауып алады»: телефоннан бас тартқан қазақстандықтар Сурет: rxguides.net

Осы күні «телефоныңыз бар ма?» деп сұраудың өзі артық. Смартфон – біздің күнделікті өміріміздің, жұмысымыздың, тіпті қарым-қатынасымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Асыққанда: «ватсапқа жазам», «инстаграмнан жіберемін» деген сөздер – жай тіркес емес, қалыптасқан дағды. Әсіресе ақпарат, медиа, бизнес саласында жұмыс істейтіндер үшін смартфон – ізденудің, аудиториямен байланыс орнатудың, тіпті табыс табудың басты құралы.

Алайда қалтадағы «мүмкіндіктің» уақытты ұрлап, тіпті денсаулықты білдірмей құртып жатқанына көпшілік бас қатыра қоймайтын сияқты. 

 

Смартфон – құрал ма, бақылау ма?

Смартфон жай ғана байланыс құралы емес. Ол – жаһандық бақылау құралына айналған технология. Қайда жүргеніміз, кіммен сөйлескеніміз, не іздегеніміз – бәрі де тіркеліп, талданып жатыр. Бұл ақпарат кімнің қолында, қайда кетіп жатыр – бұл жағы көбіне көмескі.

АҚШ Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің (NSA) бұрынғы қызметкері, киберқауіпсіздік маманы Эдвард Сноуден смартфонды «ақпарат жинаудың ең оңай құралы» деп атайды. Оның айтуынша, смартфондардағы камера, микрофон, сенсорлар – адамның әрбір әрекетін бақылауға мүмкіндік береді.

Мұны 2021 жылы әлемдік резонанс тудырған «Pegasus Project» атты зерттеу дәлелдеді. Онда смартфонға арнайы бағдарлама орнату арқылы құрылғы иесінің барлық деректеріне – хабарламасынан бастап, камера мен микрофонына дейін – рұқсатсыз қол жеткізу мүмкін болғаны анықталды.

 

Смартфоннан саналы түрде бас тартқандар бар ма?

Цифрлық ғасырда смартфонсыз өмір сүру – сирек, бірақ мүмкін. Мұндай қадамға адамдар әртүрлі себеппен барады: қауіпсіздік, зейінді басқару, уақытты үнемдеу немесе отбасыға көбірек көңіл бөлу мақсатында.

Қазақстандық мысалдар:

         •        Гүлден Төлеген, көпбалалы ана

Бала тәрбиесіне бей-жай қарамайтын ана жазғы демалыста балаларына телефон ұстауға тыйым салған. Оның айтуынша, «телефон – уақыттың әрі денсаулықтың жауы». Қазір Гүлденнің балалары екі айдан бері кітап оқып, үйірмеге қатысып, бір-бірімен ойнап, уақытты телефонда текке өткізбейтін болыпты.

         •       Азамат Скаков, коуч.

Cурет: www.youtube.com/@Azamat.SKAKOV

Ол үйінде телефон кіргізуге болмайтын арнайы «cellphone-free zones» енгізген: асүй мен жатын бөлмеде гаджет қолдануға болмайды. Өзінің әдет қалыптастыру әліппесін жасаған ол жұмысы әлеуметтік желілермен, телефонмен тікелей байланысты болса да, бір күнде телефонға 40-50 минуттай ғана көңіл бөледі екен.

 

   •     Академик Асқар Жұмаділдаев

Сурет: abai.kz

Оның телефон ұстамайтыны біраз адамға белгілі. Одан неліктен телефон ұстамайтынын сұраған сұхбаттарының бәрінде үнемі: «Маған телефон керек емес. Керек адам өзі тауып алады», – деп қысқа ғана қайырады. Физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Асқар ағаның телефонға келгенде «өз есебі» бар шығар. Бәлкім, ғылымдағы жетістіктерінің құпиясы да телефонға  «байланбауында» шығар.

         •        Нұртөре Жүсіп, Сенат депутаты.

Көбіне батырмалы телефон қолданады, смартфонды тек қажетті қосымшалар үшін ғана пайдаланады. «Әлеуметтік желіні күніне бір рет қана жұмыстан тыс уақытта ғана шолып шығуға тырысамын», – дейді ол. 

«Қазір телефон ұстамайтын адамдар сирек. Мен білетін азаматтардың ішінде академик Асқар Жұмаділдаев телефон ұстамайды. Сонымен бірге, қазақтың Сырбай Мәуленов деген мықты ақынының ұлы Қасым деген азамат бар. Сол кісі де телефон ұстамайды деп естіп едім», - дейді ол.

Смартфоны бола тұра, депутат мырза өзі айтқандай «Nokia деген баяғы байланысқа арналған телефонға» басымдық береді екен.

«Өте ыңғайлы. Оның ішінде суретке түсіретіні, дыбыс жазатыны, болмаса, басқа артық қондырғылар жоқ. Ал смартфон үлгісіндегі телефонды ватсап желісін пайдаланған кезде, коммуналдық төлемдерде банктік, сосын  басқа да мәселелерде көмегі тиетін болған кезде ғана ұстаймын», - дейді ол.

Нұртөре Жүсіптің байқауынша, АҚШ-тағы адамдар смартфонға біздегідей телміріп отырмайды. «iPhone отаны – Америка. Бірақ көшеде олардың телефонға үңіліп жүргенін көп көрмейсің», – дейді ол.

 

Бизнес элитасының таңдауы

Технология саласындағы алпауыттар мен әлемдік ықпалды тұлғалардың өзі смартфоннан бас тартуға немесе оны шектеуге тырысады:

         •        Павел Дуров (Telegram) – смартфонды SIM-картасыз тек тестілеу үшін ғана қолданады. Байланысқа ноутбук пайдаланады.

         •        Уоррен Баффет – тек 2020 жылы iPhone-ға көшкенше батырмалы телефонды қолданған.

         •        Евгений Касперский – қауіпсіздігі жоғары KasperskyOS негізіндегі құрылғыны пайдаланады.

         •        Стив Джобс, Билл Гейтс, Кристофер Нолан, Элтон Джон – өз балалары мен отбасыларында гаджет қолдануды шектеген.

Бұл – технологиядан бас тарту емес, оны басқарудың саналы тәсілі болар.

 

Мемлекеттік деңгейдегі сақтық

Смартфонды шектеу жеке бастың таңдауы ғана емес. Жоғары лауазымды саясаткерлер де ақпараттық қауіпсіздікке баса мән береді:

         •        Ангела Меркель – тыңшылыққа қатысты дау шыққан соң шифрланған BlackBerry-ге ауысқан.

         •        Барак Обама – президент кезінде қауіпсіздігі шектеулі, арнайы рұқсатпен қолданылатын iPhone үлгісін пайдаланған.

 

Өлшеулі өмірдің қанша уақыты смартфонға кетеді?

Цифрлық заманда телефонға телміріп отырғанымызды өзіміз де байқамай қаламыз. Адам күніне орта есеппен 5 сағат 48 минутын смартфонға жұмсайды екен. Яғни, бір жылдың 88 күні!

Онлайн тесттер адамның смартфонға қарап өткізетін уақытын өмір жылдарына шаққанда нақты сандармен көрсетеді. Мысалы, егер адам күніне 11 сағат экранға қарап өмір сүрсе, алдағы 49 жыл ішінде оның 22 жылы телефонға үңілумен өтеді.

Ал осы уақыт ішінде не істеуге болар еді?

         •        24 000-нан астам кітап оқуға;

         •        2 000-ға жуық марафон жүгіріп өтуге;

         •        300-ден астам шет тілін меңгеруге;

         •        245 роман жазуға;

 

Экран уақыты – үнсіз ұры

Heineken компаниясының халықаралық сауалнамасына сәйкес:

         •        Зумерлердің 10%-ы смартфонмен күніне 12 сағаттан артық уақыт өткізеді;

         •        62%-ы онлайн қарым-қатынастан шаршағанын мойындаған;

         •        52% – жаңалықтар мен хабарламаларды бақылап отыру психологиялық қысым тудыратынын айтқан;

         •        64% – 90-жылдарды сағынады, себебі ол кезде адамдар бетпе-бет сөйлесіп, шынайы қарым-қатынас болатын.

 

Смартфон – құлдық па, құрал ма?

Смартфоннан толық бас тарту – батыл, кейде шектен шыққан шешім сияқты көрінуі мүмкін. Бірақ бұл – әркімнің саналы таңдауы. Бастысы – технологияны басқару, технологияға бағынбау. Смартфон – құрал ғана. Ол біздің уақытымызға, назарымызға, өмірімізге иелік етпеуі керек.

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
2
Ұнамайды
1
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:57

17:50

17:26

16:55

16:49

16:33

15:15

14:41

14:31

14:28

14:26

14:25

14:23

14:16

13:34

12:45

12:04

11:35

11:33

11:03

10:51

10:21

09:55

09:28

09:09