Жыр тарланы – аламанның алдында...

Жыр тарланы – аламанның алдында... aqshamnews.kz

Қазақстанның халық жазушысы, көрнекті ақын Қуандық Шаңғытбаевтың туғанына биыл 100 жыл толып отыр.

«Нұр қағып күннің көзінен,

Жұлдызды жұлқып үздім мен.

Қазақтың гауһар сөзінен

Өлеңнің зерін ыздым мен», деп өзі жырлағандай, келісті ойды көркем тілмен кестелеп, сөзден сурет салған Қуандық Төлегенұлын күллі жұрт бүгінде айтулы сөз зергері ретінде біледі.

Алайда ол бірден мойындалып, қошемет-құрметке бірден бөлене қойған жоқ. Керісінше, «ескішіл романтик, символист және ұлтшыл ақындарға елік­теуші» деп айыпталып,  сын садағына ілінді.

Дегенмен, 15 жасында жазған бір өлеңінде:      

Сабауға селқос төнемін,
Құдіретін танып жер-көктің.
Иісін одан сеземін,
Мен жатқан жібек жөргектің.

...Көсеу ме енді, көсік пе,
Дауа жоқ тағдыр бейбаққа:
Мен жатқан қайың бесікке
Арқалық еді-ау бір уақта..
. деп қазақы атрибутқа сағыныш білдірсе, енді бірде:

Білмесең, ей, кімсана, даламын мен,

Көргенде кең даланы баламын мен.

Далада аунап алам, ойнап алам,

Кездесіп кеткен сонау бала күнмен.

...Басы қар, бауыры абат, таумын, байқа,

Заңғармын о заманнан, заумын, байқа.

Дос болсаң, қоң етіме мейірім жоқ,
Ал егер нәкес болсаң, жаумын, байқа, – деп өршіл рух, ірі мінез танытқан Қуандық Шаңғытбаев өз биігінен ешқашан түскен жоқ. Көптеген қаламгерлер кеңестік саясат әсерімен «күн көсемді», партияны, бесжылдықтың балғасын, коммунизмге бет алған елдің «жарқын» тұрмысын, халықтар достығын шығармаларына арқау етіп жатқан тұста ақын өзінің тұңғыш жыр жинағын «Ар» деп атап, «ажал қаупінен арды биік қоятын» азаматтық ұстанымын білдірді. Социалистік қоғамға ішкі қарсылығы кітабынан айқын аңғарылғаны әрі оның алғысөзін Мұхтар Әуезов жазғаны қосылып, «ұлтшыл» атанған қаламгер сол тұста Алматыдан жырақтап, Ақтөбеге табан тірейді.

Жалпы, ақынның тағдыры о бастан оңай болмаған. 1937 жылы әкесі Төлеген «халық жауы» ретінде тұтқындалып, итжеккенге айдалған. Ал әкесінің ағасы осындай жаламен атылған. Ол кезде 12 жаста болған Қуандық 3 жылдан кейін, яғни 15 жасында Қазақ Мемлекеттік университетінің филология факультетіне оқуға түскен. Өте зерек, алғыр жас студент кезінде-ақ ұстазы Мәулен Балақаевпен бірге 3-4 сыныпқа арнап «Қазақ тілі» оқулығын жазған.

– Әкем университетте оқи жүріп, баспаға жұмысқа тұрған. Соғыс кезі. Тұрмыс өте қиын уақыт. Әкесі болса айдауда. Сөйтіп, ол өзінің айлығын ауылға жіберіп, туыстарына көмектескен. Баспада жұмыс істеп жүрген кезінде көптеген қаламгерлермен танысып, жақын араласқан. Бейсембай Кенжебаев екеуі «Абай» романының бірінші кітабын шығарған, – дейді Гауһар Қуандыққызы.

Ал мұның соңы Бейсембай Кенжебаевтың жұмыстан қуылып, Қуандық Шаңғытбаевтың оқудан шығарылуына ұласқан. Тек Қаныш Сәтпаевтың араласуымен ғана жас ақын аспирантураға ауыстырылған. Сол тұста М.Әуезовтың алғысөзімен тұңғыш жинағы жарық көреді. Қуандық Төлегенұлы ол кезде небәрі 18 жаста ғана болады.

– Әкем тұңғыш кітабына «Мен қазақпын» деген өлеңін енгізген. Сондай-ақ, кітапта «Ер Едіге» поэмасының прологі болған. Сол заман үшін бұл ерлікке пара-пар әрекет еді. Өйткені кеңес кезінде Едігені айтуға тыйым салынған ғой. Оған қоса, М.Әуезовтің кітапқа жазған алғысөзіне қатысты да сын айтылған. Сөйтіп, «Ардың» бүкіл таралымы кітапханалардан жиналып алынып, өртелген. Содан кейін 23 жыл бойы әкемнің бірде-бір кітабы басылмаған, – деп еске алады Гауһар Шаңғытбаева.  

Қуандық Төлегенұлы Ақтөбеге бас сауғалап барғаннан кейін халық ақыны Нұрпейіс Байғанинге әдеби хатшы бола жүріп, аудармамен айналысады. А.Пушкиннің «Евгений Онегинін» тәржімалайды. Осы жайтқа тоқтала келе, белгілі ақын Ұлықбек Есдәулетов: «Өлеңмен жазылған бұл романды аудару екі кісінің бірінің қолынан келе бермейді.  Онда да қазақтың шұрайлы тілімен, қанын, сөлін бәрін бойына сыйдырып тәржімалау ақындық үлкен қуатты қажет етеді. Сол сияқты, Омар Хайямның, Роберт Рождественскийдің өлеңдерін қандай керемет аударды! Бұл – Қуандық ағаның деңгейі биік, шеберлігі мықты суреткер екенін көрсетеді. Мұның сыртында, ол кісі – өзінен кейінгі інілеріне аға бола білген адам. Менің өзімді де жанына тартты. Шынымды айтсам, маған берген бағасын тіпті ақтай алмадым ба деп те ойлаймын кейде. «Біздің А.Фетіміз де, Ф.Тютчевіміз де – осы» деп, менің шығармашылығым туралы Жазушылар Одағының мінбесінен де айтты. Студент кезімде шыққан кітабыма алғысөз жазды. Бір жақсы дүниеңді оқи қалса, өзі соған балаша қуанатын. Мен бұл нағыз ұстаздық қасиет деп айтар едім, – дейді.  

Қуандық Шаңғытбаев шығармашылығына тән басты ерекшеліктің бірі – сөздік қорының мейлінше бай, әрлі де әсерлі екендігі. Ақынның тілдік өрнегі жайында айтылған, жазылған пікірлерге сүйене отырып: «Қуан ағаның дос шәкірті Есенғали Раушановтың зор ықыласпен жазылған мақалалары да ешкімді енжар қалдырмай­ды. Е.Раушанов: «…Оның өлеңдерінде кездесетін «сахи», «шәрбат», «жонас», «қарқалләзи», «мүбәдә», «илһам», «тарлауыт», «тақыс», «қобылы күмбез», «гүлтәж», «жырғап», «аңаза» секілді сөздердің қай-қайсысы да тілімізге дендеп еніп кетсе, нұр үстіне нұр. Бұлардан арабизм мен парсизм іздеп әлек болудың жөні жоқ» десе, Ө.Жақыпов: «…Лирик Қуандық Шаңғытбаевтың өзге көп ақындардан өзге­шелігі – оның жырларының лексикалық құрамында араб-парсы, түрік сөздерінің көптеп кездесуі деп білеміз. Мысалы: қарқалләзи, иләһим, илһам, фәни, саф, шифа, ғадауат, ілфат, шайыр, шүлен, шүкірәна, зүмрат, тамам, хайыр, т.б. сөздер жырдың көркемдіқ құралдары ретінде ана тіліміздің бояуын құлпыртып, жаңа бір леп әкелгендей» деп жазғаны бар, – дейді ақын інісі Ертай Ашықбаев.

Көзкөргендердің айтуынша, Қуандық Шаңғытаев ерекше ілтипатпен қараған інілерінің бірі – Төлеген Айбергенов екен. Осы орайда, естелігімен бөліскен Салтанат Айбергенова өздерімен көрші тұрған, әкесімен сыйлас болған Қуандық ағасы тек әдемі қалпында, жүріс-тұрысына дейін сәнді, өте мәдениетті адам ретінде есінде қалғанын айтты. Сондай-ақ ол ақынның 7 томдығын шығарып, кеш өткізіп, есімін есте қалдыру мақсатында көптеген шаруалар атқарып жүрген Гауһар Қуандыққызының ісіне тәнті екенін білдірді.

Ал Жәнібек Қуандықұлымен институтта бірге оқыған досы, ақын Бауыржан Қарабеков: «Қуандық ағаның мәдениеттілігі сонша, ол кісі жазу үстеліне отырғанда тура рояльға отырғандай отыратын, тұрғанда рояльдан тұрғандай тұратын. Ал Жәнібек екеуі «Евгений Онегинді» талқылағанда терең үңіліп, әр сөздің 3-4 мағынасын айтып, соның қайсысын ұстау керек екенін таразылайтын. Аудармашылар көп қой. Бірақ мен қазақ тілінде жазатын ақындардың ішінде орысшаға мұндай жүйрік ақынды көрген емеспін», – деген таңданысын жеткізді.

Танымал журналист Жұлдыз Әбділда Қуандық Шаңғытбаевтың бүгінгі жастарға, шығармашылықпен айналысып жүргендерге үлгі болатын бір қасиеті – жазуға қатысты үлкен талғампаздығы деп есептейтінін айтты. «Өкінішке қарай, қазір 2-3 айда бір кітап «жазып» тастайтын пысықтар пайда болды. Мысалы, Қуандық аға «Евгений Онегинді» 3 жыл бойы аударыпты. Сөйте тұра, кейін қаламгерлік шеберлігі артқан тұста оған тағы бір айналып соғып, кей тұстарын қайта қарап, өңдеп, жөндегені мәлім. Бұл – өте үлкен жауапкершілік және басқаларға үлгі болатын қасиет деп ойлаймын. Өйткені аударма деген қазір өте оңай, қосымша табыс көзі сияқты қабылданатын болды. Бұл дұрыс емес», – дей келе, ол Ж.Нәжімеденовтің: «Ащы мен тұщыны айыратын таңдай болса, өнердегі жақсы мен жаманды айыратын, ол – талғам. Қуандық Шаңғытбаев осы тұрғыдан өте талғампаз ақын», – деген пікірін алға тартты.

– Қадыр Мырзалиев «Ар» кітабы туралы «Қуандық Шаңғытбаевтың кішкентай ғана жинағы оған үлкен азап алып келді» деп жазған екен. Ол шынымен де солай. Қуандық аға М.Әуезовтің алғысөзіне немесе Едіге туралы өлеңіне байланысты ғана емес, ол кездегі саясатқа сай өлең жазбағаны үшін де шетқақпай болған. Әйтсе де ол кісінің осылайша, өзінің арының, әдебиеттің алдында таза болып қалуы – үлкен ерлік, өмірдегі үлкен миссия». Есенғали Раушанов: «Ешқайсымыз кітабымызға «Ар» деген атау қоймайық. Өйткені «Ар» – Қуандық Шаңғытбаев есімінің синонимі» деп айтқан екен. Меніңше, ол кісіге берілетін бұдан артық баға жоқ, – дейді Жұлдыз Әбділда.

Уақыт өткен сайын құндылығы арта түскен өміршең мұра қалдырған көрнекті ақынның өзі де, сөзі де ұмытылмақ емес. 100 жылдық мерейтойы биыл елімізде ұлттық жоспарға енген шаралар қатарында аталып өтуде.

Інжу-маржан жоғалмайды,

Жатпай босқа, өтеді.

Қап түбінде қалмай дәйім,

Бәсін тауып өтеді.

Дүррі-гәуһар дана сөзі

Ол да бәһра-ғанибет:

Түсінгенге шипа көзі,

Дерт дауасы, ғанимет... деп өзі айтпақшы, қанша жыл өтсе де жыр тарланы аламанның алдында екені даусыз.         

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды
1
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

18:21

17:55

17:38

17:26

17:19

17:09

16:52

16:51

16:39

16:31

16:25

16:11

16:00

15:41

15:30

15:10

14:39

14:35

14:29

14:14

13:26

12:49

12:35

12:33

12:17