ffin.kz

ЖАҚҰТТАЙ  ЖАРҚЫРАҒАН  ЕСІМ

ЖАҚҰТТАЙ  ЖАРҚЫРАҒАН  ЕСІМ интернет

Табиғи дарыны мен адал еңбегінің арқасында халқының шынайы сүйіспеншілігіне бөленген асыл жандардың рухы ешқашан өшпейді, мәңгі жасай береді. Солардың бірі – бойындағы бар асылын ұлтымыздың тіл танымына арнаған, «Қазақ тілінің абыз анасы» атанған Рәбиға Сыздықова апайымыз.

 

         Адамдық биігі

Біздің ата-бабамыздың дүние есігін ашқан жері – қазіргі Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Қаракөл ауылы. Арғы тегіміз  он екі ата байұлы Ысық руынан. Ысықтың Кәдірқұлы, Жақсыбай бөлімі, оның Сәмбет әулетінен тараймыз.

Сәмбет бабамыз өз кезеңінде өлкеге атағы жайылған би, батыр, ел-жұртына көсем аталуымен қатар қолы ашық, жаны жомарт, жарлы-жақыбайларды жарылқауда алдына жан салмаған, адуындылығы  ақылдылығымен астасып жататын кісі болыпты. Кезінде Сырым би оның өткір мінезі мен ақылына  ержүректілігі сай қасиетіне ден қойып, сол сұрапыл кезеңде қатардағы сарбаздан  жасақ бастаған қолбасшылыққа тағайындаған. Ел арасында «Сәмбет батыр досына  қатал, жауына  апат» деген аңыз тараған.    

Бабамыз үш әйел алыпты. Соңғы әйелі – Болпанай шешеміз жеті ұл тапқан. Сол жеті ұлдың үшінсісі – Мүнейден  (жеңгелері «Ақмоншақ» деп атапты) мен,  ең кенжесі – Бұйдақарадан Құтқожа, одан Сәтқали. Сәтқалидан Шафхат, Хамит, Рәбиға, Роза тарайды. Бұйдағараұлы Құтқожа атамыз аруақты, қасиетті, сыралғы сынықшы ретінде танылған. Түнде ұйықтап жатқанда түсіне аян беріп, ертеңіне қауіп-қатерге ұшыраған адамдардың келетінін біліп отыратын болған. Мұндай қасиет халқымыздың қанында халық болып жаратылғаннан бері қарай бар екенін білеміз. Бірақ бұл қасиет кез келген адамда бола бермейді, ол тек ар ұяты таза, иманы берік, мұсылмандықтың жолымен жүріп, Алла Тағала берген қасиетті ұстай алатын адамдарға қонатыны аян әрі екі дүниеде де таныла беретіні белгілі. Атамыздың мәйіті Қаракөл ауылының қасындағы Сәрпе қорымына жерленген. Ата қасиетін білетін адамдар еліміздің түкпір-түкпірінен келіп, осы күнге дейін басына түнейді, сыйынады, топырағын ем қылады. 

Апайдың әкесі – Құтқожаұлы Сәтқали Қаракөлдегі екі жылдық орыс- қазақ училищесін және 1908 жылы Орынбордағы бір жылдық мұғалімдер мектебін бітіріп келгеннен кейін өзі оқыған мектепте оқытушы болып қызмет істейді. Сол кезде өз бетімен Морзе  әліппесін оқып, жетік  меңгерген.   Оны естіп, білген сол кездегі жоғары билік өкілдері оған байланыс орындарында қызмет істеуге ұсыныс жасайды. Алғашқыда Ақтөбе облысы Ойыл   аудандық пошта-телеграф байланыс бөлімінің бастығы болып   қызмет атқарады.

Тектіден текті туады,

Тектілік тұқым қуады.

Тектілердің тұяғы

Таңдайды  құз-қияны,

Топырағына қарай бұтағы,

Тегіне қарай ұрпағы –

деген сөз осы жағдайда айтылған болар.

Апайды сырттай жақсы танып, бір атадан болғанымызға іштей  марқайып, мақтанып, біздің ұрпақтан халқымыздың сауатты, мәдениетті болып қалыптасуына еңбек ететін, жанашыр адамның шыққанына қуанып, арқа тұтып жүретінмін.

1980-1982 жылдары Алматы жоғары партия мектебінде оқып жүргенімде Хамит ағаның үйіне барып тұрдым. Бір барғанымда жеңгей есік ашып: «Амансың ба? Кел, жоғары шық! Жақсы келдің!» – деді. Ағай да алдымнан шығып, сәлемдескеннен кейін: «Төрлет!» – деп, әдетінше  төр бөлмеге жол  бастады. Диванда  ақ шашты екі әйел адам отыр екен. Жүздесе алмай жүрген апаларым екенін бірден сездім. Олармен амандасып барып, отырдым. Хамит аға өзі сөз бастап, мені, апаларды таныстырды. Дастарқан басына отырғанда Рабиға апа: «Ойылда дүниеге келгенмен, арғы тегіміздің туып-өскен жері – қазіргі Атырау облысы ғой, мүрделері де сонда жерленген», – деді. Мен де сөз арасында аталарымыздың атын атап, олардың ұрпақтары туралы білетінімді айтып отырдым. «Жақсы адамдармен бас қосқан бір күнімді бір жылға есептедім», – деп Лұқпан хәкім айтқандай,  Рәбиға апаймен  алғашқы кездесудің сәті осылай түскен-ді.  Сонда білім десе – білімі бар, атақ десе – атағы бар адамның өзі отырған ортадағы әңгіменің тақырыбы қандай болса, сол бағытта сөз сабақтайтын салиқалы апа екеніне тәнті болғанмын. Кейін де ағаның үйінде бірге болдым.

Содан соң біршама уақыттан кейін, 2001 жылы Рәбиға Сәтқалиқызы  Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 50 жылдығына орай өткізілген халықаралық конференцияға, кезінде осы оқу орнында еңбек етіп, кейін республикаға танымал болған ғалым Бабаш Әбілқасымовтың 70 жылдық мерейтойына  әдейі шақырумен  келді. Апамыздың ата-бабасының, ағайын-тумасының туып-өскен жеріне тұңғыш келуі екен.  Өтеген мен Бағытжамал (немере сіңлісі) апайдың келуіне байланысты қаладағы барлық ағайынды шақырып, қонағасы бергенде  бірге болғанбыз. Сонда апа: «...Міне, сәті түсіп, сіздермен – бауырларыммен      кездесіп,  қуанып    отырмын. Әкем Қазан революциясынан бұрын оқып, білім алған зиялылардың бірі болған. Мұсылманша да, орысша да аса сауатты, екі тілді бірдей меңгерген адам. Сонымен қатар мектепте оқып жүргенде өз бетімен Морзе  әліппесін оқып, жақсы меңгерген. Оны естіп, білген жоғары билік оған байланыс орындарында қызмет істеуге ұсыныс жасаған. Әкеміздің елден кетуіне жұмыс бабы себеп болған сияқты. Анамның да туған жері  осында. Өзі: «Тайсойған құмында тудым», – дейтін.  Әкем 1937 жылы ұсталып, атылып кетті ғой. Сөйтіп, сол қуғын-сүргін зобалаңы біздің  отбасымызға да тиді. Өмірдің жақсы да, жаман да жақтарын басымнан кешірдім. Бірақ ол қиындықтардың бәрі де әкемнің нақақтан «халық жауы» атануымен салыстырғанда түк те емес екен. Қазір елдегі ағайындардың біреуін де танымаймын. Егер елде болсақ, сіздермен араласып, орталарыңда  болар едім ғой», – деген-ді.

 

                                       Бекзат болмыс

 

Апамыздың көпшіліктің ортасында отырғанда өзін өзі ұстауы, сөйлеуі, дауыс ырғағы, сөйлеу тәсілі ерекше көрінетін. Көлгірсіп, көп сөйлегенді жақтырмайтын сияқты. Сонысымен де маңындағыларға мақпалдай жұмсақ, ағайын-туысқа жұғымды жан екенін сездім.

Рәбиға апа «халық жауы» атанған әкесі – Сәтқалиды ақтау үшін көп жұмыстанды. Әйтеуір артынан қалмай ізденудің арқасында 1957 жылдың 3 қазанында КСРО Жоғарғы соты әкесінің кінәсіз екені туралы шешім шығаруына себепші болды. Сөйтіп, өзі де таңылған атақтан арылып, әкесін қара күйеден құтқарады.

Сәтқалиға  «халық жауы» деген қара күйе жағылып, ұсталып кеткеннен кейін апамыздың отбасы талай қиындықты бастан өткерген. Бірақ анасы –  Жеміс шешеміз тағдырдың салған ісіне мойымай, ағайын-туыстан жырақ жүріп, күндіз-түні ауыр жұмыстарда еңбек етіп, төрт баласын ешкімге телміртпей, өз еңбектерімен  өмір сүруге баулыды, өжеттілігінің арқасында қиындықтармен күресе білді. Қыз баланың үлкені болғасын үй ішіндегі шаруаларды өзі атқарады. Қиыншылықтың салмағы  артқан сайын қағылез жастың бұғанасы ерте бекіп, қамығуға жол бермеді. Керісінше, жігерленіп өсті. Қиындықтарға қарамастан,  төрт бала да білімге құштар, талапты болып өсті.  

Апамыз 1945 жылы орта мектепті үздік бітіріп, Темір қаласындағы педучилищеге түседі. Оны  аяқтамай (себебі ағасы – Хамит соғысқа кеткесін  үйде еңбек ететін адам болмайды), алғашқы еңбек жолын Алға стансысындағы орта мектепте мұғалім болып бастайды. Содан кейін тұрмыстың тауқыметімен Темір қаласына көшіп, педучилищеде сабақ береді. Оқуын жалғастырып, бітіріп шығады. Ағасы соғыстан келіп, тұрмыстары жақсарғаннан кейін Ақтөбедегі мұғалімдер институтының тіл және әдебиет факультетін, қазақтың Абай атындағы мемлекеттік педагогикалық институтын бітіреді.

1951-1964 жылдар аралығында Қазақтың оқу-педагогика баспасында аға редактор, редакция меңгерушісі, ҚазКСР ҒА Тіл-әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкер, кейін А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтында бөлім меңгерушісі, бас ғылыми қызметкер лауазымдарында  жұмыс істейді.

Аспирантурада оқып жүргенде  Алла  тағала Рәбиға апамызды өзіне сай парасатты, бойында ұлтымыздың ер азаматына  тән қасиеттері  мол, жайсаң  жарға  қосты. «Әйелді  ер сақтамайды, ар сақтайды», – дегендей, апамыз ерінің  жанына жалау, егізіндей болды. Ұлды болды. Отбасылық өмірдің   қуанышына бөленіп, марқайып жүретін.

Әттең!.. Тағдырдың жолы түзу сызылмайтыны белгілі. Алланың ісіне  не шара? Құдай қосқан қосағы, жездеміз – Мақаш аға  айықпас ауруға шалдығып,  1954 жылы бес ай емханада жатып, бақилық болды. Бар болғаны алты жылға жуық уақыт бірге өмір сүрді. Отызға толмай жатып жарынан айырылып, «жесір» атану апамыздың қабырғасына қатты батты. Алайда табиғатынан рухы мықты апамыз отбасындағы қиындыққа мойымай, төзімділігін көрсетті, мәрттік танытты, сынған жоқ. Басына түскен қайғыны ақыл-парасатымен жеңе білді. Апамыз өмірдің парқын, кісіліктің нарқын пайымдай білетін, азаматын ардақтауда қапысы жоқ жар екенін танытты.

Арада біраз жыл өткен соң әкесімен тағдырлас болып, 37-нің зобалаңына іліккен асыл азамат, сахна саңлағы – Шахан Мусинмен бас қосты. Алайда апамыз Сыздықов Макаш жездеміздің құрметіне фамилиясын өзгерпей, сақтап қалды. Өмірінің соңына дейін Мақаштың туыстарымен араласып тұрды. Жарының жанын түсініп, қарсылық білдірмегені үшін Шахан Мусинге ризашылығы да шексіз болды. Кең пейіл, мейірімді апамыз азаматын аса қадірлеп, бабын табуға бар ықыласымен пейілді-тін. Жездеміздің бұрынғы жолдасынан қалған ұл-қыздарын бауырына басып, аналық мейірімін төкті. Туған баласы – Әсеттен кем көрмей, өз балаларындай өсірді, алаламады, қамқор болды. Соның арқасында балалары азамат қатарына қосылды. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырған Шахан аға мен Рәбиға апа құда, құдағайлы болды, немере, жиендер сүйді.

Білікті, тамаша ғалым болумен қатар Рәбиға апа сүйікті жар, байсалды ана, дос-жаранға сыйлы болды. Бақилық болғанша ақ мәрмәрдай тап-таза арына кір шалдырмай кетті. Бірнеше жыл төсегіне таңылып жатқан жұбайының қабағына кірбің түсірмей, басына жастық, астына төсеніш болды; дәрісін, тамағын уақытылы беріп, барлық жағдайын жасады; күндіз-түні кірпік ілмей, жанына жалау болды. Дәрігерлермен кеңесіп, қандай ем жасау керектігін, қалай әсер ететінін анықтап алған соң кейде мейірбикенің орнына уколды өзі сала беретін. 1999 жылдың 26 желтоқсанында ұзаққа созылған ауыр науқастан кейін қырық жылға  жуық бірге тату-тәтті ғұмыр кешкен отағасы – Шахан жездеміз о дүниелік болды. Ауыр соққыға қабырғасы қайысса да, апамыз нар қайратпен төзе білді. Мұнысы да көшелі азаматтың бекзат болмысын көрсетеді. 

Қатал тағдыр араға жылдар салып, тұла бойы тұнғышы – Әсетті де фәни дүниеден бақи дүниеге алып кетті. Оңай болмады. Ұлтымыздың дәстүрімен бата оқи барғанымызда: «Алланың ісіне шара жоқ! Артында үзілген үмітті үрлейтін, жоғалған арманды жалғайтын шырақтары бар ғой. Солар аман болғай!» – деді. Не деген мықтылық?! Апайымызды тағдырдың үш бірдей сынағынан мықты рухы мен тамырлы тектілігі, ғылымға деген махаббаты алып шыққан болар.

 

                               Ғылымдағы дара жол

 

«Жеріне қарап дән өседі, тегіне қарап жан өседі» дегендей, Рәбиға апа –   текті атаның ұрпағы. Затында, қанында бар қасиетке дауа жоқ қой. Терең білімімен тіл біліміне  өшпестей үлес қосты. Ғылыми нәтижелерін ел игілігіне ұсынып, соңына ерген ізбасар ғалым шәкірттеріне жол көрсетті, тәрбиеледі. Рәбиға апамыздың өмірін ғалымның ғылымдағы өзіндік дара жолы ретінде тануға болады. 

Тегінде  мықтыны мықты ғана танып, әділ бағалайды. 1959 жылы ҚазҚСР Ғылым  акедемиясының Әдебиет және  өнер институтында «Әдебиет мұра  және оны зерттеу» атты ғылыми-теориялық конференцияда Мұхтар Әуезов апамыздың сөзіне тәнті болып: «Рәбиға Сыздықова кенеулі ойы бар және сол ойды таратып айта аларлық тіл құдіреті мейлінше жеткілікті екендігін аңғартты», – деген екен. Ұлы жазушының осы сөздері жүрек әмірімен, ақеділ көңілімен айтылғанына ешқандай шүбә келтіре алмаймыз.

Есесіне біз – туыстары мақтанып, марқаямыз. Ғалымның осы сөзі апамыздың ғылымға ұмтылған болмысына қатты әсер еткен сияқты. Сондай-ақ.ұлт басылымы – «Ана тілі» газетінде (№43 (984) 29 қазан – 4 қараша 2009 жыл) әріптестерінің «Өз сұлулығына сөз сұлулығы жарасқан, көкейдегі сара ойына айтары сай Рәбиға  апамыз қалың қол шәкіртіне, кейінгі буын ізбасарларына ғылым жолындағы шамшырақ-академик қана емес, заманауи дүниедегі де эталон академик тұлға» деп суреттеуі Рәбиға апаның ғылымның азапты жолын ауыздықтап, шұғылалы шыңына шыққан ғалым екенін көрсетеді.

Ұлтымыздың тілі үшін жанкештілікпен еңбек еткен ғалым апамыз – «Абай өлеңдерінің синтаксистік құрылысы», «Абай шығармаларының тілі», «Абайдың сөз өрнегі», «Қазақ әдеби тілінің тарихы», «Язык «Жамиат-тауарих» Жалаири», Ясауи «Хикметтерінің» тілі», «Қазақ тілінің анықтағышы», т.с.с. отызға жуық кітаптың авторы. Еңбектері тілге қатысты өзекті мәселелерді қозғайды.

 

                                     Ана тіліміздің абыз анасы

Рәбиға Сыздықова  – артына өшпестей із қалдырған ғалым. Кітаптары, мақалалары, сұқпаттары, сан қилы әңгімелелері, абзал адами қасиеттері ғалымның бейнесін дара тұлға деңгейіне көтере білді. Апайымызды    халық еліміздің ғылымына зор еңбегі сіңген қайраткер, көрнекті ұстаз, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, ана тіліміздің абыз анасына айналған зерделі зерттеуші ретінде жақсы таниды. «Еселі еңбек еш болмайды», – деген. Апайымыздың көп жылғы еңбегі ескеріліп, «Құрмет белгісі» орденімен, ҚР Жоғарғы кеңесінің Құрмет грамоталарымен, «Барыс» орденімен марапатталды.

2004 жылдың қыркүйек айында Атырау университетінің ректоры – Асхат Сәлімұлы Иманғалиев        Рәбиға апайды университитеттің студенттеріне  дәріс оқуға әрі мерейлі 80 жасқа толуына орай құрмет көрсетуге шақырған болатын. Бұл жұмысты ұйымдастырып, басы-қасында болған, сол кездегі ғылыми жұмыс бойынша проректор, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, профессор, Атырау облысының құрметті азаматы – Бақтыбек Жұбандықұлы Таубаев ғалым апайымыз  туралы: «Рәбиға Сәтқалиқызы келген сайын университет жастарымен кездесіп, аналық, ұстаздық  ақылын айтатын. Қазіргідей, жастарға барлық жағдай жасалып жатқан кезде қиындықтан қашпай еңбектенуге, оқу-білімге зейін қойып, ғылыммен шұғылдануға шақырушы еді. Апай – сөздерді дұрыс жазу нормасын алғаш рет анықтаған, сөз құдыретін ұғынықты жеткізген тіл жанашыры», – дейді.

Мұның бәрі жасынан әке-шешесінің тәрбиесінен, ортасынан, өзінің ақыл-парасат, сана-сезімінен де шығар. Ең бастысы – өмірдің қандай кезеңдерінде болмасын, сабыр сақтап, тәубеге келуінде, жұртты жан жүрегімен түсіне білуінде дер едім. Өмірі «Мен болдым, толдым!» – деп кеуде қақпаған бір жан болса – осы Рәбиға  апа еді.  

Мінезі көркем, өте ұстамды, еш уақытта сабасынан шықпайтын сабырлы болатын. Адамды абзал атына сай ететін – адал еңбегі мен көркем мінезі ғой.

Қыз қуатын жігітке ат беремін,

«Жанам!» деген  жүрекке от беремін, –

деп Төлеген Айбергенов жырлағандай, апайымыз талапты жастардың қолтығынан демеді, оларға деген шапағат-мейірімі де ерекше болды.

 

                                                   Мазмұнды да мәнді  ғұмыр

Рәбиға апа өмірінің соңғы күндеріне дейін көз жанары сыр берсе де,  еңбектен қол үзген жоқ: үйде отырып ғылыми еңбектер, мақалалар жазды, шәкірттеріне бағыт-бағдар берді, диссертациялық жұмыстардың талқылауына, қорғауларға қатысып, ұсыныс-пікірін айтып жүрді.

Бүгінде апайдың тәрбиелеген шәкірттері еліміздің  түкпір-түкпірінде білім саласында еңбек етуде. Солардың бірі – басқаны айтпағанда, апай сырқаттанып қалғанда туған қызындай қамқорлық көрсеткен шәкірті, филология ғылымдарының докторы Орынай Жұбайға ағайындар атынан шексіз ризашылығымызды білдіреміз.  

Әулетіміздің ардақтысы – Рәбиға  Сәтқалиқызы 2020 жылы  тоқсан алты жасқа қараған шағында дүниеден озды. Амал не, ажал күтпейтіні белгілі. Биыл  апамыз арамызда болғанда 100 жасқа толып, елінің, шәкірттерінің шаттығына бөленіп, марқайып қалар еді. Мұндай қуаныш оған да, бізге де бұйырмады.Тағдырдың  жазуы басқа болды...

Ұлы ойшыл Әл-Фарабидің «Әр дәуірдің өсіп-өркендеуіне адал еңбек еткен адам ғана – қайраткер» деген  қанатты  қағидасы Рәбиға  Сәтқалиқызына  арналып айтылғандай. Апамыз осы қағида үлесінде лайық қызмет етіп, халық құрметіне бөленген, ұрпағын өсіріп, баршаға мейірлі шуағын шашқан тұлға ретінде ел-жұртының жүрегінде мәңгі сақталары анық.

Апамыздың тіршіліктегі тындырған істері, ұлағатты болмысы – дәтке қуат, жанға жұбаныш. Ол кісі мазмұнды да сұлу ғұмыр кешіп, азаматтық тұлғасына қылау түсірмей өтті. Асыл ана, аяулы жар, ардақты дос бола білді. Өз биігінен төмендемей, сыны мен сыйын қашырмай, еш нәрсеге мұқтаж болмай, жастарға ақ батасын беріп, қазыналы  қарттығын қадірменді өткізді. Апаның ғылым жолындағы төккен тері мен атқарған ерен еңбегі, тіл мамандары, ғалымдар мен шәкірттеріне шашқан шуағы ешқашан ұмытылмас. «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді», – деген. Қалай айтқанда да уақыт өткен сайын ардақ тұтар апамыздың жақұттай  жарқыраған  есімі ғалымды білетін жұртшылықтың, шәкірттерінің есінде мәңгіге сақталатыны шындық. Оны ешкім де жоққа шығара алмайды.

       

                                                     

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05

19:58

19:03

19:00