Елімізде Отбасы күні жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтіледі. Биыл ол 14 қыркүйекке сәйкес келіп отыр.
Отбасы күні Қазақстанда алғаш рет 2013 жылы ресми түрде бекітілді. Содан бері жыл сайын тұрақты түрде аталып келеді.
Атаулы күн қарсаңында, Aqshamnews.kz тілшісі шаңырақ көтергісі келіп жүрген жандарға үйленбей тұрып білу керек маңызды кеңестерді топтап көрді.
Отбасы құру – өмірдің маңызды кезеңі. Бірақ көп жастар тойға дайындыққа көп көңіл бөліп, ал нағыз маңызды дүниелерді ескерусіз қалдырып жатады. Ертеңгі өміріңізді сенімді бастау үшін үйленбей тұрып білуге тиіс бес кеңесті назарларыңызға ұсынамыз.
1. Өзіңізді танып алыңыз
Алдымен өзіңіздің қандай адам екеніңізді, өмірлік құндылықтарыңызды, мақсаттарыңызды түсініп алу маңызды. Өзін тани алмаған адам екінші біреумен үйлесімді болуда қиналады.
2. Ортақ құндылықтарды анықтаңыз
Сізді байланыстыратын тек сезім емес. Болашақ жарыңызбен дінге, дәстүрге, отбасыға, бала тәрбиесіне, қаржыға деген көзқарастарыңыздың үйлесімді болғаны маңызды. Бұл болашақтағы көптеген даудың алдын алады.
3. Қаржылық дайындық жасаңыз
Тек тойға емес, одан кейінгі өмірге де қаржылай дайын болу қажет. Үй, тұрмыс, күнделікті шығындар – мұның бәрі алдын ала ойластырылғаны дұрыс. Қаржы мәселесін ашық талқылап үйреніңіз.
4. Сөйлесе білу мәдениетін қалыптастырыңыз
Қарым-қатынас жасауды үйренбей тұрып, отбасы құру қиын. Бір-біріне ренішті жинамай, мәселені ашық талқылай білу – болашақ некенің берік негізі.
5. Жауапкершілікті қабылдауға дайын болыңыз
Үйлену – тек романтика емес, үлкен жауапкершілік. Жас отбасының бақытты болуы ерлі-зайыптылардың екеуінің де дайын болуына байланысты.
«Бақытты отбасы» отбасылық кеңес орталығының жетекшісі, коуч-тренер Елжас Ертайұлы бала тәрбиесі, отбасы құндылығы тақырыбында сөз қозғап жүрген тәжірибелі маман. Бұл тақырыпта оның жазып жүрген еңбектері де аз емес. Автордың "Жұбайыңның жүрегін жаралама//жаула"атты кітабынан шағын мемлекет - отбасын құрған немесе құрғалы жүрген жандарға пайдаға жарар деген ниетпен біразын саралап ұсынуды жөн көрдік:
1. Ыдыс-аяқты сылдырлатпау. Ыдыс-аяқ әйелдің билігінде. Сол себепті ыдыс-аяқты сылдырлатушы ер кісі емес, әйел кісі болуы керек. Әйел адам жаратылысынан нәзік, соған сай сезімтал келеді. Сондықтан, сезімге беріліп, ашуға тез берілу оған көбірек тән. Ас бөлмесінде ыдыс-аяқ сылдырын естіген ер адам оны одан ары сылдырлатпауы керек. Себебі екеуі екі жақтан сылдырлататын болса, ыдыстың сынуы ғажап емес. Ал оны қайта қалпына келтіру мүмкін емес. Ерлі-зайыптылар арасындағы қалған көңілде де сол сияқты, әр ұрыс сайын отбасының тыныштығы мен берекесі кететінін ұмытпаған жөн.
2. «Үнсіздік жеңісі». Бұл әдісті сөйлемеу немесе тіл қатпау деп емес, ашуланбау деп түсінген жөн. Егер ерлі-зайыптылардың бірі сабырлы қалпынан тайып, ашуға бой алдырса, екіншісі сабырлық сақтап, ашуға баспаса дұрыс. Жұбайыңыз от боп жанғанда, сіз де от болып жансаңыз, екі от қосылып, өрт шығады. Одан да, жұбайыңыз от болып жанған кезде, сіз су болуға тырысыңыз!
3. Сезімге күтім керек! Бұл мәселеде лаулап жанған оттың сөні қалмауы үшін оған тамызық тастап отыру шарт. Егер ерлі-зайыптылар сезімдеріне күтім жасап, олардың әлсіреуіне жол бермесе, қоғамдағы ажырасу көрсеткіші де айтарлықтай азаяр еді.
4. Құрметтің сиқырлы күші. Жұбайлар үйленген кездегі жақсы көру немесе ғашықтық сезімдері уақыт өте келе құрметке ұласуы тиіс. Себебі ғашықтық сезімнің өмірі ұзақ емес. Ерлі-зайыптылардың бір-біріне құрметі шартсыз болуы керек. Яғни, жұбайыңызды құрметтеу үшін ешқандай шарт қойылмауы керек.
5. Бірге күліп, бірге жылау. Жұбайыңыздың жүрегін жаулап, көңілін аулағыңыз келсе, онда бөлісуді үйреніңіз. Жұптар бас қосып, отбасы құруға ниеттенген сәттен бастап бөлісу функциясы іске қосылуы керек. Жеп отырған бір жапырақ наннан бастап, уақытыңызды, табысыңызды және өміріңізді бөлісуге дайын болуыңыз қажет. Бөлісудің шыңы - қайға мен қуанышты бөлісе алу.
6. Жұбайыңызға сеніңіз. Бір-біріне сену үшін әуелі шынайы жақсы көру керек. Яғни, сену жақсы көруден кейін келеді және одан жоғары тұрады. Жұбайыңыздың жүрегін жаулағыңыз келсе, оған сенумен қатар сенім артуыңыз да өте маңызды.
7. Жанқиярлық жасау. Жанқиярлық - бақыттың өлшем бірлігі. Яғни, отбасыда қаншалықты көбірек жанқиярлық болса, ол отбасының бақытты болу ықтималдығы да соншалықты көбірек деуге болады. Бірақ, жанқиярлықты өзін құрбан етумен шатастырмаған жөн. Қарапайым мысал, футбол көргенді жақсы көрмейтін әйелі үшін бір рет болсын маңызды матчты көруден бас тартып, сол уақытты онымен бірге өткізу үшін арнауы - ер адам тарапынан жанқиярлық әрекет.
8.Жұбайыңызға ілтипат жасап отырыңыз! Ілтипат айту керек дегенге оны бір қиын нәрсе деп ойлаудың қажеті жоқ. Ілтипат айту дегеніміз - күнделікті өміріңізде еш қиналмай, шығынданбай істеуге болатын нәрсе. Бірақ, жұбыңызға айтатын мақтауларыңыз бен ілтипаттарыңыз орынды, міндетті түрде, бір негізге сүйенуі керектігін естен шығармаған жөн.
9. Маңызды күндер мен сәттерді ұмытпаңыз. Жұбайлар арасындағы сезімді күшейтуге қолданатын құралдардың бірі - маңызды күндер мен ұмытылмас сәттерді атап өту. Осы күндерді атап өту, шағын сыйлықтар беру арқылы шаң баса бастаған немесе шөлдеп қалған сезімдеріңізді қайтадан қалпына келтіріп, сол бір ұмытылмас сәттердегі сезімдеріңізді сезіне аласыз.
10. "Мен" дегенді ұмытып, "Біз болу". Отбасын құру "мен" дейтіндердің емес, "біз" дей алатындардың қолынан келетін іс. "Мен"+"Мен"="Мен"-дер немесе 2 "Мен" болмайтыны түсінікті. Сол секілді отбасы құрған екі "мен" жеке дара "мен"-дер болуды қойып, грамматикаға да, өмір заңдылығына да сай әрекет етіп, "біз" болғаны жөн.
Отбасын құру алдындағы жас жұптардың басты қателігі. Психологтың пікірі
Көп жастардың санасында мынадай иллюзия бар: «Мені бақытты ететін басқа адамды тапсам болды». Бірақ шын мәнінде, егер адам өздігінен бақытты бола алмаса, оны сырттан ешкім толықтыра алмайды.
Отбасы – тек махаббат қана емес, бұл бірлесіп өмір сүруге арналған келісім. Біз кез келген қарым-қатынаста, жұмыс барысында немесе іскерлік ортада келісімшартқа қол қоямыз. Сол сияқты отбасын құру да бір келісімшарт іспетті. Мұнда әрқайсының өз рөлі, міндеті мен шекарасы болуы тиіс.
Жас жұптар балалы болудан бұрын, ең алдымен, өздерінің ішкі құндылықтарын айқындап алуы керек. Ата-ана болуға саналы түрде дайын ба? Әлеуметтік жағдайын, тұрмысқа қажетті мүмкіндіктерін ашық талқылап алу маңызды. Өйткені бұл мәселелерді шешпей, некеге асығу кейін дау-жанжалға әкелуі мүмкін.
Психолог Жеңіскүл Хабаева да түсініспеушілік көбіне кешіре алмаудан, жұбайын басқа біреумен салыстырудан және жеке шекараны сыйламаудан туындайтынын атап өтеді. Осы тұрғыда ол мынадай ойды алға тартады:
- Әр адам алдымен кінәні өзгеден емес, өзінен іздеуі керек.
- Жұптар көбіне сүйіктісінің кемшілігін ғана көреді, бірақ өзінің бала күнінен қалған психологиялық жарақатын байқамайды.
- Әркім өз әке-шешесінің отбасылық моделін бейсаналы түрде жаңа отбасына әкеледі. Егер ол талқыланбаса, бұл жаңа некеге тікелей әсер етеді.
Нені естен шығармау керек?
- 1. Кешіре білу – бақытты некенің басты кілті.
- 2. Жұбайымен қарым-қатынасты басқа отбасымен салыстырмау қажет.
- 3. Әркім өзінің рөлін, жауапкершілігін және шекарасын құрметтеуі тиіс.
- 4. Бала күнгі жарақаттарды түсініп, оларды жаңа отбасына көшірмеу керек.
- 5. Өз отбасыңызды шағын мемлекет деп біліп, оған жақсы құндылықтар сіңірген абзал.
Отбасы құру – тек қуанышты сәттер мен мерекелік той емес, өмірлік жауапкершілік пен үлкен дайындықты талап ететін маңызды қадам. Жас жұбайлардың үйлесімділігі өзара сыйластыққа, сенімге, құрметке, ашық сөйлесуге және ортақ құндылықтарға негізделгенде ғана берік болады. Сондықтан да шаңырақ көтерер алдында рухани, психологиялық және қаржылық тұрғыдан дайын болу – бақытты отбасының кепілі.