ffin.kz

ҚАЗАҒЫНЫҢ МӘҢГІ ҚҰРДАСЫ

ҚАЗАҒЫНЫҢ МӘҢГІ ҚҰРДАСЫ Алматы қаласы әкімдігі

 

      Ғұлама Мұхтар Әуезов ұлы ақынның 100 жылдық мерейтойына жасаған баяндамасында: «... біз үшін Абай өткен жан ба? Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», - демеп пе еді. Өткен жан емес. Ақын жолы халық жолымен, тарих жолымен қабыса табысқан шақта оның өзіне өлім жоқ, өзіне заман, дәурен шегі жоқ. Біздің дәуірімізге әрі бұрынғы, әрі бүгінгі Абай болып, келешек шексіз заман үшін де тарих аспанындағы бір тұрақты нұры боп шырқай бермек. Ол болашақ күндерде де Абай әрі бұрынғы, әрі ар жағындағы келешектің өлмес, өшпес тұрғыласы болмақ, күншуағы айықпас күнгей беті боп тұрмақ», - деп атап көрсетеді («Абайтанудан жарияланбаған материалдар», «Ғылым» баспасы, А., 1988 ж., 205-б.).  

Абай ер жетіп, ат жалын тартып мінген шақ отаршыл үкіметтің жерді де,  елдік ұстындары мен  ұлт рухын да ойрандауға көшкен кезең еді. Ресейдің басқыншы билігі империялық басқару тәртібін енгізіп, Алашты алқымнан аяусыз сығымдай түсті. 1867-1868 жылдары сұлтан лауазымы жойылып, зорлық-зомбылықтың бұрынғыдан бетер асқынғаны мәлім. 1822 жылдан бастап жұмыс жасаған округтер мен сұлтандардың орнына үш генерал-губернаторлық пен алты облыс құрылады. Губернаторлар мен ояз бастықтары тек қана орыстан тағайындалып, қазақтан болыс сайлау ғана мүмкін болды. Әкімшілік аппаратын ұстауға ғана  халық  есебінен көп  қаражат жұмсалатын.

Сондықтан бұрынғы түтін салығына енді земстволық, қоғамдық пен басқа алымдар қосылып, олардың мөлшері жылдан-жылға шарықтады. Қазақтың кіріптар хәлі, оның біртуар перзенттерінің қабырғасын қайыстырды. «Жаңа низамның» (1868 ж.) ұлт еркіндігін мейлінше шектеп, болыс сайлауы қазақты өзара қырқыстырудың  амалына айналды.

Осыны көріп, біле тұра Хәкім үнсіз қалмақ емес. Патша билігінің бет пердесін сыпырады: «Орыс айтты өзіңе ерік берем деп, Кімді сүйіп сайласаң, бек көрем деп. Бұзылмаса, оған ел түзелген жоқ, Ұлық жүр бұл ісіңді кек көрем деп...» (Абай Құнанбайұлы «Шығармаларының екі томдық толық жинағы», А., «Жазушы», 2016 ж.,1-том, 48-б).

Өзі ерекше сүйген ел-жұрты үшін күйіп-жанған Абай қарындастарының «көзін ғана емес, көңілін де ашуға» бекем бел буады.   Тарихи оқиғалар мен «қыздырмалы» әңгімеге сирек қалам тартады. Тіпті, өткеннің оқиғасын жазғанда да («Ескендір», «Масғұт», «Әзім әңгімесі») төл туындысының тәлім-тәрбиелік жағына баса мән береді.

Ақын тыңдаушысы мен оқырманына қай заманда да  адал еңбек пен алғыр білімнің мерейі үстем екенін айтудан жалықпайды. Надандық пен бодандық қыспағында  «қаны қайнап, улана» жүрсе де,   Абай қазаққа емес, қараңғылыққа қапалы болатын: «Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар...», - деп, надандық пен қараңғылықты сын нысанасына алады. 

 

Жыр зарын жазбай таныған

   

Шығыс пен Батыс ғұламаларының мұрасына үңіліп, ойын тергеген сауалдарға Абай тиянақты жауап іздейді. Кезінде жаһанды билеп-төстеген қаһарман даланың бұлыңғыр бүгіні мен күңгірт келешегіне қабырғасы қайысады. Ұлы даланың мұң-зарын жырлаған Бұқар, Дулат пен Шортанбай секілді абыз  ақындар жырының зарын жазбай таниды.

Олардың, әсіресе оқу мен білімді меңзеген сәулелі сөзі жадында қаттала береді. Үнемі «өзінен өзі есеп алып, естілердің айтқан сөздерін» ақыл таразысында саралайды. Халқының еңсесін басқан заман тауқыметінен жаны аяз ұрған жапырақтай бүріседі. Оның озық жұрттармен  қайтсе «терезесі тең» болының жолын талмай іздейді.

Хәкім қазағының еркіндігін аңсаған жанның, әлбетте жалғыз өзі ғана емесін де біледі. Алдыңғы ақын-жыраулардың қайғы-зардан күңіренген «кеудесіне» құлағын тосады. Алқымнан қысып, аяусыз сығымдаған отарлық «шалмасының»  түйінін іздеп, оны «шешудің» амалын тапқанша жүрегі сыздайды.

Осындай «жүдеулі» сәттерінде Хәкімге Бұқар Қалқаманұлының (1693 - 1797) жыр-толғаулары «ойына сана құйып, бойына қуат береді». Шыңғыстауға қонған «поэзия сұңқарының» топшысы бекіп, талмай самғауына, әлбетте ұлы даланың даңқты жырауларының бай мұрасы мөлдір де нәрлі бастау болғанына күмән жоқ.

Дегенмен, дала данышпаны Құнанбайдың  «айсыз түнде» дүние есігін ашқан айбоз перзентінің миссиясы мүлде бөлек. Абай айтпақшы, «малқұмар көңіл – бек соқыр» елдің «жақсы менен жаманды айырмай», іргесі сөгіліп, берекесі қашқан шақ еді: «Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?» - деп қынжылады ол. 

Бұқар жырау ескерткен «жақсының артында қалған «жамандардың бас-басына тозуы», яки «өңкей қиқымның бас-басына би болып, елді бұзуынан» ақынның қабағы түйіледі. Бодандағы ел-жұртының болашағына алаңдаған ол «Өздеріңді түзелер дей алмаймын, Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың» деп мұңға батады. 

Хәкімнің айналасын «Ақыл сөзге ынтасыз, жұрт шабандап, Көнгенім-ақ соған деп жүр табандаптың» қырсығы шалғандай. Туған елінің бағына дер шағында дүниеге келген ойшыл ұлы дала аспанында жұлдыздай жарқырап, жол сілтейді. Бар ықыласы ақын бабасының асыл мұрасына ауып, ой  ұйығында серігін өлеңнен табады.

Абылай ханның данагөй биінің, әсіресе туған халқына ауызбірлікті аманат еткен сөздерінен ақынның «жүрегі тулап, қайнап қылады әлек»: «Ұрысса орыс, Елге болыс,  Үйден үрген итке ұсап».  Бұқармен бірге  Асан Қайғының «Қилы-қилы заман болар, Қарағай басын шортан шалар» деген «жұмбағының» түп-төркініне үңіледі.

Күнбатыстан төніп, еркіндіктен айырар қауіп-қатерді ерте ескерткен жыраудың көріпкелдігіне бір уақ қайран қалады. Оның «Көкшетаудан салдырған» деген өлеңіңде ханның өзі «қонған Көкшетаудан кәпірдің қала салғанын», басқыншының  «өзен бойын шандып, тауға қарқарасын шаншып, туған жерге зар қылған» қасіретінен уланғандай, мең-зең күйде. 

Жыр абызы  алмағайып кезеңде қандастарының адамгершілік қасиеттерінің «сұйылып», алакөз тірлікке  көшкеніне ашынады.   Қандастарына «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек,  бекер мал шашпақ» секілді «бес дұшпанын» білдіріп, бес асыл іс «Талап, еңбек, терең ой мен қанағат, рақымды» тағылым етеді.

Бұқар жыраудың, тіпті, «Тексізді төрге шығарып, Басыңа ол күн туғанда, Теңдік тимес қолыңнан» немесе «Ақыретке барғанда, Ақсүйекті қор тұтқан, Қараны одан зор тұтқан, Орыстарды пір тұтқан, Сорлы болған қазағым, Тартарсың солардан жазаңды-ай!» - деген ащы шындықтан Хәкімнің қабағы қарс жабылады.

Жаһанды сілкіндірген жиһангер бабалардың мұрагері «қайран қазағының» қалайша жаудан жеңіліп,  еркіндігінен айрылуының себебін де тапқандай болады:білім мен ғылым жолына шақырып, өзара бірлік пен ынтымаққа үндейді: «Сонда ақын белін буынып, Алды-артына қаранар... Қыранша қарап қырымға, Мұң мен шерді қолға алар».

Көпшіліктің көзін, бірақ шел басқандай: «Ынсап, ұят, ар, намыс, сабыр, талап  – Бұларды керек қылмас ешкім қалап. Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап».  Хәкім «дүниенің көрінген һәм көрінбеген сырын» түгелдеуге кеселі тиетін жалқаулық, жағымпаздық, арызқойлық, атаққұмарлық секілді теріс әрекеттерді аластауға тырысады. 

Ақын, әсіресе Бұқардың суретті және терең ойлы, теңеу сөздерінің Абайдың  санасына сіңе бергені де даусыз: «Қара арғымақ арыса, Қарға адым жер мұң болар. Есіл көзден нұр тайса, Бір көруге зар болар..., - деп перзенті Мағауия дауыстап оқыған жырау сөзіне ықыласпен ден қояды:   Қайырсыз итке мал бітсе, Аңқаң құрып келгенде, Саумал бермес ішерге...».

Аға буын ақындармен іштей сөз қағыстырып, жақсы сырлас тапқан сәттерде  көздері күлімдейді: «Өлең – сөздің патшасы десем,  ләкин мына сөздер өлең патшасының тап өзінің аузынан түскендей-ау: «Әлемді түгел көрсе де, Алтын үйге кірсе де, Аспанда жұлдыз аралап, Ай нұрын ұстап мінсе де, Қызыққа тоймас адамзат», - деген сөздерге сүйінеді.

Ал, «Әлемді түгел білсе де, Қызығын қолмен бөлсе де... Өмірге тоймас адамзат, - деген жолдарды оқығанда шабыт сәйгүлігінің жалынан сипағандай жадырайды:.. Қалжырап көңіл қарайып, Қарауытып көзі тұрса да, Үмітін үзбес адамзат!.. Ай, замана-ай, заман-ай, Басты мына тұман-ай, Істің бәрі күмән-ай, Баспақ, тана жиылып, Пәни болған заман-ай...». 

Ұлы жыраудың өкініші ақынның ширыққан көңіл пернесін тап басады. Абай отарлық құлдықтан құтылудың ендігі қалған жалғыз жолы білім мен ғылым екеніне әбден сенімді. Өз сөзін, әсіресе ұлт келешегі – жастарға арнап, алты алаштың азаттығы жолындағы күрестің «бейкүнә» - ағартушылық жолына табан тіреген болатын.

                                  

 «Темірсіз теңдік алмайды... » 

Атақты Дулат жыраудың көркем тілмен көмкеріп, тереңіне ой жауһары тұнған мұрасынан да Абай жан азығын табады. Бір уақ, тіпті «жалғыздығын» да  ұмытқандай болады. Егер жеке басын ғана күйттеген көпшіліктің бірі болса, «ығы зор» әке қанатының астында оның ештеңеге алаңдайтын да жөні жоқ.

Жастық дәуреннің де, билік пен байлықтың да сыбағасы ақынның бір басына молынан жетеді. Осыған енді Хәкімнің «қазақта қара сөзде дес бермеген»  табиғи дархан дарынын қоссаңыз, бардың парқын білер жанға бұл аздық етпесе керек. Бірақ, ол – Абай ғой! Құдіреті күшті Алла тағала «қайран қазағына» айсыз «түнде» жаққан шамшырақ!

Дулат Бабатайұлының «темірсіз теңдік алмайды» деген тәмсілінен Абай теңдікке жетудің «тетігін» тапқандай толқиды. Ол, әсілі оқу-білімсіз темір кенін игеріп, оны іске жаратудың мүмкін емесіне сенімді. Қазақ даласында небір ұсталар бағзы замандарда-ақ темір, алтын мен күміс қорытып, олардың ісмерлігіне жат жұрттықтар да тәнті болумен келеді.

Бірақ, шеберлердің  маңдай терімен суарылған еңбегі отбасынан, аттың сайманы мен қару-жарақ соғудан аспай қалатынын да көріп жүр. Атақты жыраудың уәлі аузымен  айтылған дуалы сөздерінен  басқыншы биліктің «ызғарынан» – қалқан,  «дімкәс» жанына шипа табады.  «Бұлттан өтіп мұнарды болжайтұғын»  Дулат сөздеріне қайран қалады.

Халық ауыз әдебиетінің қазыналы «сандығын» ақыл көзімен ақтарады.  Жыраудың «Пайдасы көпке тимесе, Салтанат пен сәні арам» деген ұлағатын жадына тоқиды: «түбін ойлап, уайым жеп, ойланып түзеле ме деп,  талай сөзді бұдан бұрын да ол көп айтқан:   «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті – Ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек». 

Ұлт мәртебесін асырудың «елден бөлек, яки кемел» адамның ғана қолынан келетінін де айтудан жалықпайды. Амал қайсы,  қандастары «өзі ермей, ерік бермей қор етеді». Ақын «Қадірлі басым,  Қайратты жасым / Айғаймен кетті амал жоқ», - деп «тірі болса да, анық тірі емес»: «Білмеген соқыр, Қайғысыз отыр... Не ол емес, бұл емес, Менің де күнім күн емес...».

Оның «Баяғжартас – бір жартас, Қаңқ етер, түкті байқамас», - деген ащы тілінен «улы сия» төгіледі: «Ағайын бек көп, Айтамын ептеп, Сөзімді ұғар елім жоқ. Моласындай бақсының жалғыз қалдым тап шыным». Демек, ақынның өзінің «нені сүйіп, неден күйгеніне бір Алла мен арын ғана қазы» тұтудан басқа амалы қалмаған еді. 

Оңашада  «аса түсіп ағы да, әжімі де көбейген» Дулат ақынмен «мұңдасып», өзара «сұхбаттан» Хәкімнің бойы жеңілдеп, көңілінің көзі шырадай ашылады. Абайдың туған табиғатқа, ару қызға деген  тәтті әсер мен әсем сырға толы әуелгі тебіренісі Дулат жырауды «ұйқы мен тыныштыққа» зар қылған алаң көңілге алмасады. 

Амал қайсы, малмен көзін ашып, одан басқаны ойламайтын ағайынның күлді-көмеш күйбеңінен ашық күн де көмескі тартады: «Адамзат тірілікті дәулет білмек, Ақыл таппақ, мал таппақ, адал жүрмек. Екеуінің бірі жоқ, ауыл кезіп, Не қорлық құр қылжаңмен күн өткізбек...». Халқының тым бейқам мінезі жанына батады..

Әсіресе, ол қандастарының «Балапан – басына, тұрымтай – тұсына кеткен» кезеңдегі өзара аңдысқан тірлігінен түңіледі: «Біздің қазақтың достығы мен дұшпандығы, мақтаны мен мықтылығы, мал іздеуі, өнер іздеуі, жұрт тануы ешбір халыққа ұқсамайды... жер жүзіндегі жұрттың қоры болып, бірімізді-біріміз аңдып өтеміз бе?».

«Жырымен елді жетелеген» Дулат Бабатайұлының ойлы да нәрлі сөз орамын Хәкім одан әрі тарқатып, ендігі бар үміті – жастармен тілдеседі: «Бір дәурен кемді күнге – бозбалалық, Қартаймастай көрмелік, ойланалық. Жастықта көкірек зор, уайым жоқ, Дейміз бе еш нәрседен құр қалалық... Әуелі өнер ізделік, қолдан келсе, Ең болмаса еңбекпен мал табалық...».  

Ол, тіпті өз басының да өкінішін жасырмайды: «Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Пайдасын көре тұра тексермедім. Ержеткен соң түспеді уысыма, Қолымды мезгілінен кеш сермедім. Бұл махрұм қалмағыма кім жазалы, Қолымды дөп сермесем өстер ме едім?..». Осы орайда надандықтың өзіне «бейімдеп, аяғынан шалғанын да мойындайды.

Қамал алатын шағында «беріш боп шері байланған» Дулаттай шайырымен бірге отырып шерленеді: «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек, Ақылың – ашыған у, ойың – кермек...». Халқының озық жұрттардың қатарына қосылуын тілегенде атақты жыраудың «Темірсіз теңдік алмайды...» - деген алғыр сөзінен жабырқау көңілі сейілгендей болады.

Көне замандардан бар темірді өндіріп, баптау тәжірибесі қайта оралса, қадір-қасиетін басқыншы биліктің зымиян саясаты «іріткен» халқын өркениет көшінің алдынан қарсы алу арманы. Сырт адамнан сырын бүгіп, жалаң темір туралы ғана сияқты көрінген Дулат жырының ел еркіндігі үшін атойлаған сардар «мінезіне» сүйінеді.

Ол темір кенін табу мен игерудің, ең әуелі, оқу мен тоқуға тәуелді екенін жақсы біледі. Сөз «сәйгүлігі» еліктірген шабыт «тұлпары»  өлең  бәйгесінде қара үзуден үмітті. Атақты жыраудың, әсіресе темірді қандай мақсатқа пайдаланудың ара-жігін ашып көрсеткен адамгершілік  ұстанымына разы.

«Ұста соққан темірден / Әр түрлі аспап, сайман бар. Темірсіз теңдік алмайды, Керектісін сайлаңдар», - деп жыраудың кетпен, балта, ара, қысқаш, балғаның «күн көрудің құралы» екеніне назар аударғанын көңіліне түйеді: «түбі қарғысқа ұшырататын қылышпен хандардың ғана орындалар мұраты» деген тұжырымы Абайдың жүрегінің мейірім пернесін тап басады. 

Бір қарағанда кәсіп жайын ғана қаузайтындай көрінген толғаудың тереңге тартып, ойға тамыздық болғанына  Хәкімнің жаны жадырайды.    Өзі көзін көріп, батасын алған Дулат ақынның өлең «бәйгесін» қыздырған жүйрігін «тізгіндеп», темір туралы өсиетінің қайнарынан оқу мен білімнің мөлдір бұлағының «көзін» ашады.

Мұндай кезде перзенті Турағұл әкесінің «өңі қашыңқырап, азырақ ентіккен кісідей танауы кебіңкіреп, көзі жасаураңқырайтынын» байқайды. Сосын Абай «естілер-естілместей ғып күңіренгеннің ішінде күбірлеңкіреп жазып кеп кеткенде көп тоқталып ойлана бермейді де, қайта сызып түзетпейді де, өлеңнің тығыны суырылып кеткенге ұқсайды».  

Жыраудың «темірдің теңдік» әперетіні туралы өсиетінің шумақ-шумақ өрімін де Абай енді өз тұсынан тарқатады: «Қара жер адамзатқа болған мекен, Қазына іші толған әр түрлі кен, - деп жаза бастап,  бұдан әрі темірдің қасиетін жұмбақ етіп жасырады. - Ішінде жүз мың түрлі асылы бар, Солардың ең артығы немене екен?».

Жұмыр жердегі «қазынаның ең артығы» – темірді игеру туралы ғана жазғандай бола отырып Абай да «жан құмары – білмекке құмарлық» туралы  тағы бір жұмбағын жасырып, ілім-ғылым «сандығының» кілтін ұстатады: «...Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең – әрнені білгендерің». Жұмбақ өлең ертеңінде-ақ елге жайылады.

 

            «Өлең сөздің мәні жоқ, ойы терең болмаса...»

 

«Бодандық» бұғауында тыпырлаған ел-жұртының азаттыққа жетуі үшін оқу мен білімнен басқа жолдың қалмағанын Абай мойындауға мәжбүр. Осы орайда Ақын сусындаған мөлдір жыр қайнарларының бірі – Шортанбай Қанайұлының жауһар мұрасы еді.  Тек ол жырлардыңың елге үзіп-жұлынып, толық жетпейтініне ғана қынжылады.

Семейге келетін газеттердің әрбір санын, жаңа кітаптар мен басылымдарды Хәкім үнемі асыға күтіп отырады. Соның бірі – «Дала уәлаяты» газетінің ақын-жыраулар туралы  жазғандарынан да ойына нәр жинап, жан қуатын  молайтады. Өткенде осы басылымнан Шортанбай жайлы  да оқып шығып, қолындағы барды азырқанған болатын.

Соған орай жыр сәйгүлігінің «Қазан» баспасынан 1890 жылы жарық көрген «Бала зары» жинағы «іздегенге – сұрағандай» болды. Жырау «Өлең сөздің мәні жоқ, ойы терең болмаса...», яки «Мың қабат бетім жуылған, Көзден аққан жасыма... Арыз сөзді толғанып, қалдырайын артыма» - деп, еркін заманды аңсаған арманымен бөліседі.

Хәкім елдіктің намысын жыртқан сөз сыйқырына риза болады.  Жыраудың бұзылған заман сұрына қамығуының себебіне өз басы жақсы қанық. «Бетінің жасқа жуылуының» да, «артына қалдырмақ арыз сөзінің» де сырын біледі.  Жақында, Өскемен сапарынан, бұған дейінгі уайымы аздай, көңілі мүлде құлазып оралған.

Ежелден қалың найман құтты қоныс еткен өңірді осы жолы «танымай» қалды. Орыс деревняларының шүлдірлеген атаулары жат жұртқа тап болғандай жарықта «адастырып»,  жаны жабықты.  Қамал алар қырық жасында бозаң тартқан шашы өмір күзінің де тез-ақ өтіп кеткенінің хабаршысындай.

Жыр аламанының хас жүйріктерінің  бірі – Шортанбайдың  «көз жасының» қышқылтым дәмін сезінеді: «Мынау ақыр заманда / Алуан-алуан жан шықты, Арам, араз хан шықты, Қайыры жоқ бай шықты» - деп, налиды , - Үміті бар кәпірден,  Олар қорықпас құдайдан... Шошқаның етін қақтаған / Құбылаға бақпаған, Атасының жанындай  Арақты ас қып сақтаған...».

Біртуар тұлғаның «Жандарал болды ұлығың, Майыр болды сыйласың, Айрылмастай дерт болды, Нашарға қылған зорлығың...   Тілмашты көрдің биіңдей, Абақты тұр көріңдей, - деген сөздері Хәкімнің әлсіз үмітін жел  жалпылдатқан алаудай қалтыратады: -  Мынау заман қай заман? Азулығы бар заман, Азусызға тар заман...».

Шортанбай жазып отырған «Бір-бірлерін күндеген, Жай-жайына жүрмеген...» елінің бақас тірлігін Абай да мойындайды: «Алашқа іші жау боп, сырты күлмек, Жақынын тіріде аңдып, өлсе өкірмек. Бір-екі жолы болған кісі көрсе, Құдай сүйіп жаратқан осы демек». Жырау суреттеген би-болыстардың әпербақан  әрекеті ақынды еріксіз жирендіреді. 

Ойшыл ақын жағымпаз бен сатқынға қалам- найзасымен шүйіледі: «Орыс сияз қылдырса, Болыс елін қармайды. Қу старшын, аш билер / Аз жүрегін жалғайды...». Ақынның намыспен суарылған «көбе бұзар жебесі» нысанасын оңдырмайды: «Сыяз бар десе, жүрегім / Орнықпайды суылдап. Сыртқыларға сыр бермей, Құр күлемін жымыңдап...».  

Жырау отаршыл үкіметтің халықты діннен, салт-дәстүрден айырып, шоқындыру науқанына қарсы Құран мен иманды арқа тұтады. Шортанбай түршіккен «әзәзіл қызыл тудың» иесі – қызыл диктатура қанды қылышын жалаңдатты. Аман зарын айтқан ақынды «ескішіл, феодалдық қоғамның жаршысы» деген айыптаулар орыс шовинизмінің салдары болатын.

Алайда, Шортанбай мұрасы сынала отырып та  ақталып, зерттеушілердің  «... заман шындығын шеберлікпен өлеңге сыйғызған... оны халық санасынан сырып тастауға ешкімнің құдіреті жеткен жоқ... бұрынғы фольклор дәстүрінен алға кеткен елеулі ақын... жыр дәстүрінен де Шортанбай озат тұр... « деп  әділ саралауға көшкені де шындық.

Әуелі Бұқар, кейін Дулат пен Шортанбай жыраулар бастаған  ақындарға ортақ қайғы-мұңды Абай жазбай таниды. Көріктей кеудесі бір жазылып, бір басылып, деміккендей хәл кешеді. Білімді әрі елжанды ұрпақтың өсіп, ер жетіп, ілім мен ғылымның өркен жайғанын көруге асыққан арманы өлең өрісін соны ойлармен серпілтеді.

Халқының басына түскен тауқыметтен  ортабайдың қабағы қабарып, жұртының жоғын жоқтаудан танбайды: «Қамсыз жүріп қамалған, Жасын иіп тәңірім, Өзің оңда халқымды, Құрық түсті мойынға, Тарылып тыныс алқынды. Зармен бітті өмірім, Жарылқа енді артымды»». Бодандық қыспағы аздай, ел ішін жайлаған арызқойлық «дертіне» қамығады. 

Жыраудың өкінішке толы өлеңінен Бұқар «тұсауын» кесіп,  кейінгі қазақ ақындарының жүз жылға созылған зар мен мұңға толы жырлары қайта жаңғырады:  «Кетейін десең жерің тар, Кетпейін десең кәпір бар...». Шортанбайдың келер заман сипаты мен халқын алдан күткен тауқымет туралы сөзінен Абай бір уақ шөгіп бара жатады.

Жыраудың «отызыншы, отыз бірінші жылдары, Елдің ері еренде. Жалғыз-ақ қара қалады, Ұялмастан бұл кәпір / Оған да салық салады...», - деген сөзіне еріксіз қайран қалады.  Барша адам баласына теңдік әперемін деп ұрандатқан қызыл биліктің де  өзі  түбіне жеткен «үстем тап үкіметінің» отаршылдық мақсатынан бас тартпағанын білеміз. 

Халықтың талап-тілегі мен мұң-зарын айтқан ұлт зиялыларының, ақындар мен жыраулардың сөзіне ақ патша да, қызыл билік те пысқырмады. Өз еркінен айрылып, бодандық «құлдыққа»  түскен ел-жұрт   зор ағартушылық қажыр-қайратты талап ететін еді.

Ұлы ақынның қабырғасын қайыстырған уайым, өкінішке қарай, «қайран қазағының»  әлі талай уақыт жүрегін сыздататын сыңайы бар. Тәуелсіздікті жариялаудан гөрі, оны ұстап қалудың зілбатпан ауыртпашылығы қабырғамызды еріксіз қайыстырады. Өркениет сапында өрге басу оңайға соқпауда.

Жаһандық қатаң бәсекелестік жағдайында еңбекшіл әрі елжанды, білімді әрі бәсекеге қабілетті, әділетті әрі адамгершіл ұрпақ өсіп-жетілуі қажет. Талай ғасыр батырлығы мен даналығы дүниені дүбірлеткен ұлы даланың өркениет көшінің соңында салпақтауының білім мен ғылымға салқын тартқан «мінезден» екені ащы шындық.

Бүгінгі алаң көңіл тірлігіміз кезінде қараңғылық «қақпанға» түсірген отарлық езгінің  салдары.  Олай болса, әлеуеті күштінің әлжуазға әлімжеттік жасауына таң қалмасақ керек. Заман зарын толғаған Хәкімнің «өлмейтұғын сөзімен» ел-жұртын жарыққа – білім мен ғылымға жетелеген өсиеті Сіз бен бізге – аманат.

                                                                                  

 

 

 

 

 

 

 

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнату
0
Ұнамайды
0
Күлкілі
0
Шектен шыққан
0
Соңғы жаңалықтар

14:45

14:40

14:34

14:07

13:47

13:30

12:58

12:32

12:13

11:56

11:52

11:40

11:29

11:11

11:05

10:49

10:47

10:36

10:16

10:08

09:54

09:17

09:03

08:49

08:05